Бүгінде аты сирек айтылып, кітаптары жиі парақталмай кеткен ақындардың бірі – Тынышбай Рақым. Уақыт өте келе есімі көмескілене бастағанымен, оның қазақ руханиятында қалдырған ізі ерекше. Ол қазақ поэзиясы мен ән өнерінде өзіне ғана тән нәзік қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер.
Тынышбайдың өлеңдері асығыс оқуды көтермейді. Сезімге бай, баяу ырғақпен оқылатын өлеңдер адамды ойға қалдырып, ішкі тыныштыққа жетелейді. Ақын поэзиясының негізгі өзегі – сағыныш пен махаббат.
Кім жүр аңсау кешіп менше,
жүрек жиі шаншулы.
Наз үніңді есіткенше
тағат шіркін таусылды.
Керемет күн,
керемет түн
өте шықты-ау басымнан.
Неге кеттім,
неге кеттім,
неге кеттім қасыңнан?, – деп төгілтеді.
1998 жылы «Дүлдүл көңіл» кітабы мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды.
Сондай-ақ Тынышбай тек ақын ғана емес, дарынды композитор да болды. «Алтайдың аржағынан келген ару», «Боз орамал» секілді әндері халық арасына кең тарап, қазақтың ән қазынасына сіңіп кетті.
Бұл әндер де оның өлеңдері сияқты нәзік сезімге құрылған, уақыт өткен сайын қадірі арта беретін туындылар.
«Қимайтын жан екенсің жат ұяға,
Қарғам-ау, кез болдың-ау қапияда, шіркін!» – деп басталатын әуені де, сөзі де жүрекке жылы тиетін ән көпшілікке жақсы таныс. Бұл – Тынышбай Рақымның қаламынан туған, уақыт сүзгісінен өтіп, халық жадында сақталған шығарма. Әнді бүгінгі тыңдарманға кеңінен танытқан – белгілі әнші, сазгер Сәкен Қалымов.
«Әнді студияда өңдетіп жүргенде Қалдыбек Құрманәлі жолығып қалып: «Бұл әннің авторын танисың ба?» – деп сұрады. Мен танымайтынымды айттым. «Ендеше жүр, сені әннің авторымен таныстырайын», – деп телеарнаға ертіп келді. Тынышбай аға қызмет бөлмесінде отыр екен, орнынан тұрып қарсы алды. Әнді орындап бергенімде, шашын қайта-қайта тарап, ұнағанын білдірді де: «Келесі «Кеш жарыққа» шығасың, дайындал!» – деді. Ән мәтініндегі бір-екі жеріне өзгеріс енгізіп, қайта өңдеп, ағаның авторлық «Кеш жарық» бағдарламасына жаңа әнмен шықтым. Сол күннен бастап бұл ән қазақтың даласын кең шарлап кетті. Той-жиынның, ел бас қосқан жердің бәрінде айтылатын, халықтың сүйікті әніне айналды», – дейді әнші Сәкен Қалымов өзінің естелігінде.
Биыл сол ақын Тынышбай Рақымның 80 жылдық мерейтойы. Жалпы Тынышбайдай тұлғаның есімін еске алып қана қоймай, жырын қайта оқып, әнін қайта тыңдап, қайта жаңғыртып отыру керек. Себебі, мұндай тұлғаларды ұмытуға болмайды.
Дүлдүл көңіл
«Қадамыңа, — деші дос, — жыр гүлдегір!..»
Екі айналып келмейді бұл күнгі өмір…
Не айтар екен дегендей, құлақ түріп,
елеңдейді Еліне дүлдүл көңіл!..
Елім десе қашаннан Ер — еңселі,
тасайын деп тұрғандай өлең селі…
Қанат жая қуансам, адал досым,
шаттығымның төрінен көрем Сені.
Сұлулықтан сыр ұғып, әсемдіктен
ән іздеген әуезді, әсер күткен —
менің дүлдүл көңілім әуелден-ақ
аулақ туған жабылық бәсеңдіктен.
Қанаты бар жүйрігім шарқ ұрады,—
шалдығады демеймін, алқынады.
Тапқанымен, барымен — базарымен
мәре-сәре етер бір Халқын әлі.
Көргісі көп әлі де көрмегенін,
бергісі көп бәріне бермегенін,
алып ұшты мазасыз дүлдүл көңіл,
берешегім көп сірә, Елге менің!
Жайсаңдарым, жапсарлас жақсыларым,
өздеріммен асқарлас бақ-шынарым…
Гүл-гүл өмір жеткізсе — мен Еліме
Дүлдүл көңіл дүниесін тапсырамын!..
Түйіндеу
Мен сенемін!
Тартқанмен жаным күйік, —
түбі менің шығатын тауым биік.
Аңқам кеуіп жүр қазір аңызақтан,
тұр ол жақта керемет жауын құйып.
Ерте жетсем деп бірақ асықпаймын,
арнасынан жатса да асып қайғым.
Өмір кейде өксітіп көргенімен,
жігерімді мұқалтып, жасытпаймын.
Аңқам кепсе, — жырым бар шөл басатын,
тірлігіме тамыр боп жалғасатын.
Жарық дүние заңы сол, — о бастан-ақ
болмаған ғой қайғысыз, болмас ақын.
Мысқал мұңым — бір бастың мұңы-дағы,
бүгін бұлтты күн — ертең шұғылалы.
Қайыспасын халқымның қабырғасы,
Елі үшін егілген ұлылары!..
Жұртпен жомарт, еліммен еңселімін,
қажет тұста жауына — семсерімін!
…Биігіме түбінде шығарады
мұң арқалап қайралған өр сенімім!..
Достарға наз
Арманның құсы самғаумен,
кеңейіп көңіл — көк аспан,
дуылдап өткен сол дәурен
есіңде шығар, Жарасқан!..
«Шапқылағалы Ақ бұлақ»—
кетіпті-ау өтіп екі он жыл.
Қалды артта қайран тәтті уақ,
аңсаумен енді етем жыр.
Жастық шақ — құстай ақ қанат,
зу ете түсті тез қалай?
Шақырған үнсіз шат қабақ —
Ақынға ғашық көздер-ай!..
Жыры мен сырын толғаған
едік қой албырт біз ақын,—
Иранбек Қызылордадан
кеп жетсе — думан қызатын…
Сол кезді бүгін сағынам,
өртейді бір от өзекті.
Түспейтін мінбе — тағынан
Кеңшілік алса кезекті…
Бір ойдан жүз ой туындап,
бас қосып сол кез көбінде,
отырушы едік дуылдап
Иранбек тұрған нөмірде…
Өткенді еске алам көп,
кетті ғой шіркін оралмай…
Шөмішбай — Пушкин болам деп,
Ибрагим — Абай бола алмай…
Сағыныш сырын білем мен,—
жүректің жасын сүртеді…
Бүгінде сақал жіберген
Ұлықбек — түбіт мұрт еді.
Жарыса оқып ғашық жыр,
қалдырмай достың бірін шет,
содан соң аттың басын бір
Ағалар жаққа бұрушы ек.
Біріміз мақтап Қадырды,
біріміз мақтап Сағиды,
өзгеден бөлек
кәдімгі
жақтаушы ек Мұқағалиды.
Болмайтын ұмыт Тұмағаң,
қалмайтын шетте Жұмекен.
Бәрі де бізге ұнаған,
ұнатпай жүрген кім екен?..
Жан емес едік құр кеуде,
жүректе мұңлы жанады от…
Іні боп келдік үлкенге,
жастарға қалдық аға боп.
Бүгінге үміт жалғаумен,
атырып таңды тарасқан,
қиялшыл қайран сол дәурен —
есіңде бар ма, Жарасқан?!.
Айтылып тілек, не бір ой,
көтеріп едік тост талай.
Басымыз сол кездегідей
қосылмай жүр-ау, достар-ай!..
Сезімнің ерке сазындай
шабыттың құсын түлетіп,
тобымыз шіркін жазылмай
жүрген кез қайда жыр оқып?..
Демеймін қыр мен ой кезбе,
айтады досқа көңіл наз.
Сағыныш-көлде кей кезде
мен жүзген сыңар қоңыр қаз…
***
Көктем өтіп, қарсы алдым Жазымды айқын,
кетеді ұшып қайрылмай қазым қай күн?..
Жай-күйімді несіне жасырайын,—
жүрегімде бір дерт бар жазылмайтын…
Мүжиді сол жаныма бермей тыным,
«қош…» деуге де қала ма келмей тілім?..
Ертелі-кеш өлім хақ, оған дейін
кетсем деп ем Жыр жазып өлмейтұғын!..
Жүгінсем де жүйелі сөз арына
қалдым ба екен жақындап ажалыма?..
Ақын болу,— шынында бақыт шығар,
аз емес қой бірақ та азабы да.
Пешенемнің тарттым-ау азабын көп,
көп азаптан құтқарар ажалым кеп…
Жазығы жоқ бейшара жұдырықтай
жүрегімді улаппын жазамын деп…
Болсын мейлі, артым жар, алдым ұра,—
ренжітe алмаймын таңды мына.
Аялайды, өйткені, мені ерекше
Күн де,
Жер де,
Аспан да,— барлығы да.
Көктем өтті, мамырлап Жазым келді,
Жаз сыйлады қоңырлау сазымды енді.
Мәз етейін қолда бар мәзірге елді,
сыза бергей әманда қазым көлді.
Жаңа ұғындым жайқоңыр Жаздың парқын,
ел бағалап, айырар сөздің нарқын.
Кім біліпті, осынау ғұмырымда
өлмейтіндей бір Өлең жаздым бәлкім?..
***
Сен айтқан
толқыдым мен сөзге мүлдем,
адалдық ұқтым мұндай өзге кімнен?..
Жаралы жас жаныңның сырын сезіп,
қос мөлдір моншақ көрдім көздеріңнен…
Беймезгіл суық жерді жастанайын, —
жоқ енді менде сенен басқа уайым.
Жек көріп кеттім мынау күйкі өмірді,
адыра қалсын жалған тасқан айым.
Жүрейін жерде, ұшайын көкте, мейлі, —
жүректе бұрынғыдан дерт көбейді.
Жаралы жаныңа ем — гүл егілсе —
мейірі қанбай нұрға — көктемейді…
Жападан-жалғыз өтсін түнім, мейлі, —
сезімім сені «менің гүлім» дейді…
Ғайыптан Муза келіп, құлағыма:
«Гүліңе жыр арна» деп, күбірлейді.
Мен енді тұра алам ба өлең өрмей,
жыр ыстық құшағына бөлегендей.
Керемет өмір сүргім кеп кетті ғой,
мен бұрын жүргем Сені неге көрмей?..
***
Бір бұйырар несіп пе ең,
елестеттім бұрын кіл.
Көктембісің кешіккен, —
мұңлы гүлге — жырым нұр.
Сенен үміт шын күттім,
толқытар деп осы әнім…
Жұпарыңнан мұң жұттым,
мың жұттым да, босадым…
Айрылар ем еріктен,
жан — пәктігін ұқтырды.
Құшағымда неліктен
жанарыңа шық тұнды?..
Сырын үнсіз сезіндім,
мұндай көзді көріп пе ем?
Құшағыңда өзіңнің
тұрдым толқып неліктен?..
Жолығып тек қиялда,
ләззат кешпек жалғыз кім?
Енді өзгеге қиям ба
қадір түнін наурыздың?..
Жүзіңді мұң бүркеген
көріп, бәрін түсінгем:
Жүрегімнен нұр төгем
сендік ғұмыр үшін мен!..
***
Сенің сыршыл мінезің мұз жібіткен,
шер тарқаттың шешіліп ізгі үмітпен.
Қызғанбай-ақ қой мені «Қырық қыздан»,—
мен өмірден дәл сендей қызды күткем.
Жөні бөлек қылықты қыз баланың,
сүйсінтеді әр басқан із-қадамын.
Мен сенемін сендегі қызғанышқа,
сондықтан ба,— өзімнен қызғанамын!..
Емес едім көр сезім, қуыс кеуде;
бақ та, сор да кешуі тиіс пенде…
Сен — Гүлсің ғой хош иіс,
жаралғансың —
аялауға,
сүюге,
иіскеуге…
Иіскеймін,
әріге бара алмаймын…,
не болады қосылса саған қайғым?..
Жұпарынан айырылып қала ма деп,
артыма да, алдыма алаңдаймын.
Құшсам, сүйсем — нұр жайнап құлпырар ма ең,
күдігіңнің ысырып бұлтын әрмен?
Аз ғана сәт көзімнен таса болсаң —
тағат таппай сен жаққа ұмтылам мен.
Жетелейді мені бір жалынды үміт,
иіскеуге жатпайсың жалындырып…
Жұпарыңа жан балқып, буын босап,
бара алмаймын әріге, әлім құрып…
***
Кім жүр аңсау кешіп менше,
жүрек жиі шаншулы.
Наз үніңді есіткенше
тағат шіркін таусылды.
Керемет күн,
керемет түн
өте шықты-ау басымнан.
Неге кеттім,
неге кеттім,
неге кеттім қасыңнан?..
Алаңсыз ем, күн бұзылды,
көкейге бір дерт қонды.
Сағынғаннан нұр жүзіңді
екі көзім төрт болды.
Сырымды сен түсінерсің,
сүртші сезім айнасын…
Көзімді ілсем — түсімдесің,
ояу жүрсем — ойдасың.
Жер бетінде сағынар шын
бір адамның болғаны
Бақыт шығар,
соны ұғарсың,
ей, мұңлы ақын арманы!
Аңсау
Аңсау сырын келді ме екен ұқтырғың,
жүрегімнің қанды жасын сүрттім мың.
Аз болғандай арқалаған азабым,—
азабыма азап қосып күттірдің.
Кейде ұзақ күтем деп те шаршадым,
көп санаттың күткен сезім моншағын…
Сенің нұрлы көздеріңді аңсадым,
сенің сырлы сөздеріңді аңсадым.
Сары алтынын жоғалттым да сабырдың,
сені іздедім,
алағыздым,
сабылдым.
Үнің, демің, қылығыңды сағындым,
тіліңдегі шырыныңды сағындым.
Керек болса түбінде бір дерегім —
саған деген сағыныштан өлемін…
Қара түнге сіңіп бара жатырмын,
жүрегімді жұбатып тек өлеңім…
Қамығу
Бақ сыйлар деп туар күн
жайған едім қос қолды:
Күз келгенде қуандым, —
қуанышым еш болды.
Күзгі суық ақырын
сұғынады кеудеме
Жат болды ма жақыным,
жабырқаумын мен неге?
Кеткен қазір бақ сәні,
қызыл гүлін ұсынбай.
Жапырақтар сап-сары —
менің сағынышымдай.
Бой мұздатты кеш мынау,
жүрдім жалғыз жан жүдeп.
Қалың сорды кештің-ау
күнәсі жоқ пәк жүрек.
Бақтың іші сап-салқын,
түннің қойны қоп-қою…
Оның мұндай жат салтын
жоятындай жоқ қой у…
Мәз етердей туар күн,
жаным сонша хош көрді.
Күз келді деп қуандым, –
сол қуаныш еш болды…
Райыңнан қайт, өмір,
тұнжыратпа тым күзді.
Көп іздедім әйтеуір,
жолда жүрген бір
қызды…
Еміс-еміс бір үнді
шалып қалды құлағым, –
айтсам егер шынымды:
сағыныштан жыладым.
Ол нағып жүр жырақта
үміт артып бос күнге…
Көз жасымды бірақ та
көре алған жоқ
ешкім де…
Жаным дегім келеді
Үмітіме ұяңдау сенім артам,
сенім артсам — кетердей кеңіп арқам.
Еріктен тыс сезіммен алабұртып,
«Жаным» дегім келеді сені, қалқам…
Акталмаймын «күнәдан пәк едім» деп,
кештім, рас, тірліктің әлегін көп.
Гүлін төккен былтырғы алма ағаш та
көктем жетсе — кетпекші және гүлдеп.
Тағдыр мәңгі қасарып қалмас бұлай,
бақ пенен сор — қашаннан жалғасты ұдай…
«Жаным» десем мен сені, айтшы, қалқам,
естілер ме ед сол сөзім алғашқыдай?..
Өкінішпен өтсе де күнің, мейлі,
күлімдемей мұң-перде түрілмейді…
Алабұртып,
аптығып,
демім ысып,
неге менің жүрегім дірілдейді?..
Өзегімді жандырып жалын лебім,
неге ысып барады қаным менің?
Құштарланып,
құмартып,
қылықтанып,
жаным дегім келеді, жаным… дегім.
