Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Тұрдыхан Айдарханұлы. Таң құшақтар көріспеген досы...

17.03.2020 3419

Тұрдыхан Айдарханұлы. Таң құшақтар көріспеген досымдай 12+

Тұрдыхан Айдарханұлы. Таң құшақтар көріспеген досымдай - adebiportal.kz

Ақпандағы арпалыс

Айналам толы ақ шаңыт,

Бір сәуле көзге ілікпей,

Сапарға барам аттанып,

Атыма мініп сүліктей.

Тарылтып мүлдем тынысты,

Ақпанның бұлдыр тұманы.

Уайымдай боп жымысқы,

Кеудеме шөгіп тұрады.

Жанарын тігіп жалтаңға,

Қайшылап қамыс құлағын.

Аршындап алға тартады,

Астыма мінген пырағым.

Бұлыңғыр мынау кеш – ерек,

Сездірмес тірлік баранын.

Тұрлаусыз тағдыр жетелеп,

Тұманға сіңіп барамын. . .

Қанталап күнім батқанда,

Қараңғы тартып бар алап.

Торықты жаным ақпанда,

Аш қасқыр ойлар қамалап.

Асқар тауды қар басты…

Асқар тауды қар басты,

Алуан-алуан ой кештім.

Арманыммен алғашқы,

Оңашада сөйлестім.

Жасыл таудың шалғынын,

Жалмап кетсе күз күрең.

Иектеген жарлы мұң,

Көкірегім сыз білем.

Қара нарға жүк артып,

Елім кетті етекке.

Қағынған ой мені де,

Жетектесең жетекте.

Солғын тартты жыр мүлде,

Ақ бас таудан алар құт.

Қаңсып қалды бұл күнде,

Қара нарға салар жүк.

Көшкен жұрттай құлазып,

Көңіл қалған аңырап.

Көк жайлауын аңсайды,

Көтеретін шаңырақ.

Асқар тауды қар басты,

Аппақ-аппақ ой туды.

Содан сездім алғашқы,

Ақиқатты айтуды.

Құштарлық

Жанымды мүжіп жүрсе мұң,

Жұбатар көктен күн күліп.

Жетектеп ылғи бір сенім,

Ториды мені мың күдік.

Сезімшіл жаным елеңшіл,

Арбайды сені түн – елес.

Сағынған жүрек өлеңшіл,

Өлеңсіз өмір түк емес.

Өмірді сұлу көрсеткен,

Құштар боп сүйдім әр айды.

Адамдық үшін жол шексем,

Қайтемін алтын сарайды.

Төбемнен нұрын құяр күн,

Анамдай едің көк аспан.

Өзіңді көріп хиялдың,

Көк мұхитына жол ашқам.

Тағдырмен таппас келісім,

Ғашықтың халы бөлек тым.

Өмірді сүйем деу үшін,

Өртеніп кету керек шын.

Жағалауда

Келіп кетті бұл өңірге сан көктем,

Сан көктемде сансыз құстар әндеткен.

Іңкәр жүрек иіріміне батырып,

Бір махаббат билеп еді жанды өктем.

Таң шапағын кірпік етіп жебедей,

Көгершінім сен де ерте келе ғой.

Мамыр желі бұрымыңды толқытқан,

Сезім құйсын жүрегіме телегей.

Алтын жиек аспаныммен тілдесіп,

Қос ғашықтай жатсын мүлде үндесіп.

Көл бетінде көлеңкеміз қауышып,

Жағалауда жүрейікші күн кешіп.

Сәуір келді

Сәуір келді тал бойы тұнған өлең,

Беу, табиғат бір өлең тыңда менен.

Қызыл көз шал еңкілдеп қызыл аяз,

Жылап кетті жылыстап жылғаменен.

Сәуір келді айнадай тұнып аспан,

Құс керуені жылжиды жылы жақтан.

Ерке Ертістың ағысы сияқтанған,

Жұмбақ дүние барады-ау жылып аққан.

Сәуір келді тіршілік сілкінеді,

Жұмыр жердің жүрегі күркіреді.

Қызыл адам үсінбей Қыстан қалған,

Мейірімнен ағарды мүмкін өңі.

Сәуір келді сағынған арман айым,

Сүт сәулеге шомылып бар маңайым.

Жұмыр төсі желменен толықсыған,

Аққайыңдар көзіңнен айналайын.

Сәуір келді құлпырар дала да енді,

Сұлулыққа тәнті етіп бар әлемді.

Қара өлеңді сызылтып қара жігіт,

Қыр асады қамшылап қара керді.

Сәуір келді ай аман күнім де есен,

Оянбаспын сәуірсіз тірілмес ем.

Қызыр көктем жылынып қызуыңа,

Мен ақпанның қызарған тілін кесем.

Ертіс элегиасы

Солқылдатып жер төсін,

Жанымның мұңын шертесің.

Жаз жағаңа жусаттым,

Ойларымның серкесін.

Арманға бастап күнде ерен,

Ақ бүршік талдар бүрлеген.

Ақ күміс шашып жатасың,

Жүректі тербеп жырменен.

Ағысың баяу ана өзен,

Алабың асқақ ән – өлең.

Сағымға толы даланың,

Сағыныш төккен жанары ең.

Тулаған толқын көші мұң,

Ағасың арман есілім.

Сәби шағым жүр жағаңда,

Желбіреп тұлым, кекілім.

Қолыма аппақ ту алып,

Күн қайда шығар қуанып.

Үмітке толы жанарым,

Барасың солай суалып.

Көктемің қалған тым алыс,

Мененде көктем жүр алыс.

Бұлдырап кетті көз алдым,

Бұлаңдап арбап бұла ағыс.

Ертегі – ғұмыр

Көз алдым толды сұраққа,

Көп арман көшті көбіктей.

Қозы-лақ қуып қыратта.

Балалық қалды еліктей.

Ертегі ермек ғұмырым,

Желкенін жайған жақсы үміт.

Көктемдей бүршік көңілмен,

Күтіп ем сенен жақсылық.

Күдігім де бар көп күнге,

Жанымның дерті асқынған.

Ерназар әке жоқ кімде,

Жаны үшін жауға тапсырған.

Қайдасың, қайда, бал – мұңым,

Кесесін жанның шайқаған.

Жалмауыз кемпір тағдырым,

Есейгенімді байқаған.

Ойламас бастың пайдасын,

Кінәсіз аңқау шақтарым.

Асырса кімдер айласын,

Басқамын соның қақпанын.

Жеті қат жердің мәңгілік,

Астына кете жаздаған.

Ертөстікпін бе, деп қалам,

Жалмауыз кемпір арбаған.

Коргеннің бәрі пырақ дер,

Таңдайын қағып тамсана.

Шалқұйрық сынды бір ат бер,

Силар ем бақыт баршаға.

Жалмауыз ойла, мың айла,

Тоса алмас енді мұнар күн.

Ертөстіктей ақыры,

Жер бетіне бір шығармын.

Ауыл ариясы

Ауыл маған жігер бердің, от бердің,

Оған куә балашақта өткен күн.

Сонау тауда алғаш рет көктеген,

Жауқазыны біздер едік бөктердің.

Айлы түнде шығатын бір құмардан,

Асыл жастық, оралмайды мың арман.

Бұлттарың жүр жүрегімнің төрінде,

Ақ әжемнің шүйкесіндей шұбалған.

Құрбылардың тобылғыдай торы өңін,

Қайдан табам, енді кімнен көремін.

Ғасыр қартым көкейде жүр ертегің,

Мен енді оны кімге айтып беремін.

Өзің жайлы жүрегімде бар мақтан,

Қармағымды ақ шабағың сан қапқан.

Теңіз тірлік тартып кетіп тереңге,

Құтыла алмай жүрмін бүгін қармақтан.

Не болыпты, жазар жырым тағы бар,

Ұлың болып жүрсем болды сағынар.

Өткен күнге сүйрелейді жанымды,

Алақандар ыстық-ыстық табы бар.

Сары жұрт – сағыныш

Жаным бірге көшеді бүлтіңменен,

Жүрек бірге сарғаяр жүртімменен.

Қасқа жолда сәбилік қалды елесің,

Қос өкпең бүлкілдеген.

Көңілімнің сіңгенде әні ымыртқа,

Әлдиленер сары әлем сағынышқа.

Көң қораның иісі буынды алар,

Қайта айналып соғайын сары жұртқа.

Көңілімде көрікті сезіп ақ таң,

Жұлдыздардай көп еді,

Кезім аққан.

Ақ бастауым балдырлы аман ба екен?

Көктемеде әкеміз көзін ашқан.

Өтіп жатар ың-жыңсыз өмір онда,

Серке бастап қой келер сері жоннан.

Алтынға да бергісіз аңғал өмір,

Алғаным-ай, сусытып сені қолдан.

Енді міне кеудеде арман-азап,

Тәтті мұң да, өксу де, бар ғаламат!

Қара бала қағылез сені ойлаймын,

Лақпен бірге жүгірген жар жағалап.

Отырамын ымыртқа мұң ақтарып,

Ертең күнім шығады құлақтанып.

Ауыртады жанымды сары жұрттағы,

Ақ қайыңның жүзінен ұят тамып.

Таңғы шықтың тағдыры

Таң мен түннің жаралған арасында,

Таңғы шықтай ғұмырым нанасың ба?

Тамшы тірлік гүлдердің таңдайында,

Мөлдірейсің бұлақтың жағасында.

Мөлтілдеген мөлдірім төгілмегін,

Төгілгенің үзгенің өмір демін.

Сенің тыйттей шараңа сияды аспан,

Барқыт түннің сезінсе сөгілгенін.

Сенің тыйттей шараңа сияды аспан,

Кінәң болса пәш қылар қия басқан.

Жұдырықтай, жол сілтер жүрегіңе,

Жұмыр жердің бетінде жиі адасқан.

Тыныштықтың тыңдатып шырын әнін,

Тіптен бізге ұнайды тұнығаның.

Тағдырыңнан таңғы шық алаңдаймын,

Қызыл желі соққанда құбыланың.

Бейуақта

Өмірде баянды бар ма күн,

Көне бір сүрдектей.

Ериді еріксіз арманың,

Қардағы суреттей.

Өтесің мәңгілік сезе алмай,

Көгілдір ауаның қымбатын.

Әлемнен безінбей, безе алмай,

Отырар мұңлы ақын.

Уақыт өтеді мазалап,

Ешкімге мойын ұсынбай.

Адамның тағдыры ғажап-ақ,

Тәңірдің ойыншығындай.

Ақшамда жортады бөрі үміт,

Аспанға ұмтылған хиялдай.

Ай нұрын сүйемін беріліп,

Сұп-суық болса да қия алмай.

Жүрегім жанады жалындап,

Асқынар бейуақта нала-мұң.

Тірліктің тікенін қабылдап,

Жатады жалаңаш табаным.

Махаббат

Өмір құнсыз деп білемін сүйгенше,

Өлемін ғой Найза кірпік түйрелсе.

Отыңа үйір көбелекпін ұшқалақ,

Көнемін ғой қанаттарым күйгенше.

Ойда елесің. . .

Жүрегіме жыр тұнды,

Махаббат ол аңсау екен былтырды.

Жалғыздықтың аралында отырмын,

Сенім-кеме ақ желкенің жыртылды.

Ақ кептері арманымның үркек пе ең?

Өзің үшін жүрегімнен жыр төккем.

Жазымды алып кетіпті ғой мәңгілік,

Көк көбелек қанатына Гүл шеккен.

Күндер кетті, айлар, жылдар жылжыды,

Хиял қырда айсыз аспан мүлгіді.

Быт-шыт етіп менің тәтті түсімді,

Оятады сырғалардың сыңғыры.

Елегізем болғандай бір тосын жай,

Таң құшақтар көріспеген досымдай.

Оянамын маңайымда түк те жоқ,

Елестерге елітемін осындай.

Адасу

Пана болмай дарқан өлке кең аймақ,

Жалғыз ұям жабығамын сені ойлап.

Баспанамнан бағызы бір заманда,

Адастырып кеткен мені жел айдап.

Үйі де жоқ, күйі де жоқ мұндардың,

Мұңға толы жүрек үнін тыңдар кім?

Хиялымның сарайында жатып-ап,

Шерлі ғалам шайырындай жырлармын.

Өкініштен өзегіне шоқ түсіп,

Ұлиды кеп көңіл байқұс көк күшік.

Жалғандағы жалғыз панам жан ұям,

Ұжымақ іздеп кетсем бе екен көкке ұшып.

Ұша алмаймын пендесімін мен жердің,

Серігім жыр сені іздедім сенделдім.

Еркіндіктің періштесі ақ қанат,

Ертектегі елесіңмен емделдім.

Жарық күнді жан ұяма балап сан,

Баянды бір бақыт үшін адасқам,

Жер бетінде шиырлаған ізім бар,

Қайда барсам қалқияды қара аспан.

Қара нөсер

Қара нөсер көктің сыйы шашылдың,

Құдыретсің құзырыңа бас ұрдым.

Таң алдында тырсылыңнан оянып,

Мұң құшақтап төсегімде жатырмын.

Қара нөсер төпелейсің қаншалық,

Көк тасқыным жатыр саған қарсы ағып.

Талай тұрғам еріндерім кеберсіп,

Көкшіл аспан айдынына тамсанып.

Қара нөсер жауабы жоқ сұрақ бұл,

Жалқы жанның қайғысына құлақ түр.

Қасыреттен қарс айырылып жүрегім,

Жыртық үйдің төбесі де жылап тұр.

Қара нөсер сен көгімді бүркедің,

Амалым не көз жасымды іркемін.

Қара аспанның өзгереме реңі?

Тұтанады жүрегімде білте мұң.

Қара нөсер дәмің сондай кермек тым,

Заһардайсың ішіндегі шөлмектің.

Тамырларын улап жатқан сияқты,

Тағдырын да талқыға сап жер-көктің.

Қара нөсер. . .

Құйып кетті қағынған.

Алжыды аспан ақыл-естен жаңылған.

Аласапыран үстемдігің аяқтап,

Қашан ғана түсесің сен тағыңнан.

Қаладан аттанып барамын

Емделген даланың жырымен,

Туған ел ұлыңның бірі мен,

Қаладан аттанып барамын,

Шыққандай шыңырау түбінен.

Домбыра-даламның тұрағы ән,

Мен,

Мен едім құлағын бұраған.

Абызым алдыңа барайын,

Арылып қасырет күнәдән.

Жүрегім ақ нұрға тамсанып,

Жабығып жаттым мен қаншалық.

Тамұхтан тұрғызып кеткендей,

Періште дәл бүгін жан салып.

Жаныңды жадылар сиқыр ән,

Қорқамын даңғаза дауыстар сиқынан.

Тас табыт жүрегім тарсылдар,

Оянып мың жылдық ұйқыдан.

Алмадай алқызыл таңды үзіп,

Бойымда тулайды қан қызып.

Өшсе екен, көңіліменен көшсе екен,

Қалада қызылды-жасылды бар қызық.

Ерліктің тағалап тарланын,

Ақ бұлтқа қондырған арманын.

Қаһарлы қара тау қойнында,

Бар менің періште жандарым.

Жүрекке шып толып кесе мұң,

Сағынып соларға жетемін.

Ауылдан, бауырдан алыстап,

Амал не, ертең-ақ кетемін.

Беиюақ қонақтап кеш орген,

Қасырет төсегім төселген.

Үн-түнсіз қалаға қайтамын,

Сорлыдай соғыста досы өлген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар