Мұқағали Мақатаев
Қар жауып тұр
Апыр-ау, бір-ақ түнде қыс келген бе?!
Қар ғой мынау, бір түнде түскен жерге.
Бір түнде мына аймақтың өңі өзгеріп,
Бір-ақ түнде керемет істелген бе?!
Жәйімен жапалақтап қар жауып тұр,
Үлгермей де қалдың-ау қамданып бір.
Ыққа кеп қонақтаған көгершіндер,
Бұталарға қарайды таңданып құр.
Қар жауып тұр, жауып тұр, қар жауып тұр.
Заңды ғой, заңды бәрі, талас бар ма,
Аққа оранған көшелер, ағаштар да.
Бар табиғат өзара жарасқан ба?
Ақ мамықтар ұшып жүр ақ аспанда.
Қала жатыр оранып ақ тұманға,
(Сірә, дала кіршіксіз, ақ бұдан да.)
Жығылған соң жалауы, жаз тығылды,
Қыс кіре алмас өмірі шахтыларға.
Қыт қытымыр. Жайлы емес далаға онша.
(Малшыларға қиын-ау, дара қонса…)
Біледі өзі табиғат, қайтер едік,
Қыс ақ болмай, егерде қара болса?!
Қалқаман САРИН
Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар
Менің сырқат санамды сауықтырған,
Қарға қарап, қуандым жауып тұрған.
Қар астында қамалып қалса дедім,
Қу тірлігім жанымды жалықтырған.
Аспанымнан ағылған ақ қар мынау,
Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау.
Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым,
Тереземнен телміріп, қатқан қырау.
Көзіме көрінгенмен алыс мүлде,
Қиялым қанат қақты таныс күнге.
Ақ адал балалығым асыр салып,
Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде.
Айнала ажарланған ақ күміс күн,
Сол кезде баянсыз бір бақты құштым.
Арманым ақ сағымға сіңіп кетті,
Қалмады. Құшағыма қатты қыстым.
Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ,
Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ.
Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім,
Қысты да көктем келіп зар жылатпақ.
…Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар,
Көңілсіз құлазиды жаурап бақтар.
Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын,
Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар.
Ерлан Жүніс
«Сен тұратын қалада қар жауды ма?»,
Сен тұратын қалада қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.
Назым ба екен, бұл маусым насыр ма екен,
Қай тарауда қандай сыр жасырды екен?!.
…Ерініңе қонған қар еріді ме,
Еріді ме, жоқ əлде ол жасың ба екен?
..Моншақ-моншақ жасыңнан мұз қалды ма,
Мөлдір-мөлдір сезімнен сыз қалды ма?
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай,
Жалғыз аяқ сол қарда із қалды ма?
Сен тұратын қалаға қар түсті ме,
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме?
Енді көктем келместей… …көрместей боп,
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме?
Қалың-қалың қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?
Кім біледі, сол қала қарлы ма екен,
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен,
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен,
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?..
Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар,
Аязды күн аяғым тартар-тартар,
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем,
Мен тұратын қалада қар!
Қар! Қар! Қар!…
Құралай Омар
Жауып тұр ақ қар
Жауып тұр ақ қар...
Ақ қарға сырды ақтардым.
Құлдилап төмен
Құлады жерге ақ қар – мұң.
Аппақ қар болу арманым,
Бiрақ
Келмейдi табандарға тапталғым.
Жауып тұр ақ қар...
Көз жасы мүмкiн аспанның?
(Мен неге одан жасқандым?!)
Перiште болар кеудесiнен жиренiп ұшқан
Тәңiрден қорықпай тасқанның.
Жауып тұр ақ қар –
Ақ үмiт, аппақ армандар,
Орындалмай ақ парақ болып қалғандар.
Қар көңiл берсең жетедi маған, жаратқан,
Аппақ қардың тағдырын басқа салмаңдар!
Аппақ қар – көңiл,
Таусылмас, сiрә сұрағым.
Кеуденi керiп жыр – ағын.
Дәл өзiң құсап келедi менiң жылағым,
Келмейдi бiрақ қап-қара жерге құлағым!
