Сенде де бір
Сенде де бір тәтті мұң, менде де бір,
Таба алмайды-ау шаттықты емге көңіл.
Асаныңды барасың ажалға айдап,
Желмаядай желігіп желген өмір.
Көресісін Қорқыт боп көрген ерің,
Үңілгенін ұмытпас көрге не бір.
Қой соңында кетіп ең базарлы күн,
Ой соңында ал бүгін сенделе біл.
Балалықтың жиылмай асықтары,
Жастық жетті кеудеде тасып қаны.
Жаңбырындай өткінші жасыл жаздың,
Қандай қиын дариға-ай асыққаны.
Бір жарқ етіп жоғалған түн көгінен,
Жұлдызымдай жастығым іздедім мен.
Көктемімді ұзатып көк көлімді,
Сан кезіктім сарала күздеріммен.
Біздің тағдыр басы еді күйік-шердің,
Сан сырыңды көкейге түйіп сездім.
Данасы боп дәуірдің кетпесем де,
Баласы боп жүрейін сүйікті елдің.
Күзгі орманда
Іңкәр жүрек
Сезімдерге күпті ме ең?
Күптілігің сезімге,
Бір өзіңе жүк білем.
Қарағайлы қапталда,
Салқын дүние сағынышқа батқанда,
Сарғайып бір жапырақтай жүректер,
Күзгі орманда қауыштық біз күр-күрең.
Күреңітіп гүл өңің,
Сәл тартындың
Ұяңдығың білемін.
Сезім самал үп еткенде
үзілер,
Тағдыр көрдім тамыры жоқ
тағы бір,
Жапырақтың өрттей жанған
жүзінен.
Бұлақ әні тұнық ән,
Мөлдіреген жанарың ғой
Құнығам.
Ақ қайыңдар аппақ-аппақ ар сынды,
Бұлқынады бауырында
Нар шыңның.
Сиқырымен жанарымды мың арбап,
От сұлулар билеп тұрды сылаңдап.
Дерт енгендей,
Өртенгендей күллі әлем,
Алапат бір отқа барып шарпылдым.
Күзгі ауадан
Бал тыныштық сіміріп,
Бүр жарғанда гүл махаббат
Тұрдым мен
Құдайыма сиынып.
Бара жатты батып күн,
Жүзіңде ойнап алқызыл
Бар сәулесі уақыттың,
Жанарыңда қалды бір сәт
Сыр ұйып.
Табиғаттың тұңғышындай
тұмса қыз,
өзің жайлы айтар талай
түн ертек.
Елесіңе жүрегімді жылытамын.
Күзгі ормандай көңілімді мұң өртеп,
Мүмкін ғасыр өткенде,
Күңіреніп тағы бір күз жеткенде,
Көзің жайлы қиялдайды
Бір еркек.
Қақпамды кім қағады?
Қақпамды кім қағады?
Досым ба екен.
Жоқ, әлде сағыныш па
Іздеп келген,
Адасып қалған менен
Бір көктемде.
Қақпамды кім қағады?
Жолаушы ма,
Адастырған аулақта қысқы мұнар.
Жабырқау жанарында,
Үміттің ең ақырғы ұшқыны бар.
Қақпамды кім қағады?
Дұшпаным ба,
Желігіп желтоқсанның желіне еріп,
Есесін алмақ болып аласұрған.
Қаны суық,
Жаралған қарақшыдай
Қара сұлба.
Білмеймін сәби ме, әлде
Анасыз, панасыз қап,
Тап келген дауылдардың өтіне кіл.
Бұйығып пеш түбінде,
Тәңірге сиынамын.
Бүлдіршін елесімен,
Жанымды жегідей жеп жетім өмір!
Кім білсін,
Махаббат па,
Мәңгілік құмар жаны жарық таңға.
Мұң еміп омырауынан,
Тамұқ күннің,
Бармын деп мен өмірде,
Қақпамды қағып тұрма?
Қанаты қарға түннің талыққанда.
Қақпамды кім қағады?
Білмеймін,
Ашам ба, жоқ
Жұмбақ бәрі.
Мөп- мөлдір сағынышқа шөлдеген бір,
О, тағдыр!пендең едім,
Өлеңнің адастырған ырғақтары.
Қақпамды кім қағады?
Жараған қарт бурадай тісін қайрап,
Сары аяз сақылдайды.
Жанымның ширықтырып арғымағын.
Шақырып ескі елестер,
Көк белестер,
Дал ұрамын,
Тимейді жастыққа бір жар құлағым.
Жұлдызды аспан
Жасыл жайлау төрт түлігі мыңғырған,
Ай түнеген Ақбұлағым сыңғырлы.
Жұлдыз жауған жұмағымның иісі аңқып,
Есіме алдым сол ауылда бір қызды.
Өлеңшіл ем,
Көгілдір көк күмбезін,
Бала шақта басыма да кигемін.
Табиғаттың тәтті жырын сіміріп,
Балғын жүрек батушы еді күйге мың.
Тамырымда сал самалды жүгіртіп,
Ару қызды аш күзендей бүгілтіп,
Қиялымда құшар едім,
Амал не?
Ал өңімде, айтарымды мың іркіп.
Қапталдағы қарағайлар тал-қайың,
Қолын бұлғап шақырғандай әрдайым.
Алаңқыда ұмсынады шоқ гүлдер,
Мама бұлтқа сүйгізердей маңдайын.
Жасыл әлем, жаздың түні сырлы өкпкек,
Сол гүлдердің өзегінен жыр көктеп.
Ақ қанатты көбелекке айналып,
Жас шалғында ұшып-қонып жүрді еппен.
Айдың нұры бірсін-бірсін себелеп,
Алқоңыр түн үмітіне бөлемек.
От гүлдердің рухынан жаралған,
Жүрегіңді шоқ қари ма, көбелек?
Сезім селі жауған түні сіркіреп,
Ауыл қызы айтқам саған бір тілек.
Шүпірлеген мың жанары дірілдеп,
Жұлдызды аспан жүрегімде жүр түнеп.
Сызық өмір
Ұсынғандай тек қана мұңын тірлік,
Сынаптайын өтеді күнің сырғып.
Сәл іркілсе қапыда қайран жүрек,
Көрге тыға салама?
Ырымшыл жұрт.
Күндеріңнің қылғыса көбін қайғы,
Өмір емес ойлайсың кебін жайлы.
Сезе білсең адамға ол дағы арман,
Тек мұратың жылайды жолда қалған.
Қызық өмір бір күні түгер мейлі,
Қара бұлты қайғының сіберлейді.
Сызығынан тәңірдің түк өнбейді,
Ажал ғана санаңды шідерлейді.
Қалшылдаған қаңтардың күшіндегі,
Қара бура тегін бе, түсіңдегі.
Сызығынан тағдырдың сырт айналар,
Пенделігің мен-менсіп ішіңдегі.
Құлшылық қып құдайдың құзырына,
Хош айтарсың фәнидің қызығына.
Қалың тобыр жиналып қаралы лек,
Кеп жетті дер пендеміз сызығына.
Есіміңді әр пенде асқақ танып,
Сол бір сәтте кетесің жақсы аттанып.
Бұл жалғанның озасың сұмдығынан,
Есігінен мәңгілік аттап барып.
Ақын және төрт маусым
Белге шығып ақ шашымды ұйтқытып,
Күздің бұлты саған жауап қайтарам.
Серік Қапшықбайұлы.
Ақжал толқын жар жағаны сүзді кеп,
Көк тасқынды көктем келген кез мынау.
Жыр төгеді кіп-кішкентай бір жүрек,
Ақын көңіл бір қуаныш сездің-ау.
Ай көлкиді,
Сырнайлы өзен сыңғырлап,
Әр кеудені кернеп кетті ән желік.
Жайсаң ақын жаз бұлақтың күлкісі,
Әуеніңе жатыр, әне әр беріп.
Қоңыр алап, қоңыраулы қоңыр күй,
Қаз-тырналар хош айтысты көлімен.
Саңлақ ақын таң бозынан оянып,
Жарыстың ба, күздің салқын желімен.
Бала талдар жапырақсыз тұр жүдеп,
Сұрғылт аспан, дала шаңыт боз қырау.
Долы боран қар ұйтқытып тұрды үдеп,
Ақын жаны қияңқы қыс көр мынау.
Тағдыр қатал тарта берсін қайғысын,
Тірісінде ол барлығына төзеді.
Табиғаттың жарып шыққан өзегін,
Ақын деген маусымдардың өзі еді.
