Жас ақын Алхабек Айжан Әбжанқызының екі өлеңін оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз. Өлең өлкесіне қадам басқан жас қанаттың талмай ұзақ самғауына тілектеспіз.
СЕНІМ
Мен неге жиі асыға берем?
Сезімдерімді жасыра берем...
Алып-ұшқан ақ көңілімменен,
Баянсыздыққа бас ұра берем...
Қолымда барды досыма берем,
Достарым көп деп тасына берем.
Аңғалдық па екен... көрінген жанға
Несіне сонша шашыла берем?..
Сырын айтқанға жанымд(ы)-ай берем,
Өзгенің жайын уайымдай берем
Мұңын айтқанға "тəубе" үйретіп,
Өзімді дана, ғалымдай көрем...
Бір ауыз сөзге барымдай сенем,
Жалғанды шындай қабылдай берем.
Бір жанды үнсіз ұната қалсам,
Көктегі жетпес айымдай көрем.
Жаныма жайлы достарды көрем,
Көздері отты жастарды көрем.
Даладайын кең көңілдерінен,
Тұп-тұнық, шексіз аспанды көрем.
Біздерге деген сеніммен келем,
Адамдық ізгі жолыммен келем.
Елімнің алды жастар ғой деген
Елбасы берген демеумен келем.
Жастар жылында жаңғырып көнем,
Тұла-бойымнан тасқын күш сезем.
Жырымды оқыған əрбір жалын жас
Үлесіңді қос, үміт зор сенен.
Бейбіт көгімнің күнінен күлген
Жалынды жастың нұр жүзін көрем
Жастар жылында жарқырап жанар
Алтын жұлдызы барына сенем
Əр жақын жанның жанына енем
Ешбір себепсіз тек жақсы көрем.
Мендегі шексіз сенімдерді де
Бағалайтын жан барына сенем!
Ақ бұлттар
Самал жел тербеп, үдере көшкен ақ бұлттар,
Мен туған ауыл, сары-ала шағыл көрдің бе?
Сарғайып əркез ботасын күтіп ол тұрар,
Сағына айтқан сəлемін алып келдің бе?
"Желсіз түнде жарық ай" деп бір əн салсам,
Қойнында аунаған сайларым еске оралар.
Əлдебір əсем табиғат көріп тамсансам,
Аядай ауыл елестеп, көзден жоғалар.
Жармасып алып өзіңмен ұшып барар ем,
Көзіме жақын, қол жетпес, бірақ, биіксің!
Туған жерімнің бауырына барып қонар ем,
Қиялдай берсем, арманы құрғыр биік тым.
Сарғайған сағым сағынышым боп қаларсың,
Түсіме еніп, жаныма демеу боларсың.
Еске алған шақта көзімнен аққан мөлдір мұң,
Ақ тамшы болып туған жеріме тамарсың.
Сенің көшіңе шекара шектеу бола алмас,
Биік таулар да, орман мен тоғай, көл тегі.
Сағыныш əннің куəсі болған самал жел,
Мен өскен əсем ауылға сені ертеді.
Жырымды менің ақ қойыныңа салып ал,
Бүгін, не, ертең... Əйтеуір бір күн жетерсің!
Туған ауылдың өзенін, сайын, көк тасын,
Ботасы жазған əн-жырдан хабарлы етерсің.
Алхабек Айжан Əбжанқызы
Нұр-Сұлтан қаласы
19 жас
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.