«Урбанизация дәуіріндегі әдебиет» атты дөңгелек үстел өтті

«Урбанизация дәуіріндегі әдебиет» атты дөңгелек үстелге қатысушылардың ой-пікірлері ықшамдап ұсынылып отыр.

«Урбанизация дәуіріндегі әдебиет» атты дөңгелек үстел өтті - adebiportal.kz

Қазанның бірі күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Конституция залында «Урбанизация дәуіріндегі әдебиет» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Астана қаласындағы қаламгерлер, әдебиеттанушы ғалымдар, жауапты билік өкілдері қатысып, аталған тақырыпта өз ойларын бөлісті.

Іс-шараның модераторы, ҚР Жазушылар одағы, Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы бүгінгі дөңгелек үстелдің мән-маңызын қысқаша таныстырып өтті. 

- Қадірлі ағайын, құрметті әріптестер! Бүгін біз «Урбанизация дәуіріндегі әдебиет» атты дөңгелек үстелге жиналып отырмыз. Қазір заман тез өзгеріп жатыр. Былтырғы жағдай мен биылғы дүниенің арасында да көп өзгеріс бар. Ал ғасыр мен ғасырдың арасындағы өзгерістер тіпті үлкен. Бір кездері біздің әдебиетіміздің негізгі өзегі ауыл болатын. Бірақ қазір кейбір деректер бойынша халықтың алпыс пайыздан астамы қалада тұрады екен. Соған байланысты көптеген өзгерістер болып жатыр.

Әлемде үлкен урбанизация үдерісі жүріп жатыр. Дәл осы кезде біздің әдебиетіміз қандай болуы керек деген мәселе төңірегінде пікір алмасақ дейміз.

Сауытбек Абдрахманов, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Халық Кеңесінің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы ірі-ірі мәселелерді қозғады. Соның бірі – урбанизация. Қасым-Жомарт Кемелұлы өркениеттің озық талаптарына сай болуға шақырды, нақты айтқанда қала мәдениетін дәріптеу жөнінде әңгіме қозғады. Біздің бала күнімізде елдің оңтүстік жағында «Тәшкен көрген» деген сөз жиі айтылатын. «Тәшкен көрген» деген сөз қала көр­ген, қала мәдениетінен хабары бар дегенді білдіретін. Ал оның арғы жағында «қала» дегеніміз жалпы мәдениет деген ұғымды білдіретінін аңғаруға болады. Мәдениет сөзінің астарында «мәдина» сөзі жатыр. Жалпы, арабтың «мәдина» сөзі «қала» деген ұғымды сипаттайды. Яғни қала мен мәдениетті бөліп қарастыруға болмайды деген сөз. Сондықтан мәдениеттің негізгі анықтамасы – мәдениетті қала. Қала дегеніміз – үлкен ұғым.

2021 жылғы халық санағы бойынша Қазақстандағы қазақтардың 58 пайызы қалада тұрады екен. Қазір ол көрсеткіш өте жылдам өсіп жатыр. Мысалы, Астана қаласына жылына 100 мың адам келіп қосылады.

Осындай кезеңдегі, яғни урбанизация дәуіріндегі әдебиет қандай болуы керек? «Әдебиет – өмір айнасы» дейміз. Біздің әдебиет осы нақты өмірдің айнасы болып отыр ма? Олай деп айта алмаймыз. Өйткені әдебиеттің негізгі локация­сы ауыл күйінде қалып отыр. Меніңше, біздегі шығармалардың басты арқауы – ауыл өмірі. Алайда ауыл өмірінде де көптеген қайшылық бар.

Циолковскийдің: «Жер – адамзаттың бесігі» деген сөзі есіме түсіп отыр. Оған «неге адамзат үнемі бесігінде қала беруі керек?» деген сұрақ қоюға болады. Сол айтпақшы, «ауыл – қазақтың бесігі» дейміз. Қазақ неге бесігінде қалуға тиіс? Қазақ та бесігінен шығып, ұлт ретінде есейіп, басқа өрістерге жол ашуы керек.

...Шпенглердің: «Нации – это народы-градостроители», деген сөзі бар. Яғни қала салатын халықтар ұлт болады дегенді аңғартса керек. Мысалы, Абайдың тілі бай, бірақ Абайдың тілінде «ұлт» сөзі жоқ. Абайдың заманында ұлт болу, жұрт болу, ел болу, халық болу мәселелері көтерілді. Алайда ұлтқа айналу жайы айтылмады. Ұлтқа айналу, ұлт мәселелері ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Алаш зиялыларының аузына алғаш түсті. Қазірдің өзінде бүкіл әлемде адамзаттың 58 пайызы қалада тұрып жатыр. Бұл үрдіс, әрине, өсе береді, тоқтамайды.

Қаланың өмірін көрсету дегенге қалай келу керек? Әлем әдебиетінде оның неше түрлі үлгісі бар. Диккенстің Лондоны, Флавийдің Парижі, Пушкиннің Петербургі, Булгаковтың Мәскеуі деген сияқты. Бізде де, Құдайға шүкір, қала өміріне арналған шығармалар баршылық. Мысалы, Мұхтар Мағауинның «Көк мұнары». Таза интеллигенция, қала өмірі, ілім мен ғылым, бәрін кең тыныс­пен суреттей алған шығарма. Дулат Исабековтің «Қарғыны» – таза қалалық проза. Төлен Әбдіктің әңгіме-повестерінде қала өмірінен алынған тақырыптар өте көп. Басқа да шығармалар бар. Ал енді осындай шығармалардың оқырманға қалай әсер еткеніне қараңыз. Мысалы, Сафуан Шаймерденовтің «Инеш» романы шыққан кезде қыздардың Алматыға келуіне, студент болуға құмарлығы арта түскен екен. «Инеш» деген бір роман арқылы қанша қыз Алматыға келіп оқыды. Сол сияқты Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» шыққан кезде де, меніңше, талай адам студент болуға, Алматының студенті болуға құмартты деп ойлаймын. Қаланың өмірінен осындай мысалдар өте көп.

Ал қазіргі қала бұрынғы қала емес. Мысалы, бұрын қаланың контингенті табиғи іріктеу жолымен қалыптасатын. Қазір адамдардың трансформациясы жүріп жатыр, мінезі өзгеріп жатыр. Қала адамды өзгертеді, адам қоғамды өзгертеді, қоғам елді өзгертеді, урбанизация деген осы.

Қала прозасының тілі де бұрынғыдай бола қоймайды. Мысалы, тарихи шығармалар болсын, ауыл өмірі­нен жазған өнер болсын, табиғатты суреттесеңіз де, тілді қанша құйқылжытсаңыз да кең мүмкіндік бар. Қаланың жағдайы нақтылы прозаға қарай бірте-бірте бейімделетін шығар деп ойлаймын. Осындай көптеген мәселенің бәрін шағын сөзбен қамтып айту мүмкін емес. Сондықтан біздің әдебиетіміз қаланың өміріне бет бұрады, қалаланған қазақтардың тыныс-тіршілігін көрсетеді деп сенеміз. Урбанизация дәуіріндегі әдебиет бірте-бірте осы заманғы сипатқа ауысады деген ойдамыз. Осы жолда баршаңызға қаламгерлік табыс тілеймін!

Алдан Смайыл, жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Мемлекет басшысының көнерген ұғымдар туралы айтып отырған ой-пікірі, әрине, орынды. Тек ұғымдар ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүрлері де өзгеріп жатыр. Өйткені заман өзгергеннен кейін ол өзінің шартын, өзінің ықпалын жасамай тұрмайды.

Жалпы, урбанизация дәуіріндегі әдебиеттің қандай болу керектігі жөнінде Еуропа сарапшылары сонау ХVІІІ ғасырдың аяғында, ХІХ ғасырдың басында айта бастаған болатын. Солардың сөзіне сенетін болсақ, әлемде бір ғана ХІХ ғасырдың өзінде Шекспир сияқты 100 ақын дүниеге келіп, 50 миллионнан кем емес тұрғыны бар 100 қала пайда болуы керек еді. Әрине, қазір адамзат баласы осы бағытта өсіп жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Яғни Еуропа мен Америка Құрама Штаттары, дамыған мемлекеттер, урбанизацияға бізден кемінде екі ғасыр бұрын кірді. Сол жолда күні бүгінге дейін мәдениет қалыптастырып келе жатыр.

Урбанизация бізді айналып өтіп кетпейтіні анық. Біздің де қалалардың өсетіні, қала өркениетінің қарыштап дамитыны сөзсіз. Ол үрдісті ешкім тоқтата алмайды. Тіпті тоқтатқың келсе де, тоқтата алмайсың. Өйткені қалада бәрі шоғырлануы керек. Ғылым қалада дамығаннан кейін сол ғылымға негізделген экономиканың тетіктері де сол қалада болуы заңдылық. Қазір өнеркәсіптен бастап, бәрі де қалаға шоғырланып жатыр. Яғни осы бағытты әрі қарай дамытатын күш керек.

Ел «асфальт қазағы» деп жүргеннің біреуі – Олжас Сүлейменов. Сол Олжекең Кеңес одағы кезінде «АзиЯны» жазып, түркі тілінің славян тілдеріне ықпалының қандай болғанын дәлелдеп бермеді ме? Болат Жандарбековтің орыс тілінде жазған «Томирис» пен «Сақ» романын қазақтікі емес деп қалай айтасың? Мұндай романдарды әлі қазақ тілділердің өзі туғыза қойған жоқ. Бақытжан Қанапияновты, Сәтімжан Санбаевты да білеміз. Олар орыс тілінде жазса да, қазақтың тарихын, рухын, мәдениетін шығармаға арқау етті. Яғни орыс тілді болғанмен, рухы таза қазақи азаматтар бар. «Асфальт қазағы» дегенде олардың да көңіліне қаяу салмау жағын ойлауымыз керек.

Қазіргі қазақ жазушыларының көбі – ауылдан қалаға келгендер. Бәріміз білім алу үшін Алматыға бардық. Соңында жазушы болып қалада қалып қойдық. «Таланттар провинцияда туып, Парижде өледі» деген сияқты ауылда туған таланттар қалаға келетін үрдіс әлі де жалғаса береді деп ойлаймын. Біздің ұлт урбанизацияға түсіп жатыр. Сондықтан «ауыл азып барады, ауыл күйреп бара жатыр» дегенге біржақты көзқараспен қарауды тоқтатуымыз керек.

Бар мәселе – ауылды қалай өркендетуде, ауыл мәдениетін, ауылдың білімін, ауылдың ғылымын қаланың мәдениетімен, білімімен урбанизация кезінде сәйкестендіре білуге байланысты. Меніңше, Қазақстанда мұндай мүмкіндік толық бар.

Бауыржан Омаров, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:

- Қашаннан қалыптасқан қағида бар: Әдебиет қай кезде де тәрбиелік міндет атқарып келді, атқара да береді. Шеберлігі шыңдалған қаламгер тіпті жұрттың жанын түршіктіріп, төбе шашын тік тұрғызатын нәрсені жазғанның өзінде «жаманнан жирен» деген ұлағатты ұстанымға табан тірейді.

Шындығында, шығармадағы жақсы идея санаға сәуле түсіреді, ойыңды орнықтырады, бағытыңды түзейді, алға ұмтылдырады, тіршілікке құлшындырады.

Бірақ бұдан өмір тек кітаптағыдай болуы керек деген ұғым тумауға тиіс. Солай бола тұрса да, жазған дүниеңіздің әйтеуір бір жерінде тәрбиенің кілті тұратыны анық. Қатыгездіктің өзі қайырымдылықтың алдында тізе бүгетін болса, әдебиеттің адами миссиясының ақталғаны сол емес пе?

Өздеріңізге белгілі, мемлекетіміз ұлт руханиятын дамыту ісіне ұдайы баса мән беріп келеді. Еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент ретінде де, жазушының перзенті ретінде де төл әдебиетімізге айрықша қамқорлық көрсетіп келеді. Ұлттық ұстынға арқа сүйеп, қоғаммен бірге тыныстайтын қаламгерлер қауымына ерекше құрметпен қарайды.

Соңғы жылдарда атқарылған ауқымды жұмыстар осының айқын дәлелі. Президентіміздің тікелей тапсырмасымен ширек ғасырдан соң Қазақстанның Халық жазушысы атағы қалпына келтірілді. Әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлық ұлы Абайдың есімімен аталатын болды. Сондай-ақ беделді әдеби сыйлықтардың саны артты. Мұның бәрі төл әдебиетімізді дамытуға және ақын-жазушыларымыздың беделін көтеруге жол ашқаны сөзсіз.

Мемлекет басшысы руханият тақырыбын қамтыған алқалы басқосуларда әдебиетімізді дамытуға қатысты ой-пікірлерін білдіріп, көркем сөздің ілгерілеуіне мүдделілік танытып отырады. Мәселен, Президентіміз 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші жиынында: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінеміз. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ», - деп баршамызға маңызды міндет артты. Осыған орай «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды, қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын арнайы тізім жасауды тапсырды.

Әрине, соған сай шынайы шығарманың, тұғырлы туындының болуы қажеттігі дау тудырмайды. Бұл енді шеберліктің мәселесі. Бір кездегідей шыққан кітапты жаппай оқитын, тіпті шөліркеп келіп бас қоятын кезең өтіп кетті дегенімізбен, тартымды етіп жазудың мың сан тәсілі мүлде таусылып қалмаған шығар.

Ұсынылған дүниені қинамай-ақ оқытудың, кітап дүкеніне түскен өнімдердің көп ұзамай таралып кетуінің мысалдарын да көріп жүрміз. Бірақ бұл мысалдардың біразы кәсіби әдебиетке қатысты емес. Әйтсе де олардың қандай деңгейде екеніне қарамастан оқырманмен байланыс орната алғанын мойындауға тиіспіз. Ендеше, шын шеберлердің шығармаларын да ұсыну, түсіну, түйсіну, тарату мәселелерін тереңірек талдап көргеніміз дұрыс болар.

Мұның кілтін аға буын, орта буын, жас буынның – яғни үш ұрпақтың сабақтасатын тұсынан іздеу керек. Демек, тәжірибе, шеберлік, іскерлік үштағаны әдебиетті өрге бастауы әбден мүмкін.

Сондықтан Президенттің: «Жалпы мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе жастар арасында сұранысқа ие болуы қажет. Мұның бәрі мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді» деген сөзін осы тұрғыдан түсінгеніміз абзал.

О бастан қаламгер мен оқырман тандемі қазақ руханиятының қос діңгегі болып келе жатқаны баршаға белгілі. Жазушы жоғары сапалы шығармашылық өнім ұсынуға міндетті. Ал оқырман одан өз сұранысын қанағаттандыратын сүбелі дүние күтеді. Өзін сыйлайтын өркениетті елдің оқырманы қаламгерінен әлдеқайда көп болатыны ақиқат. Ал керісінше, қаламгердің көбейіп, оқырманның азайып кетпеуінен тек талғам мен таным ғана құтқармақ. Сондықтан қара ормандай қалың оқырман ғана шығарманы шыңға шығарады, қаламгерді қадірлі етеді, Оның қатарын кейінгі буынмен толықтырып отыру – кезек күттірмес міндет.

Мемлекет басшысының 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында: «Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда кітапты жаппай оқитын ұлтқа айналамыз. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген сөзі осы мақсаттан туындаған еді.

Еліміздің басшысы қаламгер тұлғасы, жазушы міндеті жөнінде де бірнеше рет ой-пікірін айтты. Сол арқылы сіздердің руханият саласында атқарып келе жатқан істеріңізге лайықты баға берді.

Президенттің: «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етеді. Сөз өнерінің қара шаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады. Ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді» деген тұжырымы қаламгер атаулының мол мүмкіндіктерін ашып, жаңаша жол іздеуге жетелесе керек.

Қоғамды ілгерілету үшін тың идеялардың қажет болатыны сөзсіз. Сол тың идеялардың біразы кейде көркем сөздің өзегінде тұрады. Ал сол көркем сөздің де, көсемсөздің де ұстаханасы – өздеріңіз. Сүбелі сөздің мың сырын игеріп, қалағандарыңызша жұмсаудың тілін білетін сіздер көп нәрсені өзгерте аласыздар. Ендеше Президентіміз де: «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – асқақ қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі» деген сөзін осы тұрғыдан айтты деп ұғынайық.

Әңгімеміздің бас жағында атап көрсеткеніміздей, Мемлекет басшысы кітап оқу мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Мұны бірді-екілі шарамен шектелетін науқандық мәселе деп қарастырмауды міндеттейді. Сондықтан оқу әдебінің, дағдысының, мәдениетінің қоғамның тұрақты өмір салтына айналғанын қалайтынымыз анық.

Президенттің биылғы тамыз конференциясында: «Кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша назар аударған жөн. Биыл тиісті Жарлыққа қол қойдым. Үкімет осы жұмысқа қоғам белсенділерін, шығармашылық пен ғылыми қауымдастық өкілдерін, журналистер мен кәсіпкерлерді көптеп тартқаны жөн», - деген тапсырмасы осы талаптан туындап отыр.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан Халық кеңесінің бірінші сессиясының ашылуында ауылдың халқымыздың алтын бесігі екенін айта келіп: «Бәріңізге белгілі, дүниежүзінде урбанизация атты жаһандық үрдіс болып жатыр. Қазақша айтқанда, бүгінде өмірдің қызығы қалаларда. Бұл да – шындық. Қазірдің өзінде біз бәріміз қалада жиналып отырмыз. Олай болса, алдымызда тұрған маңызды және өзекті міндет – қалалардың өркениетін дәріптеу. Бұл істе өркениеттің озық талаптарына сай болуымыз қажет», - деп тұжырымдағанын өздеріңіз жақсы білесіздер.

Президент тапсырмасымен қала тақырыбына арналған әдеби бәйге жарияланды. «Қала хикаялары» атты әдеби байқауға арналған шығармалар енді көптеп түсе бастайтынына күмән жоқ. Жалпы, әдебиеттегі қала тақырыбы немесе қала тіршілігі қай кезде де болды. Қай заманда да ауылдағы оқырманды қалаға құмар еткен танымал туындылар көптеп оқылды. Қабдеш Жұмаділовтің «Көкейкесті», Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар», Дулат Исабековтің «Қарғын» романдары сол санаттан еді.

Әсіресе Қабдеш ағаның тарихи романдарынан бұрын жазылған «Көкейкестінің» жөні бөлек-ті. Бәрімізді ару Алматыға жетектеп әкелген шығарманың кейіпкері – сол Жәнібек болатын.

Қаламгер шетімізден сол кейіпкер арқылы бәрімізді қалаға ынтықтырды. Сол Жәнібекті такист досы Мәди Абылғазин арқылы алпысыншы жылдардағы қаланың көрікті жерлерін сипаттайтын жерлері тіпті тартымды. Әйгілі «Тақиялы періште» фильміндегі Алматының әсем ғимараттарын ардақтау тәсілін еске салады десек, артық емес.

Қаламгердің міндеті – қаланы көзсіз жарнамалау емес, қалаға ұлттық сипат беру, жақсының бәрін ұлттың қалалық ұрпағының санасына сіңіру, сапалы ұлттың жайлы елді мекеннің бәріне қоныстануына жол ашу, ілгері ұмтылу, алға қарау, жоғарыға зер салу.

Классик жазушымыз Төлен Әбдік кеше ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Дүние де өзі, мал да өзі...» деген мақаласында: «Ұлттың дамуы үшін ең басты қажеттілік – ғылым мен технология.  Бұл – тек біздің емес, бүкіл әлем алдында тұрған басты мақсат. Біз сол ұлы көштен қалып қоймас үшін осы бағытпен дамуымыз керек», -деп атап көрсетті. Бұл түйінді тұжырым біздің де ұстанымымзбен үндес. Ғылым да, технология да, жасанды интеллекті де негізінен шаһар жағдайында өркен жаятыны белгілі. Ендеше, алтын бесігімізден алған тәрбиемізді мерейлі мекенге көркем сөз арқылы сіңіруге ден қойғанымыз жөн болар. Көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін рақмет! 

Алмас Мырзахмет, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кітап ісі басқармасының басшысы:

- «Қала хикаялары» байқауы өздеріңізге мәлім. 17 маусым күні алғашқы хабарландыру жарияланды. Қыркүйек айынан бастап өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Өтінім қабылдауды «Қала хикаялары» платформасы арқылы жүргізіп жатырмыз. Бұның өзіндік себептері бар. Келіп түскен шығарманы сарапшыларға оқуға берген кезде әрқайсының қолына жеткізу мәселесі көптеген кедергілерге әкеліп соғады. Сондықтан электронды нұсқаны да қабылдаймыз. Электронды нұсқаны қабылдау үшін міндетті түрде өзінің жеке электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы кіріп, өтінім беру керек. Яғни, 18 жастан асқандар ғана қатысады.

Автор өзінің электрондық қолтаңбасы арқылы шығарманың авторы екендігі туралы ресми түрде қол қойып, өтінім береді. Нәтижесінде түскен өтінімдер белгілі бір нөмірлермен таңбаланады.

Сараптама комиссиясы да өзінің ЭЦҚ кілті арқылы кіріп, нөмірмен белгіленген романдарды оқып, соның астына өзінің рецензияларын береді.

Қазіргі таңда біз екі жүзге тарта роман түседі деп жоспарлап отырмыз. Дәл қазіргі таңда өтінімдер саны аз болғанымен, әдеби байқауларда әдеттегідей соңғы ай қалғанда өтінімдер күрт көбейе бастайды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, авторлардың жиі қоятын сұрақтарына жауап бере кетейін, - дей отырып, мына мәліметтерді назарға ұсынды (ықшамдап берілді):

...Біріншіден, жеңімпаздардың саны төртеу болады. Бас Гран-при жүлде – 100 мың АҚШ доллары, бірінші орын – 70 мың, екінші орын – 50 мың, үшінші орын – 30 мың АҚШ доллары көлемінде белгіленген. Бұл, өздеріңіз білесіздер, әлемдегі әдеби сыйлықтардың ішіндегі қаржы көлемі жағынан екінші орында тұр.

...Тағы бір сұрақ: ережеде кітаптардың барлығы 15 мың данамен жарық көреді деген пункт бар. Бұл жерде барлық кітап топтастырылып шығарыла ма деген сұрақ қойылады. Жоқ. Қазіргі біздің жұмыс істеп жатқан бағытымыз бойынша әр жеңімпаздың романы жеке кітап болып шығады. Төрт кітап әрқайсысы 15 мың данамен басылады.

Бұл 15 мың дананы Қазақстандағы барлық кітапханалардың санымен байланысты алып отырмыз. Яғни тек көпшілікке қолжетімді кітапханаларға ғана емес, бүкіл мектеп кітапханаларына, университеттерге, арнайы кітапханаларға – кітапхана мәртебесіне ие барлық мекемелерге түсетін болады.

«10 авторлық парақ» дегеніміз не? 10 авторлық парақ – пробелімен қоса есептегенде шамамен 40 мың таңба. Бұл шамамен А4 форматында 160 беттен кем болмауы керек деген талапқа сәйкес келеді.

Сұрақтарыңыз болса, жауап беруге дайынбыз. «Қала хикаялары» байқауының сайтына кірсеңіздер, ережелердің барлығы егжей-тегжейлі жазылған. Баршаңызды белсене қатысуға шақырамын.

- Бұл байқауды тұрақты түрде өткізу жоспарда бар ма? – деген сұрақ берілді.

- Иә, міндетті түрде. Біз бұл байқауды бірнеше жылдық жоба ретінде қарастырып отырмыз. Жыл сайын өткізіледі. «Биыл роман жазуға уақыт аз болып қалады, осы уақытта роман жазылуы мүмкін бе?» деген сұрақтар да қойылады. Әрине, бұрыннан жазылып жатқан романдарды әрі қарай жалғастырып, аяқтауға мүмкіндік бар. Іс басталып кеткеннен кейін де алдағы жылдарда өзінің жалғасын тауып, нәтижелерін бере береді деп ойлаймыз.

Диқан Қамзабекұлы,  ғалым, жазушы, Құрылтай депутаты:

- Бүгінгі жиынымыздың мәні ерекше. Шынында да, осындай ортаға салатын тәжірибелі азаматтардың ой-пікірі бізге қашан да қажет. Бәріміз Астанаға, елорда деп келдік. Осында отырған азаматтармен, ғалымдармен, ақын-жазушылармен, журналистермен, басқа да саланың азаматтарымен елорданың мәртебесі де, сапасы да артты.

Тәуелсіздігіміздің біраз кезеңіне жеттік. Енді сапаланатын кезеңге келдік. Бүгінгі әңгіменің мәнісі де осы тұрғыда деп ойлаймын. Әйтпесе қала мен даланың мәселесі бұрыннан, бұдан ғасырдан астам уақыт бұрын көтерілген. Бұл проблема әрі қарай да жалғаса береді. Мәселе тек қаланы жазғаннан барлық дүние өзгеріп кетпейді немесе ауылды көтергеннен барлық дүние өзгермейді. Өз ұлтымыздың сапасын қазіргі заманмен бірге біраз дүниені түзеп алуымыз керек.

...Мен Астанаға ерте келген азаматтардың бірімін. 1996 жылы келдім. Сол кезде есімде: қаладағы қазақтардың саны шамамен 18 пайыз еді. Қазір сиволлды түрде айтайық, бұл сан теріс айналып түсті: 81 пайызға жетті. Бұл үлкен, жақсы жетістік. Бір кезде осы қаланың бір шетінде Торғайдан, жабылған өзге облыстардан көшіп келгендер шамасы келгенше өзіне үй салып жататын. Қазір солардың бәрінің орнына үлкен зәулім ғимараттар, үйлер пайда болды. Қала кеңіді. Қаланың кез келген бұрышына барасңыздар, басқа бір жаңа қала сияқты сезіледі.

...Жалпы, қала туралы түсінігімізді өзгертуіміз керек. Қала туралы архитекторларға айтуымыз керек. Біз құрылысшы, сәулетші емеспіз. Бірақ біраз нәрсе қате сияқты. Мысалы, бәріміз Мәңгілік ел даңғылына барып тіреліп қаламыз. Бұл қалай? Қала дамытушылар қаланың төрт-бес бағытта дамуы керек екенін айтады: мәдени, ғылыми және тағы басқа орталықтар болуы керек. Сол орталықтар қаланы әрі қарай дамытады, кеңітеді дейді.

Біздің тарихи жадымызда қала туралы түсінік 100-200 жылдай. Көп жағдайда Самарқан мен Бұқарадан басталады. Сол жаққа барсақ ағарамыз, діни көзіміз ашылады деді. Кейінгі қалаларымыз – орыс қалалары. 

Ал қала ұғымы қайдан шықты? Қазір кез келген іздеу жүйесін қарасаңыз, қаланы арабпен байланыстыратын пікірлер бар. Бірақ «қала» – өзіміздің түркі дүниесінің сөзі. Бір қызығы, мысалы, зерттеу тақырыбымен Омбы жағында көп болдық қой, ол жақта «қала, қала» дейді. Қала дегені – село. Орыста село мен деревняның айырмашылығы неде? Село болса, шіркеу болады, деревня болса, шіркеу болмайды. Сол сияқты біздің алпысыншы-жетпісінші жылдардағы ауылдарымызға ХІХ ғасырлық түсінікпен қарасаңыз – қала. Суы да келіп тұр, мәдениет үйі де, басқа жағдайлары да бар. Әжептәуір қалалық немесе кенттік деңгейдегі тұрғын аумақ, мекен. Сондықтан бұл түсініктер де еленуі керек деп ойлаймын.

Әрине, біз қаланы мәдениет пен білімнің орталығы деп түсінеміз. Бәріміз Алматыда оқыдық. Үлкен мәдениетті ауылға апару керек дедік. Бұл жұмыс әрі қарай жалғаса береді. Қазір, мысалы, біздің Астана – жеткен соңғы биігіміз емес. Әрі қарай да үлкен қалалар пайда болады. Еліміз өседі. Жиырма миллионмен қалып қоймаймыз ғой.

...Көркемөнерде қала – үлкен әлем мен жалғыз адамның арасындағы байланыс. Адам қалаға келеді. Үлкен әлемді танымайды. Сол үлкен әлемнің арасында оның байланысы қалай болады? Жолы, бағы ашыла ма? Бақтың қалай ашылатыны адамның өзіне, еңбегіне байланысты.

Сондықтан бұл мәселеде бірінші кезекте көркемөнер шарты болуы керек. Өнер қашан өнер болып қалады? Екінші жағынан, өмірдің шарты бар. Екеуінен туындайтын талғам, адамдардың түсінігі мен парасаты бар.

Қазір 70 пайыздық қала болды деп жатырмыз. Қарасаңыздар, қаладағы қазақ мектебінде оқитын бала сіздің жазғандарыңыздың көбісін түсінбеуі мүмкін. «Әтеш» деген не, «қошқар» деген не, төрт түлік малдың не екенін күнделікті көріп отырған жоқ. Сондықтан ол түсінбейді. Оны түсіндіру үшін тағы да бір аудармашы керек. Дұрыс мұғалім, аудармашы болса жақсы, ол да шала болуы мүмкін. Осының бәрі қаланы сапаландыру мәселесіне байланысты.

Сіздер үлкен романдар, үлкен поэмалар жазып жатырсыздар. Оның бәрінде де білім саласы мен мәдениет саласының бірлігі керек. Біз кейбір ұғымдарды «ұлтты бөледі» деген түсініктің ар жағында қарастыруымыз керек. Мысалы, «шала қазақ». «Шала қазақ» – негізі позитивті ұғым. ХХ ғасырдың басында қазақ болуға тырысқан татарларды «шала қазақ» деген және жаман мағынада айтпаған. Ол татар азаматтарымыздың өзі: «Мен шала қазақпын», - деп айтқан. Жиіркеніп, қорланып айтпаған. Кәдімгідей шынайы айтқан. Міне, біз осындай мәселелерде, ұлтты бөлу деген нәрседе тарихи тамырларымызға да баруымыз керек деп ойлаймын.

Қала неден басталады? Қаланың ортасында өлім мен өмір қатар жүреді. Кенесары сарбаздарының бейіті тұр. Жақында жаңа қаладағы Төле би көшесінің бойында ескі бірнеше бейіт тұр. Олар да – біздің тарихымыз. Бір кезде даланың тарихы болса, қазір ол қаланың ішінде тұр. Енді – қаланың тарихы.

Жалпы, мәдениет деген ұғым өте кең. Біздің той-томалағымыз қалай өтіп жатыр? Ағыл-тегіл дүние, бәрімізді шаршатады. Президент той мәселесін Сенаттың төрағасы кезінде-ақ : «Осыны жүйелеуді бастайық», - деп осы той мәселесін көтерген. Осындай дүниелердің барлығында да қоғам болып ойлануымыз керек. Бізде көп мәселелер бар, көп тақырыптар бар. 

Бүгінде әрқайсымыздың атқарар жұмысымыз бар. Қатарлас, достармен, буынмен көтеретін мәселелер бар. Осының бәрі реттелер деп ойлаймын. Кітапханаларды қамқорлыққа алу, мектептерге барып, ағартушылық, халықшылдық бізге қажет.

Қала дегенді мен сапаландыру тұрғысынан түсінемін. Бүгінгі өнер адамынан «сен мынаны, қаланы жаз» деп отырғызып қоя алмайсың ғой. Ауыл туралы жазып келген адам қаланы жазуы мүмкін, қала туралы жазып келген адам ауылды жазуы мүмкін. Бұл – өмірдің өзі, көркемдік шарт, адамның фантазиясы, білімі, білігі және бейне жасаудағы шеберлігі.

Біздің ең үлкен мақсатымыз – жақсы адам туралы жазу. Жақсы адам дегеніміз – бүкіл қаланың халқы жетпіс пайыз десек, соның бәрі жақсы адам болуы, мәдениетті адам болуы, елге жауапты адам болуы керек. Міне, осы қарапайым нәрсеге жетсек, біздің зиялылық арман-мақсатымыздың орындалғаны деп есептеймін. Рақмет!

Мәди Айымбетов, жазушы, журналист 

- ...«Урбанизация дәуіріндегі әдебиет» деген тақырыптың өзі үлкен конференцияның тақырыбы сияқты. Осыны «Урбанизация дәуіріндегі қазақ әдебиеті» деп алсақ та, біраз мәселенің басын қайыруға болады.

Жетпісінші жылдары қазақ әдебиетіне «Қарғын» романмен Дулат Исабеков «Көк мұнарымен» Мұхтар Мағауиндер келді. Біз сол кездің студенттері оларды қолдан-қолға түсірмей оқыдық. 

Қала мен ауыл деген мәселені шартты түрде қарастыруымыз керек. Президентіміздің әр кезеңде, әр түрлі жағдайда айтып жүрген пікірлері үлкен концептуалды тұжырымға құрылған. Оны «ауылды қоя тұрып, енді тек қала туралы жаз» деген талап деп түсінбеу керек.

Бұл – жалпы әдеби образ, адамның әдеби болмысы, бейнесі жаңа уақыттың тынысы аясында көрінуі керек, қаламгерлер осыны ойлануы деген тұрғыда айтылған деп түсінемін.

Бәріміз ауылдан шықтық. Қазіргі қазақ әдебиетін жасап жүрген романистер мен жазушылардың көбі ауылдан шыққан. Біздің кейіпкерлеріміз де ауылдан шықты. Бірақ сол ауылдың аясында қалып қойған жоқпыз. Үлкен өмірлік мәселе, адам бойындағы өмірлік таным, өмірлік өлшемдер негізінде образ жасадық. Сондықтан бұл тек ауыл тіршілігінің аясында қалып қойды деген түсінік емес. Ауыл мен қаланы бөліп-жарып қарау дұрыс емес деп ойлаймын.

Қазіргі қала өмірі туралы сөз болғанда, ХХІ ғасырдың алғашқы отыз жылында біз көп өзгерістерге ұшырадық. Жаңа технология, инновация, жасанды интеллект деген ұғымдар пайда болды. «Жасанды интеллект» деген сөздің өзі маған ұнамайды. Интеллект болады, оны қалай жасанды дейміз? Мұның қазақша аудармасын, баламасын іздеу керек. Осы жасанды интеллект дәуірінде біз адам бейнесін қалай көреміз? Өз кейіпкерлерімізді қалай көрсетеміз? Оларды өмірге қалай бейімдейміз? Осыны халыққа жеткізу керек.

Урбанизация – ежелден келе жатқан құбылыс. Еуропалық әдебиеттегі Бальзактың, Гюгоның басқа да жазушылардың шығармаларында Париж, Рим сияқты қалаларда өмір сүрген кейіпкерлер арқылы үлкен көркем әлем жасалды. Бізде де осыны айтуға болады.

Мураками деген жапон жазушысының төрт кітабын оқыдым. Бірақ маған Муракамиге қара­ғанда Кобо Абэ мен Кавабатаның нағыз шығыстық өмірді жазған, шығыстық кейіпкерлерді әдебиетке әкелген шағын дүниелері әлдеқайда жақын секілді болды. Урбанизацияны тек қаланың мәдениеті, тарихы, әлеуметтік ортасы ретінде қарастырып, кейіпкерлерімізді соған ғана бейімдеу дұрыс емес. «Қала хикаялары» деген атаумен байқау жариялау соның бір жаңа өрісін ашу тұрғысынан жасап жатқан қадам деп білемін. Бұл, әрине, жақсы. Алайда соған икемдейміз деп, әсіресе жас қаламгерлер модерндік, авангардтық салқынға, соның лебіне ұрынып қалмауын да ескеруіміз қажет. Бұларда ең басты нәрсе – адам. Қалалық болсын, ауылдық болсын, сол тұрғысынан ойлану керек сияқты.Ең басты нәрсе – адам.

Бұл шағын конференцияның аясында урбанизация мәселесін әдебиетте толық шешіп тастаймыз деп ойламауымыз керек. Бірақ бұл – жақсы бастама.

Жазайық, ойланайық, пікірлесейік. Кітапқа байланысты Мемлекет басшысының пікірлері де өте дұрыс. Ұлттық кітап оқу мәселесін қозғағанда, біз өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарындағы кітап оқитын ортаны еске аламыз. Ол кезде көп оқыдық. ...Басты мақсат – кітап оқитын ұлт қалыптастыру. 

Роза Мұқанова, драматург-жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:

- Меніңше, қазіргі әдебиетіміз өрлеу дәуіріне бет алды деп ойлаймын. Себебі бұрын тазалықтың бәрі ауылда сияқты болатын: табиғат та, су да, адам да – күллі тазалық ауылда деген түсінік бар еді.

Енді қазір көзқарас, таным мен талғам өзгерді. Меніңше, қазақ қаламгерлерінің алдында үлкен жауапкершілік пайда болды.

...Қала мәдениетін, қала тіршілігін жазу үшін, қаланың кейіпкерін, қала тұрғындары түсінетін тілді көрсету үшін бүгінгі қаламгерге дайындық керек сияқты. Бұл – оңай тақырыптар емес.

Бұрын өндіріс орындарына арнайы жазушыларды, ақындарды жіберетін. Елді мекендерге барып, көптеген шығармалар жазылғанын білеміз. Мәди ағаның бір сөзі ұнады: Осыны бір науқанға айналдырып жібермеу керек.

Роман осы тақырыпқа жазылсын, осы тақырыпқа шығарма келсін деп ақша үлестіре беру – дұрыс емес. Шын әдебиет, шынайы көркем роман керек. Оқырман оқитын, қолдан-қолға өтетін, қызығатын, әрі кейін фильмге түсірілетін, театрға қойылатын деңгейдегі, шын кәсіби жазушының қолынан шыққан шығарма болуы керек.

Оны жас жазушы жаза ма, жасамыс жазушы жаза ма – мәселе онда емес. Президенттің айтып отырған тапсырмасына сай, шын мәніндегі көркем шығарма келуі керек сияқты. Біз көп жағдайда көңіліміз соққан дүниелердің бәріне қаражат үлестіре салғымыз келеді. Ондай қаражат елде шексіз емес.

Ал осындай қаражат, үлкен көмек, қолдау көрсетіліп жатқанда, қаламгерлер соған лайық болуға тырысуымыз керек. Бұған лайық шығарма жасайық.

Тағы бір мәселе – қаламгер көбейіп, оқырман азайып кетті деген жағдай. Шынында да, сондай жағдайда тұрмыз. Сондықтан жақсы дүниелер келсе екен деп ойлаймын. Алмас айтып отыр: бұл бір реттік дүние емес, бірнеше жыл жалғасады екен. Бұл – жазушыларға жазуға үлкен мүмкіндік. Сол үшін Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін.

Оңайгүл Тұржан ақын, ғалым:

- Мемлекет басшысының «Ұлт кітап оқитын ұлт» жобасы, содан кейін қала мәдениетін қалыптастыруға арналған әдебиетті өмірге әкелу – екеуі бір-бірімен сабақтасып жатқан үлкен концепция деп есептеймін.

Классикалық урбанизацияда қалаға ауылдан көшу мәселесі болса, қазіргі кезеңде, меніңше, цифрлы урбанизация басталып жатыр. Қаланың өзінде тек қана қалалық болу ғана емес, цифрлы әлемге қалай кіргемін деген мәселе өзекті болып кетті. Бұл оқу орындарында да солай.

Жақсы, біз қала мәдениеті туралы жаздық дейік. Бірақ біздің кейіпкеріміз қандай болады? Біз ауылдағы кейіпкерді жазудың шеберіміз. Оны жақсы білеміз. Бірақ қазіргі цифрлық дәуірдегі қаланың кейіпкерін қалай көрсетеміз?

Менің ойымша, бұл кейіпкердің түп-төркінінде бәрібір біздің ауылдық менталитетіміз көрінеді. Оның ішінде «ел не дейді?» концепциясы, «обал болады» концепциясы бәрібір сақталуы мүмкін. Бұл қалалық мәдениет туралы әдебиеттің өзегі болуы керек шығар. Өтйкені, бәрібір ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылықты аспан мен жердей қылып бөліп ала алмаймыз. Бұл үдеріс әрі қарай жалғасады.

Қала мәдениетін қалыптастыру, соны әдебиетте көрсету деген – меніңше, шығармадағы кейіпкердің санасында екі түрлі код болады: бірі – ауылдың, екіншісі – қаланың әлеуметтік ортасы. Бұған үшінші бағыт – цифрлы дәуір қосылады.

Сондықтан біз тек биік үйлерді, қаланың көшелерін, қаланың тұрмысын ғана емес, цифрлы кезеңдегі кейіпкердің қандай екенін де көрсетуіміз керек. Біз Кеңес Одағы кезінде де, одан кейінгі кезеңдерде де негізінен әлем әдебиетінің оқырманы болдық. Бірақ біз әлемге өзімізді оқыта алған жоқпыз. Әлі де солаймыз.

Мемлекет басшысының қала мәдениетіне арналған әдебиетті өмірге келтіру туралы айтып отырғанында осы арқылы ең болмағанда қазіргі цифрлы дәуірдегі оқырманға өзімізді жеткізейікші деген үлкен стратегия жатыр деп ойлаймын. Сондықтан әдебиеттің өркендеуіне ауыл, қала және цифрлы дәуір арасындағы сабақтастық міндетті түрде жалғасуы керек.

Тек ауылды, қаланы айттық, жақсы. Ал әлем қазір қайда кетіп бара жатыр? Әлем қазір цифрлы әдебиетті оқып жатыр. Біз бұл кезеңге үндемей қала алмаймыз. Сондықтан жаңа әдебиеттің жаңа тұрпатында цифрлы кейіпкерлер де жүруі керек. Қазіргі оқырманды, әсіресе жастарды қызықтыруымыз үшін бұл маңызды. Бірақ олар бәрібір ұлттық менталитеттен алыстамайтын жаңа дәуірдің кейіпкерлері болуы керек. Бүгінгі жиынның өткізіліп отырғаны өте өзекті.

Тағы бір таңғалдыратыны – байқауға негізінен орыс тілді қаламгерлердің қатысып жатқаны. Бұл бізді ойландыруы керек. Өйткені бұл жерде тағы бір мәселе – шала қазақ мәселесі бар. Шала қазақтың қазіргі қазақтан айырмашылығы жоқ деген мәселе емес. Ол жерде айтуға болмай    тын тағы бір мәселелер бар. Сондықтан қазақ қаламгерлері мұны ескеруі керек деп ойлаймын. 

Ұлттың қалалық ұрпағы деген ұғым – үлкен мәселе. Біз сол ұрпаққа қарап сөйлеуіміз керек. Болашақты ойлағанда балаларға қараймыз ғой. Қазіргі балалардың қалауы қандай? Олар нені көргісі келеді? Олар визуалды қоғамда өмір сүріп жатыр. Демек, біздің жазған кейіпкерлеріміз драмаға шығарылатындай, кинода көрсетілетіндей, цифрлық әлемде, мультфильмде бейнеленетіндей, көп сөзділік емес, нақты нәрсені көрсететін әдебиеттер өмірге келсе деп ойлаймын.

Қуаныш Жиенбай, жазушы:

- Зерттеушілер бүгінгі урбанизация тақырыбының басында Бальзак пен Диккенстің тұрғандығын айтады. Екеуінің де кейіпкерлері Париж бен Лондонды армандап өткен адамдар. Осы тақырыпта жазатын адамдардың шығармашылығын үш түрге бөледі екен. Олар: қалаға тамсану, қалаға бейімделу және қаладан түңілу. Осы үшеуі де біздің әдебиетімізде бар. Кешегі Кафка мен Камьюдің шығармаларындағы қаладан түңілу, жалғызбастылық – осының бәрі біздің айтып отырған мәселемізге келетін сияқты. Бұл ағысты ешкім тоқтата алмайды. Бұл – әбден шегіне жеткен тақырып. Адамның ең тағдырлы, ең ауыратын тақырыбы – өзінің болашағы, баласы. Ауылда қазір білім сапасы мен қаладағы білім сапасының арасындағы алшақтықты жояйық деп айтып жатырмыз. Бірақ бұл әзірге оңай орындала қоятын арман емес сияқты.

Өйткені қазір ауылдағы мектептерде интернет, техника, зертханалық мүмкіндік қала мектептерімен салыстыруға келмейді. Қала мектептерінде білім алған балалардың халықаралық және республикалық олимпиадаларда жетістіктері көп. Ауылды ұстап тұрған не? Ауылды ұстап тұрған – мектеп. Мектеп кетсе, ауыл құриды.

Бір мысал айтайын. Менің туған ауылым Көлбөген деген жер, теңіздің жағалауында бұрын мемлекетке қырық-елу тонна балық өткізіп тұрған ауыл еді. Қазір ауыл жоқ.

...Үкімет бұдан бірнеше жыл бұрын болашағы жоқ ауылдарды оңтайландыру туралы қаулы шығарды. Оның белгілі бір игілігін көрген адамдар да бар шығар. Бірақ ауылдардың жойылып бара жатқаны – жанға бататын мәселе.

... Солтүстік Қазақстанда Преснов деген аудан бар, қазіргі Жамбыл ауданы. Сол жерде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов сияқты үлкен азаматтар өмірге келген. Ербол Шәймерденов деген азамат елге ертіп барған еді. Сәбит Мұқановтың ауылында сегіз үй ғана қалған екен. Ғабит Мүсіреповтің ауылы да құрып бара жатқан жағдайға жеткен. Ол жерде үш қабатты мектеп салынған. Бірақ бір сыныпта алты-жеті-сегіз ғана бала бар. Сол табиғаты керемет жерде халық азайып барады.

Сондықтан қалаға көшу мәселесімен бірге ауылдың тағдырын да қатар ойлауымыз керек. Қала мәдениеті, қалаға көшу – мәселенің бір жағы ғана. Бірақ ауылды да ұмытпауымыз керек. Екі мәселенің екі ұшын бірдей ұстап, қатар алып жүрсек, ұтылмаймыз деп ойлаймын.

Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы:

- Президентіміздің қала тақырыбына байланысты осындай үлкен ұсыныс айтуын қуана қабылдадым. Бұл тақырып мені бұрыннан мазалайтын. Осыдан жиырма жыл бұрын Әмірхан Балқыбек деген досым екеуіміз әдебиет туралы көп әңгімелесетінбіз. Әмірхан бізге қарағанда анағұрлым сергек қарайтын, өте көп оқитын. Әмірхан марқұм: «Қазақ әдебиетін қазір оқи алмаймын. Қай шығармасын оқысаң да, баяғы ауылдың өмірі, ауылдың тіршілігі. Қазақ қалаға келгеніне қанша болды? Неге қала туралы мықты романдар жоқ? Бальзактің, Диккенстің романдары сияқты шығармалар неге жоқ? Немесе біздің ақындарымыздың бәрі бір тақырыпты жаза береді: ауылдағы махаббат, ауылға деген сағыныш, ауылдың табиғаты. «Неге осы ақындар қаладағы махаббат туралы, қаланың көрінісі, қаладағы дүниелер туралы үлкен-үлкен өлеңдер немесе дастандар жазбайды?» - дейтін.

Президенттің бұл сөзін науқаншылдыққа айналдырудың қажеті жоқ. Әдебиетті құртатын нәрсе – науқаншылдық. Ауыл тақырыбына жазылған дүниелер әлі де жазыла береді. Қала тақырыбына жазылған дүниелер де жазыла береді. Бірақ қалай болған күнде де біздің қалаға келгенімізге көп болды. Біздің ақындардың бәрі ауылды қайта-қайта жырлайды. Бірақ солардың біреуі барып, неге қалада тұрғысы келмейді деп таңғаламын. Бәрі қалада тұрады ғой.

Мысалы, ауыл туралы көптеген шығармалар бар. Астана туралы неге роман жоқ? Әлем әдебиетінде Джеймс Джойстың «Дублиндіктер» деген әңгімелер жинағы бар. Джойс тек Дублин қаласын жазумен өткен жазушы. Бірақ Джойстың арқасында қазір Дублинді бүкіл әлем таниды. Әлемнің жазушылары Дублинге барып, оның шығармашылығымен байланысты орындарды көреді. Бізде де қала тақырыбына мықты шығармалар керек.

Әрине, Дүкенбай ағамыз жазды. Бірақ бір романның өзі жеткіліксіз. Егер осындай мықты қала тақырыбына бетбұрыс болса, үлкен дүниелер дүниеге келеді деп ойлаймын. 

Серік Негимов, филолог ғалым:

- «Ы.Алтынсарин кезінде: «Қазақты кітап оқитын ұлт дәрежесіне жеткізсем», - деп айтқан екен. ...Баубек Бұлқышев «Алматы» деген романын толық жазып бітіре алмай қалды ғой. Баубек Бұлқышевтің қандай жазушы екенін білесіздер. Қала әдебиеті, ауыл әдебиеті деген мәселе туралы көп нәрсе жақсы айтылды. Меніңше, қаладағы интеллигенцияның өмірі туралы жазу керек. Бір кейіпкердің аузымен көп нәрсені жазуға болады. Интеллигенцияның өмірі арқылы заман қандай, қоғам қандай, адам қандай деген мәселелерді көрсетуге болады.

Қазір кейбір адамдардың бойында қулық та, сұмдық та, ақыл да, шеберлік те қатар кездеседі. Осындай адамдарды әдеби кейіпкер ретінде зерттеу керек.

Мысалы, Дихан Қамзабекұлы 1996 жылы осы қалаға келген. Қаланың жағдайын жақсы біледі. «Жұрт» деген туынды жазды. 

Жазушы деген – тамыршы болу ғой. ...Егер интеллигенцияның өмірін жазатын болса, интеллигенцияның қоғам, заман, тәуелсіздік туралы ойларын көрсетуге болады. ...Кенесары туралы да қазіргі заман тұрғысынан айтуға болады. Астананың тарихы біздің көз алдымызда өсіп жатыр. Интеллигенцияның өмірі арқылы, мысалы, ғылыми интеллигенцияның тағдыры арқылы қоғамның өзгерісін көрсетуге болады.

Жазушы қаланың өмірін көруі керек. Мопассан әлі жазушы болмаған кезде Флоберге келеді. «Жазушылықпен айналысайын деп едім», - дейді. Сонда Флобер оған Париждің бірнеше кварталын аралап, сол бойынша жазуды ұсынады. Бұл алғашында ештеңе көрмейді. Ақыры алты-жеті айдан соң бір әңгіме жазып келеді. Сол кезде әлгі туындысын ұнатып мақтайды. Яғни жазушы өмірді бақылауы керек. Қаланың өмірі деген – осы.

... Жазушыларға тілейтінім – жақсы қалалық романдар жасайық. Қала өмірі бай. Қалада жүздеген, мыңдаған тағдыр бар. Баубек Бұлқышевтың арманын орындайық.

Сұраған Рахметұлы, ақын:

- ...Бүгін ауылдан бастау алған біздің өркениетіміз қалаға қарай ауысып жатыр. Мұны қалай да түсіну керек. Қазір Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі артып келеді. Осындай экономикалық кезеңде руханиятқа көңіл бөлуіміз өте маңызды. Ауыл – тамыр, қала – түйін.

Қаладағы түйінді шешу үшін ауылдағы ақындар мен жазушылар қалаға келеді, қала туралы жазады, оны айналымға енгізеді. Ол түсінікті. Біз осы мәселеге қай қырынан келуіміз керек дегенді екшеуіміз керек.

...Жұмыстарыңызға үлкен табыс тілеймін. Рақмет!

Қалқаман Сарин, ақын, ҚР Вице-президентінің жауапты қызметкері:

- Бүгінгі басқосуда көптеген тамаша пікірлер айтылды. Менің ойымша, әдебиетіміздің, ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына енген ауыл туралы, ел мен жер туралы ғажап дүниелеріміз бар. Оның бәрін ешкім тарихи құндылығын, рухани маңызын ешкім жоққа шығара алмайды.

Және сол сияқты, бұған дейін де қала туралы дүниелер жазылмады деген сөз емес. Оған осында сөйлеген қаламгерлеріміз ондаған-жүздеген мысалдар келтіріп отыр. «Бұл кім үшін маңызды? Бұдан кім не ұтады?» - деген сұрақ туады. Бұдан ең бірінші ұтатын – әдебиеттің өзі деп ойлаймын. Жастардың бел шешіп, белсене кірісетін сәті осы болса керек. Өйткені біз қаласақ та, қаламасақ та, қалаға әбден бейімделіп, қалаға бірден көшіп келген жоқпыз ғой. Бұл үдеріс жылдар, ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан қазіргі қала біздің жаңа болмысымыздың қалыптасуына қызмет етіп келе жатқан бір кеңістік, мекен деп айтсақ толық негіз бар шығар. Сондықтан бұл қаладағы бүгінгі жастардың, бүгінгі адамдардың махаббаты, сезімі, жалғыздығы, қуанышы, қайғысы, бір сөзбен айтқанда адам тағдыры, әлеуметтік қайшылықтар – осының барлығы бүгінгі әдебиеттен көрініс табуы керек деп ойлаймыз. Осы төңіректе жақсы-жақсы ойлар, көкейдегі сөздердің барылғы айтылды. Бұл ой-пікірлерді осы орта талқыламағанда, қайда талқылайды? Мемлекет басшысының: «Қаланың рухани, өркениетті өмірін дәріптеуіміз керек», - деген сөзінде жазушыларға, қаламгер қауымға артылатын үлкен жауапкершілік жатыр деп білеміз. Сондықтан барлық айтылған дүниелердің жемісін, жеңісін көретін уақыт алда деп ойлаймын. Сондықтан сөзімнің соңында уақыт бөліп бүгінгі жиынға келгендеріңіз үшін барлықтарыңызға рақмет айтамын! Баршаңызға рақмет! 
Фотосуреттерді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз қызметі ұсынды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan