Жанна Ерекина 1984 жылы Торғай облысы Жангелдин ауданы Аралбай ауылында туған. Арқалық педагогикалық институтының түлегі. Қазіргі таңда Торғайдағы Н.Г. Иванов атындағы жалпы білім беретін мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
***
Қоңырауын қағып келді қара күз.
Бір құпия екеуміздің арамыз...
Байқайсың ба, өмір өзі бір бөлек,
Ал біз?
Біз өлеңде ғанамыз.
Құс қатары тізбектелген-жоралғы,
Аспанымның сәні бар-тын...жоғалды.
Жыламсырап Ай батысқа жылжыды,
Сұр төбеде-Сүмбіле. Күз оралды.
Өмірімнің осы шағы-екінді.
Жүрегімде сырлар жатыр не түрлі,
Қараторғай салған әнде мұң ғана,
Ал өлең ше?
Көшіп кеткен секілді.
Сезім мен ой тапқан қашан үйлесім?
Күнбатысқа беттеп көңіл күймесі...
Сағым жыры мөлдіреген сағыныш
Ал сен?
...өлең үшін сүймеші...
Қоңыр өлең.
Сұр Сүмбіле.
Қара күз.
Бір құпия екеуміздің арамыз...
Күннен-күнге жақын болып барамыз.
Күннен-күнге алыс болып барамыз.
Өлең дейсің...
Өмір сүргім келеді...
Ал біз?
Біз өлеңде ғанамыз.
***
Күз оралды.
Солды соңғы гүл еппен,
Құс жолынан мұң үзіліп,
Дір еткен.
Сағыныш бер
Сақта, Құдай, біздерді
Сүйе алмайтын жүректен!
Көрмесін деп ойлады ма жасымды,
Ақ сұр бұлттар
Айды тағы жасырды.
Тоқтататын, айтыңдаршы, кім барсың
Өтіп жатқан ғасырды?!
Дүниені қараңғылық тербетіп,
Айтшы, неден жасырындың
Жер беті?
Тынып қалған
Осы түнге ұқсайды
Жалғыздықтың келбеті.
Түн ішінде
Бөлек күздің ырғағы.
Көктегі әуен жалғайтындай мұңға мұң.
Қайран, өмір, қалқып кетіп барасың
Қанатында тырнаның.
Талмай ұшып
Жетсе екен деп елге аман,
Тілек тілеп жатқан шығар кең далам.
О, Тәңірім, сыңсуындай құстардың
Бір сағыныш бер маған!
Әуен ұзап
Сендіреді келем деп
Солай,
Солай
Мен сезімге сенем көп.
Сағыныш бер!
Мен кеткенде келмеске
Қалсын Өмір Өлең боп!
***
Қарашы.
Тағы күз келді.
Күлімдеп күн.
өте шықты
Жаз-ғұмыр
жүгірмек бір...
Қауырсынын қатпаған жылыта алмай
Су бетінде бала қаз дірілдеп тұр.
Білесің бе?
Бұл күзде басқа бәрі
Күз оралса көңілім жасқанады.
Кездеспейтін жандармен ендігәрі
Күз ішінде
қоштасу басталады.
Күз бейнесі
көркем деп айтпа маған,
Күзде тылсым тұнады жайтқа ғалам.
Құс жолымен ілесіп кеткен әкем,
Қарашада қаздармен қайтқан анам.
Күз келгенде
дүние мүлде бөлек.
Айту оңай тағдыр деп, бірдеңе деп.
Тырналарға бет бұрған жылы жаққа
Оралсын деп кигіздім жыр-кебенек.
Күзде алыстап кетеді күлкі менен
Жел жанымды жауратып
Сілкілеген
Оттан, судан, бәрінен:
Тіпті өлімнен
Сен сақтайтын болсаң ғой, шіркін, өлең.
Күз осындай
Күйігі мүлде бөлек
Жұбанамын тағдыр деп, бірдеңе деп.
Ұясындай иесіз қалған құстың,
Шұрық-тесік жүрегім
Кімге керек?!

***
Жүрегіме көптен менің мұң ғашық.
Көктемді іздеп,
Табаныммен қыр басып,
Тосылам кеп тобылғының гүліне
Саған айтқым келген барлық сырды ашып.
Саған айтқым келген барлық...
Күйімді
Сезген құстар су бетіне жиылды,
Күнге тосқан маңдайымды жел сүйіп,
Қамысбасы көкжиекке иілді.
Тұрағым кең –
Аспан мен жер, кеңістік,
Тіршілікті тербейді осы тең үштік.
Аралықта ешкім жоқтай бір сезім -
Жалғыздық па?
Үнсіз ғана келістік.
Гүл төселген анооу қырдың алабы,
Жүз көбелек
Мейірім жыр
Сол әлі.
Жүз көбелек ішінен бір періште
Саусағымның ұшына кеп қонады.
Көктемі – үміт, күзі – мендей, жазы – бақ,
Даламды да сүйем үнсіз.
Азырақ
аялдамай ұшып кетті көбелек
Өзің жайлы ойларымды жазып ап.
Әйел мінез мұңаюға құмар
Шын,
бірдің сырын біреу қайдан біле алсын.
Көбелектен сен туралы білетін,
Мен туралы білгің келсе сұрарсың.
***
Қамықпа кейде сағынбады деп жазылмай қалса өлеңдер,
Көкжиек бүгін сәулеге тұнды,
Бесігін Күнге бөлеп Жер,
Көкте құстардың әлди-әуені, жерде-жұпары жусанның
Далаға шықшы!
Сезесің сонда
Сағынбайтынымды сенен кем.
Мөлдір әлемде
Мұңымды шайып мөлдіреп аспан бір ауық,
Мөлдір сезімге тұнсыншы кеудем
Кеткенше көктен Күн ауып.
Кеше де саған сағынғанымды сансыз тамшылар жеткізген,
Батыстан көшкен баянсыз желмен
Бұйығы бұлттар
Жылауық.
Қамықпа, күнім, сағынбады деп,
Сезімнен ада жоқ адам.
Екеуміз барда сағыныш-әуен
Жер менен көкке толады ән.
Дүниеден осы көшкен шағымда өлең боп сіңіп ғайыпқа,
Оралар болсам дүниеге қайта
Сағыныш болып оралам.

***
Домаланып аспанда ай барады,
Жылт-жылт етіп сығалап жұлдыз біткен.
Мен іздейтін адамдар...
Қайда бәрі?
Үркер жаққа қараймын үздігіп мен.
Үркіп қалдым...
Үркер жоқ аспанда әні,
Боз іңірде шығыстан күліп тұрар.
Бәлкім, ерте шілденің басталғаны,
Жүрегімнің еркі ме бүлікқұмар?!
Үркер ауып
Жиектен көшіп әрі,
Өзгеріпті түнгі аспан кескіні де.
Жүрегіме бір жұлдыз қосылғалы,
Үркер сынды
Көп жұлдыз өшті... білем...
Өшті...
Сөнді...
Жоғалды...
Ұмытылды...
Аспан-тағдыр айырды біразынан.
Жүрегімнің жалғыздық- жыры түнгі,
Көңілімнің күйі осы...
Құлазыған.
...Көз жүгіртсем төбемде көмбе көрім,
Төгіліп тұр аспаннан жұлдыздар көп,
Үркер қайта шыққанда сен де көрін,
Мені іздейтін ауылда бір қыз бар деп...
***
Ештеме өзгермеді
Кеш батты бұрынғыдай,
Түн сондай
Қап-қараңғы
Көкте жоқ
Тірілгір Ай.
Әлемде бәрі ап-анық
Әр өмір-бір құпия
Білетін шығар жалғыз
Бәрінің сырын Құдай...
Көшеде сүрлеу сол жол
Көліктер зулайды ағып,
Сезім де сол баяғы...
Басылар
Тулай қалып.
Жел
Бейне сәби сынды
Ентігіп,
құлап,
жылап,
Танауын бір тартып ап,
Тынады, шулай қалып.
Өзгерген ештеме жоқ
Аспан
Жер
Бәрі, бәрі...
Соқыр шам, иесіз үй
Не қажет?
Табылады.
Бәрі сол...
Тек өмірдің
Есігі біреулерге
Ертерек жабылады
Тым ерте жабылады.
Ештеме өзгермеді
Өкініш
Үміт
Қайғы,
Санада ой көшіп жүр,
Көшеді
Түк ұқпайды.
Бұл жанның иесі кім?
Неліктен бәрімізді
Бір өмір ұшырады,
Бір өлім құлыптайды.
Ештеме өзгермеді
Өзгерген жоқ
Білемін
Бәрі де артта қалды
Ол сондай
Өрт күн еді...
Қар басқан тоң топырақ
Сен мені естимісің
Мен бүгін өлгендерді
Оралсын деп тіледім
Оралсын деп тіледім.

***
Жаңбыр билеп
Жер-сахна таңда мынау,
Төгіп аспан әуенін арда жырау,
Қолшатырын жанымның жоғалтттым да,
Жаурадым-ау...
Сахнаның сап-салқын басып төрін,
Шымылдығын ақырын ашып көріп,
Мөлт-мөлт еткен әуенді қимай тұрмын
Ғашық болып...
Тамшылардың мөп-мөлдір ырғағы шын,
Төгіле түс, тоқтама, жырла құсым!
Баста менің мазасыз жүрегімнің
Мұң вальсін.
Жаңбыр билеп,
Тамшы ойнап мұң күйімді,
Қайғысы көп қабақтай күн түйілді,
Ей, адамдар, аспаннан үйреніңдер,
Шын сүюді.
Әлденеге жер, кейде күн өкпелеп,
Сонда да ыстық махаббат тілеп бөлек...
Қараңдаршы, бұлардай сүю үшін
Жүрек керек...
Жер ғашығын сағынған таң шығар бұл,
Мұңға толы ырғағы тамшылардың.
Жер мен көктің сезімін түсінетін
Мен жалғыз жан шығармын...
***
/С.Тұрысбектың «Ақ жауынын» тыңдағандағы ой/
Беу, домбыра!
Серпілші сен бір бүгін!
Бір Алланың қолында
Сендім ғұмыр!
Жүрегіңді жұлып-ақ әкетсе де,
Жоғалпаған дүние мөлдірлігін!
Беу, домбыра!
Төгілші сен бір бүгін!
Боз әуен ғып боздатқан домбыра-мұң,
Жүрегіңді жаулайтын ол бір ағын.
Шартарапты шарлайтын шалқыма жыр,
Шанағынан шығады домбыраның.
Домалайды тамшы боп домбыра-мұң.
Жыламаған дүниеде аспан барма?
Түсінесің көзіңнен жас тамғанда.
Жердің бетін су шайып кеткен дейді,
Ең әуелде тіршілік басталғанда.
Кейде мүлде болмайды аспанда арна.
Кейде асты аспанның тесіледі,
Мұңды жаны жасырсын несін енді?
Жасыра алмай жоқтайды жетім жұртты,
Басыла алмай жоқтайды жесір елді.
Мұңды жауын...
Домбыра көсіл енді...
Көсіл енді...
Қайғының қондыр әнін.
Ақ тамшыдай, қарашы, мөлдір ә мұң?!
Қасіретін бер маған ақ жауынның,
Қасиетін бер маған домбыраның!
Төксін жауын!
Құйылсын!
Аянбасын!
Бар дүниеге күлгінге боялғасын!
Ақ жауынның жаныма айтқан мұңын,
Домбыраның қос шегі баяндасын!
Шертсін күйін!
Құйылсын!
Аянбасын!
Шертіле ме тап мұндай шерім кейін,
Домбырамды шертейін, шегінбейін!
Ақ сұр аспан, қайғыңнан айықпашы,
Мен де бірге жылайын, жеңілдейін!
Жазылар ма жүрегім менің кейін?!
