Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жанар Таласпаева: Мағжан поэзиясындағы эпитеттер т...

12.02.2016 6649

Жанар Таласпаева: Мағжан поэзиясындағы эпитеттер табиғаты

Жанар Таласпаева: Мағжан поэзиясындағы эпитеттер табиғаты - adebiportal.kz


Жанар Таласпаева.jpg

«Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейінгі тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ»,- деп Сәбит Мұқанов ХХ ғасырдың 30-жылдары ұлы ақынның даралығын ерекше атап кеткен болатын.


Тәңірдей таланттының, дарын табиғатының көрінісі бұлақтай мөлдір поэзиясынан көрінеді.Мағжан ақын қазақ поэзиясында кездесе бермейтін өрнек тауып, рухы мықты жалынды жырлар мен үлбіреген нәзік әуез әкелді. Сөзден сурет салып, жан бітірген Мағжанның кез келген өлеңін алсақ та, әсем әрленген, шебер кестеленген бейнелі сөздерін кездестіреміз. Сондай көркемдік құралдарының ең бір айшықтысы, әсерлісі - эпитетті ақын талғампаздықпен қолданғандығына куә боламыз. Расында, суретті сөз, бейнелі ой, мағыналы толғам терең дүниетанымнан, дүниені нәзік, өткір қабылдаудан, шабытты көңіл-күйден туатыны анық.


Эпитет – тіл табиғатында тұтасқан терең тамыр тартып, матасқан, өркен жайған, сөйлеу өнеріміздің барлық саласынан бой көрсететін жалпы тілдік категория. Аспанның кеңдігі мен асқар таудың биіктігіне, күн мен айдың, жұлдыздың жарығына, боран мен дауылдың дүлейлігіне байланысты туған айқындауыштар, яғни, эпитеттер поэзия өмірге келгелі өріліп, жалғасып, дамып келе жатқан құбылыс. Эпитетсіз ақын мөлдір сезімін, асқақ арманын әсерлі, ұтымды етіп қағаз бетіне түсіре алмайды.


Мағжан Абайдан кейінгі қазақ әдеби тілін дамытушы, көріктендіруші суреткер. Мағжанның суреткерлік шеберлігі бейнелі образға жету үшін нәзік сырмен, талғампаз ұмытылыспен тіл тәсілі-эпитетті талғап, таңдап қолдану қабілетінде айрықша көрінеді. Ақын поэзиясында эпитеттер тілдің стильдік ерекшелігімен, контекстегі эстетикалық мағыналық қырларымен дараланады. Мағжанның әсерлі эпитеттерді «тауып» қолданғанының нәтижесінде әдеби тілімізге асыл қазына болып қосылған жаңа тіркестер пайда болды. Мысалы: «Сұлу сағым, мәңгі мұнар, сұм боран, сорлы бұлт, жүйрік жүрек, жібек түн, алтын сәуле, жалқау жел, күміс көбік, ерке бұлақ» деген екі сөзден құралған тіркестер мен «кіршіксіз жас жүрек, кәусар жібек сөз, тұңғиық терең ой, тәтті улы бал» деген сияқты үш сөздің тіркесінен жасалған эпитетті тіркестер өзгеше қырымен танылады.


«Халықтың жалпы тілінде болса да, өзіне дейінгі әдебиетте аз қолданылатын сөзбен сөйлемдерді орнықты заңды етіп басқаша түрде әдебиетке енгізуді жаңалық деп қарауымыз керек» - деп жазды Қ. Жұмалиев


Тұрағы жоқ шайтан секек,

Тіпті-ақ сырын білмедім

«Шайтан секек» тіркесіне ой жіберсек, ұшып- қонған, қолды-аяққа тұрмайтын баяны жоқ, тұрлауы жоқ әлдекімдерді аңғартады. Міне, бір ғана «шайтан» деген эпитет және де орайын тапқан бірден-бір көріктеуіш қаншама ассоцияция туғызады.


Пәренжі үсте-бітеу қап,

Бетінде перде-шімбеті

Шімбетінің астында,

Гүл шырайлы шын беті

Желпіне алмай жамылып,

Быршып тұрған тер беті.

Мағжан осы өлеңінде шығыс әйелдерінің бітім-болмысын, оның құпиясы мен сырын аңғартар, тағдыры мен тіршілігін танытатын жалғыз ауыз «бітеу» эпитеті арқылы бір құбылыстың суретін дәл бере білген «Пәренжі» алыстан бітеу қапқа айнымай ұқсайды, автор оны байқағыштықпен, суретшілік шеберлікпен тіл өрнегіне салған.


Осы сияқты төлтума эпитеттер өлең жолдарының сәнін келтіріп, ақынның даралық сипатын аша түседі.


Алтын Күн батып барады,

Алтын Күн ақырын өледі

Сорлы бұлттар- сорлы жар

Қан жылап күнді көмеді

Ақын поэзиясында зат есімдер эпитет ретінде мол жұмсалған. «Алтын» сөзі қазақ поэзиясында көп қолданылатын дәстүрлі эпитеттердің бірі болғандықтан мағынасы барынша терең, бояуы қанық болып келеді. Келтірілген бейнелі тіркес «алтын күннің» сары түсін ғана емес, сұлулығын, көз тартар әсемдігін де білдіреді.


Қазақ поэзиясында «алтын күн» бостандық символы, сондай-ақ, аса қымбат, баға жетпес асыл ұғыммен байланысты. Осындай асқан қимасының өліп бара жатқанына өзінің жан күйзелісін «сорлы бұлтқа жарын жоқтату» арқылы жеткізген. Күшейткіш эпитеттердің нақты бір тобы заттың не құбылыстың белгісін білдірмей, белгілі бір эмоция тудыру үшін жұмсалады. Мағжан «алтын» эпитетін өлеңдерінде «күнмен» мейлінше жиі тіркестірген.


Алтын күнді, қара жерді сағындым

Жан жолдасым жүйрік желді сағындым

немесе,

Міне, алтын таң атты,

Күншығыстан ағарып.

Халықтың бас бостандығын, бақытты тұрмысын, тәуелсіздігін аңсаудан туындаған эпитеттер – ақынның рухани әлемінен туындаған тілдік бейнелеулер. Күн мен Айды, Отты жақсылықтың белгісі ретінде алып, түрліше мағына беріп, жаңа ұғым қалыптастырады. «Айды» сұлулықтың, тіршіліктің, арман мен үміттің символы ретінде сан құбылтып қолданады.


Тұрсың сен, мейірімді Ай, нұрың шашып,

Бұғып жүр қараңғылық бетін басып

Қайғылы Ай көкте тұрсың нұрың шашып

Қайғылы, жер жүзіне нұрың шашып

Айдан да мұң мен шер, қайғыны көргендей болады да өзінің ішкі сырын ақтаратын сырласы етеді.


Мейірімді Ай, мені-дағы жаныңа алшы,

Болайық екі мұңдық біздер бірге.

Ақын шығармашылығының бір қырында, яғни таразы басының бір жағында мұңды толғаныс, өкіну және қайғы-қасірет, күйініш жатса, таразының екінші басында - романтикалық өршілдік, махаббат, арман, сүйініш-күйініш, мақсат, үміт жатады. Әсіресе, жүрек, көңіл, жан, алтын, күміс деген сияқты эпитет мәнінде жұмсалатын сөздерді құбылту арқылы өмір мәнін, тағдыр сырын, адам тіршілігін ұғындыруға тырысады.


Ессіз жүрек аспанға қол сермейді,

Ессіз жүрек ақылға жол бермейді

«Сүйіп-күліп, күйіп-көз жасын төгіп,

Жынды жүрек өлді де тынды!» - дерсің

Не керек! Бар бұйрығыңды орындадым,

Сұм жүрек, сол қызметімді ақтадың ба?

Опасыз тағдырдың тәлкегіне ұрынған жүрегінен түңілген, кейіген ақынмен бірге оқырманы да мұңаяды.


Үзілсе ішек, үзілмес нәзік жүрек,

Сондықтан сұрағаным тыңда ниеттен

Жүрегіне өзі сүйген, отты жүрек,

Оятпақ тас болса да зарлап тербеп

Нояннан о да көзін алмас болды,

Күйдіріп жас жүрегін жалын кернеп

Мағжан махаббаттың ғаламат күшін «нәзік, отты жас» айқындауларымен шебер суреттейді.


Өмір шіркін бықсып ақырын сөнеді,

Үміт шіркін тотығады, өледі

Өлді үміт, мен де ұзамай өлемін,

Соққы жеген сорлы жүрек біледі.

Амал не көнбей? Сонда да,

Бір өкпем бар аллама.

Сезгіш жүрек, ұшқыр жан,

Не бердің пендеңе?

Үмітінің ақталмағанына, жүрегінің алданғанына, жалпы жұртының да сәбидей алданып жатқанына ақындық пайғамбарлықпен көз жібереді. Бостандықта, елде жүргендегі ой-армандарының орындалмай қалғандығы ақынды қатты налытады. Тотыққан көңіл жанына саяны өлімнен іздейді. Мағжан өлеңдерінде ақындық дүниетаным мен табиғат байланысы ерекше көріністе. Ақындық сезімнің ұшан теңіз иірімдері табиғатпен мұңдасып, онымен тіл табысуымен де байыз таба алмайды, сөйтіп ол алласына батыл өкпесін білдіреді.


«Жүрек» сөзі адам сезімінің, көңіл-күйінің сан алуан қатпарына байланысты қолданылғандықтан, оған берілген «ессіз, жынды, сұм, нәзік, отты, жас, сорлы, сезгіш» деген сияқты эпитеттер ешқандай жасандылығы жоқ шынайы, санаға сіңімді, көңілге қонымды. Жүрек қылын шертетін Мағжанның асқан ақындық шеберлігін, сырлы да, сезімді суреткер екендігін көрсететін осындай образды жолдарды көптеп кездестіреміз.Мағжан жасаған эпитеттер кейіпкердің сыртқы бейнесін, ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын бейнелі суреттеп, тілге көркемдік беретіндігі даусыз.


Бүлдірген бетің сұрланып,

Желге сенбе, жас бала

Қарақат көзің мөлдіреп

Көп қарама, жас сұлу

Алма ернің елбіреп,

«Сүйші, сүй» деп жалынба

Жас қыздың ажарын бейнелеуде «бүлдірген, қарақат, алма» айқындауыштарының көмегімен дәстүрлі поэзиялық үлгіде қазақ ұғымына етене жақын образдар тудырады.


Бауырсақ мұрын, бүйрек бет,

Қаймақ қабақ, қара қыз

Сырық мойын, біз мұрын

Шіркін, тұздай көзіңіз

Бота көзің, бұраң бел,

Жіберші жақын қасыңа

Ақын халық даналығының жемісін ұтымды пайдалана отырып, ұлттық поэзияға өзіндік үлгімен келеді. Мағжанның сезім тұңғиығынан шыққан сөздерді ойната қолданудағы тапқырлығына тәнті болсын.


Табиғат көрінісін адам әрекетімен астастыра бейнелеу Мағжан Жұмабаевтың өзіндік бір ерекшелігі деп танимыз. Автор табиғат сұлулығын, оның тылсым күшін кейіпкердің көңіл-күйімен алмастырып, адамның ішкі әлемін, сезім иірімдерін ашуға пайдаланады. Ақынның балалық шағы мен құрбы-құрдастарымен көңіл сырын бөліскен жері-Сасықкөл. Мағжан үшін ол жұмақпен бірдей. Одан көркем, одан сұлу жер жоқ. Сондықтан болар ақын көл суретін ерекше шабытпен суреттейді.


Алыстан мұнарланып шалқыған көл,

Бетінде күннің нұры балқыған көл

Жарысып саф күмістей ақ көбігін,

Мап-майда мөлдірінде қалқыған көл

Сыртында ақ боз үйлер жарасқан көл

Байлардың кедейлерге қарасқан көл

Ағайын тату-тәтті қоныс бірге,

Саулықты сағат сайын сұрасқан көл

Кір жуып, кіндік кесіп, сенде өскен көл

Құрбымен, ойнап-күліп, кел дескен көл

Жарысып, тайға мініп, батпаққа аунап,

Күресіп күн батқанда белдескен көл.

Табиғат та, оны мекен етіп отырған халық та, жанға жайлы мамыржай тіршілік кешуде. Қаймағы бұзылмаған сұлу табиғат. Ауыл тіршілігі көлге берілген айқындаулармен тіпті ажарлана түскен. Сонымен қатар, өлеңде ақынның туған жерге деген сағынышы да берілген. Еліне, жеріне деген аңсау мен алаңдаушылық өлең бойында қатар өрілген. Ақынның нәзік жүрегі, қымбат сезімі туған өлкенің тағдырымен бірігіп, біте қайнасып кеткен «Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кем де кем шығар, - деп жазды Ж. Аймаутов. Табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырында өскен жігіт... табиғатты дәріптеген соң, оның қойнындағы елді, жұртты айтпай тұрсын ба?»


Мағжан өлеңдеріндегі «бұлақ» сөзінің қолданысына назар аударсақ, ақын оны түрлі образбен өте шебер суреттеген. Мысалы:


Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ,

Жаралы таудан аққан салқын жастан.

Тұрмап па ед біздің үшін мөлдір бұлақ,

Сылдырап, сылқ-сылқ күліп, таудан құлап

Мелшиген баяғыдай меңіреу орман,

Ойнаған асау бұлақ шапшып ордан.

Көріп отырғанымыздай ақынның бұлағы-жай бұлақ емес, асау бұлақ, ерке бұлақ, ішкеннің мейірін қандыратын мөлдір бұлақ. Сонымен қатар, бұлақтың ағысының әсемдігін «сылдырап, күліп, құлап» көсемшеден жасалған эпитеттермен өте ұтымды бейнелеген.


Қайғылы қыс қар-боранмен қорқытып,

Жанға рақат жайнаған жаз бітпесе.

Қатты қыс кірейін деп есік ашса,

Қызыл гүл қорыққаннан түсі қашса.

Ақынның қысы «қайғылы, суық, қатты» болса да, кез келген жазы «жұмақ нұрлы, жібек қанатты, жылы, ерке» болып келеді.


Жұмақ нұрлы жаз келед,

Алтын жүзді, алтын шаш

Әне, ерке жаз келед,

Ал балалар, қараңдар.

Ұлы ақын өлеңдерінде жел, ай, күн, түн сияқты сөздер жиі кездеседі. Бір ғана «жел» сөзіне көңіл аударсақ, ақын оны түрлі образбен береді.


Жалқау жел өзін-өзі зорға сүйреп,

Жан-жақтан жүргендей-ақ жындар билеп.

Осы өлеңде ақынның жыр объектісі болған жел – «жалқау» эпитеті арқылы табиғат құбылысының сан қырлы сипатын танытып айқындай түседі, айтайын деген ойына «жалқау» эпитеті арқылы салмақ салады. Енді бірде:


Таң атқанша жүйрік жел,

Жүгіруден талмады.

- деп, ақын оқиғаның, құбылыстың тез арада іске асуын көрсетуде «жүйрік жел» деп әдемі әуезді ой топтастырса, өмірдің жайсаң, мамыржай тіршілігін аңғартатын тұста «ерке желдер» деп еліктете жырлайды.


Талай ел қонып, жайлап көшкен жерден,

Еркімен ерке желдер ескен жерден.

Жоғарыда атап өткеніміздей ақынның желі бірде «жалқау, жүйрік, ерке» болса, енді бірде «жылы, ызғарлы, қатты, суық» болып келеді.


Ақырын ескен жылы жел,

Маужыратып, тербетіп.

Иіс шашып, жайнап тұрар түрлі гүл,

Гүл тербетіп кешкі жылы жібек жел

Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне

Бүрісіп ағаш, шөптер тоңып тұрған

Сананы сан жаққа жүгіркен «жел» сөзіне байланысты мұншалықты тың тіркестер мен ой толғамдар қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған. Мағжан қаламы арқылы келген жаңалықтар жеке ақын тұлғасына тиесілі. Расында, Мағжан қолданысындағы табиғат кейде таңдай қақтырып, бойыңды ерітіп, жүрегіңді лүпілдетіп неше түрлі күйге бөлейтін сурет болып көз алдыңа орнай қалады, кейде сол табиғат безбүйрек, қатал, ызғарлы. Яғни, лирикалық қаһарманның көңіл-күйіне қарай табиғат та жүз құбылып, мың құлпырып отырады.


Кешкі ескен жылы жібек жел сұлу,

Хош иісті түрлі-түсті гүл сұлу

Қайғылы ай, тұрсың көкте түсің қашып,

Қайғылы жер жүзіне жарық шашып

Түсте толқын еліріп,

Абыржып еді ойнақтай.

Иірілген айдардай ашулы асқар,

Томсарған туғаннан-ақ тарғыл тастар.

Ақынның салған пейзаждары құбылмалы, қимыл-қозғалысқа толы.


Ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінігі, ішкі жан-күйі тұрады, сонымен әлемді бірге толғандырып тебіренеді. Пейзажды лирика, шын мәнінде, поэзия әлемінде бейнелегіш-суреттегіш құралдар жүйесін толықтыра түсетіндігі сөзсіз. Ақынның қай шығармасын алмайық суреткерлік сыршылдығымен, оралымды тілімен, өрнекті ойларымен дараланады.


Мағжан сезімнің, сұлулықтың, іңкәрліктің жыршысы ретінде әсем де әсерлі, маржандай тізілген эпитеттерді құлпырта қолданады. «Меруерт көбік, күміс кәусар су, алтын бу, меруерт қар, тарғыл тастар, бұйра қою қарағай, ерке жаз, ерке бұлақ, қасиетті сәуле, сары сайран дала т.б.» тіркестерді махаббат, туған жер тақырыптарында молынан келтіреді. Бітім болмысы бөлек жаратылған дарынды ақын поэзиясының көркемдік – эстетикалық сипаты ерекше. Оның лирикасының табиғаты мен тағылымы, рухани нәрі де осында болып табылады.


Үндестік пен үйлесім - ақын лирикасының биік белесі. Ерекше үндестікке құралған «Толқын», «Гүлсімге», «Шолпы» деген өлеңдерінде ырғақты ұйқасты сөздерді шебер қиюластырып, оқырманын ләззат сезімге бөлейді. Ақын сөзінде кездесетін әдемі әуез, сыршыл ырғақ кейде жүректі тебірентіп, толқытады. Жалпы алғанда, Мағжан шығармашылығы - қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген шығармашылық ізденіс жемісі.


Әр сөзге әр беретін, сәуле түсіретін, жан бітіретін айқындаулардың ерекше қасиеті ұлт тағдыры, тіл мерейі, ата-мекен мұратын танытатын патриоттық жырларынан айқын аңғарамыз.

Қысық көзді Күншығыс,

Болсын соңғы бұл жүріс

Күнбатысқа жүрелік

Жарық көрмей жатсақ да ұзақ, кен-тілім,

Таза, терең, өткір күшті, кең тілім.

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!

Басқаға орын бердің жақсы жайдан

Зеңгір тау, түпсіз дария, терең сайдан


Ұлы ақын туған жерге деген перзенттік махаббаты мен туған тілі мен ұлтының болашағы жайлы серпінді ойларын өлең өріміне айналдырады. Сыршылдық, терең лиризм, романтикалық әуен мен философиялық кеңдік оның лирикасының басты мүддесін құрайды. Сонымен бірге, ақындық қуаты мен эстетикалық талғамы үндесіп келіп, ерекше пафоспен асқақтатып берілген айқындаулармен даралана түседі.


Әлемдік поэзияның сырлы бояуын барынша қабылдап, оны дамыта түскен ірі дарын иесі Мағжан Жұмабаев өзіндік қолтаңбасымен қазақ поэзиясының алтын қорынан өз орнын алды. Рухани асыл қазынаға өлшеусіз мол поэзиялық өрнек әкелген Мағжан қазақ әдебиетін жаңа сапаға көтеріп, қазақ әдеби тілін жұмсақ та, нәзік, көркем етіп қалыптастыруға мол үлес қосты.



Жанар Таласпаева


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар