Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Жеңіс Қанен. Бұлттай қалқып мамырдың мамық таңы......

Жеңіс Қанен. Бұлттай қалқып мамырдың мамық таңы...

09.02.2026

3763

Жеңіс Қанен. Бұлттай қалқып мамырдың мамық таңы... - adebiportal.kz

 

Оңашадамын

 

Оңашадамын,

Жалғыз тұлпар боп дара шабамын.

Балғын ғұмырға бауырын басқан,

Ақ үрпек балапан бола саламын!

 

Жыры бар ғасырға,

Табаныңды нық басып тұрып алғасың ба?

Алмаса да атымды Шормандар аударып,

Жаяу Мұсаның мұңы бар басымда...

 

Қызық – іргемде,

Сүлейменнің сиқыр жүзігі – кеудемде.

Алматы қаласы алтын алқасын

Алатау мойнына үзіп ілгенде...

 

Сызық – алаңым...

(Өзгеше ойлардың қызын аламын.)

Тәлей сәулесі тал түсте тамған,

Тәңірқұтының ізі боламын!

 

Сенім құсым ақ,

Айдайтын кезім бұл менің қысырақ.

Жетісуымда желдей есемін,

Өзімнің жеті тегімді сұрап...

 

Бетім бұрылды...

(Өлтіріп алдым есіл күнімді?)

Айтпасам да ашық, сеземін іштей –

Есіл көңілім, жетімдігіңді...

 

Сен жүрген жаққа

 

Сен жаққа бастамас баратын жолым,

Ұшар едім, жоқ қанатым менің.

Күйбең тірлікпен сен жүрген жаққа,

Созады әлдемен қара түн қолын.

 

Көңілің бір кәдік ап қалар білем,

Емес бұл ерігіп айтқан әңгімем.

...Әдемі болып сен жүрген жаққа,

Шашады шашуын ақ таң алдымен.

 

Күлімдеп шығып күнім қызарып,

Кеш болса қайта түрін бұзады.

Самал жел - жолдаған ақ сәлемің ғой...

(Мәнін білмептік мұның біз әлі .)

 

Гүл шоғын қадар шашыңа бұл өлең,

Айбатыңды айдан асыра білер ем.

Ақ тәнің... Үркітіп қуалайды алыс,

Қараңғылықты қасыңа түнеген...

 

Демалыс күні аяулы аптаның,

Құс қанатын баяу қаққаны...

Көңілің аспанға шырағын іліп,

Тынсың... 

Демің... 

Ояу жатқаның...

 

Кірпік қаққаның... 

Жүрек дүрсілі...

Қиялың ішінен біреу күрсініп...

Қой енді, Қалқам, қыс жақын, сезімнің

Оянып кетіп жүрер бүршігі...

 

Сен жаққа бастамас баратын жолым,

Ұшар едім, жоқ қанатым менің .

Көзі қарауытқан менің ойымдай,

Созады саған қара түн қолын...

 

Мендегі сағынышқа...

 

Мендегі сағынышқа қара түн малып шашын, 

Ойнайды жүрегімді алысқа алып қашып. 

Әкетеді қиялымды махаббат қырқасына ап, 

Жатады іздерінен жан-жаққа нұр шашырап. 

 

Сол нұрға арайланар сұлулық жүзін жуып, 

Қалмаған қайда барсам соңымнан қызыл күдік. 

Тұрады талмай қадап көздерін қанталаған, 

Неткен бір пиғылдар бұл, жан-жақтан анталаған. 

 

Өтірік сүйгенсіп, асылып мойыныңа, 

Білдіртпей мұздай қолын жүгіртер қойыныңа. 

Тоқ соғып өткен сынды, дір етіп бүкіл денем, 

Сескеніп селік етемін, жаныммен тітіркенем! 

 

Ештеңе байқамайды алыста таулар қалғып, 

Артады мойыныма зілбатпан армандар жүк. 

Сенімнің жүректегі салмағын сезінем де, 

Оянып кетем қайта, сәл ғана көз ілем де. 

 

Күндер-ай, күндер, күндер, арманды ән-күй етті, 

Амал не, білмедіңдер мендегі ақ ниетті. 

Қарайды бейтаныстай, жап-жалтыр жолдар маған, 

Уа, менің үмітім-ай, жеткізген таңдарға аман... 

 

Қара жер көкірегіне

 

Қара жер көкірегіне түнді көмем,

Жапырағын жайқалтса ындын - емен.

Жаны өртеніп оңаша кешкен күйге,

Нұры әлсіреп, қарадай күн жүдеген.

 

Бұлттай қалқып мамырдың мамық таңы,

Оқи алмай жырымды қарыптады.

Бір сағыныш созады маған саусақ,

Қараңғылық көзіне жарық тамып.

 

Сұлу, сүйрік саусағын нұр ұсынған,

Үтікті ойдың мұндайда қыры сынған.

Ұзақ самғап ұшады тыныштық - құс,

Пыр етіп ұшып шығып уысымнан.

 

Мақсат кернеп алған соң жалғыз миды,

Ыстық отын тәніме тағдыр құйды.

тек жаныммен сезінем оңашада,

Көкіректі кернеген «әлди» - күйді.

 

Шәуілдетіп күшігін үргізді арман,

Махаббат-ай, қолына тізгінді алған.

Дала тілден қалады есеңгіреп,

Қара түнде аспаннан жұлдыз жауған.

 

Түнді жұтып жым-жылас, жер жадырап,

Ескі жұрты құлазыр енді аңырап.

Қыстан қалған қу қурай көмейінде,

Жетім лақтай тұрады жел маңырап.

 

Атқан таңның алақанынан...

 

Атқан таңның алақанынан бал тамды,

Қоңыр дүние қарашығына қараймын.

Уақыт сыйға тартқан алтын алқамды,

Сәулесіне суарамын мен айдың.

 

Ой үзілер иіріміне тас құлап,

Әсерін бек сезінгенше мезгілдің.

Көркем өмір көңіліме жатса ұнап,

Аңсарымның атын жолға тез бұрдым.

 

Кетсе алысқа жаннан жалғыз із өтіп,

Буырқанған ағын бар ма байқа сәл.

Кірпіктерім тыныштықты күзетіп,

Талып барып таң алдында айқасар.

 

Ұзақ жүрдім үнсіздіктің ішінде,

Айғай алғаш тапқанынша мені іздеп.

Түн арайы қызыл тілдің ұшында,

Жанып барып сөнуге еш негіз жоқ!

 

Жарқ-жұрқ еткен жадау тірлік қалды ұнап,

Адал асты сәл асығыс жегізіп.

Айтып айтып тастағанмен, ал, бірақ,

Жоқ ешқандай дәлеліңнің негізі…

 

Үміт әлі үзілген жоқ, арман сау,

Тағыда бір кетсем деймін ән бастап.

Табиғаты бәз қалпында тарлан тау,

Қарсы алдымда жатып алды жамбастап.

 

Ақиқаттың айналдырып мен өңін,

Тасқа қашап шындықтарды нақыштап.

Оймен біліп тұңғиық сөз тереңін,

Бейуақытта тұрсам деймін от ұстап!

 

Көңілді қойшы босаған

 

Көңілімді қойшы босаған,

Жөнім жоқ босқа жүдейтін.

Бұл өңір емес, Қособам,

Соңғы рет келіп түнейтін...

 

Сылдырап көлдің қамысы,

Тынышы желге бүлініп.

Естіледі үкі дауысы,

Отырған шығар ерігіп.

 

Шыдас беруге бармыз біз,

Еңсені басқан салмаққа.

Жақсылық емес, сары жұлдыз,

Шаңқиып туса бейуақта.

 

Домбыра болса шертетін,

Оңаша көңілім сырласар. 

Қара таулардың еңсесін,

Қара бұлт емес, түн басар!

 

Айғайымды жұрт естісін,

Айналып кетпей күбірге...

Елітеді жүрек кешкісін,

Тұлпардан қалған дүбірге...

 

Ақ тілектерім – алдаспан,

Ақ таңда кие – күбірім...

Маң-маң да басқан, маң басқан,

О, менің түйе – ғұмырым.

 

Өткізер түбі тойымды,

Киелі қара шаңырақ...

Он бөлген шығар ойымды,

Қозы – күндерім жамырап.

 

Көңілді отпен аптасам,

Қаз басқан мекен – тұғыр ә?

Басымды аулақ ап қашам,

Өзімнің жалғыздығыма...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan