Бүгін жазушы, журналист Жанайдар Мусиннің туғанына 90 жыл толды.
Жанайдар Мусин 1936 жылы 13 ақпанда қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы Қараөткел ауылында дүниеге келген. Көркем Көкшетаудың ну орманды, өзен-көлді Зеренді өңірінің сұлу табиғаты, онда мекендеген даңқты адамдар Жанайдар Мусиннің көркем әдеби туындылары мен публицистикалық жазбаларына арқау болды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, жазушы өнерге, өлең-жырға бейім, қордалы ортадан шыққан екен. Жазушының ағасы, елге белгілі ұстаз болған Шахма Баймырзаұлының «Сыр пернесін басып қара» атты естелік жазбасында мынадай дерек келтіреді: «Әкеміз Баймырза колхоздастыруға көп еңбек сіңірген белсенділердің бірі болды. Мал фермасын басқарды, бригадир, колхоз басқармасының орынбасары болды. Ел ішіндегі қадірлі адамдардың бірінен саналды. Көне сөздерді көп білетін, әңгімешіл, байсалды, жаны жомарт адам еді. Қонақшыл болатын, аудан орталығынан, облыстан келген өкілдер алдымен әкейге келіп сәлем беретін де, біздің үйдің қадірлі қонағы болушы еді. Түннің бір уағына дейін әңгімелеріне құлақ түріп жатып ұйықтап қалатынбыз. «Көппен ішкен ас дәмді, көппен біткен с дәнді» деп отырушы еді. Әкеміз қара торы, дөңгелек жүзді, орта бойлы, толық болатын. Балуандыққа, күреске түскен көрінеді. Шешеміз Мәдина 8 құрсақ көтерген, 6 ұл, 2 қыз. Қызыл шырайлы, ақсары әдеміше, ат жақты келген, ортадан жоғары келген бойлы еді. Байсалды, иман жүзді, жан жайсаң, қолы берекелі, жинақты, іскер адам болды. Аналық мейірімін балаларынан аяған емес. Ұрыспайтын, сабырмен айтатын ақылын. Өткен күндерден, естіп білгендерінен әңгімелер шертіп, жақсылыққа, парасаттылыққа баулушы еді. Анамыз Ақан серінің әніне арқау болған Балқадишаның сіңлісі болады. «Екі жеңгең келіп отыр» деп айтқандағының бірі Ділдә әжеміз – біздің шешеміздің, яғни Мәдинаның туған шешесі.» Осы ретте Ақан серінің әйгілі «Балқадиша» әнінің тарихына қатысты мына бір деректі келтіре кетудің қисыны бар. Қазақтың көрнекті композиторы, өнер зерттеуші қаламгер Ілия Жақановтың 2022 жылы «Аққу әні» атты кітабынан (бұл кітап 1988 жылы «Аққулар қонған айдын көл» деген атпен жарық көрген) үзінді келтірелік. «Жиырмасыншы-отызыншы жылдарда қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады... Сол әндердің бірі – «Балқадишаның» біраз сыры дәптеріме ауық-ауық жазылып жүрді. Балқадишаға байланысты әңгімелердің бірін «Көкшетау правдасы» газетінің бас редакторы, жазушы Жанайдар Мусиннен естідім. Бір жолы қасымда осы Жанатай бар, Жанайдармен тағы бір жүздестік. Жұмыс мезгілі еді. Тағы да Балқадиша хикаясын қозғадық. Аса инабатты Жанайдар келгенімізді хош көріп, ақсары жүзі нұрланып: «Балқадиша» повесін енді ғана бітірдім. Уақыт дегенге зәрумін. Газеттің ісі жүйкемді тоздырды. Сал-серілердің әңгімелерін тыңдап-ақ жүрміз. Ал соның көбін дер кезінде қағазға түсіре алмаймыз.»
Жанайдар Баймырзаұлымен сыр сұхбат осылай өріледі де, әрі қарайғы әңгіменің ауаны Ыбырайдың үйіндегі шілдеханаға ауысады. «Жанайдар әңгімесін қайта сабақтады.
- Ақан сері қасында Ыбаны бар, Жыланды тауын жағалап келіп, Тіріжан қажының аулына тоқтайды. Осы ауылда бірнеше күн аунап-көңілін сергітіп, өзін аялаған жандардың алдында жүзі нұрланып, шешіле сөйлеп, булыққан әндерін шалқытады, жадырап. Оның бұл келісін көрші ауылдың бәрі естиді. Осы ауылмен іргелес жатқан Монтайдың Мұсасының ауылы да үлкен қуаныштың үстінде еді. Бір дулы шілдехана болады екен. Оған Ақан серінің де барғысы келеді.
- Туған нәресте кімнің баласы?
- Ол – менің әкем Баймырза!
- Солай де...
- Иә. Сол кезде Балқадишаның жиырмадағы кезі екен. Атастырылған жері бар. Болашақ күйеуі – елге сыйлы Масабайдың Сүлеймені. Іргесі берік, айтулы әулет. Масабайдың әкесі жас кезінде елге найзагер, батыр болып аты шыққан айбарлы жан екен. Бұлардың тектілігін жақсы білген Ыбырай Масабаймен ниеті жарасқан құда болыпты.»
Мінеки, Жанайдар Мусин шыққан әулет пен Арқаның ардагері Ақан серінің ғажап әніне арқау болған Балқадиша арудың өзара туыстық қатысы мен оқиға өрбулері туралы қысқаша қайырғанда осылай. Бұл жөніндегі қосымша деректер бірер жыл бұрын жазылған «Көкшетау сапары. Балқадиша ауылында» атты мақаламызда жазылған еді.
Соғыс жылдары анасы өмірден өтсе де, әкесі майданнан оралған жас Жанайдар Қараөткел мектебінің табылдырығын аттап, Қошқарбай, Үлгілі мектептерінде әр жылдары оқып, жетінші сыныптан соң 1951 жылы Көкшетау қаласындағы педучилищеге түседі. Жасынан өлең-сөзге бейім болған Жанайдар Баймырзаұлы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шығармашылықпен шұғылданып, аудандық, облыстық, республикалық газеттерге материалдарын жариялатады.
1955 жылы Көкшетау педучилищесін үздік бітіріп, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнын 1960 жылы бітірген соң, Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне (қазіргі Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетінде журналист, Еңбекшілдер (қазіргі Біржан сал) аудандық газеттің орынбасары болып қызмет атқарады. 1964-1971 жылдары өлкелік «Тың өлкесі» газетінде бөлім басшы, Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінде жауапты хатшы, Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетінде редактордың орынбасары қызметтерін атқара жүріп, көсемсөзбен қатар көркем әдебиетпен де шұғылданады.
Алғашқы көркем шығармалар жинағы «Жазушы» баспасынан 1972 жылы «Үміт» деген атпен жарық көреді.
1974 жылы туған жеріне оралып, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакторы болып қызмет істейді. «Таң нұры» атты жинағы жарық көреді. Осы жылы журналистік қызметтегі еселі еңбегі үшін КСРО Журналистер одағының лауреаттары қатарында есімі аталады.
1976 жылы «Қанатың ұшқанда қатаяды» атты очерктер жинағы жарық көреді. Жанайдар Мусиннің жазушылық қарым-қабілеті «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» туындылары арқылы тамаша ашылды. 1989 жылы «Жалын» баспасынан «Жер шоқтығы Көкшетау» атты кітабы жарық көрді.
Әр жылдары «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталады. 1990 жылы Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Талантты жазушы, журналист Жанайдар Мусин өз шығармашылық әлеуетінің нағыз толысқан шағында, 1991 жылы 23 мамырда дүниеден өтеді.
Көкшетауға сапарлай келген шығармашылық иелерін ел азаматы ретінде лайықты қарсы алып, сапарына сенімді жолбасшысы, жасы үлкеніне ізетті іні, жасы кішіге қамқор аға бола білген ардақты Жанайдары өмірден озғанда алыс-жақындағы алаш азаматтары күңірене жоқтаған екен. Қазақтың қабырғалы ақыны Ғафу Қайырбеков Жанайдар інісінің қазасына күйзеле отырып былай деп жоқтау жыр жазған екен:
Көкшетау – көкшіл сағым бұлдыраған,
Кім берер сенде өткен күні маған?
Сен менің жастық шағым секілдісің,
Ақбоз ат, жүген-ерсіз құлдилаған.
Ал бүгін сол сағымның арасынан,
Іздеймін бір жігітті, аласұрам.
Таппаймын, таппауыма сенбеймін де,
Айғайлап жөн сұраймын әр асудан.
«Жанайдар! Жанайдар!» - деп жан дауысым,
Жаңғырып тұрады ұзақ әр тау ішін.
Япырау, қайран сабаз қайда кеттің,
Мен түгіл, жел тоқтайды, тартады ішін.
Алдымнан шығушы еді-ау, ағатайлап,
Көкшені бір сілкінтіп, алайқалап,
Бұл тірлік кетуші еді жәрмеңке боп,
«Ал, ал!» - деп бар жиһазын маған сыйлап!
Көкшенің арда ұлы Жанайдар Мусин өзі өмірден ерте өтсе де, соңында өлмес туындылары, елге сіңірген еңбегі қалды.
Көкшетаудың көркем табиғатының жыршысы болған қаламы қарымды қаламгер Жанайдар Мусиннің есімін туған елі лайықты ардақтап келеді. Жанайдар Мусин атымен аталған Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі – солтүстік өңірдегі ұлт руханиятының қаймағын қалыңдатуға лайықты үлес қосып келе жатқан іргелі оқу орны.
Жазушының көркем әдеби туындылары мен очерктері оқырманды туған ел мен жердің өткені мен бүгінінің сабақтастығын үзіп алмауға, еңбек адамдарын ардақтауға, жас ұрпақты білім-ғылым игеріп елдің тұтқасына сенімді түрде ие болуға шақырады. Және бұл идея – қашан да өзектілігін жоймақ емес.
90 жылдық мерейтой аясында барша оқырмандарды Жанайдар Мусиннің өмір жолы қысқаша хабардар ету тұрғысында осы шағын мақаланы жазып отырмыз. Жазушының «Жер шоқтығы Көкшетау» кітабын оқыған адам жазушымен бірге осы бір таңғажайып өлкені аралап сапар шегіп келе жатқандай әсерге бөленетіні анық. Бұл жайында арнайы тоқталу керек болады.
