Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Тұтас бір дәуірдің мәдени-рухани келбеті......

Тұтас бір дәуірдің мәдени-рухани келбеті...

25.02.2026

630

Тұтас бір дәуірдің мәдени-рухани келбеті... - adebiportal.kz

2026 жылғы 25 ақпан күні ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Мағира Қожахметованың 80 жас мерейтойына арналған «Мағира Қожахметова. Руханият әлемінде» атты шығармашылық кеші өтті.

Қазақ баспасөзі мен әдебиетінің тарихында өзінің үні, өзіне ғана тән болмысы бар қаламгерлер болады. Олар уақыттың жүгін арқалап қана қоймай, ұлттың ішкі жан дүниесін, қоғамның арман-аңсарын сөз арқылы сөйлетеді. Осындай тағылымды тұлғалардың бірі де бірегейі  – жазушы, журналист, өнертанушы Мағира Қожахметова. Сексен жастың сеңгіріне көтерілген арда қаламгердің шығармашылық жолына көз салу – тұтас бір дәуірдің мәдени-рухани келбетін танумен тең.

Асылында, Мағира Қожахметова – қазақ журналистикасына нәзік үн, терең ой, азаматтық ұстаным алып келген аға буынның ең танымал өкілі. Әдебиет пен мәдениет, баспасөз саласындағы санаулы ғана нәзік жандылардың көшін бастаған алты алашқа аяулы кейуана әлі де қолынан қаламын тастаған жоқ. Балаларға арнап журнал («Балбұлақ») шығарып, ересектерге арнап саламатты өмір салтын насихаттайтын газет («Дертке дауа») жұмысын жандандырып, қоғамымыздың алға жылжуына батыл қадам жасап жүргені қуантады. Оның баспасөздегі қызметі тек ақпарат жеткізумен ғана шектелген жоқ; ол сөз мәдениетін қалыптастыруға, ұлттық таным мен рухани құндылықтарды жаңғыртуға зор еңбек сіңірді. Қоғамдық ойдың қалыптасуына ықпал ететін көсемсөздері арқылы ол оқырманды ойлануға, өзін тануға, ұлттық болмысты қадірлеуге шақырды. Журналистік материалдарындағы тіл тазалығы, дерекке адалдық, адам тағдырына деген жанашырлық – оның шығармашылық кредосының айқын көрінісі.

Мағира апамыздың көркем әдебиеттегі орны да айрықша. Оның прозалық туындылары мен эсселері – уақыттың рухани шежіресі. Ол кейіпкер психологиясын терең ашуға, адам жанының иірімдерін дәл бейнелеуге шебер. Мағира Қожахметова шығармаларында әйел тағдыры, ұлттың мәдени жадын сақтау, адамгершілік құндылықтар, рухани тазалық сияқты тақырыптар ерекше бір нәзік лиризммен өріледі. Бұл – қазақ әдебиетіндегі әйел қаламгерлер дәстүрін жаңа белеске көтерген шығармашылық қолтаңба. 

Оның еңбектерінің тағы бір маңызды қыры – мәдениетке қызметі. Ол тек жазушы, журналист қана емес, ұлттық өнер мен әдебиетке жанашыр тұлға ретінде де танылды. Қаламгер әдеби ортаның дамуына, театр, музыка, кино т.б. өнер салаларының жас таланттарын дәріптеуге, жеке түлғалық брендтерінің қалыптасуына, мәдени мұраның насихатталуына белсене араласты. Осындай қызметі арқылы ол шығармашылық қауымның рухани ұстазына айналды.

Мағира Қожахметова – көркем сөз арқылы адам жанын тәрбиелеуге болады деген ұстанымды өмірімен дәлелдеген қаламгер. Оның шығармалары оқырманын мейірімге, парасатқа, тазалыққа жетелейді. Бұл – нағыз әдебиеттің миссиясы.

Сексен жыл – адам ғұмыры үшін үлкен белес. Ал сергек қаламгер үшін бұл – артында қалған мол мұраға, жүріп өткен жолға, тәрбиелеген оқырман буынына қарап есеп беретін кезең. Мағира Қожахметованың шығармашылық ғұмыры – қазақ руханиятына қосылған сүбелі үлес. Оның есімі ұлттық журналистика мен әдебиет тарихында өз орнын алған, парасат пен мәдениеттің символына айналған тұлғалардың қатарында жарқырап тұр.  Бүгінгі мерейтой – тек Мағира апамыздың ғана емес, қазақ сөз өнерінің мерекесі. Өйткені Мағира Қожахметова – өз дәуірінің үні, ұлт руханиятының шырақшысы, сөз қадірін биік ұстаған қаламгер. Сексеннің сеңгіріндегі қалам иесіне ұзақ ғұмыр, шығармашылық қуат тілей отырып, оның өнегелі жолы кейінгі буынға рухани бағдар болып қала беретініне сенім мол.

Кеш барысында жазушының әдебиетке қатар келген үзеңгілестері, кейінгі толқын әріптестері оның азаматтық, қаламгерлік болмысына тоқтап, жылы лебіздерін білдірді. 

Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының тізесінде отырып, тәлімін көрген Мәриям Хәкімжанова әжеміздің батасын алған, кіл жақсының ғұмырын жырлап, жоқтап жүрген Мағира Қожахметова «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағын иеленсе, нұр үстіне нұр болар еді. Жазушылығы да, қайраткерлігі де біртөбе апамыз бұл атақтың көркін ашып, бәсін биіктетер еді. Алла бұйыртсын!

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan