Бекзат болмыс, бірақ жұмбақ әлемі,
Күннің өзі құйған рух қуатын.
Поэзия әлемінде бар еді,
Маған ғашық бір ақын...
Махамбеттің от киесі дарыған,
Оясызды орып түсер, сұрапыл.
Ар мен сөздің уызына арыған,
Ақын еді ол ғасырда бір туатын!
Кеудесіне ұялаған мейірім,
Көздерінде күннің нұры сынатын.
Адамзатқа арнап аппақ пейілін,
Бар әлемге бақыт тілеп тұратын.
Тірі жанға шақпас жалқы мұңымды,
Айтқызбастан, жанарымнан ұғатын.
Жаттамай-ақ тіпті жазған жырымды,
Өлеңіне мені Муза қылатын.
Жүрегімді жазар жалғыз жыр дейді-ау,
Сәттерімде сезімге шық тұнатын.
Менің ғашық екенімді білмеді-ау,
Маған ғашық бір ақын...
Ұлы ақын!
22.01.2015
Құйын өмір
Құйын өмір салып бағар қиғылық,
Орамдарын, борандарын сый қылып.
Дәл бүгіннің бақайшығы басында,
Білімсізді қоюы рас би қылып.
Жақсылықтың жанарынан қан ағып,
Келер күннен күтуде бір жаңалық.
Талықсиды торыққан жан өмірден
Тамырына у менен зәр таралып.
Құлдырауда қасиеттің бағасы,
Шалабының шайқалғаны-ау шамасы.
Сезімдерді сең соққандай қылады,
Өмір деген уақыттың бел баласы.
Белгісіздеу бір соқпақпен келеміз,
Мейлің оны мәңгілікке теңеңіз.
Баласының бүлдіргенін біз, сірә,
Қай кезде де анасынан көреміз.
Табиғаттың тарс айрылып талағы,
Жер бетінің мөлтілдейді жанары.
Арман қуып анау қырдың астында
Аяғы жоқ адам кетіп барады.
Бейнеу, 2001 ж
***
Саған ғана жүрек сыры шертілді,
Тек өзіңе аян тағы жол шегі.
Көздеріңе кісендеген еркімді,
Түсінбедім не сыйқырың бар сенің.
Жамау-жамау жүрегімді жыр ғып бер,
Бұлыңғырлау болашақтан безіне.
Сенің ғана әміріңе құлдық дер,
Өз жүрегім бағынбайды өзіме.
Шырқырап жан, талай таңды таңға ұрдым,
Шыға алмай шырматылған қалыптан.
Адасқанда тоннелінде тағдырдың,
Адамбысың шырақ жағып жолыққан.
Сандуғашың менмін, жаным, сайраған,
Талпынбаймын шығам деп те тордан мың.
Қарамастан тіршілікке қайнаған,
Сенің ғана сөздеріңе арбалдым.
Екі жүрек соғар ма екен бір болып,
Жанарымның жыр жасырып жаутаңын.
Қарағанда қалам-ау деп күл болып,
Қатыгездеу көздеріңнен қорқамын.
Ақтау, 2013 ж
***
Сыйғызба мынау кейпімді көріп,
Сезім дейтұғын сараң ұғымға.
Тентіреп жүрмін - тірідей өліп,
Аспан мен жердің аралығында.
Өмірге мынау өгей боп кеткем,
Өзімше ғұмыр кеше алмағасын.
Сенбеймін тіпті, саған да, көктем,
Сағымың селдір неше алдағасын.
Дүниенің менде дерегі де ме,
Мазалап әр түн елес сұрақпен.
Буланып кеткім келеді кейде,
Тамшыдай мөлдір емеспін, әттең...
Жанардың жасын ұмыт қылсам да,
Жалын жүрегім жасыпты менің.
Құтылмасымды біліп тұрсам да,
Өзімнен өзім қашып келемін.
Көмейде – құлта, аздап құсалау
Көңілде өлең кептеліп жатыр.
Адасып жүріп ажал құшам-ау,
Өзімді өзім жек көріп ақыр.
Астана
17.12.2014 ж
***
Жырақта қалып жақының,
Жалау да болмай жаныңа.
Күрсініп қойып ақырын,
Қарайламысың жолына?
Тұп-тұнық сезім тербесе,
Тіл қаттым саған сағына.
Түсіме кірдің сен кеше,
Тұнжырап жүрсің тағы да...
Тұйықтап тастап жарқабақ,
Шықсақ да қандай сапарға.
Жүректі сосын қорғалап
Жүреміз шулы шаһарда.
Сағыныш төккен нөсерден,
Жан сақтау үшін қаламыз.
Жыланша жолдар төселген,
Алшақтау үшін арамыз.
Бұлттанып көңілің аспанша,
Жабығып сірә, жүрсің-ау.
Жолсерік өмір қосқанша,
Тыншымау керек, тыншымау.
17.12.2014
***
Қайғы бұлты құрсап алса, ой теңдеп,
Шын қуанып, шаттанғаннан не қайыр?
Қара сия жұқса егер қайтем көп,
Алғауы жоқ ақ болғаннан не қайыр?
Марғаулардың заманында мүлгіген,
Міндеттелген мақтанудан жиіркенем.
Сөз, қаламың қатар жүрер сүлгімен,
Қызметті атқарудан жиіркенем.
Сұр қоғамның сұқтанатын көзінен,
Арды қорғап, сақтанудан жалықтым.
Қасаң кейіп, темірдейін төзім ем,
Тамшы жастан даттанудан жалықтым.
Жаншып өтсе найзағайдың күркірі..?
Жанарыңда жатталудан сескенем.
Шырағыңды жел үрлесе бір күні..?
Алаулаған от болудан сескенем.
Түбі тайып кете ме деп басымнан,
Баяны жоқ бақ табудан қорқамын.
Ұзай алмай қалам-ау деп қасыңнан,
Құшағыңа тап болудан қорқамын.
Қалықтаған күйін кешіп қардың да
Табандарда тапталудан шаршадым.
Жүрегімді жалаңаштап алдыңда
Ардақтым-ау, ақталудан шаршадым...(
***
Тілегім сол – қамсыз өмір сүр, күнім,
Мені қойшы... Түкке тұрмас тірлігім.
Шағынғандай қара жерге көк аспан,
Қар аралас жаңбыр жауып тұр бүгін.
«Қап-қара бұлт, қараңды өшір, қаңғырма,
Қаламды бұл құрсауыңда қалдырма!»,-
Деп тілдеп ем, ақша қары ақпанның
Араласты мендегі жас-жаңбырға.
Күншуақта барар ма едік баққа деп,
Қарай бердім сенің үйің жаққа көп.
Дір-дір етіп, құшақтап ап ағашты,
Сені ойладым тоңып қалған жоқ па деп?!
Көңілімнің көздеріне көл тұнып,
Сансыз сұлба кетіп барад жөңкіліп.
Таныс бейне, жо-жоқ басқа біреу ғой,
Сені көрсем деген менде келте үміт.
Қара бұлт боп төбемізден төнсе мұң,
Лүпілдеген жүрегіме бер сенім.
Жеті түнде жаурап қалған жоқсың ба,
Қолшатырың болайыншы мен сенің?!
Ақтау, 2013 ж
***
Алмас ем тағдырдың тартуын,
Шуағын, бейқам күн шаттығын.
Мен үшін қымбаттау, жарқыным,
Аңсайтын тек сені тəтті мұң.
Шашымды өріп ап өлеңмен,
Өзіңнен еш сырды бүкпедім.
Қымбаттау "мен келдім" дегеннен,
Үздігіп өзіңді күткенім.
Қаталдау көресің кейпімді,
Мен жүрмін қасыңа бара алмай.
Телефон қақ жарып кей түнді,
Кенет сен қоңырау шалардай.
Байқама сен мені, көрме де,
Тікенді райхан гүл едім.
Айтпа да ештеңе, келме де,
Бəрібір сүйесің, білемін!
***
Алдау үшін бейбақ басты бақ тайған,
Түс көремін, құрастырып тəтті ойдан.
Менің жаным - күлтесі үскен бəйшешек,
Қасат қардың құрсауында қап қойған.
Қара көзден қағазға жас тамшылап,
Енді өзіңе өлең жаздым хал сұрап.
Елесіңмен ертіп кетер ме екенсің,
Аппақ қардың арасынан аршып ап...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.