«Если б мог по луне
гадать я»
Федерико Гарсиа Лорка
испанның ұлы ақыны
«Стиxи могут даже луну заставить с неба спуститься»
Ян Парандовский
Еуропаның әдебиет зерттеушісі
Бұл әлемдік ұлы тұлғалардың бірі ақын Гарсиа Лорка сағыныштан «Айға қарап бал ашсам ғой мен» деп жырласа, Ян Парандовский «нағыз ақын қанатты жырымен Айды жерге түсуге мәжбүрлейді» дейді.
Ал, біздің Әділбек ақын «Бітер Ай бояуына сіңдің барып» деп жырлайды. Шынында, Әділбек Ыбырайымұлы қазақ топырағындағы ешкімге ұқсамайтын ақын. Оның әлемі күннің нұрындай сансыз бояудан тұрады. Көктемде жүрегі бүрлеген, көкірегі гүлдеген ақын бірде асқар тау боп асқақтаса, енді бірде айдын көл боп тебіренеді. Оның ақындық шабыты өзінің музасын «Бітер Ай бояуынан» іздейді. Ол:
Құбылтты көңілімді
Алаң кіріп,
Тұмшалап
Келе жатты даламда ымырт.
Мүжілген Ай астында
Жалғыз ұштың,
Осылай
Діңкем менің қалам құрып, – дейді.
Бұл – бір сәттік көңіл-күй. Ақын жаны ұшқан құстың қанатымен ілесіп көкке ұмтылады. Шексіз кеңістікте қанаттылардай еркін самғасам дейді. Ақын шабыты қарабайыр тірлікке тәуелді емес. Ол көктемде айдынына оралған аққулармен мұңдасады. Алланың он сегіз мың ғаламының сансыз нұры құйылған, жер ғаламшарының көкжиегін көктей өтіп, ақындық музасын «Мүжілген Ай астында жалғыз ұштың» деп уайымдайды.
«Мүжілген Ай астында» жалғыз ұшып жүрген ол кім?! Ол – ақынның сағынышы, өкініші, шалқыған сезімі. Оны ақын ымыртта жалғыз ұшқан құс бейнесінде көреді.
Хас шайыр Әділбек Ыбырайымұлының кеңістігі кең. Оның ақындық әлемі шексіздікке тіл қатады. Ол өзін тебіренткен, толғандырған сезім сиқырын қол жетпес биік арман бейнесіне балайды. Бейнелі тілмен айтқанда, ақынның арманындағы аяулы бейненің (образдың) «Бітер Ай бояуына сіңуінің өзі» тағат-төзімнің таусылғанынан xабар береді. Яғни, Әділбек ақынның дүниені қабылдауы мүлде басқа, ерекше. Ақын болмысы бөлек. Оның шығармашылық әлемі күрделі, күре тамырды кернеген ақындық сезімі мен қуаты шексіз. Сондықтан да, ақын Әділбек Ыбырайымұлының тұлғасы дара. Оның ақындық қарымында өзі туып-өскен Жетісудың жеті өзенінің арқырап атойлаған ақжал ағысындай ішкі қуат бар, ақындық мінез бар.
Жамылып
Бітер Айды құбыла асқан,
Шынымен,
Сол жалғыз құс,
Сен бе екенсің?... – деген жолдар ақын әлемінің жұмбақтығын, көркемдігін, парасат биігін көрсеткендей.
Қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлының ақындық әлемінің ұстыны берік, руxы биік. Яғни, Әділбек тебіренісі терең, азаматтық тұлғасы кемелденген ақын.
P.S.
Біз Әділбек ақынның бір ғана өлеңінен алған әсерімізбен бөлістік.
Зайда Елғондинова
ЖҮРЕКТІҢ САЗЫНА СЕН АЙНАЛҒАНСЫҢ...
Көңілді айдалаға
Алып қашып,
Аққу-қаз, айдынымда қалықта ұшып.
Кешкілік
Алагеуім шақты әсем ғып,
Назыңды мұң ілескен танытпа ашық.
Алыстан саз шығады
Бір ескілік,
Қаңқылың шадыманды тұр естіліп.
Байлайсың
Арманымды қанатыңа,
Сезімді сүдініңе
Ілестіріп.
Жоқтығы әттең, әттең
Қолымда ырық,
Соңыңнан қарап тұрмын сорым құрып.
Төбеден
Қадалады бозамық Ай,
Аймалап, сүттей нұрға
Шомылдырып.
Елжірей уылжимын
Шаққа мына,
Қанатты кербез тастап,
Қақ тағы да.
Еркелеп,
Мәңгі-бақи ұшып жүрші,
Атпасын сұғын қадап, жат тағы да.
Аққу-қаз
Айдынымды мекендеген,
Қатерден сақтасыншы төтен кеген.
Жүректің
Сазына сен айналғансың,
Ешқашан
Бере алмаймын
Бөтенге мен.
ӘЫ
2017 жылғы 4 сәуір, сағат 12.08
ҚИЯЛЫМ БАРА ЖАТЫР БІРГЕ ІЛЕСІП...
Көңілдің қылын шертіп астаң-кестең,
Қаз ұшып бара жатыр
Аспанда өскен.
Жарасып,
Толған айдың айдынында,
Сәттерді еске салдың
Бастан кешкен.
Мамырдың
Сыбырлайды мамық кеші,
Даланың маужырайды
Алып төсі.
Сен менің қайрылмаған
Бақытымды,
Үніңмен
Қаңқылдаған алып кеші.
Қайда ұштың,
Аққу-қаздар,
Текті құсым?
Уылжып, сені көріп кетті де ішім,
Алаңдап, қарап тұрмын.
Барасыңдар,
Қақ жарып мына ымырттың көк пүлішін.
Тербетіп күллі зеңгір наз, наласын,
Қалықтап,
Қол жетпесте мәз боласың.
Соңыңда салым құрып,
Қалып барам,
Ұшуды
Алла маған жазбағасын.
Өмірде
Ұша алғанның бар ма арманы?
Тірлікте түсініксіз
Заңдар мәні.
...Қиялым бара жатыр бірге ілесіп,
Қанаттар сусылына заңғардағы.
ӘЫ
2017 жылғы 5 мамыр, сағат 10.44.
БІТЕР АЙ БОЯУЫНА СІҢДІҢ БАРЫП...
Қызарып кеш батады
Дел-сал өңмен,
Алдымда жатыр кербез көл сәнденген.
Жан-жағы көкжиектің
Тұйықталып,
Қошқыл боп
Бара жаттым мен сәулеңнен.
Құбылтты көңілімді
Алаң кіріп,
Тұмшалап
Келе жатты даламда ымырт.
Мүжілген Ай астында
Жалғыз ұштың,
Осылай
Діңкем менің қалам құрып.
Көңілді
Ніл басады шалықтаған,
Салмақты
Алай-дүлей салып маған.
Бітер Ай бояуына сіңдің барып,
Қанатың
Көз алдымда қалықтаған.
Көрермін мұң-қаяудың
Мен көкесін,
Үніңе саз ілескен шөлдетесің.
Жамылып
Бітер Айды құбыла асқан,
Шынымен,
Сол жалғыз құс,
Сен бе екенсің?..
ӘЫ
2017 жылғы 5 мамыр, сағат 18.18
АҚ ШАПАҚ ШАШЫЛАДЫ...
Айна көл
Дірілдейді таң нұрына,
Ақ шапақ шашылады
Барлығына.
Аққу-қаз айдындағы қанат сермеп,
Ырзалық білдіреді
Тағдырына.
Су менен шұғылаға,
Шомылады,
Ерке құс сел-сезімге жолығады.
Айдыны
Аман болса жылда келер,
Көк аспан – тілеулесі,
Соны ұғады.
Көл беті
Шаттық кернеп тербеледі,
Көңілдің күй тартады
Пернелері.
Не деген,
Ата қоныс,
Ыстықсың сен,
Осы көл мамырында жөргегі еді.
Алты ай қыс
Жылыстады арада нақ,
Жалтырап
Ақ күмістей барады алап.
Ең алғаш
Көтеріліп әуеге ептеп,
Болғаны осы жерде қара қанат.
Отанға қайта оралды
Жұртын ертіп,
Көкейге сағынышын жүр түнелтіп.
Аққу-қаз
Ұмтылады Күнге қарай,
Тербеген шаттығының
Шырқына елтіп.
ӘЫ
2017 жылғы 5 мамыр, сағат 22.12
БИ БИЛЕП СЫҢАРЫМЕН...
Көркем көл түніменен сайрандатып,
Таң ата мүлгіп кетті,
«Қайраң» батып.
Сәлден соң көтерілді шапақты Күн,
Әлемді
Ақ сәулемен жайраңдатып.
Айдынның айна беті нұрға елтіген,
Білінер табиғаттан біркелкі дем.
Қаз ұшып, үйрек қонып, шағала шат,
Сан түрлі үн шығады –
Жыр көлкіген.
Шеткері қос аққу-қаз
Сыланады,
Туған жер майсасына қуанады.
Жұптасып ғұмыр кешті
Алғашқы рет,
Ата жұрт бекітеді бұғананы.
Сезім боп
Көкірегін керген лепті,
Шағына қосып қойды ең көрнекті.
Би билеп,
Сыңарымен айдынында,
Шарқ ұрып,
Қалықтайды жер мен көкті.
Оларға бұйым емес
Қия, қашық,
Еркелей ұшар көкте жиі «адасып».
Қанатты болғаннан соң арман басқа,
Сыңары кейде қалар ұябасып.
Қамысы
Жағалаудың селдірейді,
Табиғат перзентіне кергімейді.
...Аққу-қаз махаббаты
Ынтық, ыстық,
Айна көл айдынындай мөлдірейді.
ӘЫ
2017 жылғы 6 мамыр, сағат 19.12
ҚОС ҒАШЫҚ СЕЗІМ ТЕРБЕП...
Жанының иі балқып,
Шымырлаған,
Ес кетіп,
Ештемеге бұрылмаған.
Қос ғашық
Сезім тербеп,
Қалықтайды,
Бірінің бірі танып, сырын аған.
Ешкім де,
Ештеме жоқ –
Айнала маң,
Билеген соқыр түйсік...
Қайдағы алаң...
Салады сыбырлаққа
Тілдескендей,
Бір-бірін аққу-қаздар аймалаған.
Майсасы
Майда желдің
Майдай жаққан,
Қосқан үн естілмейді
Айғайға аттан.
Тербейді
Сүйіспендік киелі би,
Көрген көз кескініне
Таңдай қаққан.
Шым етіп,
Жүрек тұсым бебеулеген,
Таппадым
Ұтымды сөз теңеуге мен.
Есіме
Оралады
Сондағы кез,
Әппақ Ай,
Әппақ ару...
Селеу белең.
Барады
Қашып бойдан
Әл, дегбірім,
Алдында шын сезімнің
Пәрменді кім?
Иітіп алпыс екі тамырымды,
Жанымды
Тербетеді
Әлдебір үн...
ӘЫ
2017 жылғы 6 мамыр, сағат 22.44
ҰШАТЫН АҚҚУ-ҚАЗДАР ЖҰП-ЖҰБЫМЕН...
Қараймын
Көк айдынға пейлімменен,
Әсершіл болып кетем
Кей күнде мен.
Күн ару
Өзі кетіп қырдан асып,
Арайын қалдырыпты
Меймілдеген.
Жамылып,
Бейбақ жалған шұғыла-нұр,
Қарады дүниеге
Құбыла бір.
Мың түрлі
Әуен естіп құс үнінен,
Еліте үңілемін
Сырына іңір.
Таласып,
Жарық-күңгірт алысқан шақ,
Дірілдеп көл бетінде
Қамыс, моншақ...
Тұрасың бір сәттерде
Дел-сал қалпы,
Қайдағы
Қиялыңмен
Алысты аңсап...
Жан қайда
Аялауға құмбыл, есті,
Білмеймін қай күндері
Кімге ілесті?
Таласқан
Бақытым мен шаттығыма,
Есіме сала берме,
Мұңды кешті.
Көл ме әлде
Кіреуке ме
Көзге көлкіп,
Дүние
Шымырлайды сөзге дертіп...
Ұшатын
Аққу-қаздар жұп-жұбымен,
Ілесіп
Кетпесе екен
Өзгеге елтіп.
ӘЫ
2017 жылғы 7 мамыр, сағат 11.11.
СҮДІНІ НЕТКЕН СҰЛУ...
Тірлікте
Ұшырасар әрқалай күн,
Ұйыды
Тамылжыған шалқар айдын.
Ақ сәуле құйылады
Шаттық шашып,
Ашылған
Түндігіне жан сарайдың.
Аққу-қаз тербеледі
Толқынменен,
Сүдіні
Неткен сұлу қол тимеген?
Қудай боп
Кербездене сыланған қыз,
Болатын күлкің де – өлең,
Шолпың да – өлең.
Ай құлап,
Айдынына
Заңғар көктен,
Асқақтап керісінше
Арман кеткен.
Қалқыған
Ақ нұр шомған су бетінде,
Тым қымбат
Сол аққу-қаз бақ-дәулеттен.
Кездесер түз-тәңірге
Қай бір уақап?
Келмейді
Италадай сай-жыра тап.
Қайырып
Тал мойынын жотасына,
Сертшіл құс ұйықтап кетті жайбырақат.
Ұйықтатпай
Мазалар ой кімді нендей?
Тыңайтар ештеме жоқ түнгі демдей.
...Күзетіп
Періштенің тәтті ұйқысын,
Дүние
Демін тартып,
Мүлгігендей.
ӘЫ
2017 жылғы 8 сәуір, сағат 11.34
ЖЫР ҚАЛСЫН МЕНЕН ДЕ БІР ӨЗІҢ ЖАЙЛЫ...
«Төлегені өлгенмен
Ұлы жырдың алты қазы қалған-ды...»
Жұмекен Нәжімеденов
Ескіден
Үзілмеген сарын қаған,
Жасаған өмір үшін
Бәрін ғалам.
Сезімтал,
Аңғарымпаз құс төресі,
Отанның төріне кеп
Мамырлаған.
Үні бар сағыныштың
Сыбырында,
Мұңы бар
Әрбір оның қыбырында.
Жібектің махаббаты
Қалып қойған,
Айнымас
Серті болып ғұмырында.
Салмайды
Ештемені ол көлгірлікке,
Байланған
Ару-жандар жер кіндікке
Айдыны кіл сезімнің
Тербегендей,
Қалқиды
Күміс-жауһар мөлдірлікте.
Көңілді жарқ еткізіп
Тұлғасымен,
Сезімді
Тулата алған сұлбасымен.
Ақ нұры
Жаратқанның мөлтілдеген,
Айдынға
Аққу-қазды
Шын ғашық ем.
Тым кербез
Тәкапарлау қылпың маған,
Жүрек пе –
Әсемдікке ұмтылмаған?
Жыр қалсын
Менен де бір өзің жайлы,
Еркесі
Көк пен жердің
Сұңқылдаған....
ӘЫ
2017 жылғы 9 мамыр, сағат 11.11
ШАРҚ ҰРЫП КӨККЕ КЕТТІҢ...
Шарпысқан ала-құйын шағымды іркіп,
Келгенде
Күте алдым ба
Сағындыртып?
Біреулер мылтық атты
Айдыныңа,
Алдыңда, аққу-қаздар,
Арым жыртық.
Кенеттен
Естіп қалдым бірер үнді,
Жасытып,
Көңілім мен жігерімді.
Қараудың тірлігінен
Ажырата ал,
Мендегі
Өзің деген
Жүрегімді.
Шарқ ұрып,
Көкке кеттің тобыңменен,
Жүрегің шайлықты ма қонуға емен...
Әттең-ай,
Қара ниет жасырынған,
Көзіме көрінсе ед-ті ...
Қолында өлем.
Құжынап,
Қорғалжыңның құсы қалды,
Жалғыз оқ –
Тынштықтың мысын алды.
Адам ба, айуан ба мылтық атқан,
Мен тұрмын түсіне алмай
Ісіне әлгі.
Қанатың шағылысып Күнге көкте,
Қайта орал,
Сені аңсаған күйгелекке.
Жаманның жақыбайы – шырық бұзды,
Қайрылмай
Айдыныңа
Мүлде кетпе.
ӘЫ
2017 жылғы 9 мамыр, сағат 14.41
КӨМЕДІ КӨҢІЛІМДІ КҮЛГІН БОЯУ...
Көк, күлгін
Өң мен түстің арасында,
Айналып
Әппақ тұлғаң жарасымға...
Қалдырып
Айна көлде діріл бейне,
Асығыс қанат қағып
Барасың ба?
Қу жүрек
Әлденеден шымылдаған,
Бір түрлі мұң тастайды
Мұның маған.
Дүрк етіп көтерілген
Бағым ба екен?
Жоқ әлде
Бақытым ба бұрылмаған?
Қайда ұштың,
Аққу-қаздар,
Текті құсым?
Бір барлап келмекпісің
Көк тынысын?
Шіркін-ай, қандай жақсы
Аспанда өскен,
Аспан-құс
Аспанына кетті ме шын?
Ғажайып
Ұшар көкте самғағаның,
Қиялды заңғарлармен
Жалғағаның.
Арбалып
Періштедей ақ сұлбаңа,
Қоғаның
Арасында
Дал боламын.
Жүрегім
Дегбір таппай өртенеді,
Арман-құс,
Іздедің сен ерте нені?
Көмеді көңілімді
Күлгін бояу,
Көк айдын
Көкжиекті көмкереді.
Мен ғана биіктерге
Ұмсынбаған,
Қанатың ұзай берді...
Сусылдаған.
Аңырған айдын қалды
Аққу-қазсыз,
Шаншуға жүрек қалды
Шым-шымдаған...
ӘЫ
2017 жылғы 10 мамыр, сағат 00.42
МЕН СЕНІ ҚҰЛАЙ СҮЙДІМ...
Көл көркі
Баяғыдай әсем, керім,
Әсте де солғын тартпас
Әсерлерім.
Тек қана
Аспанға ұшқан аққу-қаздар,
Білмеймін
Шарықтамай бәсеңдерін.
Көңілім
Байыздамай алабұртқан,
Көрініс көз алдымда
Жан ауыртқан.
Шікәмсіз
Сеніміңе шіркеу түсіп,
Сезімді мөлдіреген
Нала құртқан.
Жыл құсы
Өзің едің көптен күткен,
Мен сені құлай сүйдім
Шектен тіптен.
Жердегі жайың басқа,
Көкте – жыртқыш,
Төнеді тұтқиылдан
Өктемдікпен.
Сайранды
Сұлу сәулім салғысы кеп,
Айдынды қия алмайды
Қалғысы кеп.
Көктегі халің өзге,
Жерде – қарау,
Тайынбай атып алар
«Хан құсы» деп.
Арман-құс
Аспан көкте самғады әппақ,
Жағылған
Жүрегіне, жанға батпақ.
...Жалғаннан біздер жүрміз
Опа таппай,
Оңды-сол теңселіспен қаңғалақтап...
Көл көркі
Баяғыдай саңыңды алар,
Керемет келбетіне
Таңым да бар...
Жүрегің жүрегімді
Аңсамаса,
Айдында қауырсындай жаным қалар...
ӘЫ
2017 жылғы 10 мамыр, сағат 23.46
ІЛЕСІП ҚАНАТЫҢНЫҢ СУСЫЛЫНА...
Ақша бұлт, аққу-қаздар
Аспандағы,
Аңыздай
Есіледі дастандағы.
Ұшқаны
Айдынымнан ағзам құстың,
Өмірді білдіре ме
Қашқан мәні?..
Әппақ боп,
Әр бересің көлдерге кең,
Байланар көңіліңе
Көргенде елең.
Ілесіп,
Қанатыңның сусылына,
Барады жаным бірге
Сендерменен.
Қиқулап үн тастайсың
Елеңдетіп,
Қайтадан
Оралмастай төменге түк.
Жазы әлі басталған жоқ
Жазымыштың,
Барасың
Қалай ғана менен кетіп?..
Сезімді
Қайтсем екен ақтарылған?
Тағдырдың шыға алмадық
Қатпарынан.
Аққу-қаз,
Көк зеңгірді аққа аптаған,
Айдынға
Ораларсың бақ дарыған.
Тәкәпар сұлулық пен
Бар намысың,
Ұштың ба
Байтағымды барлау үшін?
Дос болған
Жарқын күнде жамандардай,
Көз жазып,
Қалмайықшы,
Арман-құсым...
ӘЫ
2017 жылғы 15 сәуір, сағат 22.56
Әділбек Ыбырайымұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.