Бізде «бір ел – бір кітап» деген акциялар үнемі өтіп жатады. Осының атын «Бір ел – жүз кітап» десек, біреу бізге қой дей ме екен? Әлде жүз кітап оқып кетсек, миымыз шатысып кетер деп қорқамыз ба? Айтпағымыз, Мағауин әңгімелерінің өзі тап бүгін, осы кезеңде оқылуы тиіс шығармалар. Әр әңгімесінің астарында тағаны берік ел болып қалу, шөре-шөре емес, өзін сыйлайтын ұлт ретінде ояну, саналарда сілкініс жасау мұраты бар. Мысалы, «Қос ағаш», «Оң мен сол», «Құждың қу жілігі», «Тазының өлімі», «Менің түрлі түстерім», «Қасқыр-бөрі» тағы басқа әңгімелерін қайыра оқысақ, мектептегі жоғары кластың «Қазақ әдебиеті» оқулығының хрестоматиясына осы дүниелер енгізілсе, бұл бала танымына да ауыр емес, өзіміз де ойлана берер едік.
Жазушы көтерген тақырыбы, көркемдік пішіндер мен әдістері арқылы бүгінгі қазақ әңгімесінің көркемдік деңгейін көтергені анық. Кейіпкерлерін танисың, тіпті бұрын-соңды көрмеген болсаң да бір танысыңа ұқсап тұрады. Бір ғана Сылан молданы алайықшы. Мұнда бір мезгілде сол адамның бүкіл ғұмырындағы замана ыңғайына қарай өзгерімпаздығын, құбылуын көрсетеді, және сол арқылы қазақтың тарихын да қозғап, бастан кешкен, өткен-кеткені, зәбір-жапасы да қоса айтылып кетеді. «...Бұл Сылан молдамыз арыда қызыл белсенді болған. Қаншама жұртты қан қақсатқан. Содан соң Іңкібіді, Імгібінің есігін күзеткен. Сыртынан көрсетіп, жала жауып ұстатып, талай боздақтың сорын қайнатқан. Одан соң колхозда біргəді. Совхозда қара жұмысшы. Алайда, мілиса аты қалмапты. Енді міне, зейнетке шыққан соң, ең бастысы, тəуелсіздікке қол жеткен соң молда болып алыпты. Əрі өткендегі күнəсі жуылады, əрі күнделікті тіршілігіне талғажау табады. Жай ғана молда емес, ауылдың құрметті ақсақалы». Бұл жерде қара басының қамы мен жайын күйттеуге келгенде Чеховтың «Бейтаныс жанның хатындағы» Орловтан және оған келіп карта ойнайтын робот сияқты адам мен заманға қарай «күйлеп» ыңғайлана салатын Грузиннен де асып кетіп тұрғанын байқаймыз.
Мысалы, «Ұлт аралық жанжал» осыдан отыз жыл бұрын жазылған. Онда бір Марат деген келімсек «ұлтаралық қысымға ұшырадым» деп бір өзі бірнеше адам болып, елдің үстінен арыз жазады. Зәресі ұшып кеткен жергілікті билік келімсектің көңілін табуға барын салып, «қаракөздердің қысымына ұшырадым» деп зар еңірегенде етегі жасқа толған келімсекке бүйрегі ерекше бұрып, жалбаңдап бағады. Осылай қара қазақтың мұқтажын ысырып қойып, намысы мен тұтас ұлт ретіндегі орнын мансұқтап, қадірі күллі қазақтан асқан сол Маратқа бақандай жиырма үш сотық жерді тегін бере салады. Ата-бабасы қанымен қорғаған ұланғайыр жерден ұлтарақтай үлес тимесе де, кезінде пана сұрап ауып келген келімсектің бағы асқанын көріп отырса да, момын қазақ сабырға жеңдіреді. Ел іші тыныш болсын дейді де баяғы. Ал, Мараттың мұрты майлы. Егер осында қала берсе жарамсақтардың бұны ұлттар достығының дәнекері деп алақанға салып, ассамблеяның депутаты қылып сайлайтынын біледі. Ал егер алда-жалда өзінің тарихи отанына кетем десе, тегін алған жерді сол қазақтарға бес есе қымбатқа сатып кете беретіні де анық. «Мараттар» әруақытта «екі жеп биге шығатын» ақылды, қу келеді. Баяғыда пана іздеп келіп, кейін тойынғасын жалы күдірейіп шыға келгендердің ешуақытта жергілікті ұлттың мүддесін қорғамайтынын көріп те жүрміз. Кейде жазушылар өткен мен бүгінгіні қатар қойып, салыстыра отырып, болашақты болжағандай болатыны бар. М. Мағауин жазған «Құмырсқа-қырғын» есте шығар? Ақыр аяғында құмырсқаның іні де жоқ, илеуі де әлдеқашан сатылып кеткен болып шығады. Соңғы кездері жазушының осы шығармасы ойға жиі оралатын болып жүр.
«Орыс класы неге ашылмайды» деп шу көтеріп, құқығын қорғағыш астаналық қазақтарды көрген сайын... мемлекеттің қаржысын «үфит-сүфит» деп тез байығандар мен ақшаның буына мас болған шенеуніктердің өз қағынан жеріп, мемлекеттік тілді билікке жақындатпай отырғанын, қара халықтың тек әлеуметтік желіде ғана «буырқанып-бұрсануға» шамасы жететін дәрменсіз пұшайман халін көргенде... жеріміздің кей пұшпағының астыртын түрде шетелдіктерге сатылып, қазақтың өзі ойсыздыққа, дарақылыққа шалдықтырар шарап ішкендей болып тойханаға атпен, түйемен кіріп, ерсілене билеп, мақтанмен ғана күн кешіп жатқанымызды ойлағанда...
Автор қауіп еткен жағдайдың бәрі бүгін келіп тұр.
Және ендігі қауіп көзқамандардан. Біздің ендігі тағдырымыз – тілді, елді менсінбейтін, реті келсе ұлттың рухын қорлағысы келіп тұратын, өзге жұрттың тілімен сөйлегеніне өздерін бір бас жоғары ұстайтындардың қолында.
М. Мағауиннің «Тазының өлімінде» Бапы шал айтатын: «Біздікі сол, жарты аяқ қара көженің буынан өрбіген кенеусіз көп өтіріктің кішкентай ғана бір тармағы» деп келетін жолдар бар еді ғой, тура біздің бүгінгі жағдай (жазушының өзі сол Бапы шал сияқты). Өзіне сырттан қарап, мінін көріп-тани алатын адамның деңгейіне қашан өтер екенбіз осы...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.