Уақыт бұл – құс-қанат
Ақын Серік Әкірамұлының жаңа жырларыннан.
***
Пойыздың релстерімен,
Ұшақтың рейстерімен,
Жер-көкте жөңкіген сабылыс,
Жүректе шүпілдеп сағыныш.
Даладан- қалаға,
Анадан - балаға,
Келеді мейірім асығып,
Жұмақтың жұпары шашылып.
Анаң кеп өпкенде маңдайдан,
Ақ сүті аңқиды таңдайдан,
Оралып періште сәттерің,
Оң иықта ашады дәптерін.
Қалдырмас перзентін дұғадан,
Ол - Анаң Алладан сұраған.
Мейілі туыңды шыңға тік,
Анаңды қуанту - шын бақыт!
***
Саған бас иемін,
Топырағыңнан жаралғам.
Сені шексіз сүйемін,
Бал бұлағынан нәр алғам,
Туған жер!
Кіндігім байланған,
Тамырым терең тараған,
Көркіңнен айналағам,
Тамсанып саған қарағам,
Туған жер!
Қылыштай қайрадың
Қорғаны намыс - арымның,
Баптадың, бәйге алдым,
Басылмады әлі арыным,
Туған ел!
Батаңнан көктедім,
Талпына бердім шыңдарға.
Парызым көп менің
Туғанмын сені жырлауға,
Туған ел!
***
Күрсінуден мұң жұтып,
Шат күлкіден бал ішіп.
Бір бақытты шын күтіп,
Мың күдікпен алысып.
Көңіл - албырт, ұшқалақ,
Аптығы тұр басылып.
Уақыт бұл – құс-қанат,
Кетеді ізін жасырып.
***
Мөлт етті өлең
Арудың жанарында,
Шолпандай жаңа туған таң алдында.
Жүректің қыл-пернесі төкті бір күй,
Менің көңіл - домбырам шанағында.
Жүрісімен бірге ауа тербелісіп,
Лебізі-бал,
жұпары желмен ұшып,
Қарайды бұлт астынан Ай сығалап,
Тау бұрылып, жұлдызар жерге түсіп.
Адасып қай ғаламнан келіп тұрсың,
Перизат аққу мойын, елік мүсін.
Тал бойыңнан төгілген сұлулықты,
Жердің беті өзіне көрік қылсын.
***
Бүгін оған қайтатұғын соңғы күн,
Жинастырып жатқан шығар жол жүгін.
Қоштасуға жетпей қалды кейбір жан,
Амал қанша…
көкірекке толды мұң.
Ол келгенде гүл құшақтап, қымсынып,
Бәрі асыққан дидарына құлшынып.
Жүзі күліп тұрғанменен жадырап,
Қатыгездеу екен әрі тым суық?
Жан - жабырқау, санам - салғырт, көңіл - мұз,
Пенделік-ай…
қалса дейсің өмірде із.
Күнтізбеде – отыз бірі тамыздың,
Жолы болсын, жұбатшы кеп, қоңыр күз.
***
Анамның жүрегіндегі,
Әкемнің тілегіндегі - махаббат
Сағынған кезінде,
Сағынғам өзім де,
Енді сол сезімге
Жүргенім күн сайын қаталап.
Анамның табанындағы,
Әкемнің қабағындағы шуаққа,
Жылынған шақтарым,
Тұмар ғып сақтарым.
Ғаламнан таппадым
Мен сондай мейірім бірақ та.
***
Айтылмаған сырымның,
Жазылмаған жырымның
Иесі жалғыз – жүрегім!
Соны енді тоңдырмай
Қылау мұң қондырмай,
Жүрсем жалғыз – тілегім!
Махаббат пен сезімге
Аласұрған кезімде,
Сенсің жалғыз тірегім!
Аттан алып жыққанша,
Ақтық демім шыққанша,
Сен боп өмір сүремін!
***
Боз бұлттары қалқыған,
Боз жусаны аңқыған.
Бозторғайы салады
Боз далада шалқып ән.
Боз қырауын жапқан күз,
Бозарып от жаққанбыз.
Боздатады көңілді,
Боз орамал таққан қыз.
Боз мұнартып жатқанда,
Боз үйді іздеп тапқанда,
Боз жорғамен аттандым,
Боз ала таң атқанда.
***
Мағжан сүйген, көбелек,
Шамға күйген, көбелек.
Оттан көйлегін,
Киген көбелек!
Елден көшкен, көбелек,
Үміті өшкен, көбелек.
Күлден тіріліп,
Өскен көбелек!
«Жынды», құнды көбелек,
Жырлы, сырлы көбелек.
Ұшқан қайтадан,
Гүлді көбелек!
