– Міне-міне жақсарып қалдық!
Мұғалім бізге алғаш рет жылы қарап, біраз мақтау айтты. Бойы тік, қашан да өзін асқақ ұстайтын мұғалім бізді бірден өзіне үйіріп алған еді. Қос самайын енді ғана қырау шалған. Бұнысы оның жүзін қара күздің алғашқы қары түскен таудың сұсы секілді одан сайын айбарландыра түсетін. Қос алақанын бір-біріне ысып, ары-бері баяу жүрді. Саусақтары әйел адамдікіндей нәзік көрінді: – Енді дұрысталдыңдар, - деп, кілт тоқтап бізге қарады. Үйірме кабинеті тым-тырыс. Тағы не айтар екен дегендей қаз-қатар отырған төртеуіміз тағатсыздана күттік.
– Бастысы осылай жаттыға беруіміз керек. Мектепішілік концертте өнерімізді көпшілікке көрсетерміз.
Әрқайысымызға жағалай көз салды да:
– Аяла, әсіресе, сен, жылдам үйреніп келесің, жарайсың! - деді. – Бүгін осымен тоқтайық. Үйренгендеріңді ұмытпай, үйде көп дайындалыңдар!
Екінші тоқсан басталған күні оқушылардан домбырашылар квартеті құрылатыны хабарланған. Бастапқыда аса құлық қойған жоқ едім. Іріктеуге кездейсоқ келдім. Енді міне, бір айдан асты, квартет мүшесімін.
– «Қос алқаның» бірінші бөлімі, – деп, алғашқы сабақ күні мұғалім қарсы алдымызға жайғасты да бір күйді қысқа қайырды.
– Бүгіннен бастаймыз. Басқа бөлімдерін тағы да, уақыт келгенде, кезегімен тартып көрсетем. Бірден төпелемей-ақ қояйын.
Сосын орнынан тұрып әрқайысымыздың жүзімізді шолып шықты:
– Бұл күйді білетіндерің бар ма?
Бәріміз бас шайқадық.
– Ендеше, - деді орнына қайта отырып:
– Домбыраны тарту үшін, алдымен, дұрыс қағып үйрену керек екенін білесіңдер. Әзірше ешқандай пернені баспай ішекті бос қағыңдар! Міне, былай деп өзі көрсетті.
– Ешқайысың қалып, не озып кетпеңдер! Дыбыс бір домбырадан шыққандай болсын!
Біз дәл солай істеп, сабақ біткенше ішекті бос қағумен болдық. Домбыра үйренуге ықылас қойып, енді кіріскен маған бәрі қызық көрінді. Көбіне оң жағымдағы Санаттың қағысына еріп отырдым. Бұрын домбыра үйірмесіне бір-екі рет келгенім бар. Қатысушылар көп болды. Үйірме кабинетінің ішінде әркім өз білгенін тартып бей-берекет отыратын.
Бәрі әкем мен анамның сол күні қонаққа барып-келуінен басталды. Ол кезде 8-кластамын. Түн ортасында қайтты. Екінші сынып оқитын інім Ерік ұйықтап қалған еді. Мен иррационал теңдеуді шешемін деп көп отырдым. Ақыры жауабын таба алмай қойдым. Есіктен әлденені сөз қылып, дабырлап кірген екеуі дәлізде тұрған мені байқамай қалды. Сырт киімдерін асықпай шешіп, гардеробқа ілген соң ғана анам:
– Жаным-ау, әлі ұйықтамағансың ба? - деп таңырқай қарады.
– Иә, ұйқым келмеді әлі.
– Біз де бүгін ұйықтамайтын шығармыз, - деп асүйдің жарығын жағып плитаға шай қойды. Әкем екеуміз де солай бардық. Анам қонаққа барған үйді мақтай жөнелді:
– Қандай қонақжай адамдар, дастарқаны қандай!? Аз ғана адамға салаттың сонша түрін істеген. Тортты да қолдан жасапты.
– Маусым Бәкірұлы – жұмыста ғана жақсы басшы емес, отбасын да берекелі ұстайды екен, - деп әкем де қостады.
– Отбасы демекші, қызының да өнерін тамашаладық. Қандай сұлу, тәрбиелі қыз?! Домбырамен музыка ойнады.
– Күй ойнады де!
– Күй де музыка емес пе?!
Сөзін бөлген әкемді жақтырмай қалған анам, орнынан тұрды да үстелге тәттілер қойды:
– Қойшы, әйтеуір, бәрі тамаша болды. Бүгін бір тыныш ұйықтайтын шығармын. Бұл уақытта шай да қайнаған еді. Анам мақтауын шай құйып жатқан кезде ғана тоқтатты.
Сол-ақ екен әкем аяқ астынан маған жалт қарап:
– Аяла, сен де домбыра үйренсеңші! - деді, – Бізге де талай қонақ келеді әлі. Өнеріңді көрсетіп марқайып отырмаймыз ба?! Олар да үйлеріне барып сені мақтап отырады.
Әкемнің бұл ұсынысы анама да ұнап, шай ішіп болғанша менің қандай күй үйренетінім, қонақтар келген кезде қай жерде отырып домбыра тартатыныма дейін шешілді.
***
Бүгін қар мол жауды. Кешке дейін толастамады. Тұтас қаланы ақұлпа жапты. Таңертең үйден әкемнен бұрын шығып толассыз жауған қарға жүзімді тосып көліктің қасында күттім. Мың, миллион ақ ұлпа жүзіме қарай асығады келіп. Қапалақтап жауады. Сондай жылы. Ақпанның соңында осылай болады. Көктемді сүйіншілейтін қар. Әкем лицейге асығыс жеткізді:
– Сабақтан алып кете алмаймын, - деді көліктен түсіп жатқанымда, – Кешке тығыз шаруаларым бар. Кінәлі адамдай көзі тайқып кетті.
– Ештеңе етпейді, әке, - дедім жымиып, – Үлкен қызбын ғой.
Жылы қоштасып есікті жаптым. Сөмкемді оң иығыма асып, мектеп ауласына қарай бұрылдым. Алғашқы сабақ химия еді. Мұғалім іс-тәжірибе деген соң, зертханаға бет алдық. Осында келсек болды, ұлдар белсенді болып кетеді. Бүгін де шуылдап бірден тәжірибе жасауға кірісті. Екі апта бұрын өткен реакциялық теңдеудің мәнін өз көздерімен көрмекші. Олар құралдарды орналастырып, формулаларға үңіліп, дабырласып жатқан кезде, терезе жаққа қарадым. Қар ұшқындары әйнекте еріп, төмен қарай сырғуда. Сосын ноқаттай тамшыға айналды да жоғала берді. Әйнекке сіңіп кетті, әлде буға айналды. Кейде ұшқындар молайып, терезені ылғалдай береді. Қасымда отырған Әмірдің иығынан қағып терезе жақты нұсқадым. Жалт қарағанымен, аса назар қойған жоқ. Темір құтыдағы жасыл сұйықтыққа қайта телмірді. Сабақ көңілді өтті. Әсіресе, ұлдар мәз. Мен де сабаққа белсенді кіріскендей көрінгеніммен әлсін-әлсін терезе жаққа қараумен болдым. Химия сабағы аяқталғанша мың, миллион ақ ұлпа лицей ауласындағы ағаштардың сидиған бұталарын сәндеп үлгерді. Кіші сыныптардың ойнайтын алаңы, аласа ағаш қоршаудың арғы жағындағы көше түгел аппақ. Одан кейінгі сабақтар кезінде де сыртқа қараумен болдым.
Біздің мектеп қаладағы ең озық лицейлердің қатарында. Бесінші сыныпты аяқтаған соң әкем осында әкелді. «Болашағың үшін осында оқығаның дұрыс» дегені есімде. Мұғалімдер де «сендер қаладағы ең озық мектепте оқисыңдар, сондықтан, болашақтарың жарқын» деп, жиі айтып тұрады. Болашақтың жарқын, немесе күңгірт болуы мүмкін екендігіне алғаш былтыр сезінгендей болдым...
...Әдебиет сабағы жүріп жатқан. Мұқағали Мақатаевтың «Түсін, шеше!» өлеңін жаттап келу тапсырылған. Сыныптың жартысы бұл тапсырманы орындапты. Мен де жаңылмай, жақсы оқып, мәртебем өсіп қалды. Тіпті, бәрі қол соғып, қошемет көрсетті. Партама келіп отыра бергенімде ду қошемет арасынан Алма Жомартқызының: «Өлеңді Аяла сияқты оқу керек!» дегенін естіп қалдым. Бұл былтырғы көктем уақыты болатын. Терезе ашық тұрған, жас бүрдің иісі есімді алған еді. Әлдене уақытта есік қағылды да директор ішке кірді. Қасында бейтаныс үш адам бар. Жастары отыздар шамасында сияқты. Қонақтардың сырт әлпеті, әсіресе сәнді киінгендері бірден назарымды аударды. Сабақ кілт үзілді.
– Алма Жомартқызы, кешірім өтінеміз, - деді директор жақындай түсіп, – Бұл кісілер «Мамандық бағдарлау» жобасы бойынша келіпті. Балаларға біршама мағұлмат бермек.
Сол кезде олар сан түрлі мамандықтар жайлы көп айтты. Болашақтағы үлкен өмір жайлы да сөз етті. «Соған қазірден бастап дайындалу керек» деді. Олардың сөзінен түсінгенім болашақ өмір біздің мұғалімдер айтып жүргендей өз-өзімен жарқын бола кетпейтін көрінеді. Дайындық керек екен. Алдымен мамандықты қателеспей таңдау қажет. Олардың келгені сол себептен екен...
Бүгін қардың мол жауғанына қатты қуандым. Алдағы көктемнің де жылы лебі секілді. Тілегімді аспан естіген, сірә. Кешке дейін толастамады.
Кешке үйге кіріп келгенімде анам үсті-басыма қарап қабағын түйді де: «Сені де...» - деп барып тоқтады. Өзім де аңғардым. Дәліздегі айнаға қарасам, шынымен аянышты болып кеткем. Бет-аузым қызарған, мойныма бостау оралған шарфым дымқыл. Ерік жүгіріп келді де:
– Әпке, киімің су-су ғой? - деді.
– Ештеңе етпейді. Сабағың қалай өтті? Сырт киімдерімді жылдам шешіп, айнаға қарап тұрдым да үсті-басымды дұрыстадым. Еріктен жөнді жауап естімейтінімді білем. Сонда да бірнеше сұрақты үстемелеп қойып едім бұрылды да кетіп қалды.
– Әкем әлі келмеген бе? Еріктің орынына анам жауап берді:
– Жоқ. Келмеді әлі.
Бөлмемнің төрінде домбырам ілініп тұр. Квартет мүшесі атанып, үйренуге шындап кіріскен соң әкем сатып алып берді. Орындыққа оңтайлана отырдым да, баяу ғана бір рет бос қақтым. Ре басымырақ естілгендей болды. Бірнеше күн тұрса да құлағы таймапты. Аппақ қарға шомып келген көңіліммен жараса кеткендей. Мұғалімнің өткендегі соңғы мақтауы да қанаттандырып тастаған. Сосын тағы екі рет бос қақтым да, қос перненің де соль нотасынан басталатын «Қос алқаның» алғашқы бөлімін тарта жөнелдім. Бәрі дұрыс. Ешеңені ұмыт қалдырғам жоқ. Өзімді күні бойы жауған қар ұлпаларындай жеңіл сезіндім. «Үстіңгі перненің соль нотасы бірде қағыспен, бірде қағыссыз шығуы керек». Мұғалімнің алғашқы сабақтағы айтқаны есіме түсті. Дәл осы қағыссыз әдіспен дыбыс шығарудан қиналған едім. Сол қолымның бас бармағы икемге келмей пернені іліп кете беретін. Мұғалім қабағын түйіп қарайтын да: «Аяла, бұның не?» - деп налитын.
Домбыраны орнына қайта ілдім де терезеден қарадым. Көше жарықтары жарқырап, құбылып тұр. Күміс сәулелер қар бетінде ойнайды. Ақ ұлпаның кіршіксіз сырын бүкіл қалаға паш етуде. Көліктер де баяу сырғиды. Осынау таңғажайыпқа көз суарып бара жатқан сияқты. Көшенің арғы жағындағы сауда үйінің алдындағы қым-қуыт қарбаласқа көзім түсіп аз тұрдым. Есік қағылды да Ерік шайға шақырды. Әкем де жұмыстан келіп, дастарқанға жайғасты.
***
Екінші бөлімді Санат жылдам үйренді. Қолы жүрдек. Саусақтары жоғары-төмен еркін сырғиды. Домбырасының үні маған анық естіледі. Мен өзімдікін емес, оның домбырасын тартып отырғандаймын. Қанша құлақ қойсам да, өз домбырамның үні естілмейтін сияқты. Төртеуіміз отырып қатар тартқан кезде мүлдем жоғалып кетеді. Мұғалім бұны байқай ма, жоқ па білмеймін. Әйтеуір ары-бері баяу жүріп бізден көз айырмайды. Қабағы салыңқы. Бізге көңілі толмайтыны анық. Өткендегі мақтаудың ізі жоқ. Екінші бөлім, сөйтіп, бәрімізді қайтадан әуреге салды.
Бүгін кешке дейін дайындалдық. Әрқайысымыз жеке-жеке отырып та, топпен отырып та үйренген жерімізге дейін тартып шықтық. Мен әлі екінші бөлімді соңына дейін аяқтай алмағанмын. Екпінді қағысқа осал болып шықтым. Бүгінгі сабақта бәрі оңалған сияқты. Кеш те батты. Бәріміздің де шаршағанымыз анық білінді. Мұғалім:
– Бүгінгі сабақтың соңына да жеттік. Соңғы рет бір ойнайық, - деді. Төртеуіміз де бірқалыпты бастадық. Бірінші бөлімді жеңіл өттік. Ешқайысымыз пернені қате баспаған сияқтымыз. Екінші бөлімдегі екпінді қағысты да бір қайырдық. Бәрі дұрыс. Сынып іші күмбірлеп тұр. Бүгін ғана шаршап әрең үйренген екпінді қағысты екінші рет қайталар тұста шанағыма қарай сәл қисайып құлақ түргем:
– Аяла, не болды саған? - деді мұғалім. Үні қатқыл шыққандай болды. Бәрі кілт тоқтаған. – Қалып қойдың ғой. Жап-жақсы келе жатыр едік.
Мазасызданып, қабағы түйіле берді. Қарсы алдымыздағы орындыққа келіп отырды. Аяқтарын айқастырды да үнсіз қалды. Аз үнсіздіктен соң:
– Үйлеріңе қайтыңдар! - деді. Бірақ мені оңаша алып қалды.
– Аяла, сен өте дұрыс шертіп отырдың, - деп бастады сөзін. – Ұқыптысың. Бәрін тез үйренесің. Иә, қиындау екенін білем. Десе де үйренуге болатын күй. Үйреніп те келесіңдер. Достарың да қағілез. Мен төртеуіңді бекер таңдаған жоқпын. Таңдауым тек домбыра ойнау шеберлігіне ғана байланысты болған жоқ. Бұл квартетке қатысты менің өз жоспарым бар. Наурызда алғашқы концертке қатысуымыз – ол бергі жағы...
– Мен тек тыңдайын дегем. Дауысым баяу шықты. Діріл де бар сияқты. Ол қасын кере қалды. Көкшіл тартқан самайын сипалап, не айтсам дегендей аз тұрды да:
– Мен тыңдап тұрмын ғой, - деді. Бәрі дұрыс болды. Темп, ритмдерің үйлесіп келе жатқан. Қолдарың да икемделіп қалды. Көріп тұрмын. Маған бәрі анық естіліп тұр.
– Өз домбырамның дауысын естігім келіп кетті...?
– Маған квартеттің дауысы керек! – Кілт теріс бұрылды. Баяу басып терезенің алдына барды да, сырт жаққа қарады. Қараңғы түсіпті. Ауладан оқушылардың дабырлаған дыбыстары құмыға естіліп тұрды.
– Жарайды, бара бер! - деді кері бұрылып, – Келесі сабақтың қашан болатынын хабарлаймын.
***
Түсімде «Қосалқаны» толық үйреніп алыппын. Басынан аяғына дейін жаңылмай тарттым. Екі көзім саусақтарымда болды. Пернелерді қалай дәл басам!? Қай пернеден соң қайсысын басатынымды алдын-ала біліп тұрудың ләззатын енді сезінгендеймін. Көз алмағаным сондай мұғалімді мүлдем ұмытыппын. Бір қызығы қасымдағыларды да естімеймін. Сынып іші күмбірлемейді. Тым-тырыс. Тек әлдене уақытта құлағыма еміс-еміс бір дыбыс жеткендей болды. Бірақ анық естілмейді. Сөйтсем, тек саусағымды аңдаумен ғана болыппын ғой. Бұлай болмайды. Қағысымды күшейттім. Бірақ ештеңе естілмейді. Бұл қалай болды деп мұғалімге қарамақ болдым. Жоқ екен. Басқалар да жоқ. Өзім жалғыз отыр екенмін. Терезе ашық қалыпты. Сырттағы шуыл шалынды құлаққа. Сосын үзіліске шақырған қоңырау сияқты тосын дыбыс берілді. Ол да емес, телефонның оятқышы екен. Сол уақытта Ерік те бөлмеме кіріп:
– Тұр, кеттік! - деді.
Бұл күні үйірме болмайтын еді. Содан болар мектепте күні бойы сылбыр жүрдім. Сабақ арасындағы үзіліс кезінде Еркежанмен тілдестім. Ол да квартет мүшелерінің бірі. Басқа сыныпта оқиды. Менің сол жағымда отырады. Оның арғы жағында – Мұратбек. Төртеуіміздің ішіміздегі ең шебері сол. Бірінші қылып отырғызғаны да содан болуы керек.
– Қалай, үйреніп қалдың ба? - дедім Еркежанға. Ол телефонынан әлденені қызықтап тұрған. Менің келгенімді аса жақтырмаған сияқты. Селқос қарады.
– Әлі де дұрыс тарта алмай жүрген сияқтымын, - дедім сосын. Сыр ашпақ болсам керек. Шынымен қиналып жүргеніңді мойындағаным да шығар.
– Мектепішілік концертке қатысуымыз керек. Оған дейін міндетті түрде үйренеуіміз керек қой, - деді ол телефонын қалтасына салып жатып. Сосын өзіне сенімді екендігін білдірді. Бастапқыға қарағанда жетіліп қалғандығын байыптап айтты. Көңілі орнында екені көрініп тұр. Үйренсе, үйреніп алар. Сосын ол дәлізді бойлап жүре берді. Лицейдің үздік оқушыларының суреттері ілінген тақтаның қасындағы сыныбына кіріп кетті.
***
Сынып жетекшіміз түстен кейін ата-аналар жиналысын ашты. Басты мәселе биыл біздің оныншы сыныпты аяқтап, келесі жылы ҰБТ тапсыратынымыз жөнінде екен. Соған байланысты нақты пәнді қазірден бастап бекітіп қоюымыз керек.
– Құрметті, ата-аналар, мамандық таңдау оңай емес. Ол дегеніміз – болашақты таңдау, - деп сөзін бастаған сынып жетекші жиынның мәнін қысқаша түсіндірді. Сосын тестілеуге міндетті пәндердің мұғалімдері ойларын айтты. Белсенді ата-аналар да ортаға шығып, балалардың дайындығын қазірден ойлап жатқан мектеп ұжымына алғыс білдірді. Сосын сыныптың тағы да басқа мәселелері айтылып жиналыс біразға созылды. Бір түсінгенім: сыныптастарымның көбі пәндерін таңдап та қойған екен. Болашақта қай салада жұмыс істейтіндіктеріне дейін жоспарлап қойыпты. Жиналыс аяқталар тұста сынып жетекшіміз:
– Бір сәт назар аударсаңыздар! - деп ортаға бейтаныс әйелді шақырды. Әйелдің бойы ұзын, сәнді киінген, жүрісі де біздің мұғалімдерден бөлек көрінді. Баяу басып ортаға шықты.
– Есімім Аяла болады, - деп бәрімізге жағалай қарап шықты. Ол атын айтқан кезде анам екеуміз бір-бірімізге үнсіз қарап, жымидық. Мен болсам аттасымның не айтатындығын асыға тостым.
– Қазақстан нарығында үлкен беделге ие «Самғау» компаниясының өкілімін. Негізі бағытымыз архитектуралық жобалау, - деп байыппен сөз бастады. – Біріншіден, әрине, сіздерге өзіміз жайлы айтсам деймін. Екіншіден, біздің компанияда жұмыс істеу көп адамға арман екендігін жеткізгім келеді. Сондықтан бізде жұмыс істеу үшін қандай пән оқу керектігіне кеңес бермекпін. Жаңа айтқанымдай біз архитектурлық жобалаумен айналысамыз. Сондықтан сіздерге алдымен «қиялилау» болыңыздар дер едім.
Ол көп сөйлеген жоқ. Сөзінің соңында бізге сәттілік тіледі. Сіздерді үлкен өмірде асыға күтеміз деді. Бұдан кейін де осындай компания өкілдерінің біразы келіп бізді асыға күтетіндіктерін айтқан еді.
***
– Әпке, көмектесші! – Қиылып Ерік келді. Қолында А4 парағы, түрлі-түсті карандаштарды уыстап ұстап алыпты: – Көктемнің суретін салуым керек, - дейді парағын ұсынып. Ютубтан Дәулеткерей Шығайұлы туралы деректі фильм көріп отырғам. Ойымды бөлгенін ұнатпай қалсам керек, орнымнан жылдам тұрып терезені аштым да сырт жақты нұсқадым.
– Әне, көктем! Еріктің қабағы түсіп кетті.
Наурыз айының ортасында қар түгел еріді. Терезе алдында көгершіндер күншуақтап жүретін болды. Кей күні таңда солардың құрылынан оянам. Күндіз қандай шуақты болса, түнде сондай салқын. Сонда да терезені ашып қойып сырт жаққа ұзақ қараймын. Тоңазысам жасыл матадан тігілген жамылғымды иығыма ілем. Троутарды жағалап енді біліне бастаған көк өскіндерге, бұталарда біліне бастаған бүрлерге қаланың сан түрлі жарығы қалай түсетіндігін тамашалаймын. Еріктің көңілін қалдырғаныма ақыры өзім қиналдым, сондықтан бөлмеме шақырып алдым: – Терезеден қара! - дедім, – Сауда үйінің алдындағы ағаштарды көрдің ғой? – Ерік басын изеді, Жапырақтары әлі өскен жоқ. Бүрлері енді ғана білініп келеді. Дәл солай қылып сала ғой! Өзің бастап салып көрші. Болмаса сосын көмектесем!
Ол басын изеді де өз бөлмесіне кетті.
Айтпақшы, жақында ғана квартет құрамынан шығып кеттім. Бұл шешіміме әр таң сайын қуанып оянам. Былай болды: күйдің үшінші бөлімін үйрене алмай біраз жүрдік. Әсіресе, сағақты өрлеп қос пернені де қатар басып финалға жақындайтын бөлігі алынбас қамалға айналды. Мұғалім бізге ашулы еді. «Үмітімді ақтамайтын болдыңдар» деп аласұрды. Шыдай алмай домбыраны қолына алады да қайта-қайта тартып көрсетеді. Бірде қатты налып түңілгендей болып:
– Қане, басынан бастайық! - деді. Өзі біздің қарсы алдымызға жайғасты да белгі берді. Бірдей бастадық. Сан рет қайталап, бірінші бөлімге әбден машыққанбыз. Оған қиналмадық. Екі рет қайырдық та, екінші бөлімге көштік. Бойымды тік ұстап мұғалімге тура қарап отырдым. Әлденедей ойға батып қабағы тұнжырап отырғандығын байқадым. Жүзі бізге қарағанымен ойы өзге әлемде еді. Екіпінді қағысқа келгенде орнынан сәл қозғалақтап, пернелерге көз салды. Бұл сәтте екінші бөлімді қорытындылап, үшінші бөлімге көшкенбіз, саусақтарым майда жылжып сағаққа жетті. Мұғалім бізге жалт қарады. Өйткені, бәріміздің жаңыла беретін қағысымыз жақындап қалған. Демімді ішке тартып, қағысымды күшейте түстім. Жеттік. Мұғалім домбыра тартуын кілт тоқтатып бізге қарады. Бірақ мен соңынан бірақ шықтым. Сүрінбедім. Қағыстан да жаңылғам жоқ. Әйтеуір сынып ішінде менің домбырамның ғана үні шығып тұрғанын аңғардым. Квартеттің басқа мүшелері әлдеқашан ойнауларын тоқтатып аңтарылып маған қарап қалыпты.
