Басқаның қажеті шамалы...
Көздерінде күміс түстес шық тұнып,
Нәзік назын қылығымен ұқтырып;
Көктем болып күлімдейтін кіршіксіз,
Ол да мендей ақын еді тұп-тұнық.
Ақ бұлттардан өлең жасап алатын,
Жұлдыздармен жаны егіз болатын.
Ақ періште сияқты еді көктегі,
Мұңаятын, жер таба алмай қонатын.
Күлімдейтін Күн елінен келгендей,
Күнікейдің өзі сәлем бергендей.
Періштені жырлағанмен мен құсап,
Перілерге жақын емес ол мендей.
Шағалалар қанаттарын қаққанда,
Бақыт жайлы ән салатын бақтарда.
Жауап жазып отыратын өлеңмен,
Тағдырынан келіп жеткен хаттарға.
Кербез ғана керілетін кер маралдай,
Сияқты еді ашылмаған аралдай.
Арзу айтты ол ақ гүлдерге бір күні,
Жер бетінен сүйетін жан таба алмай.
Жауқазын боп жерде өмір сүрмейтін,
Аспан жақта,
Тек аспанда гүлдейтін.
Кей түндері өлең оқып бергенмен,
Менің де ақын екенімді білмейтін...
ЕҢЛІКТІҢ ӘНІ
«Аужар айтам, жан қалқа бүгін анық,
Таңға асатын торыны мініп алып.
Ақ жүзіңнің сәулесін ән етуге,
Ауылыңды бетке алам құбыла ғып...»
Бұл әуен секілді бір халық әні,
Ешкім оны көрген жоқ танып әлі.
Еңлік қыз салады осы әуенге,
Әйтеуір, ол біреуді сағынады.
Бұл жырдың жөні де бар жазылатын,
Сол ақын қыз көзінен наз ұғатын.
Ырғағына өлеңнің дала билеп,
Елтитін осы әуеннің сазына түн.
Бар ауылды аралап жыр кетеді,
Тыңдағанның көкейін гүлдетеді.
Сол әнге Еңлік қыз салады ылғи,
Жер сызып кестеленген бүрме етегі.
- Ашылмай келе жатқан шындығы әлі,
Ойпыр-ай, бұл соншама кімнің әні... –
Ешкімге жауап қатпай, сол Еңлік
Сүйетін ақын дейтін сұңғыланы.
Тұрған сәт дүниенің басы гүлдеп,
Өмірлік өлеңім бол, ғашығым,-деп-
Шолпан жұлдыз туғанда ақын жігіт,
Қызбенен серт байласты жасырын кеп.
Болар ма тап осындай жігітте епті,
Куә етіп айдын көл мен тұнық көкті;
Таң ата ақсұңқардың асылындай,
Еңлікті өзімен іліп кетті.
Қош айтысып ауылы еркесімен,
Қайырылды сұлу ән келтесінен.
Өзі әнге сап айтатын әлгі өлеңі,
Ертесіне шығыпты сөмкесінен.
Кеу-кеулесіп айтысып болған істі,
Бүкіл ауыл бас шайқап, таңданысты.
Анасы үнсіз жылап, ал әкесі-
Қызына отыр тілегін арнап ішкі.
-Жігіт емес жаны жат, заты бөтен,
Оқыдым қызға жазған хатын, әкем.
Күйеудің кеудесінде құдірет бар,
Бұл өзі кәдімгідей ақын екен!-
Әкесі сірә бұған тамсанады,
Тербетеді даланы таң самалы.
Ауылы әбігерге түсіп жатыр.
...Еңлік қыз жат жерде ән салады.
Басқа салды, салғасын, көнді бәрі,
Қыз кеткенде сыналар елдің ары.
...Бұл ауылдың қыздары Еңліктей,
Ән салмайды сызылып ендігәрі.
* * *
Ойым бүрлеп, сәуле түсіп санаға,
Ақын болып кетем ертең қалаға.
Қош айтыстым жазығыма жусанды,
Ұзақ қарап сағымданған далаға.
Көңіліме тұрғаннан соң дем беріп,
Кер даланы қия алмаймын сенделіп.
Кетем бірақ,
Сосын ақын боламын,
Өмірімді бақ пен сорға тең бөліп.
Ши түбінен қол бұлғайды шат күнім,
Балауса күн,
Таңдай тескен тәтті ұғым.
Кетерімде тарап едім кекілін,
Көз алдымда мұңайғаны ақ құлын.
Перзентіне иігендей жер төсі,
Мейірленді бүкіл ауыл өлкесі.
Алатаудай арманымды арқалап,
Қала жаққа шығып кеттім ертесі.
Тоқтамаймын таңға асатын торыдай,
Таусылмайды ұшығы жоқ жол ұдай.
Көзім алды тұманданып барады,
Қарашы,
Ақын болам деген сорым-ай.
Көңіл шіркін ақ құлындай жетім-ді,
Түсіме енді...
Мені іздейтін секілді.
Қимастықпен елжірейді алыстан...
...Құла тай боп кекілді.
ЖАС АҚЫННЫҢ КӨҢІЛІ
Ұлы боп күн кешкім келеді,
Мына әлем сыйдырмай қоймаса;
Жазылып ғасырдың өлеңі,
Адамзат сол жайлы ойласа;
Ұлы боп күн кешкім келеді,
Әйтпесе бұл әлем алдайды.
Бар оның өзіндік себебі,
Бірақ та айтуға болмайды.
Тентіреу...
Содан соң тас қала,
Табанды тоздырған көшелер.
Ұлылық соңында жас бала,
Уақытпен өлеңін еселер.
Ұлы боп күн кешкім келеді,
Жүк болмай өлеңнің обалы.
Жазылса ғасырдың өлеңі,
Басқаның қажеті шамалы...
* * *
Ару кетіп бара жатыр көшеде...
Жазық маңдай әсте күнге тимеген,
Ақ тамағын адам келіп сүймеген.
Көкірегінде кереметі жұпарлы,
Қос бұрымы арқасында билеген.
Талайына берген сынды Тәңір бақ,
Піскен жемістей мықыны мамырлап.
Әміршінің ақ Бикесі сияқты,
Бірақ оны кім бар көрген тамырлап.
Кейіпкері ертедегі ертектің,
Мен сорлы оған жанаса алмай жер тептім.
Туабітті пәктігін айт, пәктігін,
Қос тізесін қалтыратқан еркектің.
Жанарында ақтымық көл тұнады,
Секілді бір он саусағы қыналы.
Шолақ көйлек киіп алған үстіне,
Етегіне жабыстырып күнәні.
Ару кетіп бара жатыр көшеде...
АҚЫН
Көз тоқтатып қарашы;
Мүлгіді әлем нілдей қара наласы.
Қалған еді Ай астында күбірлеп,
Әлі өлең оқып отыр шамасы.
Солай қарай қадам басып келемін,
Оқып отыр өмір жайлы өлеңін.
Кенет...
Кенет қас қылғандай мұңайды,
Бірақ оның түсінбедім себебін.
Сүркей күзден қалмаған соң мағына,
Жапыраққа жыр оқыды тағы да.
Мынадан соң тұрып қалдым үндемей,
...Туған екем қара өлеңнің сорына.
Ол қалғанда күбірлеп,
Әлем жатты тынысынан дірілдеп.
Сәлден кейін бозамық таң бозарды,
Сосын күзгі жаңбыр жауды сібірлеп.
Ұлы ойларын жария етпей кісіге,
Араласпай Адамзаттың ісіне;
Содан...
Содан жазып бітті бір өлең,
Бірақ өзі еніп кетті ішіне.
* * *
Аумай қалған ақсұңқар баласынан,
Айналайын көзіңнің қарасынан.
Жанымның дұғасындай болып кеткен,
Көңілді елжіретіп саласың ән.
Әуенің маған таныс секілді еді,
Саған мәлім ақынның өкінгені.
Пәктігіңді айғақтар күлгеніңде,
Сүт шұңқырың ойылып бетіңдегі.
Құстар ұшып келгенде күміс қанат,
Босағаңа кеп тұрмын гүл ұстап ап.
Өтінемін, ән салшы ең соңғы рет,
Табайын мен де сосын тыныш тағат.
Сурет proza.ru сайтынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.