(Жазушы Бақтығұл Ойшыбаевтың «Өмір белестері» кітабы жайында)
Батыс өлкесінде өмір сүрген Бақтығұл Ойшыбаев деген жазушының шығармаларын былайғы жұрт көп біле бермейді. Қаламгердің «Өмір белестері» атауымен өткен жылы жарық көрген көлемді кітабына повесттер мен әңгімелер топтастырылған. Алты жүз беттік жинақты құрастырушы һәм қаламгер шығармаларының шырақшысы - жары Манира анамыз. Талантты жандардың басына қона бермейтін бірден-бір бақ - өмірлік серігінің өзімен үндес болуы. Бұл тұста жазушының мүлт кетпегенін уақыт көрсетіп тұрғандай. Қазақтың қос перзенті Қадыр Мырза Әлі мен Фариза Оңғарсынова пікір білдірген жинақта ауыл бейнесі, еңбекті сүйген дала адамы, олардың кіршіксіз көңілі мен селкеу түспеген сенімі, махаббаттан туған бақыт пен қасірет, тіпті алғанда жазушының өмірі өткен Алматы мен ақ Жайықтың бойы өз өрнегін салып жатқандай. Елу жеті жасында өмірден өтіп, оқырманға жиырма сегіз жылдан кейін ғана жол тартқан көлемді жинақ жаныңа әсер сыйлап, кейіпкерлері кеудеңде күбірлеп тұрғандай күй кештіреді.

Обьективте: дала кескіні, еңбек адамы
Ойшыбаевтың өмірі отты жылдармен тұспа-тұс келді. Ол уақыттағы әр сәбидің еңбекке икемді болуы, ерте жастан тұрмысқа араласып өсуі қалыпты жағдай. Соғыс кезіндегі сұрапыл сәттерге, соғыстан кейінгі еңсені тіктеуге де еңбек адамы аянбай бар күшін салды. Бұны жас жүрек, болашақ жазушы Бақтығұл көзімен көріп, жүрегімен сезді. Жаңа жинаққа жазушының 42 әңгімесі, «Алыстан көрінген от» повесті мен көлемді 4 шығармасы енгізілген. Қаламгер өмірінің соңына дейін журналист болған жан. Обьективінде дала кескіні, маңдай терін төгіп жүрген еңбек адамы, егістік іргесіндегі ауылдар, кейін шығармаларының кейіпкеріне айналған ауыл тұрғындары. Қадыр Мырза Әлі: «...Жазушы боламын деген талантқа ел ішінде газеттен арттық жұмыс жоқ. Бәрін өз көзіңмен көресің. Бәрін өз жүрегіңнен өткізесің! Өтірік айта алмайсың. Өйткені куәларың – жадында. Өз жерлестерің, өз ағайындарың!..» деп журналист пен жазушының ортақ үндестік тапқанын атап өтіп, «...оның әңгімелерін оқып отырғанда сенесің, иланасың. Бұл жазушы үшін өте қажет, өте қымбат қасиет!» деп ойын шегелеп, қаламгердің шығармаларына пікір білдірген. Сол арқылы жазушының шығармашылық лабораториясына сенім артып, оның кейіпкерлерінің өмір сүріп жатқан ортаның өкілі, «өмірдің өзіңдей проза» екендігін тап басқан. «Қимаймын сол күндерді» шығармасындағы: «...Өмір жолымды ауылда тракторшы болып бастағым келіп тұр. Тек оқуды жалғастыра берсек, өмірден алшақтап кетеміз бе деп қорқам...» деген сөйлемнен ұнатып тұрған қызының өтінішіне құлақ аспай, механизатор болуды таңдап тұрған Батырбек жалғыз өзінің емес бүкіл ауыл баласының атынан сөйлеп тұрғандай. Сол шығармадағы Батырбектің алғаш далалық жұмысқа араласқан сәтінде досы Елдес екеуінің екі күн боран соққан далада түнеп, үсе жаздағаны еске түскенде: «...Қалай, Елдес, енді адаспаймыз ба?» деген сауалына, Елдестің: «...Жоқ, аға. Қазір менің көкірегім дала жолдарын мүлткісіз айыратын компас тәріздес» деп жауап беруі далалық жұмыстардың қиыншылығы мен қызығын бейнелеп, адам - далаға, дала - адамға айналғандай болады. Бірінші жақтан баяндалатын оқиғалардан Бақтығұлдың бейнесі менмұңдалайды. Шығарманың эпилогында туған даласынан аттанғандағы Батырбектің: «Мәскеуге кетіп бара жатқанда жүрегім туған ауылымда, өзім жұмыс істеген бригадамда қалып қойған сияқтанады. Студенттер арасында да көңілді. Сонда да совхоз даласында өткізген жылдарым аса ыстық. Сол күндерді қимаймын...» деп күрсінуі ататұрағынан алыстаған әр жанның кеудесінде көшетін, тұла бойыңды өртей жаздайтын сезім. Оны тек бастан кешкендер ғана сезіне алады.
«Сол бір бақытты кеш» туындысында өзге ауылға жұмысқа барған Баянғалиға ауыл бұзақыларының сес көрсетіп, өзінің билігін жүргізуді мақсат тұсқан сәттегі оның қарсы тұрған қайсарлығы оқырманды сүйсіндіреді. Тіпті алғанда, басына қауіп төніп, түн ішінде үйіне баса көктеп кіріп, өлтіре жаздаса да қаймықпай қарсы тұрған Баянғали - адалдықтың символы, қаһармандықтың үлгісі.
«Жайық толқындары» шығармасы қаламгердің көлемді дүниелерінің бірі. Сол шығармадағы сәбиінің өмірге келгенін ащы сумен тойлап, бір күн малға көңіл бөлмеген білікті қойшыларға ұрсып, машинасы мініп, тартып тұрған Берегеновтың іс-қимылын: «...Артында будақ-будақ шаң қалды. Түйдек-түйдек көтерілген шаң адуыңды бастықтың ашуына ұқсап көп уақытқа дейін ауада қалқып тұрды» деп сәтті суреттеген. Шығармадағы жас зоотехник Ақболаттың жастар арасындағы махаббат пен ауылдың берекелі тұрмысын көрген сәттегі: «Шіркін, дала адамдары, сендер неткен биік жансыңдар!» деп таңданысын бір-ақ сөйлеммен жеткізуі, кітапты толықтай оқыған оқырманның да кеудесінде үнсіз ғана айтылатын сөздер іспеттес. Алматыда өткен жас шопандар слеті, оған Ақболат бастаған қойшылардың баруы, олардың көрген қошеметі, тәжірибе алмасуы мен естіген жақсы сөздері еңбек адамына деген сол кездегі комсомол тарапына көрсетілген құрмет. Бүгінде ескерусіз қалған шопандардың сол кездегі комсомолдың қозғаушы күші екендігін жаңа ғасыр ұрпақтарының ендігі ұға алуы екіталай. Қойшылардың комплексін құру идеясы айтылғанда көз алдыңа далалық жерге шоғырланған қойшылардың өмірі еріксіз келеді. Тың идеяның жүзеге асатынына күмәндары болғандардың өзі кейін өкінішін жеткізуі және бұны жас зоотехниктің ұсынысы етіп көрсету жазушының келешекке деген сенімі, жаңа дәуірдің шұғылалы таңың сезіне алғандығы байқалады.
«Немере» әңгімесіндегі ұрпағы үшін үскірік боранды кесіп өтіп, ат шана үстінде ақ боранмен айқасқан әжесіне сүйсінген немересінің сауалына анасы Әдемінің: «Әжең біздей емес батыр ғой. Істеген ісінің бәрі ерлік пен ірілік» деп күрсіне жауап беруі дала адамына сөзбен ескерткіш қойғандай.
«Қойлы ауылдағы қарбалас» әңгімесі дала төсінде тұрақты түрде күнделікті қайталана беретін оқиға. «Ауыл маңы у-шу. Қозысын таба алмай маңыраған қой дауысы. Шөйт-шөйттеген қойшылар үні. Алыстан шақырған көкек дауысы, шырылдаған бозторғай әні, үйрек-қаз үні. Қиқу да қиқу, ызың-шу...» Бұл пейзаж – Құдайдың тірі картинасы. Бұны тек ауыл адамдары көре алады. Осы әңгімедегі жайылысқа кеткен қойлар арасында жыл сайын үш ен туып жүрген ақ құлақ қара қойдың шуын сүйретіп, қозыларын далаға тастағаны үшін кемпірін өлтіре жаздаған Дүйсекең ақсақалдың әрекеті оған араша түскен келіннің іс-қимылы көз алдыңа қойлы ауылдың комедиясын ұсынғандай-ақ. Балаларының тату-тәтті тірлігіне сүйсінген шешей шалына назын жеткізгендегі шалының: «...Ой, кемпір-ай! Өткенді еске алып қайтесің. Бәрі де жақсы болады. Бәрі де осы қара қойдың әлегі емес пе?» деп жауап беруі, екеуінің күбірлеп сөйлеп, күйбеңдеп шаруаларымен айналысып кетуі – қойлы ауылдағы қарбаласты дөп бейнелейді. Олардың күн сайынғы қайталана беретін қым-қуыт тірлігі – берекелі өмірлерінің бейнесіндей.
Жазушы даланың ескен желін, көшкен бұлтын, сылдырып аққан суын, ұшқан құсы мен жүгірген аңын, әр төбенің аңызы мен шежіресін тереңірек меңгеріп, еңбек адамымен етене байланыс орнатқан қаламгер. Ол газетке мақала жазуға емес әңгімелеріне кейіпкер іздегендей сезіледі. Сол үшін де шығармалары бір-бірімен ұқсас, кейіпкерлерінің мінездері де қарапайым, оғаш қылықтан ада, бір-бірімен қабысып тұрған ойлары бар алайда әр қайсысының көтерер жүгі мен салмағы бөлек, құдды рельс үстінде ақырын жүріп бара жатқан вагондар секілді. Ұзай береді, ұзай береді...

Көңілдегі күйініш, өзектегі өкініш
Бақтығұл бар бақытын шығармашылықтан тапқан адам. Нық жүріп, тік сөйлеп өмірден өткен. Мінезі ашық қаламгердің тұрмысы мен ойы, тұтастай алғанда психологиялық кеңістігі кейіпкерлерінің бойынан жиі кездеседі. Ол адамның өмірдегі, өмір сүрген отанының алдындағы парызын бәрінен биік қойған қоғамның парасатты өкілі. Ол - реалист. «Асқақ ұшып, абайлап та қона білген». Әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбек: «Жазушының өзі білмейтін тақырыпты жазуға отырғанда өте көп қателіктерге бой алдырады. Әрине, жазушының жарық дүниеде бардың бәрінен хабары бола бермейтіндігі табиғи нәрсе. Ал бұл олқылықтың орнын ол жазуға кіріспек тақырыбы туралы барынша көп білуге тырысса, соғұрлым жақсы» деген ой айтады. Бұл сөзді мысалға алудағы ой Бақтығұлдың шығармасына арқау болған тақырыптарын тереңірек меңгеріп алып, өзі басынан өткеріп барып жазғандығы ап-анық.. Өзінен кейін туған ұрпақтың сөзін Құдайдың тылсымы арқылы уақыттың алдынан шығып, оқып алғандай болады. Жазушы шығармаларындағы кейіпкерлер көп кеңістікке ұмтылмайды. Егістік даласы – Жайық жағалауы – Алматы шаһары - Махаббат машақаты. Осы төрт тақырыптағы шеңберлерді шыр айналып жүріп, шартарапқа ойын таратады, шұғылаға ұмтылады. Қаламгер әр шығармасын алыстан орағытып әкелмей, оқырманға бірден қайнарын ұсынады.
«Қайта оралмас көктем» әңгімесі тақырыбынан-ақ адамды өзіне баурайды. Рәзия есімді жас сұлудың махаббаттың бал дәмін татумен басталған әңгіме ақыр аяғы сорға айналарын сезбеген сәті. Ауласында ұя салып, ұрпағының қамын жасап жатқан қарлығашқа күле қарап, анасынның сауалына: «...Анау қарлығашқа күлкім келеді, апа. Әне, қарашы ұя салам деп әуре болып жүргенін. Өйтіп бейнет кешкенше әзір тұрған үйдің, тастардың қуысын мекен ете салмай ма. Ей, кішкентай ақымақтар-ай, әне қара, апа, кіп-кішкентай шыбықты алып келе жатыр, ха-ха-ха...» деген жауабы оқырманды әңгіменің аяғына жеткенде күрсініске жетелейді. Он тоғыз жасар ару түрлі соқпаққа кезігіп, өзі де қарлығаш құсап бейнет кешіп, амал етеді. Сол сәттегі алма ағашының түбін қопсытып жатқан әкенің бейнесі оның жанында жылдар өткесін қайта жаңғырып, қайта гүлдеп, түйнектей бастаған алма ағашындай болады. «...Көктемгі табиғат гүлге оранып тұр. Бірақ бақтың сонау кездегі көркі жоқ. Сонда да көктем белгісі бар. Жастық белгісі...» деген жолдар Рәзияның өмірін суреттеп тұрғандай. Ол да келешектен үмітті, ол да қайта гүлдеуге құқылы Құдайдың құлы. Табиғаттың да тағдыры адаммен ұқсас екендігін мұңлы ару енді ұғынғандай. Әңгіменің шарықтау шегінде алыста қалып қойған сол күндерді аңсап: «... Табиғат көктемі қайтып оралды, адам өмірінің көктемі оралмайды екен-ау» деп күңірегенгені өткенге деген сағынышы, елеске айналған ескі күнге деген аңсары. Күн көзіне қарап күлімдеп жатқан ұлын көргендегі автор сөзі: «Өмірдің қатал сырын әлі түсінбейтін сәби күлкімен мәз болады» дегені оқырманды шығарманың басындағы он тоғыз жастағы Рәзияның бақытты сәтіне жетелейді. Еріксіз ойға ақын Қасымхан Бегмановтың:
«...Құстар қайтар, әнімді айтар,
Ол көктем оралмайды» деген әнге айналған жыр жолдары әуезімен қосыла санаңда шырқалып, кеудеңдегі күңіреніп жатқан күрсіністі сезгендей боласың.
Бақтығұлдың «Мезгілсіз үзілген ән» әңгімесі тақырыбынан-ақ тағдырлы туынды екенін аңғартып тұрғандай. Жылдар салып топырағына оралған Сейсенді бір белгісіз күй мазалап, тынышын ала берді. Дөңбекшіп төсегінде тыным таппай, жадында алғашқы әнін тыңдай алмай кеткен ата-анасы мен жетімдікпен өткен күндері жаңғырады. Бәрінін бұрын оның құлағына жеткен сонау жылдардағы әндер көңілін құлазытып жібереді. Көз алдына Нұрзия сұлуы оралады. Осы сәтте ойға Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» шығармасындағы: «...Жақыннан... тым жақыннан қар қызының сыңсыта салған, мұңлы әні естіледі» деген жолдар сап ете қалады. Әңгімеде Сейсеннің жүрегінен күрсіне шыққан: «Апыр-ай, ә! Нұрзияның дауысынан аумайды. Жоқ. Оның даусында кіршік жоқ еді ғой. Мына дауыс аздап қарлығады...» деген сөздер оқырманды да бір күңірентеді. Жастар арасындағы махаббат әңгімесі, тамаша сәттер мен мезгілсіз қоштасу, сағыну, іздеу – шығармалардың дәстүрлі абзацтары. Алайда шығарманың орта тұсында басты кейіпкердің: «...Қайран, Нұрзия, бойындағы асыл қасиетті ардақтамай құрттың-ау» деп мұңайғаны, таңдауының құрбаны болған арудың ғұмыры оқырманға белгілі бола бастайды. Ажары қашып, әжім басқан сүйгенімен жолыққандағы Сейсеннің жай-күйі мен жабырқауы, өнері елге танылған ғашығын көргендегі Нұрзияның күйініші жүректі шымшып жібереді. Бір-біріне қарсы келген тағдырлар-ай. «...Тағдырым солай болған шығар. Сенің мұңың маған әнің арқылы күнде жетіп жатыр. Өз мұңымды да сенің әнің арқылы сыртыма шығарамын....» деп қасіретіне көндіккен тағдырлы әйелдің сөзі - жазушының жан дауысы. Ұлы өнер арқылы ғана үндескен тағдырлардың бақытты сәттері әннің әуезіндей қысқа, әннің нотасындай мұңлы. Шығарма соныңдағы: «...Әннің ұзақ созылатын жерінде келіншектің даусы жетпей үзіліп кетті. Әттеген-ай! Ән әрі қарай жалғаспады...» деген сөйлемнен Нұрзияның ендігі тағдырын оқырман өзінше бағамдай бастайды.
Бақтығұлдың шығармашылығына оң баға берген Қадырдың: «Әдебиетте, әсіресе үлкен прозада ой-пікірлердің қамтап жүруі міндетті емес. Реалисттік шығарма ондай ойға, жөнді-жөнсіз пәлсапа соғуға табиғатымен қарсы...» деген бір ойынан Ойшыбаевтың ойы мен әңгімелерін көруге болады. Оның «Өмір сәулесі» атты әңгімесі оқырманға әсер сыйлап, өмірде шешімі жоқ қиындық жоқ екенін меңзейді. Автор кейіпкерлерінің есімінде күрделендірмейді, кәдімгі қойлы ауылдағы кемпір-шалдың елеусіз ғана қоя салған есімдеріндей. Үнзила мен Әмірбек. Шығармада диалог пен монолог үшін қолданылған бір-екі кейіпкерден басқа ешкім жоқ. Екі тағдыр, екі есім. Екі жүрек бір бола алды ма ол жағы да белгісіз. Шығармаға оралсақ, Үнзила есімді аруды КазГу-дің үлкен залында «Достық және махаббат» тақырыбында өтетін кеш қызықтырып қояды. Көңілі алып-ұшып, сол жаққа баруға асықты. Қараңғылықта қапалы күн кешіп жүрген сұлудың бәлкім өмірдің сәулесіне асыққаны болар. Алайда алты сағатқа созылып түрлі шешен сөздер айтылып, өрнекті өлеңдер оқылған кеш Үнзилаға әсер сыйламады. Тек кеш бойы сұқтана қараған бейтаныс көз оның ойын билеп алды. Кеш бітіп, ақырын ғана үйіне асыққан арудың соңыннан ере келе жатқан аяқ дыбысы сұқтана қараған бейнедей елестеді. Сөйтсе, дәл өзі екен. Әмірбек екен. Шығармадағы қыздар арасындағы диалогтар дәстүрлі бағытта өрби жөнеледі. Танысады, пікірлеседі, бейтаныс жанды сөзбен түйрейді, тағысын-тағы... Алғаш танысқандағы жайдарлы жүзі жадынан кетпейді. Аруды жігіттің ізеттілігі мен әдептілігі елең еткізіп, өзі опық жеген ескі махаббатына ұқсатпайды... Ол жалғыздықтан қашады. Жалғыз қалса жауапсыз ойлар жегідей жейді. Сол үшін де жігітке айтқан тосын ойларына ол қапаланады. Екеуі бақ ішінде серуендейді, қар басқан Алматы көшелерін аралайды. Шығармадағы: «Алғашқы ақша қар жауған күн: бүкіл дүние ақ мамыққа оранып үлбірей қалыпты. Жас шыбықтар ақ жібектен көйлек киген қыздай майысады» деген ой арудың кірленген көңілін, тапталған арын бейнелейді. Бұл тұстаға ақ қар – кірбің түскен көңілдің антонимы. Ақ қарды ұстап, кесіп ала жаздаған Әмірбекке: «Қозғалмашы, баспашы ақ қарды. Қарашы, Әмірбек, неткен сұлулық! Бетінде титтей де дақ жоқ. Қалай дәтің шыдап аяғыңмен басасың оны. Адамдардың жүрегі де дәл осындай кіршіксіз болса ғой...» деген Үнзиланың оқыс ойы жігітті селт еткізеді. Тосын ойдың артында тағдырынан таяқ жеген тал шыбықтай сұлудың тұрғанын аңғармады. Жігіттің желік көңілмен сұлуды ақ қарға теңегені, оның өз-өзінен жиіркеніп, «мен емеспін» деп тұра қашқаны, жатаханада есесі кеткен жылдарды ойына алып, арын таптаған Қарсақбайды тілдеуі өзге де оқиғалар дан оқырман ақыры не болады екен деген алаңдайды. Арадағы үнсіздік, мезгілсіз жолығулар, уақыт салған жара жандарын жүдетеді. Әмірбектің өзгеріске ұшырап, жүдеген жүз-жанарына себепкер «мен екенмін ғой» деген ойлар Үнзилаға үміт сыйлады. Себебі ол әлі де өмір сәулесінен үмітті еді. Сезім сыйлаған жігітінің ауылға аттанар сәтінде қимастықпен шығарып тұрып, кезігер күндерін асыға хабарлап, қоштасады. Тек Үнзиланың ойына оның бақытты жүзі, алғаш би кешіндегі күлімдей қарағаны орала берді. Екеуі де бақытты еді... Шығарманың: «...Жасылдан көйлек киген жазғы Алматы қандай сұлу! Жасыл жапырақтардың бәрі Үнзиланы сыбырлап қана құттықтайды. Айнадай жарқыраған алфальт көшеге Ильич шамының жарығы сәуле түсіріп тұр. Үнзиланың болашақ өмірінің сәулесіндей...» деген соңғы абзацы көңілге қуаныш пен үміт сыйлады. Әр адамның өмірде бақытты болуға құқысы бар Құдайдың құлы екенін жеткізіп тұрғандай...
Образдың уақыттан, өмір сүріп жатқан кеңістігімізден жырақ кетпейтіні секілді жазушының кейіпкерлері өмірден алыстамайды, өзі сүрген дәуірдің портреті. Қадыр Мырза Әлінің: «... Тапқырлық дегеніміз тың теңеу ғана емес. Оның жайылымында шек жоқ. Уақиға, композиция, деталь кейде, тіпті бір ғана сөзің өзі тапқырлықтың көрсеткіші бола алады» деген ойы бар. Қаламгердің «Мүгедек» деген оқырманды елең еткізетін деталы тапқыр табылған әңгімесі бар. Оқиға иығымен қағып өтіп, үстемдігін көрсетсе де «кешіріңіз» деген бір жылы сөз үшін ұмыта салатын уақытта болған екен. Өткен күннің осы бір жылылығы мен ізгілігін бүгінгі жұрт аңсайды. Әңгіме вокзалда бір-бірімен көптен көріспеген ауылдас достар Қисықбай мен Мақсаттың абайсызда қауышуынан басталады. Сол қолын ұсынған Қисықбай әрекетіне шамданған Мақсат ащы судың әсерінен бе белгісіз есіне бала күнгі екеуінің төбелескені түсіп, Қисықбайға жұдырық ала жүгіреді. Алайда сәтсіз сермеу, достардың оны арашалап алуы, кейін олармен төбелесуі, есінен танып, вагондағы төсегінен ұйқысынан ояуы – Мақсат үшін ұзақ күн секілді. Оның ойында - Қисықбайдың сол қолымен амандасуы. Бұл сұрақ оқырманды да тақырыптың атауынан шеті көрген бір ойды меңзесе де, мазалайды. Себебін біліп, кешірім сұрауды ойлаған «бұзақы» дос ескі досын іздей жөнеледі. Келесі вагонның тамбурында шылым шегіп тұрған Қисықбайға қолын ұсынып, кешірім сұрағанда, қалың ойдың құшағында, мазасыз сұрақтар мен ойларға көміліп тұрған досының кек тұтпағанына қайраң қалады. Сол қолымен иығынан ұстап пейілін көрсеткенде, оң қолы жоқ, мүгедек екенін көріп, жүрегі мұздап кетеді. Өзі-өзі жазғырып тұрған Мақсат пен өз-өзінен жеңіліп, шөгіп тұрған Қисықбай оқырманды ойландырады. Қисықбай неге мұңайды, ол неге мұңлы?.. Бұл сұрақтың жауабын досына сырын ашып мұңданған мүгедектің сөздерінен іздейді. Ащы судың кесірінен төбелесіп, қақаған аязда көшеге түнеп, оң қолынан айырылып, туған жеріне баруға дәті шыдамай жүрген Қисықбайдың өкініші-дерті өзекті өртейді. Ауруын жасырғысы келсе де анасының: «Еркек кіндік болып туғаның рас болса, елге қайт» деп жылағаны жадынан кетпей, ақыры ауылға аттанып бара жатқан Қисықбай мүгедектіген налымайды, ел-жұрттың мүсіркей қарайтын көзқарасынан қиналады. Ол көзқарас оны туған жерге жақындатып емес жырақтатып бара жатқандай... Өршелене шегілген темекі, ішілмей қалған рюмкадағы коньяк, үнсіздік құшағындағы достар бәрі-бәрі мәнсіздікті, белгісіз болашақты меңзеп тұрғандай. Қос вагонға тұрақтаған қос тағдырдың бағыты бір, қайғысы басқа. Тек қана алға жылғып, зулап бара жатқан пойыз ғана өмірдегі өз миссиясын анық орындап бара жатқандай.
Кейіпкерлері болып сөйлегің келеді...
«Өмір белестері» жазушының көзінің тірісінде атауын өзі қойған кітап. Мұқабасы қара қаптамамен қапталған кітаптың негізгі түсі қоңыр түсті. Кітап мұқабасындағы сарғайған күзгі дала, ол даланың егін үшін жыртылуы, ауыр техникалар және бір бағдарсыз көлік жолының ізі және арғы жағы оқырманға құпия төбе автордың өмірі жайлы хабарлап тұрғандай көрінеді. Себебі жазушының өмірі сондай егін даласыңда, еңбек адамдарының арасында өткенін, көк түсті ашық реңді аспанның келешектен үмітін, ал бұралаңдаған жол оның тағдырын суреттеп тұрғандай. Ал төбенің арғы жағында беймәлім әлем қаламгердің ішке жасырған құпиясындай, тек оны шығармаларын оқу арқылы көре аласындар деген ойға жетелегендей. Кең даланының құшағында жан баласының бейнесі көрінбеуі оның жалғыздығын, жанының дерті мен мұңың меңзегендей. Бұл суретке оқырман әр түрлі ракустан қарап, әр түрлі әсер алуы - қаламгердің бір ерекшелігі... Автор шығармаларындағы кейіпкерлердің образы, ой-деталдары күрделіден қарапайымдылыққа қарай жылжиды, алғаш оқығанда біртүрлі оғаш көрінгендей болады. Ол кейіпкерлеріне ауыр тағдырды ұсынбай керісінше жалпы адамзат кеше алатын қиындықты өлшеп береді және шешімін де оқырман арқылы ұсынады. Жазушы шығармалар арқылы кейіпкерді емес оқырманды сөйлетеді. Оқып отырып, кейіпкер атынан үн қатып, кейіпкер болып ойланып, кейіпкер болып сөйлегің келеді... Бұл жазушының өзі құралпы қаламдастарының арасындағы дәстүрлі психологиялық ойларды, саяси мәселелерді кейіпкердің ауызына салатын үрдісті бұзғандай болады. Біз білетін Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбек, Бердібек Соқбақбаев олардың жалғасындай болған Төлен Әбдік, Дулат Исабековтердің шығармаларындағы кейіпкердің азаматтық көзқарасы Бақтығұл шығармаларында көп ұшыраса бермейді, кезіккеннің өзіңде де атүсті, жанамалап өте шығады. Бұл сөзді жазушымен жақын таныс Қадыр Мырза Әлі: «...Өзінің әдеби дәрежесіне әлі де болса аздығына қарамай, батыл-батыр әрекет жасап, кейіпкерлерін аса қиын да күрделі жәйттардың қайнаған ортасына әкеп салып, сыннан аман алып шығады...» деген ойы пікірімізді бекіте түскендей. Автордың «Қара нан» әңгімесіндегі оқиғалардың тез-тез ауысып, Әмина әжейдің бастан кешкен тағдыры толық ашылмайды. Абзацтары нақты берілмей оны қуаттай түсінетін өткен шағы, ойлары болмағасын оқырман өзі сөйлей, ойлай жөнеледі. Келінінен көрген кесапатты оқып отырғанда оқырманның әжейдің өзі қандай келін болды екен деген сауалдар ойына ақырын орала қалады. Сол шығармадағы бір үзім нан мен сүтпен ұлын асырап, жанын аман алып қалуы адам ретінде үлкен жанкештілік. Ал оқырман кейіпкер ретінде бұл бейнетті сезіне алу үшін сол сәттерді өзінше кеңінен суреттеп, оны кейіпкердің аузына салып, кейіпкер болып ойлана жөнеледі. Аштық уақытында әжейдің жирен шашты татардан көрген мейірімді оқырман өзін әжейдің орнына қойып, мейірімге бөленіп отырғандай болады. Тіпті, татармен ортақ диалог құрып, екі ұлттың арасында әлеуметтік жағдайларды оқырман өзі құрай бастайды. Ал «Сәнеш» әңгімесіндегі кинотеатрға билет алып екі жігіт бір қыз «үйлесімсіз үштік» болып бара жатқанда оқырман бұл қалай болады екен деп ойда болады. Шығармалардың тіпті алғанда өмірдің заңдылығы бойынша «үштік одақтың» қай-қай жағынан алғанда қателік екені ап-анық. Шығарма соныңда Жақсылықтың Сәнешпен қоштасып, жол жүріп бара жатқаны айтылады. Оқырман тағы да Жақсылықтың санасына, шығармадағы кейіпкердің аузына қоштасудың қиының, өткен күннің құшағындағы тәтті елестерді, сезімнің сергелдең күйін, таңдауы мен тағдырын салып, өзі қоштасқандай күй кешеді. «Намыс» деген әңгімесі Сағынбай мен Сәбиланың арасындағы үнсіздік шығарманың шиеленісуіне әкеледі. Күйеуіне қарағанда әйелінің танымал еңбек адамы болуы күйзелікке ұшыратады. Оқырман қанша тынымсыз еңбек етсе де елдің сөзі үшін запа шеккен Сәбила болып мұңаяды, ер азамат ретінде әйелінен төмен тұрған Сағынбай болып намыстанады. Тіпті іштей күбірлеген дауыс Сағынбайдың санасына әйелдің еркіндігін, әйелдің қоғамның бөлшегі екенін, оның да отбасын асырауға үлес қосуға құқылы екендігін жеткізеді. Автордың «Алыстан көрінген от» повесіндегі жас сұлу Айнұрдың өмірден көрген қиындығы мен некесіз сәби сүюі, жадынан әкесінің «арыңды таптатпа» деген өтініші еріксіз орала беруі, оның бақытты болуға деген үміті мен жігері шығарманың оқырманға салар ойы. Әр қиындықтың артында сәулелі сәт болатынын, оның қиындық кезінде алыстан көрінген оттай болатынын жеткізеді. Бұл шығарманың барысында да оқырман Айнұрмен бірге күңіреніп, Айнұрмен бірге мұңаяды, Айнұрмен бір шуақты таңға асығады. Шығарма барысында автор кейіпкерлеріне сол дәуірдің әлеуметтік мәселелерін мейлінше ұсынбауға тырысады. Кейбір ой-детальдармен жылт етіп көрінген, қаламгердің шеберлігінің арқасында жоғала жөнеледі. Осы тұста Жүсіпбек Аймауытовтың: «Адам өзін-өзі сынау үшін қаққа жарылуы керек. Өзін сыналатын заттың орнына қоя білуі керек» деген сөзі еске оралады. Біздің бұл сөзіміз жазушының кемшілігі деп қарауға шақырмайды керісінше оның жазушылық шеберлігі, ұтымды тұсы, қажет болса қолданған әдіс-айласы деп қабылдауға үндейді. Шындығына келгенде, кітапты оқуға ұсынған автор оқырманменде жұмыс жасап, оқырманды да кітапқа баурап алу керек екендігін білуі қажет. Қадыр Мырза Әлі: «Шып-шымыр, шым-шытырық оқиға оқырманды уысынан босатпай, аяғына дейін ұстап отырады. Мұндай әңгімелерді түгел оқып шыққанша бұл дүниені қалай ұтымды аяқтар екен деп авторға жаның ашып, бүйрегің бұрумен болады» деп дәл бағасын берген екен.
Жайықпен жаны үндескен
Әмірхан Балқыбектің: «Егер автордың қандай адам екенін білсеңіз, бұл сізге шығарманы түсініп, бағалауыңызға көмектеседі» деген ойы көңілге қонымды сөз. Бақтығұлды тани алған адамның оның шығармасында бірден аңғарары анық. Ол кейіпкердің тағдырына, бүгіні мен келешегіне алаң болып, күйіп-піседі. Ол сол арқылы өзінің жастығы мен балалығы өткен Жайықты қаламына арқау етеді. Жайық болып толғанады, Жайық болып тасиды, Жайық болып жайраңдайды, Жайық болып қамығады. Әр кейіпкерін өзі жүрген жағамен жүргізуге ұмтылады, өзі сүйсінген өзенге елітеді. «Жайық толқындары» деген атаумен повесті де жазды. Сол шығармада Ақболат пен Райгүлдің өзен жағасында серуендеп жүріп, айлы аспанға көз тастаған Ақболатқа: «...Осындай кешкі уақытты «Жайықтың жазғы ақ түні» деп атаса болады-ау» деген кеудесінде көшкен сөздерді кейіпкерге қия салады. Қаламгер бұл туындысын өзі еңбек еткен Тайпақ өлкесіндегі жылдарда жазған болуы мүмкін. Жайықтың көктемгі кездегі бейнесі суреттеліп, арғы беті мен бергі беті айтылған тұстан өзге жерде Жайық жайлы сөз қозғалмайды. Алайда шығармадан Жайықтың толқындарынан ескен самала жел жүзіңді өбіп тұрғандай болады да тұрады.
Жазушының «Айтылмаған наз» деген әңгімесі көңілге ұнамды шығарма. Оқуды жаңа аяқтаған жас ару Әнзила мен елдің серісі Сатан арасындағы айтылмаған сыр, сезіндіре алмаған сезім, бірге бола алмаған бақыты сәтті суреттеледі. Бір-біріне деген сезімдері бола тұрса да білдіре алмай, жасыра да жария да айтқан қыз жүрегінің үніне құлақ аса аспаған Сатан соңыңда опық жейді. Олардың айлы түнде қыдыруы, кино мен жиын-тойларда ғашықтардай жұп болуы, ел ішінде оларды «үйленеді» деген алып-қашпа сөздің жүруі де қос жүректің қатар үндесуіне әсер ете алмады. Бір сәтте Әнзиланың Сатанның өзгеге қосылатын естіп, жабырқауы және ол жауапты баянсыз бағынан естуі ауыр тиіп, өзі де басқа жігіттің етегінен ұстап кетуі жас тағдырлардың таңдауы мен келешегіне кесірі тиеді. Шығарма барысында автор жас жүректерді Жайықтың жағасында серуендетіп, сыр айтқызады. «...Сатан мен Әнзила өзен ағысына құлақ қойғандай үнсіз. Екеуі де жұлдыздардың судағы суретіне қарайды. Сансыз жұлдыз су астынан жымың-жымың етеді. Бейне жұлдыздар су астына түсіп кеткендей. Қарсы беттен балық ойнады. Жайық беті толқынданып, су астындағы көп жұлдыз шайқалып кеткендей болды» деген сөйлемнен олардың ендігі ғұмырлары көрінгендей. Көп жұлдыз – кеудедегі сезім, кенет ойнаған балық - шырмалған шешім, шайқалған су - тыныштығы бұзылған өмір. Әрі қарай мағынасыздыққа құралған сөйлемнен баянсыз бақыттарын оқырман өзі ұға қалғандай. Әңгіменің әр сөйлемінен ішкі дауыс естіледі. Ол дауысты тек басынан «айтылмаған назды» кеше алғандар ғана ести алатындай.
Жайықтың толқындары - жылдарға жұтылмаған ұлы көш, ғасырлар құбылта алмаған ұлы мұрат, дәуірлер дабысынан үркіген ұлы дүбір. Автор бұны айқайлап айтпаса да көркем туындыларымен үн қатады.
Бақтығұл Ойшыбаевтың шығармалары өз оқырманын әлі толық таппаған көркем дүниелер. Ол Алматыда білім алып, Алатауды көрсе де өзінің атамекенінен кетпеген және өлкеде жүріп-ақ көркем шығармаларды кеңінен жаза алған жазушы. Оның бір сөмке қолжазбасының пойызда жоғалуы көңілге өкініш сыйлады. Оның ішінде бұдан да ғажап, бұдан да көркем туындыларының болуы ықтимал. Толықтай парақтап болған оқырман қаламгердің қысқа әңгіме жазуға қабілеті жоғары екендігін аңғарады. Көп сөзден қашу арқылы ондықтағы ойды ұсынғандығын сезеді. Суреттеуге сараң, диалогты қаламайтын, кейіпкерлерін тұлға жасауға ұмтылмайтын, саяси және адами көзқарастарын оқырманға ұсынбайтын жазушының тұтас шығармаларында бір өкініш, өткенге деген сағыныш, қол жетпеген аңсар сезіліп тұрады. Бұл күй Бақтығұлдың бақытсыздығы емес Жайықтың жағасында жалғыздық кешкен жан сезімі.
(Суреттер әлеуметтік желіден алынды)
Меңдібек ЛҰҚПАН
