Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ықылас Шалғынбай. Бекет (пьеса)...

09.11.2015 4823

Ықылас Шалғынбай. Бекет (пьеса)

Ықылас Шалғынбай. Бекет (пьеса) - adebiportal.kz

«БЕКЕТ» – МӘТІННІҢ ЖАҢАРУЫ

 

Жуырда қолымызға жас ақын, драматург Ықылас Шалғынбайдың «Бекет» атты пьесасы тиді. Бізге пьеса мәтін жаңарту үрдісінің айқын көрінісі секілді сезілді. 

Бір қарағанда әйгілі драматург-жазушы, Нобель сыйлығының иегері С. Беккеттің сөйлемді ой ағымына ыңғай ықшамдап, мәнерлеп қолдануы еске түсетін пьесада Кеңестік сананың дерт-дербезі мен ұлттық рухани дағдарыстың кейіп-кеспірі абсурдтық астарлы иірімдермен өрнектеледі. Айтпақшы, пьесаның «Бекет» аталуы да тектен-тек емес…

Пьесада ауылдан қалаға шыққан екеудің Жаннатың (барлық бақыт пен қызықтың) мекені саналатын әлдебір шаһарға кетпек болып аялдамада автобус күткен аңтарылысты сәті әңгіме болады. Олар қанша күткенмен автобус келмейді, және ауылдарына қайтар жолды да таба алмай, аялдамадан ұзап кете алмаған күйі ұзақ сарылады. Аздан соң жолортадан тағы екі кейіпкер қосылады. Олар да әлдебір мекенді іздеушілер. Қаланы іздеп кеткендердің хабар-ошарсыз жоғалатыны екеуара диалогта белгілі болады. Пьесаның қысқаша мазмұны осылай.

Шығарма аялдамада отырған екеудің бір-бірінен сағаттың қанша болғандығын сұраумен басталады. Біреуі сағат он болды десе, екіншісінің сағаты алтыны көрсетіп тұр. Парадокс. Арада біраз мезет өткенде тағы да сағат сұрағанда әлі де уақыттың өзгермегені белгілі болады. Біз, тіпті, бүкіл әлем Уақыттың әрқилы кезеңінде өмір сүріп жатқаны анық. Десек те, бір ауылда өмір сүрген олар неге уақыттан адасып жүр?.. Қалаға барсағанда, нақты уақытты білеміз дейтіндері неліктен? Өтпейтін, орнына тас боп жабысып қалған мына мезеттер қашан қозғалады?.. Бұл сұрақтың жауабын табу әл-әзір қиын.

Шағын пьесаның өн-бойынан сіз бұрын біздің төл әдебиетімізде, әсіресе дрматургияда кездеспейтін толып жатқан жаңалықтарды байқайсыз.

Әуелі, мұнда дәстүрлі тіл қолдану атымен жоқ. Кейіпкерлер қарапайым тілде сөйлейді, пәлсапаға, ақыл айтуға, ділмәрсуға мүлдем иек артпайды.

Сондай-ақ, шығармада сөз болатын шағын әңгімелердің дені бүгінгі күннің беталысы, болмыс-бітімімен бір қарағанда үш қайнаса сорпасы қосылмайтындай көрінеді. Ал өзегіне зер салсаңыз, біз өткінші деп мән бермейтін қоғамдық құндылықтарды қайта саралауға шақырады. Әлдебір жақсы күнді күтетін біздің ұлттың болашақтан үміті әлі үзіле қойған жоқ, күні ертең қалаға (жақсы күнге) жетеміз. Ол күн, сірә, қандай күн? Белгісіз. Өзіміз қайда бара жатқанымызды, не үшін бара жатқанымызды білмейміз. Білмесек те, сол бір жақсы мекенді іздеуден жалықпаймыз. Бізден бұрынғылар да іздеген, тапқан-таппағаны белгісіз. Біз де іздейміз, біздің ұрпағымыз да іздейді… Шығарманың иіріміне сүңгіген сайын біздің бүгінгі күніміздің бағыт-бағдарсыз келбеті көз алдыңызға әлдебір елес әлемінде сомдалып, мақсатын жоғалтқан адамдар, аңырған сана-ой, қаңыраған сүлдер-бітім, табан тірер тиянағаы жоқ түсінік-аңыс біздік руханияттың көрінісі екеніне иланасың һәм иланғың келмесе де, «Шынымен де қайтар және барар жерін білмейтін біздің жүріс не?» деген сұрақты өзіңе-өзің кейіпкерлермен бірге қоя түсесің. “Біз енді не істесек болады?”. Бұл сұрақ қайталанған сайын әлдебір ауыр мұң еңсеңді езе түседі.

Бұл пьесаны хаос жайлаған ел туралы толғаныс деп атауға да болатын секілді. Біздің хаос – өзіміздің сыртқы әлеммен байланысымызда ғана емес, ішімізде басталған, Мұның емін табу үшін ең алдымен хаостың қашан басталғанын, қалай басталғанын білу ләзім. Әкелеріміз оқыған кітапты ұрпағы оқи алмайтын күн қашан басталып еді? Бәлкім, бүгінгі хаос сол шақтан басталса керек…

Пьесаны бір оқыған кезде елдегі ішкі урбанизацияны өзек еткен деп ойлайтыныңыз кәдік. Мұнда одан да өзекті сұрақ: «Адам өзін қалай дағдарысқа ұшыратады, оның жаны қалай адасады? Өзін қалай табады? Қайтсе бақытты бола алады?» деген толып жатқан мәңгілік сұрақтарға жауап іздейтіндей. Автор шығармаға араласпай, оны өз еркімен, кейіпкерлердің диалогтасу (сұхбаттасу) барысындағы боямасыз ақтарылыстарымен өзінің айтқысы келгенді меңзеп тұр. Ықылас Шалғынбайдың алғашқы пьесасынан бұдан өзге де толып жатқан өзекті ойды табуға болады. Оны оқырмандар еншісіне қалдырдық. Шығарманың қуаты – сан алуан идея туғыза алатындығында болса керек.

Мәтіннің жаңаруы – ойдың жаңаруы. Мәтіннің өз ырқын өзіне беру – жаңа әдебиеттің жемісі.

 

 


 

БЕКЕТ

(Екі бөлімді пьеса)


 

Қатысушылар:

Мұрагер

Елеусіз

Әмір

Асан

 

                                              Бірінші бөлім

 

Жол бойындағы жартылай қираған ескі аялдама. Аялдама қасында үйілген қоқыс. Отыз жастар шамасындағы, сұр түсті киім киген Мұрагер мен Елеусіз аялдаманың орындығында отыр.

Ұзақ үнсіздік.

Елеусіз: (Аялдаманы көзімен шолып) Аңырап тұр ғой. Жақын отыршы, қалшылдап  бара жатырмын.

Мұрагер: (Елеусізге қарай жылжып) Бір күні мынаны да құлатып тынады.

Елеусіз: Біз кетіп қалғанша қалқиып тұрса жақсы еді.

Мұрагер:  (Аялдаманың төбесіне қарап) Төбесі шұрқ-тесік, жаңбыр жауса мойныңнан су сорғалайды.

Елеусіз: (Мұрагердің бетіне қарап) Сағат қанша болды?

Мұрагер: (Сағатына қарап) Сағат он болды.

Елеусіз: (Сағатына қарап) Менің сағатым алты болыпты.

Мұрагер: Қалаға жетіп алсақ, уақыттың дәл қанша болғанын білер едік.

Елеусіз: (Мойнын созып жолға қарайды) Автобустың қарасы да көрінбейді.

Мұрагер: Мүмкін, автобус ауылға таяп қалған шығар.

Екеуі де орындарынан тұрып жолға шығады, жолдың екі басына кезек-кезек қарайды да, орындарына отырады.

Елеусіз: (Күрсініп) Біз осында отырғалы неше күн болғаны есімде қалмапты.

Мұрагер: Бес күн болған болуы керек.

Елеусіз: (Таңданып) Бес күн? Өмір бойы автобус күтіп келе жатқандаймын.

Мұрагер: Жаңа не туралы айтып жатыр едік.

Елеусіз: (Ойланып) Біз  дұрыстап шүйіркелесіп көрмедік қой, нені айтып отырсың?

Мұрагер: Жолға қарардың алдында бір нәрсе айттық қой.

Елеусіз: Автобустың шопыры туралы айтқанбыз..

Мұрагер: Иә, баяғыдан бері шопыр болып келе жатқан адам ғой, бұлай кешікпесе жарар еді.

Елеусіз: Шопырдің аты кім еді?

Мұрагер: (Ойланып) Аты… аты Сұлтан ғой.

Елеусіз: Қай Сұлтан, соқыр Сұлтан ба?

Мұрагер: (Таңданып) Ол соқыр ма еді? Қашаннан бері соқыр болып қалыпты?.

Елеусіз: Жұрт солай айтып жұр ғой. Көзі су қараңғы, қалай автобус жүргізіп жүргенін.

Мұрагер:  Мүмкін соқыр болса, соқыр шығар. Бірақ мен байқамаппын.

Елеусіз: Автобусқа қанша рет отырсам да, менде бетіне сәп салып қарамаппын.

Мұрагер: Ол туралы уайымдай берме.

Елеусіз: Мүмкін, ол көзі көрмегендіктен жолдан адасып кеткен шығар?

Мұрагер: Адаспайды, осы жалғыз жолдан басқа жол жоқ.

Елеусіз: Қала туралы әңгімеңнен жіберші тағы да, автобус келгенше мылжыңдаса тұралық.

Мұрагер: (Қуанып, орнынан атып тұрып) Ол жақта бәрі бар, егер қалаға жетіп алсақ, ақша, үй, жұмыс, машина, әйел….. қысқасы, рахатта өмір кешеміз.

Елеусіз: Сонда қалай рахат кешеміз? Рахат… рахат… рахат… қалай сонда?..

Мұрагер: Кәдімгідей… рахат… жайлы өмір… жәннат… жәннат сияқты өмірді айтамын.

Елеусіз: Онда  Қалада Құдайды көретін болдық қой.

Мұрагер: (Таңданып) Құдай? Ол жерде қандай Құдай, ол адамдар өмір сүретін жер шығар.

Елеусіз: Сен өзің жәннатқа бара жатырмыз демедің бе?

Мұрагер: Мен жәннатқа барамыз демедім, жәннат секілді қалаға барамыз дедім.

Елеусіз: Сонда сен ертеректе жәннатқа… жо… жоқ, қалаға барған болдың ғой?

Мұрагер:  Жоқ, қалаға барған емеспін.

Елеусіз: Қалаға бармасаң, қалада болмасаң, өтірікті қалай жасап отырсың?

Мұрагер: Кітапта солай жазылған.

Елеусіз: (Таңданып) Кітапта солай жазылған дейсің бе, ол қандай кітап сонда?

Мұрагер: Киелі кітап…….(Сумкасынан кітап алып шығады). Осы кітапта қала туралы, ондағы өмір, адамдар туралы, бақытты тіршілік туралы толық  жазылған екен..

Елеусіз: (Кітапті қолына алып, бетін ашып, аударып қарайды) Сойдақ-сойдақ  еткізіп қалай жазған мынаны? Мен мүлде тани алмадым.

Мұрагер: Мен де оқи алмадым.

Елеусіз: Сен мұны қайдан алған едің?

Мұрагер: Біздің әулеттің мұрасы. Бала кезімде атам осы кітапты күн-түн демей оқып жатушы еді, содан есімде қалғандарын саған айттым.

Елеусіз:  Кітаптағы жазылған қала – біз бара жатқан қала болса жақсы, басқа қала болып шықса, тентіреп кетерміз.

Мұрагер: Осы қала болуы мүмкін.

Елеусіз: Жер бетінде қанша қала бар екенін біз білмейміз ғой, мүмкін, мың, жоқ, миллион қала бар шығар?

Мұргер: (Ойланып) Қаланың аты да есімде қалмапты.  Басы Ж-дан басталушы ма еді,  анық есімде жоқ.

Елеусіз: Аты кітапта жазылған шығар?

Мұрагер: Әрине, жазылған, бірақ бізге басқа кітап оқытты ғой.

Елеусіз: Егер қалаға жетіп алсақ, мына кітабыңды оқитын адам табылатынына сенімдімін.

Мұрагер: Қалада бұл кітапті не қылсын. Бұл тек қалаға баратындар ғана оқитын кітап.

Елеусіз: Анау қайда кете қалды, әлі келмеді ғой.

Мұрагер: Кімді айтып отырсың?

Елеусіз: Мұраны айтамын.

Мұрагер: Келіп қалар, қайда кетеді дейсің.

Елеусіз: (Сағатына қарап) ол кеткелі екі сағаттан асып кетті. Бұлай кешікпеуі керек еді.

Мұрагер: Онда ол да жоғалып кеткен болды.

Елеусіз: Өзенге түсіп тұншығып өлген жоқ па? Баяғыда сен оның өлі денесін  өзен жағасынан тауып алып, ауылға алып келгенің есіңде ме?

Мұрагер: Иә, есімде, денесінің күлімсі исі әлі мұрнымның ұшында тұр. Бейшара болып өлді ғой сорлы.

Елеусіз: Ол да жұмбақ күйде өлді ғой, қалай өлгенін ешкім де анықтай алмапты.

Мұрагер: «Қалаға кетемін» деп автобус күтіп жүрген кезінде өлді ғой.

Елеусіз: Автобус келетін түрі жоқ.

Мұрагер: Келетініне сенімдімін.

Екеуі жолға шығып, жолдың екі басына кезек-кезек қарайды.

Елеусіз: Автобус қай жақтан келеді, батыстан ба, әлде, шығыстан келе ме?

Мұрагер: (Жолдың екі басына қарап ойланып қалады.) Шығыстан келуі мүмкін.

Елеусіз: Мүмкін, батыстан келетін шығар? Жоқ, солтүстіктен келе ме?

Мұрагер: (Аялдаманың төбесіне қарап) Мынаның төбесіне шығып қарап көрелік, мүмкін алыста келе жатқан болар.

Екеуі аялдаманың қасына келеді.

Мұрагер: Сен шығып қарап көрші.

Елеусіз: (Аялдаманың қабырғасына асылады. Дәрменсіз) Шыға алар емеспін. Өзімді мүлде көтере алмаймын.

Мұрагер: (Елеусіздің сыртынан құшақтап, көтермек болады. Ол да дәрменсіз) Құлшынсаңшы биікке қарай. Құйрығыңды көтере алмай не болды сонша?

Елеусіз: (Аялдамаға асылып тұрады) Төбесіне шығу мүлде мүмкін емес. Сен сынап көрші.

Мұрагер: (Аялдаманың қабырғасына асылады. Дәрменсіз) Қанша күштесем де өзімді көтере алар емеспін. Көмектессеңші маған.

Елеусіз: (Сыртынан құшақтап көтерген болады.) Құлшынсаңшы биікке қарай. Құйрығыңды көтере алмай не болды сонша.

Мұрагер қолын жібереді. Елеусіз оны көтере алмай, екеуі де жерге құлайды.

Елеусіз: Сенде күш қалмапты.

Мұрагер: Сенің күшің де тасып тұрғаны шамалы.

Елеусіз: Қуыс қурайды да жерден көтере алатынымызға күмәндімін.

Мұрагер: Біз биікке шығып үйренбегенбіз.

Елеусіз: Биікке талпыну туралы ойда болған жоқ қой бізде.

Мұрагер: Қалаға жетіп алсақ, бәрі болады.

Елеусіз: Біздің лас, кір-кір болған мына киімімізді, тозығы жеткен түрімізді көріп, қаладағылар қабылдамай қойса ше?

Мұрагер: Онда қала қақпасында жатып өлеміз.

Елеусіз: Менің кезінде істеген қылмысым жайлы біліп қойып, түрмеге жаба ма деп қорқам.

Мұрагер: (Басын көтеріп, таңданып) Қайсы күнәңді айтып отырсың?

Елеусіз: (Ойланып) Қайсыбірін айтайын?

Мұрагер: Айтсаңшы енді?

Елеусіз айналасына жалтақтап қарап алып, Мұрагердің құлағына сыбырлайды. (Екеуі де үнсіз отырып қалады).

Мұрагер: Ондай қылмыс менде де бар ғой..

Елеусіз: Сенікі қандай күнә еді?

Мұрагер айналасына қарағыштап, Елеусіздің құлағына сыбырлайды. (Екеуі де үнсіз отырып қалады).

Елеусіз: Мүмкін бізді кешіретін шығар.  Егер кешірім бермесе, түрмеде қандай жаза қолданады?

Мұрагер: Отқа қақтайтын шығар немесе…(ойланып)  қандай жаза қолданарын кім біледі.

Елеусіз: Одан да ауыр жазалар болуы да мүмкін. Қандай үрейлі еді!!!

Мұрагер: Уайымдама, тек біз ғана күнәхар дейсің бе, жұрттың бәрі қылмыскер, сонда да олар қалаға кетіп жатыр ғой.

Орындарынан тұрып, орындыққа барып отырады.

Елеусіз: Сағат қанша болды?

Мұрагер: (Сағатына қарап) Сағат он болды?

Елеусіз: Автобус келетін түрі жоқ.

Мұрагер: Келе жатқан болар.

Елеусіз: Егер автобус келіп қалса, кешігетін болды-ау ана сорлы. Сонша айналғаны несі.

Мұрагер: Кімді айтып отырсың?

Елеусіз: Мұраны айтамын.

Мұрагер: Мен Жалғас, Манаптарды айтып отыр ма десем.

Елеусіз: Мынау да солар секілді оралмай, жоғалып кетпесе жарар еді.

Мұрагер: Өзен жағасында өліп жатқан шығар.

Елеусіз: (Орнынан көтеріліп) Мен барып қарап келейін.

Елеусіз сахнаның шетіне барып, алысқа қараған болады да, қайтып келеді.

Мұрагер: Бар секілді ме?

Елеусіз: Білмедім, ары қарай барып іздеуге…

Мұрагер: Қорқақ!!!

Елеусіз: (Айғайлап) Мұра, Мұра, Мұра деймін. Автобустан кешігесің тездет.

Мұрагер: Мұраның қарға шоқып тастаған екі көзі есіңде ме?

Елеусіз: Иә, есімде, үңірейіп бос қалған екі көзінің орнына қан ұйып қалған болатын. Еске алудың  өзі үрейлі.

Мұрагер: «Қалаға барамыз» деп қаншама адам жоғалып кетті. Автобус  күткен алтауымыздан қалғаны екеуміз ғана.

Елеусіз: Бізде аналар секілді бір күні із-түзсіз жоғалып кетсек, бізді де ешкім іздемейтін болғаны ма?

Мұрагар: Сол үшін қалаға тезірек жетіп алуымыз керек.

Елеусіз: Автобустың қарасы көрінбейді. Біз бір нәрсені қате істеп жүрген жоқпыз ба?

Мұрагер: Біз нені қате істеуіміз мүмкін, жай, күтіп отырдық қой.

Елеусіз: Бізге шамданып қалған жоқ па деймін.

Мұрагер: Кімді айтып отырсың?

Елеусіз: Сосын жолымыз болмай жүрген сияқты.

Мұрагер: Не деп кеттің?

Елеусіз: Құдайды айтамын да.

Мұрагер: Бізді ұмытып кетуі мүмкін бе?

Елеусіз: Ұмыта қоймас.

Мұрагер: Онда Құдай риза болатындай бір іс істелік.

Елеусіз: Құдайды қалай риза қылудың жөнін мен білмеймін. Сен білетін шығарсың?

Мұрагер: Ойланайын (басын құшақтап отырады). Тілек тілесек қайтеді?

Елеусіз: Онсыз да талай жылдан бері тілек тілеп келеміз ғой…

Мұрагер: (Қуанып) Таптым, таптым.  Қой сойып, құрбандық шалайық.

Елеусіз: (Қуанып) Құрбандық шалсақ, тілегіміздің орындалатынына  күмәнің болмасын.

Мұрагер: Бірақ құрбандыққа шала қояр малдың қисыны болмай тұрған жоқ па?

Елеусіз: Онда не істейміз?

Мұрагер: Құрбандыққа сені шалайық. Маған қарағанда Құдайды көп ойлайсың ғой.

Елеусіз: Сосын бассыз қалай өмір сүремін?

Мұрагер: Онсыз да бассыз өмір сүріп жүргендер жетеді ғой, солардың бірі боласың.

Елеусіз: (Ойланып) Егер тілегіміз орындалса, мен қарсы емеспін.

Мұрагер: Онда дайынсың ба?

Елеусіз: Дайынмын.

Екеуі аялдамадан шығып, жолдың шетіне келеді. Елеусіз жерге жатады.

Мұрагер оның шашынан ұстап, басын көтереді.

Мұрагер: Ал онда, сенің жерге шашыраған қызыл қаның бізге бақыт әкелсін.

Елеусіз: Айтқаның келсін!

Мұрагер қалтасынан бір нәрсе іздеген болады. Маңайына қарайды.

Елеусіз: Не болып қалды? Бастамайсың ба?

Мұрагер: Бізде пышақ жоқ екен ғой, сені қалай бауыздаймын?

Елеусіз: Айттым ғой, бізді қырсық жайлап алған деп. Жай пышақтың өзі табылмайды бізден.

Елеусіз орнынан тұрып, үстін қаққыштап, қомпылдап бірдеме айтқан болады.

Мұрагер: Қомпылдай бермей, қарашы. Жалғыз, жарым  жүргінші келе жатыр.

Елеусіз: (Қарайды) Бұл кім болды? Мынаның киінісі де басқаша екен. Жасырынып қалсақ қайтеді.

Мұрагер: Жасырынып не істейміз. Онсыз да бізді көріп келе жатыр ғой, қалаға бара жатқан біреу шығар.

Үстіне  әскери форма киген Әмір кіреді. Екеуі бүгежектеп келіп амандасады.

Мұрагер: Амансыз ба, жолаушым?

Әмір: (Қатал бейне танытып, қатқыл үнмен) Кімсіңдер?

Мұрагер: Біз… біз жолаушылармыз.

Әмір: Кімсіңдер деп тұрмын сендерге?

Елеусіз: Біз… біз ешкім емеспіз, ешкім де емеспіз.

Әмір: Құжаттарыңды көрсетіңдер

Мұрагер: Құжат дейсіз бе, қандай құжатты айтып тұрсыз?

Әмір: (Айқайлап) Адам екендіктеріңді айғақтайтын төлқұжаттарыңды алып шығыңдар.

Елеусіз: Бізде ондай құжат болған емес, мәртебелім.

Әмір: Құжаттарың боламаса, қалай ғана мына жерді аяқтарыңмен басып жүрсіңдер?

Мұрагер: Бұл біздің ауылдың жері, бала кезімізден осы жерді басып келеміз, мәртебелім.

Әмір: (Қатал бейне танытып, қатқыл үнмен) Қайда бара жатырсыңдар?

Мұрагер: (Жасқана тіл қатып) Қалаға барайық па деген едік.

Әмір: Қандай мақсатпен бара жатырсыңдар?

Мұрагер: Жай,  ақша… жо.. жоқ, қыдырып, қаланы  айналып… көріп…

Әмір: (Кекетіп) Қолдарында адам екендерін айғақтайтын бір жапырақ қағаз жоқ және қалаға бара жатырмыз дейді. (Үнсіз қалып) Қалаға барсаңдар, мұнда не істеп тұрсыңдар?

Мұрагер: Осы арадан қалаға баратын автобус өтетін еді, соны күтіп тұрған жайымыз бар.

Әмір: (Сұраулы бейнеде) Автобус? (Қатуланып) Мені ақымақ қылайын дедіңдер ме,  қайдағы автобусты айтып тұрсыңдар?

Мұрагер: Қалаға баратын  автобус. Күніне осы арадан өтетін автобусты айтамын.

Әмір: (Қарқылдап күліп кетеді) Бұл арамен мүлде автобус жүрмейді ғой, шатасып тұрсыңдар.

Мұрагер:  Баяғыдан бері ауыл мен қала аралығына адам тасып жүрген автобус емес пе  еді?

Әмір: Баяғыда да, бұл күнде де бұл жермен ешқандай автобус жүрген емес.

Мұрагер: Қалайша жүрмейді, кеше ғана осы арадан зымырап өтіп жүрді емес пе?

Әмір:   Мүлде ондай автобус болған емес, басымды қатырмаңдар,

Мұрагер: Қызыл түсті автобус болатын.

Әмір: Сендер түс көріп жүрген жоқсыңдар ма, автобус жүрмейді деп айтып тұрмын ғой.

Мұрагер: Білмейміз. Ондай ештеңе бола қоймаған секілді.

Әмір: (Қатқыл үнмен) Онда қайталай ескертіп айтамын, бұл арадан  ешқандай автобус жүрмейді.

Елеусіз: (Ашына айқайлап) Құдай-ау, жүрмегені қалай? О, жасаған, біз не істедік соншалықты автобус келмейтіндей.

Мұрагер: (Ашына дауыстап) О, сұмдық, автобус жүрмегені қалай? Бұл, мүмкін емес.

Әмір: (Қатқыл үнмен) Жылауды доғарыңдар, бұл – бұйрық!!!

Екеуі де үнсіз тыныштала қалады.

Мұрагер: Мәртебелім, сізден сұрауға болар ма екен?

Әмір: (Маңғазданып) Мемлекеттің құпия ісінен өзгесін сұрауыңа, әлбетте, болады.

Мұрагер: Өзіңіз қайдан болдыңыз?

Әмір: Мен қалада туып-өскенмін. Қалада тәрбиеленгенмін.

Елеусіз: (Таңданып) Тәңірім-ау,  сонда сіз қалалықсыз ба?

Екеуі Әмірдің өнебойын тінтіп, таңдана қарап, киімдерін ұстап көреді.

Мұрагер: Қаланың адамын бірінші рет көруім.

Елеусіз: Мен де тұңғыш рет көріп тұрмын. Мен ойлағаннан да өзгеше екен. Жаратылыстары бізге мүлде ұқсамайды.

Мұрагер:  Сөйлеген сөздері де басқаша (Әмірдің денесін иіскеп). Денесінен жұпар аңқиды.

Елеусіз: «Нағыз адамзаттың ұрпағы» деп осы кісіні айтса болатындай.

Әмір: (Мұрнын басып) Аулақ барып тұрыңдаршы, жуынбағасыңдар ма,  үстеріңнен күлімсі иіс мүңкіп тұр ғой. Жұқпалы аурумен ауырмайсыңдар ма өздерің? (Екеуі шегініп кетіп, аралық сақтап тұрады).

Елеусіз: (Мұрагерді иіскелеп) Сенен жылқының иісі шығып тұр ғой (сыбырлап). Бұл адам жиіркенетіндей иіс емес.

Мұрагер: Мәртебелім, кезінде осындағы ел жұқпалы аурумен ауырып, біразы қырылып кеткен екен, бірақ ол кез біздің  өмірге келмеген кезіміз ғой.

Әмір: Жұқпалы ауруларың бар екені білінсе, қалаға кіре алмайсыңдар, сендерге сақтық үшін айтып жатырмын.

Мұрагер: Бір сұрақ сұрауға болар ма екен, мәртебелім?

Әмір: Мемлекеттің құпиясынан өзгесін сұрауыңа, әрине, болады.

Мұрагер: Біз қалаға қалай бара аламыз?

Әмір: Қалай баруды да білмейтін ақымақсыңдар ма, кәдімгідей адам сияқты жүріп барасыңдар.

Мұрагер: (Таңғалған бейнеде) Жүріп дейсіз бе? «Жаяулап, екі аяқпен барасыңдар» деп тұрсыз ғой сонда?

Елеусіз: (Таңғалған бейнеде)  Жаяу барамыз ба сонда?

Әмір: Мен сендерді арқалап  бармаймын ғой.

Мұрагер: Жаяу бару үш ұйықтасам түсіме кірмеген екен.

Елеусіз: Қалаға барудың осындай да жолы бар екенін мен де ойламаппын.

Әмір: Сендермен мылжыңдасып біраз уақытымды жоғалттым, мен жүрейін, мені жолымнан калдырмаңдар.

Әмір кетеді. Екеуі де сөмкелерін алып артынан ереді.

Әмір: (Тоқтап) Сендер қайда барасыңдар?

Елеусіз: Бізді өзіңізбен бірге ала кетіңіз.

Әмір: Сендерді әкете алмаймын, осында қалыңдар. Оның үстіне сендердің  құжаттарың жоқ, онсыз қалаға кіре алмайсыңдар ғой.

Мұрагер: Мәртебелім, біз қалаға жетіп алсақ болғаны, сосын қалаға кіру бірдеме болар. Бізді өзіңізбен ала кетіңіз.

Әмір: Мен сендерді әкете алмаймын, барсаңдар өз аяқтарыңмен барыңдар..

Елеусіз: Біз таба аламыз ба? (Екеуі бір-біріне аңырып қарап тұрып қалады).

Мұрагер: Біз қалаға бара аламыз ба, бұл  мүмкін емес қой.

Елеусіз: Бұл – ақылға сыймайды.

Мұрагер: Жаяу баруымыз керек екен.

Елеусіз:  Екі аяғымызбен баруымыз керек екен.

Екеуі  бір-біріне аңырып қарап тұрғанда Әмір кетіп қалады.

Елеусіз: (Айналасына қарап Әмірді іздейді) Мәртебелім, мәртебелім!!! Анау кетіп қалыпты.

Мұрагер: Құрып кетсін, жүрші, орындыққа барып отыралық.

Екеуі орындыққа барып отырады.

Ұзақ үнсіздік

Елеусіз: Автобус келмейтін болды. Біз енді не істеуіміз керек? Ауылға қайтқанымыз дұрыс сияқты.

Мұрагер: Не дерімді де білмеймін. Автобусты күте берсек қайтеді.

Елеусіз: Әрине, автобусты күтіп отырғанымыз жақсы еді ғой, жаңағы жоспарымыздың бәрін талқан етіп кетті.

Мұрагер: Ол асқан суайттың өзі болуы  да мүмкін ғой.

Елеусіз: Қаланың адамы өтірік айтпайды. Бұл арадан мүлде автобус жүрмеген екен.

Мұрагер:  Автобустың мүлде жүрмейтінін біз неге байқамағамыз?

Елеусіз: Мен де соған таңданып тұрмын.  Автобус күнде адам тасып жүрген сияқты еді ғой. Сен автобусты соңғы рет қашан көрдің?

Мұрагер:  Соңғы рет қашан көргенім мүлде есімде жоқ.

Елеусіз: Менің де есімде анық  қалмапты.

Мұрагер: Енді не істейміз?

Елеусіз: Бірдеме істейік.

Мұрагер: Жүрексініп тұрмын. Өзімді жалғыз қалғандай сезім кешіп тұрғаным.

Елеусіз: Мен де қорқып тұрмын.

Мұрагер: Енді не істейміз?

Елеусіз: Отыра бергенмен түк те өнбейді, бірдеме істейік.

Мұрагер: Автобусты күтелік.

Елеусіз: Автобусты күтсек жақсы еді, бірақ келмейді ғой.

Мұрагер: Қорқып тұрмын.

Елеусіз: Қалаға жаяу тартқаннан басқа амал жоқ.

Мұрагер: Онда солай істелік.

Екеуі ұзақ отырады.

Елеусіз: Неғып отырмыз? Қалаға қарай жүрелік.

Мұрагер: Мейлі, жүрсек жүрелік.

Екеуі орындарынан тұрып жолға шығады. Жолдың екі басына қарағыштап тұрады.

Елеусіз: Кеттік онда.

Мұрагер: Кетсек кетелік.

Екеуі тағы қозғалмайды.

Елеусіз: Неғып тұрмыз, жүрейікте?

Екеуі ілбіп басып сахнаның оң жағына шығады.

Мұрагер: (Із шалған болып жолға еңкейіп қарайды) Қаланың қайда екенін біз білмейміз ғой.

Елеусіз: Шынымен де қаланың қайда екенін білмейміз.

Мұрагер: (Қолымен нұсқап) Мына бағытымыз дұрыс болмай шығып, тентіреп кетпелік.

Елеусіз: Бағанағы қалалықтан анықтап сұрап алмағанымызды қарашы.

Мұрагер: Сұрағанмен айтады дейсің бе, маңына да  жолатпай тұр ғой өзі.

Елеусіз: «Тәуекел» деп тартып кетелік. Мүмкін осы жақта шығар.

Мұрагер: Күмәнданып тұрғаным, бұл жақта емес секілденіп тұр.

Елеусіз:  Енді қай жақта болуы мүмкін?

Мұрагер: Қайда екенін кесіп айта алмай тұрмын.

Елеусіз:  (Сахнаның сол жағын нұсқап) Онда мына жаққа қарай жүрелік.

Екеуі орындарынан қозғалмайды

Мұрагер: Кеттік пе? Бұлай тұра бермейік.

Елеусіз: Кеттік онда.

Екеуі сахнаның сол жағына шығады.

Мұрагер: (Із шолған болып жолға еңкейіп қарайды) Құдайым-ау, мүлде бұл жақта болмай шығып, тентіреп кетіп жүрмелік.

Елеусіз: Алдыға жылжи берсек, біреу кезігіп, жол көрсетер.

Мұрагер: Ешкім кезікпей, қаңғырып кетуіміз де ғажап емес.

Елеусіз: Енді не істейміз?

Мұрагер: Білмеймін. Не істеу керегін сен айтшы.

Елеусіз: Автобус күткен бағытымызбен жүргеніміз дұрыс сияқты.

Мұрагер: Бағанағы мұнда мүлде автобус болған емес деді ғой.

Елеусіз: Сонда біз неге осы уақытқа дейін жоқ автобусты күтіп жүргеміз?

Мұрагер: Біз «автобус бар» деп ойладық.

Елеусіз: Онда қаланың бары да өтірік болып жүрмесін.

Мұрагер: (Шамданып) Олай деуге қалай дәтің барады.  Қала туралы кітапта жазылып тұрмай ма?!

Елеусіз: Бұлай тұра берсек, түк те өндіре алмаймыз.

Мұрагер: Онда тәуекел етіп көрелік.

Екеуі ілби басып сахнаның оң жағынан шығып кетеді.

 

                                  Екінші бөлім

 Баяғы аялдама. Қаусап, қартайып кеткен екеуі аялдамада отыр, киімдерінің жұлым- жұлымы шыққан.

Үнсіздік

Мұрагер орнынан тұрып,  аялдаманың қасында  жүре бастайды.  Жерден айнаның сынығын тауып алып айнаға қарайды да, шошынып, айнаны тастап жібереді. Қайта алып қарайды. Елеусіздің қасына қайтып келеді де, айнаны Елеусіздің бетіне тосады

Елеусіз: (Айнаға тесіліп ұзақ қарайды) Бұл кім?

Мұрагер: Мен де тани алар емеспін.

Елеусіз: Бұл сенсің ғой.

Мұрагер: (Айнаны өзіне қаратып) Жоқ, бұл сенсің.

Елеусіз: (Таңданған бейнеде) Менмін бе? Мен мұндай емес едім ғой?

Мұрагер: Біз мүлде өзгеріп кеткен секілдіміз.

Елеусіз: (Мұрагердің қолынан айнаны жұлып алып, қарайды) Бұл мүмкін емес. Мынау мен емеспін.

Мұрагер:  Мен де сене алар емеспін, қай күні ғана қылшылдаған жігіт едік.

Елеусіз: Тепсе темір үзетін.

Мұрагер: Жалындаған.

Елеусіз: (Айнаны айналдыра қарап) Мынау адамды қартайтып көрсететін айна секілді.

Мұрагер: Сопайтып көрсетеді екен.

Елеусіз: Мыжырайтып көрсететін секілді.

Мұрагер: Бейшара етіп көрсетеді екен.

Елеусіз: (Айнаны жерге тастап, аяғымен мыжып) Дұрыс айна емес екен.

Мұрагер: Қалаға жетіп алсақ, бәрі жақсы болады.

Елеусіз:  Қалаға барғанда менің  ең бірінші істейтінім не екенін білесің бе?

Мұрагер: Кең сарайдай үй алып, машина міну.

Елеусіз: Жоқ, дұрыс таба алмадың. Тойып тамақ ішсем бе деймін.

Мұрагер: Менің де тойып тамақ ішкім келеді және  ұйықтайтын жұмсақ жер болса ғой, шіркін.

Елеусіз: (Аялдаманы көзімен шолып) Мына жер маған таныс сияқты. Бұрын біз осы жерде  болған секілдіміз.

Мұрагер: Маған да солай көрініп тұр.

Елеусіз: Осы жерде жасырынбақ ойнап едік қой, есіңде ме?

Мұрагар: Бірақ  бұл жерге бірінші рет келіп тұрмыз ғой. Біз қалаға қарай кетіп бара жатқанымызды ұмыттың ба?

Елеусіз: (Ойланып ) Бұл жерді мен түсімде көрген екенмін. Дәл өңімде болғандай сезіледі.

Мұрагер: Қандай түс көріп едің, айтшы, мен жорып берейін.

Елеусіз: Екеуміз осы аялдамада қалаға кетпек болып автобус күтіп жүр екенбіз деймін.

Мұрагер: (Таңданып) Менде дәл осындай түс көрген едім, екеуміздің көрген түсіміз де айнымай қалыпты. Содан кейін не болды?

Елеусіз: Екеуміз автобусты ұзақ күтіптік. Бір күні екеумізге біреу келіп, бұл жермен автобус жүрмейді дей ме, әйтеуір бір нәрсе айтып жатыр екен деймін.

Мұрагер: Қандай ұқсастық!!! Мынау, мен көрген түсте дәл осылай болды (қызыққан бейнеде). Сосын не болды, айтшы?

Елеусіз: Одан ары не болғаны есімде қалмапты.

Мұрагер: (Ойланып) Менің есімде бар секілді.

Елеусіз: Ары қарай не болушы еді, айтшы?

Мұрагер: Әлгі қалалық кетіп қалған соң екеуміз аялдамада отыр екенбіз  деймін, бір кезде автобус келіп, екеуміз қалаға кетіп барады екенбіз. Қуанышымызда шек жоқ.

Елеусіз: Біз жаяу кетіп бара жатырмыз ғой, қайдағы автобусты айтып кеттің?

Мұрагер:  Шынымен де жол жүріп, табанымыздан тоздық

Ұзақ үнсіздік

Елеусіз: Біз адасып кетпесек болғаны. Дұрыс жүріп келе жатырмыз ба, өзі?

Мұрагер: Мен де білмеймін, дұрыс жүріп келе жатқан шығармыз.

Елеусіз: (Ұзаққа көз тастап) Біз шығысқа қарай беттеп барады екенбіз, қала шығыста болғаны ғой.

Мұрагер: Бұл шығыс емес, батыс, біз батысқа қарай кетіп барамыз, қала батыста болуы мүмкін.

Елеусіз: Мейлі, сен батысқа қарай жүре бер, мен шығысқа қарай тарта берейін, бәрібір жолымыз бір бағытта екен.

Мұрагер: Онда кеттік.

Елеусіз: Кетсек кеттік.

Елеусіз орнынан ұмтылады да, тұра алмай қайта отырады.

Мұрагер: Саған не болды?

Елеусіз: Мен жүре алар емеспін.

Мұрагер: Бір аттауға да шамаң келмей ме?

Елеусіз: (Ұмтылып) Екі аяғым өзіме бағынар емес.

Мұрагер: Сен ешқашан жүріп көрмегенсің, Тұсауың кесілмеген ғой сенің.

Елеусіз: Мені қорлап тұрсың ба, онда мені тастап кете бер.

Мұрагер: Шамдана қалдың ба? Кел, мен сені арқалап алайын.

Мұрагер Елеусізді зорға дегенде арқасына көтеріп, бір-екі аттап жүріп барып жығылады.

Елеусіз: Сен мені көтергенше, өзіңнің басыңды дұрыс алып жүрсең де жетеді ғой, байқұc- ау, аяғымды ауырттың ғой.

Мұрагер: Мен сені тастап кете алмаймын, тұршы орныңнан, тағы бір сынап көрелік.

Елеусіз орнынан сүйретіліп тұрады. Мұрагер тағы арқалап жүрмек болып жығылады.

Елеусіз: (Аяғын құшақтап) Ойбай, аяғым!!! Өлтірдің ғой.

Мұрагер: (Аялдама жаққа қарап) Аялдамадан біз тәуір ұзап кетіптік, өстіп жүріп қалаға да жетіп аламыз, көресің әлі.

Елеусіз: Мені жерге бұлай тоқпақтап жүріп қалаға апарғанша, сүйегім шашылып қалар.

Екеуі аялдаманың қасында құлап жатады.

Мұрагер: Қарашы өзің, біраз жол басып тастадық,  кішкене шыдасаңшы.

Елеусіз: Қаншалық жол бастық сонда?

Мұрагер: Біраз жер жүріп тастадық. Қалаға да жақын қалған болуымыз керек.

Мұрагер орнынан тұрып, Елеусізді тағы да  көтермек болады.

Мұрагер: Кел, тағы да арқалайын.

Елеусіз:  Өлтіріп алмайын десең, арқаламай-ақ қойшы.

Мұрагер: Олай болса өзің жүріп көрші.

Елеусіз: Екі қылтам дірілдеп тұрса, қалай жүрем?

Мұрагер: (Айналасына қарағыштап) Мен саған сүйеніп жүретін таяқ тауып әкеле қояйын.

Елеусіз: Сонда мен қартайып, шал болғаным ба?

Мұрагер: Жасың нешеде сенің?

Елеусіз: Сенен екі жас кішімін.

Мұрагер: (Саусақтарын шығарып есептей бастайды) Отыз үшке келіпсің.

Елеусіз: Қылшылдаған жаспын әлі.

Мұрагер: Қазір таяқ тауып әкелейін.

Мұрагер аялдаманың артын айналып кетеді де, қолына адамның бас сүйегін алып қайта шығады.

Мұрагер: (Басты жоғары көтеріп) Мынаны қара.

Елеусіз: Қайдан тауып ала қойдың?

Мұрагер: Ордан тауып алдым.

Елеусіз: Көрден тауып алдым дейсің бе, кімнің көрі?

Мұрагер: Адамның қу басын бірінші рет көруім. Қарашы өзің (Елеусізге ұстатады).

Елеусіз: (Бас сүйекті айналдырып қарайды) Маңдайы айырылып кетіпті, қылышпен шауып өлтіргенге ұқсайды. Кімнің басы болды екен?

Мұрагер: (Басты қолына алып, айналдырып қарайды) Соғыста өлген біреудің басы шығар. Шүйдесін оқ тесіп кетіпті, атып өлтірген сияқты.

Елеусіз: Қалаға бара жатып өлген адамның басы болуы да мүмкін.

Мұрагер: Екеуміздің басымыз болмағанына шүкір.

Елеусіз: Қазірше біздің басымыз орнында.

Мұрагер: Сен әйел патша туралы аңызды білесің бе?

Елеусіз: Орыстың қатын патшасы туралы айтып отырсың ба?

Мұрагер: Осы далада әйел патша өтіпті, сол жауының басын кесіп алып, басынан тостаған істетіп, дұшпанының қанын соған құйып ішкен екен.

Елеусіз: Әлгі не деуші еді, адамның басы доп деуші ме еді, біреудің добы деуші ме еді, иә, қалай… сондай, солай айтады ғой.

Мұрагер: (Басты айналдырып қарап) Шынымен де допқа ұқсайды.

Елеусіз: Бейшара, тіршілігінде басының қай шұңқырда қалатыны туралы ойламаған да шығар.

Мұрагер: Сен кім туралы айтып отырсың? Біз туралы айтып жатырсың ба?

Елеусіз: Бәріміз туралы айтып отырмын.

Мұрагер: Мылжыңдасып уақытты оздырмай, жүрелік (басты аялдаманың артына қарай лақтырып жібереді).

Елеусіз: Мен жүре алмаймын ғой.

Мұрагер: Саған таяқ таба алмадым.

Елеусіз: Енді не істеуіміз керек?

Мұрагер: Мен сені бұлай қалдыра алмаймын, қайтсек те қалаға бірге баруымыз керек.

Елеусіз: Сонда маған еңбекте дейсің бе, мұның қорлау ғой мені.

Мұрагер: Мен саған олай деп айтқаным жоқ.

Елеусіз: Жоқ, сен маған жаңа солай деп айттың. Еңбектеп болса да  жүр дедің.

Мұрагер: Ондай сөз аузымнан шыққан емес.

Елеусіз: Сен көзімді бақырайтып тұрып солай деп айттың.

Мұрагер: Мен саған «жүретін бір амал қарастыршы» деп айттым, сен  «еңбекте дедің» деп шатастырып тұрсың.

Елеусіз: Еңбектеуден басқа амал қалмағаны ма?

Мұрагер: Бізде осыдан басқа таңдау қалмағанын көріп тұрсың ғой.

Елеусіз еңбектеп сахнаның оң жағына қарай беттейді: Мұрагер сөмкелерді көтеріп  артынан ереді. Сахнаның сол жағынан Асан кіреді.

Мұрагер: Саған осы жүрісің жайлы секілді ме?

Елеусіз: Иә, өзімді  жылқы секілді сезініп келе жатырмын. Маған осылай жүрген ыңғайлы секілді.

Мұрагер: Қалаға жетіп алсақ,  қайтадан шыт-жаңа адам боламыз.

Елеусіз: Біз мына тұрысымызда адамға ұқсамаймыз ба?

Мұрагер: Қаланың адамдары секілді боламыз дегенім ғой (Артына қарағанда  аялдаманың алдында тұрған Асанды көріп қалады). Мынау кім тағы, состиып тұрысын қара.

Елеусіз: (Артына қарап)  Бұл кім болды?

Мұрагер: Автобус күтіп тұрған біреу сияқты.

Елеусіз: Есі ауысқан біреу ғой деймін, бұл арамен автобус жүрмейді ғой.

Мұрагер: Жүрші, барып сөйлеселік.

Елеусіз еңбектеп жүріп Мұрагердің соңынан ереді, екеуі аялдаманың қасында тұрған Асанның қасына қайтып келеді..

Мұрагер: (Сыпайылап)  Біреуді күтіп тұрсыз ба?

Асан: Сағат қанша болды екен?

Мұрагер: (Сағатына қарап) Алты болды?

Асан: Таңғы сағат  алты ма? Жоқ, әлде, кешкі уақыт па?

Мұрагер:  (Аспанға айнала қарап) Таңғы уақыт болуы керек, жоқ, әлде, кешкі уақыт па?

Асан: Сендер автобус күтіп жүрсіңдер ме?

Елеусіз:  Жоқ, біз қалаға кетіп барамыз.

Асан: Бұл арамен автобус жүрмейді деп айтқан.

Мұрагер: Сізге де солай деп айтты ма?  Бізге де солай деп айтқан болатын.

Елеусіз: Қайдан келе жатырсыз?

Асан: (Күбірлеп) Менің қалаға барғым келген еді.

Елеусіз: Сіз сонда қалаға бардым дейсіз бе?

Асан: Иә, қаладан келе жатырмын.

Мұрагер: (Елеусізге) естідің бе, қала иегіміздің астында дегенім рас болды.

Асан: «Қаладан келе жатырмын» дегенде, мен «қаланы» айтып тұрғам жоқ.

Елеусіз: Онда нені айтып тұрсыз?

Асан: Мен «қала жақтан келе жатырмын» деп айтқым келген еді.

Мұрагер: Бәрібір қаладан келе жатқаныңызды айтпақшысыз ғой.

Асан: Жоқ,  мен қаладан келе жатқанымды да, қала жақтан келе жатқанымды да айтпақшы емеспін. Мен «қалада болған емеспін»  деп айтпақшы едім.

Мұрагер: Біз де қалада болған емеспіз, қалада өмір сүрсек пе деп армандағамыз.

Асан: (Шамданып) Қалай түсінбейсіңдер? Мен қаланы таба алмай келе жатырмын деп айтып тұрмын ғой сендерге.

Елеусіз: (Аңтарылып) Таба алмадым дейсіз бе?

Мұрагер: (Аңтарылып) Жете алмадым дейсіз бе?

Асан:  Иә, құрып кеткір, таба алмадым. (Жолды тепкілеп) Таусылып бітпейді, шет-шегі жоқ жол, соңына шығу мүмкін емес.

Мұрагер: Қалаға баратын жолдың аяқталар жері жоқ, шексіз дейсіз бе?

Асан: Иә, өмірімнің жартысы қалаға баратын осы жолда тентіреумен өтіп кетті.

Мұрагер: (Үрейлі бейнеде) Сонда «қала жоқ» деп  айтқыңыз келіп тұр ма? Мүмкін, адам қуанатындай бір нәрсе айтарсыз.

Елеусіз: (Күбірлеп) «Жоқ» дейді, жол жүргеніміз кітапта айтылғандай,  өтірік, есі ауысқан, машина, жылы үй, кім сонда……

Асан: Мен «қаланы жоқ» деп айтпадым, «қалаға жете алмадым» деп тұрмын.

Елеусіз: (Қуанып) Сіздің ойыңызша қаланың бар болғаны ма?

Асан: Қалай айтсам екен. “Бар” дейін десем, мен таба алмадым. “Жоқ” дейін десем, жұрт  қаланың  бар екенін  шындық дейді.

Мұрагер: Сонда қалаға жете алмайтын болғанымыз ба?

Асан: Иә, қалаға жете алмаймыз.

Елеусіз: Қалаға бара алмайтын болдық па? Сонда… сонда біз… не үшін отырмыз мұнда?   Неге осы уақытқа дейін өмір сүрдік? Менің қайран аяқтарым! (Өкіріп жылайды).

Мұрагер: (Кемсеңдеп)  Шыңғырмашы, сойғалы жатқан шошқа құсап… (Елеусізді теуіп қалады, ол етпетінен жығылады).

Елеусіз: (Құлап жатып жылап)  Отырыстарын қара мелшиіп, тойып тамақ ішкеннен басқа не істедіңдер? Бейшаралар өңшең. Бейшарасыңдар!!!  Осы уақытқа дейін не үшін жүрдік? Не үшін өмір сүрдік?

Мұрагер: (Елеусізге) Сен жылағанмен, олар түсінеді дейсің бе, сонша тілдейтіндей олардың не кінәсі бар еді?

Елеуіз: (Мұрагерге. Кемсеңдеп) Біз енді не істейміз?

Мұрагер: (Асанға) Біз енді не істесек болады?

Асан: Мен ауылға қайтып бара жатырмын.

Елеусіз:  Бұдан басқа жол қалмағаны ма?

Асан: Қаншама уақыт жол жүрсем де,  ауылға да жете алар емеспін.

Мұрагер: (Шошына) Құдайым- ау, ауылды да таба алмай қалдым дейсіз бе?

Асан: Иә, баспаған тауым, кешпеген өзенім жоқ.

Мұрагер: Сіз осы уақытқа дейін…

Асан: (Мұрагердің сөзін  күтпей) Балаларымды сағындым, олар  осы күнде үлкен азамат болған шығар.

Мұрагер: Олар да қаланы іздеп кеткен болар?

Асан: Әкемнен қалған жерім бар еді.  Көп жылқыларым болды.

Елеусіз: Менің де әкем…

Асан: (Елеусіздің сөзін күтпей) Әкем мен шешемнің моласы қыр басынан көрініп тұрады. Олар маған қарашаңырақты аманаттап кеткен болатын.

Мұрагер: (Асанның қолынан ұстап жұлқылайды) Біз не істесек болады, айтыңызшы?

Асан: (Кемсеңдейді)  Мен ауылымды таба алмай қалдым. Ауылға барып, жаңа өмір бастасам ба деймін. Сол жерден «топырақ бұйырса» деп армандаймын.

Мұрагер:  (Асанның сөзін бөліп) Біз де ауылымызды таба алмаймыз ба? Біз неге…

Елеусіз:  (Мұрагердің сөзін бөліп) Білесің бе, біз қалаға барып,   Мұра, Манап – бәріміз, сен автобустың ішінде,  өзен жағасында шомылып, құдайға қанша жалбарынсақ та, сен, машинаңмен қала көшелерінде бізді отырғызып, қандай бақытты едік..

Мұрагер:  (Күрсініп) Ол кезде бәрі керемет еді ғой.

Асан сахнаның сол жағына қарай беттейді. Екеуі байқамайды.

Елеусіз: (Мұрагердің бетіне үңіліп) Сен жылап тұрсың ба?

Мұрагер: (Теріс айналып) Мен шешеме жыламаймын деп серт бергем.

Елеусіз: Жылап алсаң, дұрысталып қаласың.

Мұрагер: Ол бақытсыздықтан құтқара алмайды.

Елеусіз: (Ренжіген бейнеде) Мені сол үшін тептің бе?

Мұрагер: Кешір!!!

Үнсіз тұрып қалады.

Елеусіз: Біз енді не істеуіміз керек?

Мұрагер: (Асанның тұрған орнына қарап)  Біз енді не істесек болады? (Айналаны шолып) Анау кетіп қалыпты.

Елеусіз: Сонша тез кетіп қалғаны ма? (Айналасын шолып) Ол елес болып жүрмесін.

Мұрагер:  (Айналып іздеген болады) Мүмкін, аруақ шығар.

Елеусіз: Ол кемсеңдеп жылаған сияқты еді ғой.

Мұрагер: Аруақ, елес дегендер түсте ғана аян береді.

Елеусіз: Біз сонда түс көріп жатырмыз ба?

Екеуі бір-біріне аңырып қарап қалады.

Мұрагер: (Өнебойын сипалап) Шынымен де түс көріп жатырмыз ба?

Елеусіз: Мен түс көріп жатқан сияқтымын.

Мұрагер:  Мен де өң мен түсті ажырата алар емеспін.

Елеусіз: Біз оянып кетсек, жақсы еді.

Мұрагер: Баяғыда  оянып кетуіміз керек еді, енді кеш қалған секілдіміз.

Елеусіз: Мүмкін өмірдің сиқы осындай шығар?

Мұрагер: Бізге бәрібір емем пе.

Елеусіз: Ақылдассақ қайтеді?

Мұрагер: Иә, ақылдасайық.

Елеусіз:  Не туралы ақылдассақ болады.

Мұрагер: (Ойланған болады) Енді не істеуіміз керек. Осы туралы ақылдасайық.

Елеусіз: Иә, дұрыс айтасың (ойланған болады). Біз енді не істеуіміз керек?

Мұрагер: Сен айтшы, енді не істеуіміз керек?

Елеусіз: (Басын ұстап еңкейіп, ойланған болады)  Сен айтып көрші, біз енді не істесек болады?

Мұрагер: (Ойланған бейнеде көкке қарап ) Біз….біз… біз енді не істеуіміз керек?

Елеусіз: (Мұрагерді қайталап) Біз енді не істеуіміз керек?

Мұрагер: (Қайталап) Біз енді не істеуіміз керек?

Елеусіз: ( Қайталап) Біз енді не істеуіміз керек?

Мұрагер: ( Қайталап) Біз енді не істеуіміз  керек?

 Елеусіз: (Қайталап) Біз енді не істеуіміз керек?

Мұрагер: (Айқайлап) Құрып кетсін, қаншалық ақылдассақ та шешім шығара алмадық.

Елеусіз:  Ол бізге не істеуіміз керегін айтып кетуі керек еді. Біз енді еш нәрсе де істей алмаймыз ба?

Мұрагер: Жол нұсқап жіберуі керек еді.

Елеусіз: Неге қаланың жоқ екенін ертеректе білмегеміз?

Мұрагер: Біз «қала бар» деп сендік қой.

Елеусіз: Біз енді не істеуіміз керек?

Мұрагер: Біз енді не істеуіміз керек?

Елеусіз: Біз енді не істеуіміз керек?

Мұрагер: Ақылдасып амал таба алмадық. Біз кетелік.

Елеусіз: Қайда кетсек болады?

Мұрагер: Ауылға қайтып кетелік

Елеусіз: (Мұңайып) Ол жерде жан баласы қалмады ғой.

Мұрагер: Олар да бір күні қайтып келетін шығар.

Елеусіз: (Қуанып) Бәріміз баяғыдай өмір сүрсек, шіркін!

Мұрагер: Кеттік онда.

Елеусіз: Кетсек кетелік.

Елеусіз еңбектеп Мұрагердің артынан ереді. Екеуі Сахнаның оң жағына шығады.

Мұрагер: (Тоқтап, із шалып, жолға көз тастайды) Ауыл осы жақта ма еді?

Елеусіз: (Мойнын созып, жолға көз салған болады)  Біз де ауылды таба алмай тентірейтін секілдіміз.

Мұрагер: Мүмкін, біз таба алатын шығармыз.

Елеусіз: (Отыра қалып, екі тізесін сипалап) Екі тізем қақсай бастады.

Мұрагер: (Жолды барлап) Шыдамдылық көрсетші.

Елеусіз: Ауылдың қайда екені мүлде есіңде жоқ па?

Мұрагер: Есіме түсер емес.

Елеусіз: Мен де есіме түсіре алмай тұрмын.

Мұрагер: (Сахананың сол жағына көз тастап) Мына жақта секілді.

Елеусіз:( Мойнын созып, сахананың сол жағына көз салып) Осы жақта екеніне сенімдісің бе?

Мұрагер: Осы жақта болуы мүмкін.

Елеусіз: Жүрелік онда.

Мұрагер: Иә, жүрелік.

Елеусіз еңбектеп Мұрагердің соңынан ереді. Екеуі сахнаның сол жағына қарай жылжып бара жатады.

Елеусіз: Кітаптағы  қала туралы айтылғаны өтірік болғаны ма?

Мұрагер: Біз қалаға жете алмадық қой.

Елеусіз: Е, солай еді ғой.

Елеусіз: Мүмкін, оқи алатын біреу тауып оқытармыз.

Мұрагер: Алдымен ауылға жетіп алайық.

Елеусіз: Не туралы жазылған деп ойлайсың?

Мұрагер:  Кім біледі.

Елеусіз: Бірақ біз шамамыз келгенше күрестік қой.

Мұрагер: Иә, біз күрестік.

Екеуі сахнадан шығып кетеді. Күңгірлеп сөйлесіп бара жатқан дауыстары анық естілмей тұрады.

Шымылдық.

 

Ықылас ШАЛҒЫНБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар