Алматы – еліміздің стратегиялық маңызы зор қаласы. Үлкен магаполисте Мемлекеттік тілді дамыту институтының ұйымдастыруымен «Тіл заңына бағынған ұлттық емле» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Қазақ тілінің тағдыры – оның заңымен, яғни ішкі табиғи жүйесімен өлшенеді. Ал сол заңның нақты көрінісі – емле. Сондықтан «Тіл заңына бағынған ұлттық емле» атты басқосудың мәні тек бір ғылыми жиын шеңберімен шектелмейді. Жиында ұлттық сананың, тілдік иммунитеттің, мәдени дербестіктің өзегіне қатысты маңызды мәселелер қозғалды.
Қазақ тіліндегі емле ережелері – жай ғана техникалық нормалар жиынтығы, сипаттама емес. Бұл – ұлттың ойлау жүйесінің, дыбыстық әлемінің, тарихи тәжірибесінің таңбаланған нақты формасы. ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған реформаторлар осыны терең түсініп, қазақ жазуын «тіл заңына бағындыру» қағидатын ұсынды.
Қазіргі кезеңде жаһандану, цифрлану, ақпараттық ағынның күшеюі қазақ тілінің табиғи құрылымына жаңа сынақтар әкеліп отыр. Әсіресе, сөздердің дыбыстық тіркесімі бұзылып, орфографиялық және орфоэпиялық нормалардан ауытқу жиілеп келеді. Мұндай жағдайда емле мәселесін ғылыми тұрғыдан қайта қарау – уақыт талабы.
Іс-шара аясында таныстырылатын «Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық жазуы мен бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары» атты ұжымдық монография – ұлттық жазу реформасының тарихи және ғылыми негіздерін қайта зерделеуге бағытталған еңбек. Бұл еңбек арқылы Байтұрсынұлының тек әліпби жасаушы емес, тұтас тілдік саясаттың архитекторына айналған тұлға екені айқындала түседі. Әсіресе, оның бастауыш мектепке арналған жазу жүйесін баланың табиғи тілдік қабылдауына сәйкестендіру идеясы – бүгінгі білім беру жүйесі үшін де аса құнды бағдар. Сонымен қатар QAZEMLE бағдарламасының таныстырылуы – қазақ тіл білімінің цифрлық кезеңге қадам басқанын көрсететін нақты дәлел. Қазақ сөзіндегі дыбыс тіркесімінің бұзылуын автоматты түрде анықтау – тек техникалық жетістік емес, бұл тілдің ішкі заңдылығын алгоритмдік деңгейде тану деген сөз. Ал орфографиялық, орфоэпиялық, стилистикалық, лексика-грамматикалық нормаларды кешенді түрде қадағалайтын жүйе – тіл мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін құрал.
QAZEMLE жоғарғы кеңесінің құрылуы да кездейсоқ емес. Бұл – тіл нормаларын тек қағаз жүзінде бекітіп қоюдан гөрі, оны қоғамдық санаға енгізу, қолдану мәдениетін қалыптастыру бағытындағы институционалдық қадам. Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы бастаған кеңес тіл мәселесін енді тек зерттелетін объект емес, басқарылатын, қорғалатын, жүйеленетін құндылық ретінде қарастыра бастайды.
Бүгінгі қазақ қоғамында тіл мәселесі жиі саяси немесе эмоциялық деңгейде талқыланады. Ал мұндай ғылыми алаңдар мәселені рационалды, жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік береді. Емле – ұсақ-түйек мәселе емес. Егер емле әлсіресе, тілдің ішкі жүйесі бұзылады. Тіл нормасы бұзылса, ойлау жүйесі де өзгеріске ұшырайды. Бір сөзбен айтқанда, тіл де, жазу да – ұлттық сана ұйытқысы.

Алаштанушы Әділет Ахметтің айтуынша белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Бижомарт Қапалбек басшылық ететін Мемлекеттік тілді дамыту институты «Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық жазу мен бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары» атты ұжымдық монографияны шығарып, оқырманға ұсынып отыр.
«Бүгін аталған ғылыми мекемеде қазіргі қазақ емлесі талқыланған дөңгелек үстел аясында бұл жинақтың да тұсауы кесілді. Монография 2023–2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру аясында шығарылды. Зерттеуді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырды (AP19676971). Жалпы редакциясын басқарған: Бижомарт Қапалбек. Редакция алқасы және авторлар: Бижан Игенбаева, Әбдіжалел Аққозов, Алмасбек Әбсадық, Данагүл Асылжанова, Мархабат Жошыбаева, Меруерт Шәкенова, Арайлым Қаленбекова, Динара Мейрамбекқызы, Әйгерім Сейдәлі және өзім де қатыстым», - деді алаштанушы.

Кітап 431 беттен тұрады. Еңбектің алғашқы тарауын яғни Қазақ жазуының қалыптасу тарихын мен жазып едім. Кеше тұсаукесер алдында да және осыған дейін Мемтіл институты бізден алған сұхбатта да бұл еңбектің бірінші тарауындағы азды-көпті жаңалықты, түрік жазу тарихына қатысты тың ұстанымды көрсетуге тырысқанымызды білдірдік. Жинақтай келгенде, кітапта ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мектептегі ұстаздық жолына, бастауыш мектепке қатысты ұстанымдарына, таза ұлттық әліпбиі мен озық әліппесіне ғылыми талдаулар жасалған. Ақаңға дейінгі сауат ашу құралдары мен Ақаннан кейінгі әліппелер де ғылыми талдауға түскен. Ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алатын ұлттық әліппенің бір ғасырдан артық тарихы бар екендігі, бұл жөнінде бізге өзге түркі халықтарының тәжірибесі де, басқа дамыған елдердің тәжірибесі де үлгі бола алмайтындығы дәлелденген. Кітап қазақ тарихы, тіл ғылымы, алаштану, ахметтану, қазақ тілі мен әдебиеті әдістемесін зерделеп жүрген мамандарға, филология және тарих факультеттерінің студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына, сондай-ақ Алаш мұрасына қызығушылық танытқан көпшілік қауымға арналады.
P.S.: «Тіл заңына бағынған ұлттық емле» тақырыбындағы дөңгелек үстел – қазақ тілінің болашағын айқындайтын стратегиялық мәні бар жиын. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жалғаспақшы. Алқалы жиында институт ұжымы Қазақстанның Халық жазушысы, ана тіліміздің қорғаны Бексұлтан Нұржекеұлын 85 жас мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.
