Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жасұлан Мақаев: Мен бүгін тырналардың жасын іштім...

02.06.2019 7184

Жасұлан Мақаев: Мен бүгін тырналардың жасын іштім

Жасұлан Мақаев: Мен бүгін тырналардың жасын іштім - adebiportal.kz

Жас ақын Жасұлан Мақаев әдебиет әлеміне сыршыл поэзияның сәулесін төгіп, өзінше ой-қиялымен, жазу мәнерімен еніп келеді. Жас қаламгердің туындыларында табиғат пен адам жанының үндестігі, махаббат пен сезімді жырлау, ең бастысы – аяулы анаға құрмет пен сарқылмас сағыныш анық сезіледі. Ақынға сәттілік тілей отырып, бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

ТЫРНАЛАРДЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Әуені-ай неткен ащы тырналардың,
Жапырақ төгіп жатыр зырлаған күн.
Құдай-ау, мынау қай үн, қай күрсініс,
Көкірегін иіткен тыңдағанның?!.

Жаз деген жадыраңқы өтті елесің,
Тырналар тізіп жатыр көкте көшін.
Мен бүгін тырналардың жасын іштім,
Білесің жастың дәмі тәтті емесін.

Уақыт жүрісінен жалықпайды,
Ақ мамық аспан шарлап қалықтайды.
Тырналар-ау, қай жаққа бастадыңдар,
Қанатымның астынан тамып қайғы?

Күрсінісін құстардың сезінгендей,
Көк аспан, бауырмалсың, өзің мендей.
Буырқанып, булығып босадың-ау,
Бура бұлтың боздады-ау бозінгендей.

Жаз деген жадыраңқы өтті елесің,
Тырналар тізіп жатыр көкте көшін.
Мен бүгін тырналардың жасын іштім,
Білесің жастың дәмі тәтті емесін…

ҚҰДІРЕТ СЕЗГЕМ АНАМНАН

(Анамның рухына)

Арманым неткен аппақ ең,
Ақ ұлпа нұрдан жаралған.
Кішкентай бала шақта мен,
Құдірет сезгем анамнан.

Кеудесі күйіп, өрт болып,
Бесігін тербеп салды әнін.
Ұйқысын түнгі төрт бөліп,
Иіткен түнде омырауын.

Табанына сап жұмағын,
Тәңір де бермес бекерден.
Өнердің зәм-зәм бұлағын,
Өзіңнен емген екем мен.

Анасын сүймес, бірақ, кім?
Арманшыл болды арттағы ұл.
Табанындағы жұмақтың,
Тек төрін берсін һақ тәңір.

Оңаша қалам кеш ауа,
Ойларым қажап көңілде.
Мен сыймай жүрмін, кеш, ана,
Сен сыйлап кеткен өмірге.

Жан анам, қайтем, тектім-ау,
Жаратқан ғұмыр кем берсе.
Өмірден озып кеттің-ау,
Омырауыңды қанып емгенше.

Көшеді, толқын көшеді,
Көшеді бәрі іңірде.
Ақымақ ұлың кешегі,
Ақын боп кетті бүгінде.

Табанына сап жұмағын,
Тәңір де бермес бекерден.
Өнердің зәм-зәм бұлағын,
О, бастан емген екем мен.
Өзіңнен емген екем мен…

ТІРШІЛІК МУЗЫКАСЫ

Сусып түсіп жұлдыз жаққан өлкеден,
Жердің бетін аралап жүр ерке өлең.
Нұрдан нәзік дауысымен торғайлар,
Тіршілікті оятады ертемен.

Түрленеді сосын шексіз әлемім,
Дүниеге арай берген ән едің.
Бар бөбектің жалғайды екен іңгәсі,
Бір жүректің әлдиінің әуенін.

Күзде қимай жылы ұясын әр жылы,
Құс қайтады әнге қосып тағдырын.
Сол әуенге тамшылардың дауысымен,
Жылайды аспан…
Жылатады барлығын.

Қиялында қиылыспай екі әлем,
Үмітінің жылтыраған оты әрең.
Одан бөлек ақындардың әні бар,
Шырқалатын сегізінші нотамен.

Өз кеудеңнің тоқтағанша үн-демі,
Өмір – тәтті өлең екен тілдегі.
Мен өмірді оқымаймын кітаптан,
Мына ғалам жырлап жатыр күнде оны.

Мәңгілігін бұл тұрақсыз Бақыттың,
Іздеп кеткен тіршілікті қатып түн.
Дәл осындай ең керемет әуенмен,
Ұйықтатады күйтабағы уақыттың…

***

Армандар үркітіп жүр еді,
Мүлгіген өмірді мұндағы.
Екеуіміз бір тілек тіледік,
Елеңдеп жұлдыздар тыңдады…

Жарылып кетуге шақ қалдық,
Жарысып, жазысып қанатты…
Екеуіміз армандар ақтардық,
Сыбырлап теректер таратты.

Сенімсіз сезімдер қас-қағым,
Сезімсіз өмірің бос тағы.
Күбірлеп әңгіме бастадық,
Дүбірлеп дүние қостады.

Екі жас бір-бірін өпкенін,
Сығалап Ай тұрды көктегі…
Түн ауа жатуға беттедік,
Жалғыз Ай төбеден кетпеді.

Жастықтың дертіне шалындық,
Түндерде ұйқысыз жауратқан.
Екеуіміз ақ көрпе жамылдық,
Ақ шәлі таң атты тау жақтан…

АҚЫНДАР – ЕЛШІЛЕР АҚЫРҒЫ

Ақындар – елшілер ақырғы,
Аспанның тыңдаған ақылын.
Өмірге келмей-ақ ананың,
Ақ нұрға ораған жатырын.

Жер-АНА емізген төсінен,
Жел тербеп иілген бесігін.
Сырғыған бұлттардың көшінен,
Сыр болып үзілген есіл үн…

Таулары тәупиық сыйлаған,
Ақын – ол, осындай сыйлы адам.
Талшық қып бір шумақ ән жырын,
Тар соқпақ тағдыры қинаған.

Биіктің барлығы өр емес,
Білуге соларды көмек – Ес.
Ақырғы өлеңін айтса да,
Ақынның орыны жер емес.

Арғымақ көретін түсінде,
Уақыт уысқа түсірген.
Ақынның тұрағы көкте ғой,
Көк бұлттың ішінде…

Аспаннан басқа әлем күтпейтін,
Әр сөзі – өсиет.
Ақындық пендеге бітпейтін –
Ақырғы періште қасиет!

Бір ақын шөлдесе тәңірім,
Бұлт болып бір тамшы бүріккен,
Ақ бұлттар – ақынның аруы,
Ақ бұлы аспанға іліккен.

Ақындар өлсе егер, домалап,
Ақ бұлға арулап орап ап.
Ақырғы тамшысын сығымдап,
Ақ бұлттар аспаннан жоғалад(ы).

АҚЫНДАРДЫ ІЗГІЛІККЕ ШАҚЫРУ…

Қамшыдай ғұмыр кімге мәңгілік,
Таңғы түсіңді түнге қалдырып.
Қасқыр азулы жылдарға мына,
Жастығым шығар жүрген алдырып.


Бұл тірлік бейнет істей жарлыға,
Бір намыс әйтеу күштейді алдыға.
Тінтігенменен тазы танауың,
Түлкі де оңай түспейді алдыңа.

Алдыма қойса бүгін піскен ет,
Азуы барлар бұрын тістелеп.
Ақ дүниенің айырмасы сол,
Адамнан арлан ұрын түстенед(і).


Достарым, келші, бастадым бір жыр,
Дәурен де, мынау, қас-қағым құрғыр.
Періште жазып періште азғырған
Фәнидің айтсын дастанын бұлбұл.

Көңіл дейтұғын көк дөнен дейді,
Көтере бермей көкке кеудеңді.
Уақытша бұл өтпелі күнде,
Ұмытайықшы өкпелеулерді.


Көшеді бастан күндерім мейлі,
Көктемін, күзін гүл де білмейді.
Басқа ғұмырлар біздерден кейін,
Бәйшешектермен бірге гүлдейді.

Ажалсыз бойдан қашпайды қуат,
Ажалдан айлаң аспайды бірақ.
Тату болайық өмірде достар,
Достыққа мөлдір бастайды бұлақ.


Қамшыдай ғұмыр кімге мәңгілік,
Таңғы түсіңді түнге қалдырып.
Қасқыр азулы жылдарға мына,
Жастығым шығар жүрген алдырып.

ҚАЗАҚ

Шайырлар туған өңірге,
Шақырып кеткен өнермін.
Ақын боп келіп өмірге,
Атылып кеткен өлеңмін…

Өз бауырыңның мойынын,
Өзің боп кескен қылышпын.
Тисе де маған сойылың,
Тегіңе сенің туыспын.

Жауың атпаған садақтан,
Жақының атқан жебемін.
Көкжалдан тамыр таратқам,
Қыңсылмай-ақ келемін.

Шетелге құны доллар боп,
Шырылдап кеткен балаңмың.
Ертеңін сатқан көлгірге,
Омырауы сыздап анамның.

Жырау ем, тажал ғасырға,
Жұтылып кеткен жырлармын.
Тойымсыз күнге басында
Түкіріп кеткен құрбанмын.

АҚ БҰЛТТАР – АСПАННЫҢ ҚОЖАСЫ

Ақ бұлттар – аспанның қожасы,
Құдайдың кіршіксіз ауасы.
Ол менің-желкенді қиялым,
Шарлаған көк әлем арасын.
Беу, аспан!
Беу, ақ бұлт-көш ғұмыр,
Жанымды көп жеп жүр ескі іңір.
Бір өлең оқиын есті бір,
Мұңыма құлағын тосшы бір.
Бір өлең-өмірім, себебі,
Бар оның біреуге керегі.
Беу, аспан тыңдашы,
Достарға оқысам бір сөзім,
Тілімнің ұшында өледі.
Білсең ғой, мен жерден, себебі,
Тыңдайтын жан таппай келемін.
Бұлт неге күніңді жасырды?
Беу, аспан төкпеші жасыңды.
Мен жылап алайын азырақ,
Тіземе қойып ап басымды.
Одан соң бұлттардың ішіне енейін,
Жырымды жасым ғып төгейін.
Уатсаң, тек өзің уатшы,
Беу, аспан не дейін?
Көк анам омырауыңды ашшы,
Төсіңді емейін!
Емейін, басайын мауқымды,
Сен мені өсірдің, тау туды.
Содан соң күшіне еніп ап,
Жанарым ойнатсын жарқылын.
Көп болды сыр ашпай кетіп ем,
Өзіңе ақтарып отыр ем.
Бар-жоғы-мұңымды
Жырымды жаңбырмен,
Жаза сал тастардың бетіне.
Ел біліп жүрсін!..

ҚИЫСПАЙ ЖҮР, ҚОСЫЛМАЙ ЖҮР ЕКІ ОЙЫМ

Қиыспай жүр, қосылмай жүр екі ойым,
Сезім дейтін жанды өртейтін от ойын.
Маңдайыңнан иіскетші, аяулым,
Махаббаттың жырын жазып кетейін.

Сүйгеніне сөз айтуда кім батыл?!
Жүрек сүйсе жасырынып тұрды ақыл.
Құрақ-құрақ жүрегімнен құраған,
Парақ-парақ саған жазған жыр жатыр.

ОҢАШАДАҒЫ МОНОЛОГ

Мен емес – көзім ұнатып,
Ол емес – көнген көңілі.
Тіл ғана – сезіміме ақын,
Түн ғана – өлген жорығым.

Қалар тек ұшынған көңіл,
Ақынды аладайды сағым.
Бақ емес ұсынған қолын
Сағынбай болмайды,
Сағын!

Көрмейтін кемшілігіңді,
Көңілдің соқыр жанары.
Жаныңа емші жырымның
Жазығы – оқылмағаны.

Жылаған жанарым емес,
Қуанған көңілім шығар.
Түндерде бағамын елес,
Ол саған жолығу шығар.

Ақ албырт соқыр ғашықтың,
Әперді желігі нені?
Мен саған жетуге асықтым,
Кешіккен көлігім еді.

Көрмейтін кемшілігіңді,
Көңілдің соқыр жанары.
Жаныңа емші жырымның
Жазығы – оқылмағаны.

***

Жүрек қылын шертетін көңіл күйшім,
Алақанға сап кейде шоқ үрлейсің.
Өзіңді кінәламай қайғырғанда
Ай, өмір, өмір дейсің…

Көктемнің сағынғанда жаңбырлы иісін,
Шеріңді тарқататын ән білмейсің.
Басыңды тасқа соқсаң, тауға соқсаң,
Тағдыр-ай, тағдыр дейсің…

Тағдырлар кезіккенде нешелеген,
Өксігің кетпейді екен кешеменен.
Көрімдігін тартпаса алдан өмір
Көреміз пешенеден…

Көктеміңнің айналса күзге кеші
Өзімізден көрмейміз біздер осы.
Жылытуға ішіңнен от таппайсың,
Тағдырдың мұз денесін…

Сәттерім-ай, сәттерім, шоқ үрлеген,
Тоз-тоз болып барасың тобырменен.
Өзімнің тағдырымды жазып жүрмін,
Өзімнің жолымменен…

Бәрібір ол не деді, ел не деді,
Талай жүріп табаным терлеп еді.
Ей, тағдырым, мен сені жазғырмаймын,
Жазғырма сенде мені.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар