Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Жаңа заман мифологиясы...

30.05.2024 634

Жаңа заман мифологиясы 6+

Жаңа заман мифологиясы - adebiportal.kz

Адам баласы ойлануды меңгергеннен бастап, жасаған ортасын тану, түсіну процессінде табиғаттың түрлі күштері мен өзі түсініп жетпеген мистикалық уақиғаларды түрліше тәпсірлеуге көшті. Осылайша алғашқы қарапайым наным-сенімдер мен жаратылысты тануға деген адамдар құлшынысы - мифтік ойлау мен мифтік сенімді қалыптастырды. Мифологиялық ойлаудың мыңдаған жылдық эволюциясы негізінде тармақталған тақырыбы айқын, әр түрлі категорияларға бөлінген, сан-салаға жіктелген мифтің түрлері дүниеге келді. Мифтің пайда болуы, жіктеліп дамуына қарай кейінгі зерттеушілер: 1. Пайда болу (этиологиялық) мифтер. 2. Ғарыштық (Космогониялық) мифтер. 3. Алғашқы адам (Антропогониялық) мифтер. 4. Астральды, күн және ай туралы мифтер. 5. Тотемдік мифтер. 6. Егіз мифтер. 7. Күнтізбелік мифтер. 8. Батырлық мифтер. 9. Ақырзаман туралы (эсхатологиялық) мифтер деген тармақтарға бөлді.

Алғашқы мәтіндердің де, алғашқы дүниетанудың есігін қаққан да осы мифтік түсінік болса керек. Бұл туралы этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай былай дейді: «Миф - нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте (жертарапта), нақты бір саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының (социумның) өзі өмір сүріп отырған орта (уақыт пен кеңістік) туралы, ғалам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адамға ықпал ететін ішкі-сыртқы күштер туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәрежесі туралы түсініктерінің жиынтығы, дәлірек айтқанда, «түсіндім» деген стереотипі.»

Миф адамдардың дүниені «түсіндім», «таныдымы» болса, сол түсіндімге жету үшін адамның қиялдау процесі атамзаманнан бері желісін үзбей, үздіксіз дамып бүгінгі күнге жетіп отыр. Біздің ендігі айтпақшы болған мифтеріміз замана талабына сай мультфильм, кино болып өмірге келіп жатқан жаңа заман мифтері мен мифтік қаһармандарына байланысты болмақ.

Миф пен мифтік кейіпкерінің көптігі, шиеленіскен сюжеттері мен уақиғаларының күрделігі жағынан грек мифтері әлі күн даңдықты десек артық айтқан болмаспыз. Сонау Гомер қарттан бастап Гесиодтің мифологиялық кейіпкерлер мен мифологиялық сюжеттері негізінде құрылған шығармалар күні бүгінге дейін батыс түгіл, шығыс жұртының талғажау етер талқаны болып келеді.

ХХ ғасыр кинематографияның өмірге келуімен гректің мифтік құдайлары енді фильмге бейімделіп, қайтадан жарқырап шыға келді. Тарихта Гомер дастанының бір мәтінін болса да, Гесиодтің «Теогония» поэмасындағы бір құдайын кейіпкер етіп қаншама шығармалар, мүсіндер өмірге келді. Ал, киноның дамуы осы бір мифтік кейіпкерлерге қайтадан жан бітіріп, олардың картинаға айналған басқа қырынан тамашалауға мүмкіндік туғызып отыр.

Грек мифтерінің әдебиеттік өлшемге түсіп, адам ой-қиялының жемісіне айналуы – ежелгі әдебиеттің қалыптасуына ғана емес, ежелгі грек мәдениеті мен қоғамының дамуына зор үлесін қосты дейді кейінгі тарихшы және мәдениеттанушылар. Ол аз десеңіз, осы күшті мифологиялық ой-қиялдың ықпалымен әлемді әлі күн ауызына қаратып келе жатқан грек философиясы да Гомер сынды мифологтардың етегіне жармасып жетілгенінен дей аламыз. Грек өнері, грек философиясы, грек мәдениеті десе әлі күні көз алдымызға аристократтық ой-сананың алып шыңы елестейді де тұрады. 

Қазіргі 21 ғасыр, кино саласының техникалық мүмкіндігі өткен ғасырмен салыстыруға келмейтін деңгейде дамушылыққа қол жеткізді. Техниканың дамуымен осыған дейін экрандау қиын болған қаншама дүние киноға айналды. Гомерден бергі ақ қағазды айғыздап, ой-қиялдың кенішіне еркін бойлаған шығармашыл адамдардың ой қуаты енді филім мен мультфильм болып таспаланып жатты.

Джеймс Кэмерон 1954 ж.т.

Мифтік қаһарман кейіпкерлер қалай болса да мифтік сюжеттердің негізгі қозғаушы күші-тын. Мифтің дәл осы тұсын бүгінгі режиссерлар да шебер пайдаланып, кино өндірісін өте жоғары деңгейге көтеріп, үлкен табыс көзіне айналдырып отыр. Осыдан он бес жыл алдын американдық режиссер Джеймс Кэмерон «Аватар» атты ғылыми фантастикалық фильм түсірді. Фильм алғаш шыққан күннен бастап оның көрермен арасына көрілімі мен сұранысы тоқсаншы жылдан бергі бұзылмаған рекордты бұзып өтіп, атақты «Титаниктен» де асып түседі. Джеймс бұл кино туралы: «Аватар» – у«екі жүз жылдан кейін басқа планетада болатын фантастикалық оқиға» немесе «баяндаудың мифтік деңгейіне дейін жететін экологиялық астары бар джунглидегі ежелгі шытырман оқиға» дейді. «Аватар» сөзінің өзі ежелгі индуизм дінінде «Құдайлар» деген мағына беретін болса көк терілі аватарларының өзін жетінші вишну Рама құдайының түсіне негіздеген. Оны Кэмеронның өзі де мойындайды. Джеймстің ұшқыр қиялы Аватар сынды ғажап дүниені өмірге әкелді. Қырық-ақ күннің ішінде 2 миллиард доллар жинап тастаған бұл филім көрермен санасына жұмақтай жаңа кеңістік ашып тастағанымен адамдар есінде қалды. Джеймс Кэмеронның бұл фильміне байланысты көптеген замандас режиссерлар қара қазандай өкпесін айтып: «Адамзат баласының фантазиясын жүз жыл алдыға оздырып тастады» деп кейігенін несін жасырамыз.

Әлемдегі ең танымал кино компания Marvel кино студиясы да желілес супер қаһармандар «Өрмекші адам», «Жарғанат батыр» (Бэтмен), «Темір адам», «Құмырсқа адам» сынды «Кек алушылар» деген сериялыға дейін ұласқан кино түсірген компания. Мифтік қаһармандарға барабар кейіпкерлерімен құны 45 миллиард долларлық құн жарата алған режиссерлар мен сценаристерді замананың фантазерлері дегеннен көрі қаһарман кейіпкері тудыра алған ЖАҢА ЗАМАН МИФІН жасаушылар деген дұрыс секілді. 

Стэн Ли (19222018)

Стэн Ли (ағыл. Stanley Martin Lieber) 1922 Манхэттен туған осы ақсақалды Гомерден бірде бір кем дей алмайсың. Өзі жазушы, продюсер, сценарист, редактор және көптеген комикс кейіпкерлерін жасаушысы. Оның 1931 жылы туған інісі Ларри Либермен бірге жасаған супер қаһармандар тізіміне қараңыз: «Өрмекші адам», «Халк», «Доктор Стрэнж» , «Фантастикалық төрттік», «Темір адам», «Даредевил», «Тор», «Құмырсқа адам», «Икс адамдар» және басқа да көптеген кейіпкерлерді суретші Джек Кирби және Стив Диткомен бірлесіп жасады . Бұл шалдардың қиялының байлығы соншалық соңғы он бес, жиырма жылда ауызымыз ашылып тамашалап жүрген, жоғарыдағы Marvel Comics компаниясы түсірген фильмдердің 1960 жылдары сюжеті жазылып, алғашқы нұсқалары комикс ретінде сурет болып басылып, кітап қылып шығарып тастаған екен. Мысалға, «Өрмекші адам» 1962 жылы тамызда, «Халк» 1962 жылы мамырда. «Темір адам» 1963 жылы наурызда, «Икс адамдары» 1963 жылы қыркүйекте жарияланған. Осылай супер қаһармандар легионы тура алпыс жыл алдын өмірге келіп қойғаны бүгінгі көп көрермен мен оқырманға таныс болмаса керек.

«Әдебиет предпозициялы. Кинематография постпозициялы. Демек, бұлардың біріншісінің екіншісіне ықпалы туралы сөз етудің жөні бар. Керісінше емес. Мысалға, Шыңғыс Айтматовтың бірегей повестерінің қырғыз киносының өрлеуіне айтарлықтай ықпал еткенін алуға болады. Кеңес кезінде қырғыздар кино өнері жағынан қазақтардан озық тұрды.» – дейді философия ғылымдарының кандидаты Қанағат Жүкешев.

Marvel қаһармандары

Гомер мен Гесиодте мифтік кейіпкерді пайдаланып ұлы туынды қалдырған шеберлер. Жоғарыдағы ағайынды Либерлер де мифтік деңгейге барабар кейіпкерлер жасау арқылы адамзат ой-қиялына әсер етіп, техникалық тұрғыдан алға оза қарауға ықпал етпеді дей аласыз ба? «Темір адам» атанған Энтони Эдвард «Тони» Старк деген кейіпкер кинода кәдімгі ғалым ретінде танылады. Өне бойды қымтап тұратын - өзі қорғаныш, өзі ұшатын, өзі қару әмбебап сауыт жасап шығады. Шыны керек қазіргі заманда бұндай ұша алатын сауытты жасауға адамзаттың техникалық күш-қуаты жетпейді. «Аватар» киносындағы анау айналып-толғанып ұшатын тікұшағы, оғы таусылмайтын қарулары, ғаламшарлар арасына ұйықтату арқылы таситын ғарыш көлігі, тіпті адам мен аватар арасындағы Джектің жан-рух тұрғысынан екі денеде кезек-кезек көшіп жүруі миға сыймайтын қатып қалған ой-қиялыңа қопарылыс жасап, санаңды бір сілкіп алатыны өтірік пе?

Қазіргі жапондарды шыны керек мультфильм жасаудың державасы десек те болады. Жылына қанша мультфильм жасап тарататынын бір өздері білмесе, біз оны көріп үлгіре алмаспыз. Жатқан бір әлем. 1941 жылы туған Хаяо Миядзакидің есімі таныс болмаса да жасаған көп дүниесі көзге таныс болар. Бұл кісі мультфильм индустриясына өте үлкен ықпал еткен тұлға. Екі мультфильмі - «Рухтан қашқан» және «Бала мен құс» Оскар алса, тағы бір мәрте «әлемдік анимацияға үлкен әсер еткені үшін» Оскар сыйлығының құрметті иегері атанды. «Мононоке ханшайымы», «Менің көршім Тоторо», «Понё балық», «Аспандағы Рапута сарайы», «Хаулдің кезбе сарайы», «Порко Россо», «Жел көтеріледі» сынды әлемге танымал қиял-ғажайыптың классикалық үлгісін экран бетіне сызып берді. 

Хаяо Миядзаки 1941 ж.т.

Хаяо Миядзаки мультфильм әлемінде жалғыз өзі жүзіп келе жатқан алып бір кемедей. Неше ондаған жылдық тарихы бар Дисней мен Pixar компаниясына төтеп бере алған самурай рухты жапон шебері. Қолының сын тезінен шыққан не бір дүниелері көрерменің ыстық ықыласына бөленіп, бағалаушылардың жоғары бағасын алып келеді. Ол жасаған мультфильмдік кейіпкерлер кейбірі жапонның ежелгі наным-сеніміндегі мифологиялық, аңыз, әфсаналық кейіпкерлер болса, кейбірін өз қиялынан тудырған жаңа құдайлар мен бүлдірушіге (қорғаушыға) айналған кейіпкерлер болды. Бұл жерде де уақиғаны қасиеттендіріп, сюжеттің мәнін салмақты ету үшін жаратушы мен жаратылушы арасындағы, қасиетті рухтар мен табиғатты қорғаушы кие, ежелгі наным-сенімді сақтаушы құдайларға қарсы шыққан, әлемнің, ортаның, адами қарым-қатынастың тепе-теңдігін бүлдірген кейіпкерлер ортасындағы тартыспен өрбиді. Осы жерде еріксіз тағы да Гомер ақсақалды еске аласың. Супер қаһармандар мен құдайлар тарапының ықпалымен шиеленісіп, шешіліп отыратын уақиға желісі жоғарыдағы мысал етіп отырған әр кино, әр мультфильмде кездесіп отырады. Кейбірі көне заманың мифтік құдайлар мен қаһармандары болса. Кейбірін синтездеп қолдан құдай жасап, тыңнан қаһарман тудырып бүгінгі күннің көзімен көрерменге ұсынып отыр. 

Хаяо Миядзаки түсірген «Мононоке ханшайымы» – тап-таза мифологиялық деңгейдегі адам мен табиғат арасында күресті баяндайтын мультфильм. Қасқыр құдайы Моро тәрбиелеп өсірген жетім қыз Сан Орман рухын қорғау үшін патша жіберген жасақпен соғысады. Орман рухы денесін бұғы бейнесіне жасырған табиғат ананың өзі еді. Оның қаны кез-келген ауруды емдейді, ал басы өлместің емі деп естіген император оның басын алып келуді жандайшаптарына тапсырады. Қабан құдайы алып Оккотонуши мен қасқыр құдайы Моро бірлесіп адамдарға қарсы шығады. От қарумен қаруланған император армиясы табиғат қорғаушы қабандарды қырғынға салып, қанға бөктіреді. Жараланған аңдар Орман құдайы жасырынған көлге келіп ем алатынын білетін қаскөйлер жараланған Қабан құдайы Оккотонуши мен қасқыр құдайы Мороның соңына түседі. Күндіз бұғы кейіпті, түнде сағым секілді алыпқа айналып орман кезетін Орман Құдайының мойнын созып үлкейе бастаған кезінде Темір қаланың басшысы, қаскөй әйел Эбоши басын оқпен жұлып тастайды. Жұлынған басты алып қашқан адамдардың артынан қуған денесі бүкіл аумақты үрей мен қорқынышқа тоғытып, үлкейген үстіне үлкейе беріп, басын қайтарып алған соң барып рухы барақат табады. 

                                                                  Орман құдайы

Табиғат пен адамзат арасындағы қатігез теке-тіресті Миядзаки бір емес, бір неше мультфильмінде өзінше тәпсірлеп, өзінше жеткізеді. Картинаны қарап отырып адам баласының шынымен қатігез, шынымен тас жүрек екенін, орманда өзі мен өзі жүрген Орман құдайын қолмен құртқан адам баласының ашкөздігін жек көріп отырасыз. 

Кино фильмдер мен мультфильмдер қиялдың шексіз шекарасын әлдеқашан аттап өтіп кетті. Қаһарман кейіпкерлер қазір күллі дүниеге ортақ. Техникалық мүмкіндіктің жоғарлауы түрлі туындылардың тез әрі кең тарауына керемет жағдай туғызып берді. Замана қаһармандары біздің де балалардың балалық қиялына естелік салып үлгерді. Қазір аулада ойнап жүрген екі баланың бірінде «өрмекші адам» киімі, Нарутоның соғыс техникасы, «Найзағай Тордың» балғасы, «Жарғанат батырдың» (Бэтмен) қаруы, «Жасыл адам» Халктың мүсіні жүреді. Солар болып бала ойнайды, солар болып қаһарман образына еніп балалық қиялының иіріміне түседі. Мифтен миф туғызған адам қиялы 21 ғасырда да тоқтап қалмай, өз шеберлігін паш етіп келеді. Құдайларды бұрын қасиетті кие мен қасиетті рухтың егесі деп дүниеге келтірсе, қазір шығармашылық шабыт үшін, болмаса табиғатты, адамдықты қорғау үшін айтқысы келген ойын авторлар кейіпкерлеріне өзгеше қасиет пен ғаламат күш дарытып, көтергісі келген проблемасының салмағын әсірелеп көрсету арқылы көрерменге жаңаша ой мен жаңаша фантазия қалыптасуына ықпал етіп отыр. 

«Өрмекші батыры», «Жарғанат батыр» (Бэтмен) сынды кейіпкерлер біздің балалардың қиялынан «Ер Төстік», «Жел аяқтарды» ұмыттырып жіберіп жатыр. Міне бұл синтезге түсіп, заманның қажетіне жауап бере алған батырлар жасай алған, аршындап алға озып бара жатқан жұрттың ілгері тірлігі. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар