Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Жоғалмайтын кеңістік...

Жоғалмайтын кеңістік

06.01.2026

7186

Жоғалмайтын кеңістік - adebiportal.kz

 

 

 

Жазушы Ғалымбек Елубайдың прозасы жайында

Ғалымбек қайтыс болғаннан кейін кей әңгімелерін қайта оқыдық, олардың ішінде өзінің ерте сөнетінін болжаған бір астар болуы мүмкін сияқтанып, айта алмай кеткен ойлары бардай көрініп... қайта оқығанда Ғалымбек  үшін өлім дегеніңіз дүниенің таусылып қалатын сұмдық оқиғасы емес, адамның орнын, мекенін ғана ауыстыруы сияқты екенін ұғасың. Осыдан да Ғалымбек әңгімелеріндегі қорымдар – өмірі өзінше  жалғасқан  тірі кеңістік сияқты суреттеледі – аруақтар тірілерге бөгде емес, өлі мен тірінің арасын мөлдір ауа ғана бөліп, адамның жаны мен ол тірісінде тұрған жердің қасиеті қосылып кететін...

Ғалымбектің «Уақыт қоламтасында» деген дүниесі өзі жайында. Осындағы «Бағдарсыз» деген бөлімде автор былай дейді: 

«Жазғы демалыстарымда қазына іздеген қарақшы сипатында, қашқын-босқын келімсектермен бірге иен шатқалдарда түнеп, арқыраған тау өзендеріне бетімді жудым. 

Тұңғиық түндерде Ертіске ода оқитын ақын-шалықтылармен бірге әйнек тостағандарды айға шағылтып тост көтердім. 

Өзінің асылып өлу себебін тірісінде картиналағысы келетін есалаң суретшілердің биік жартастан қарағандай бас айналдырар ұзақ баяндауларын қалғып отырып тыңдадым», – деп келеді де, «Осы түндері» аталатын бөлімде: 

«Арада ұзақ жылдар өткесін, өзіме бейтаныс қаланың қақ ортасындағы аядай құжырамда отырдым. Бұл кезде  мен тек қана өткен күндердің елесіне шырматылып өмір сүретін едім. Ұйқысыз ұзақ түндерде ғана ешкімге керегі жоқ естеліктер жазып, сүйегі қураған аруақтардың бетіндегі ермендей бүрлейтінмін. Тек «Түсіме көк ат кіріп кісінеді» деп өтірік айтудан аулақпын». 

 Бір қарасаң, Ғалымбектің бүкіл өмірбаяны осы жолдарға сыйып тұрады. Бір қарасаң... 

...таңғалатын жастан біз өтіп кеткелі қашан, десе де, Ғалымбектің жазу мәнері техникадан емес, тағдырмен келісімнен туған сияқты көріне береді. Азғантай ғұмырындағы  көргені ғана емес  – сезінгені, айтылғаннан бөлек айтылмай қалғаны және іште іркіген даусының ұзақ уақыт бойғы тұнуы сезіледі. Оның әңгімелерінде сөзден бұрын тыныс, сөйлемнен бұрын күй бірінші тұратындығы содан. Шалдар әңгіме айтып, өзара ажык-күжік сөйлескенде олардың не айтқанын емес, неге дәл солай айтқанын, неге кейде үнсіз қалғанын аңдап, дүниенің ішкі ырғағына да құлақ түре алатын құлағы қалқиған сезімтал ұл көз алдыңа келер еді. Меніңше, өткен, болған оқиғаларды жадында сақтап, соны естелігінде аялауды өзіне о бастан  серт қылған адам ғана осылай жаза алады. 

 

«Алтай адамы»

Шынын айтайық, біздің оқығанымыздың көбі соцреализмге қатысты шығармалар болды (мектепте, оқу орнында соны сұрады), одан қалса орыс әдебиеті, там-тұмдап әлем әдебиеті шығар. Бізге ол кейіпкерлер таныс, түсінікті еді, көршіңдей жылыұшырайды, туысыңдай етене. 

Ал Ғалымбектің кейіпкерлері мен ол баян еткен оқиғалар біз үшін экзотика  болды. Біз көрген адамдарға ұқсамайтын, аңызы да, арзуы да бөлек. 

«Алтай адамы» жайлы ұғымды тек географиялық белгі емес, керек болса антропологиялық, мифопоэтикалық бейне деуге келетін шығар. Өйткені «Алтай адамының» өмірі жеке биографиядан тұрмайды, ол – қанға, тектік жадқа, ата-баба рухына байланған. Ғалымбек әңгімелеріндегі Алтай адамы арқылы бірнеше ұрпақтың жады сөйлейді. Қала санасымен оқыған, қалыптасқан біз сияқты адам үшін бұл әлем бір жағы жат, аздап үрейлі, тылсымдығы да күшті. Тылсымдығы неде? 

Алтай адамының өмір салтынан, ережелерінен «жабайылық» емес, өркениетке дейінгі тұтастық көрінетіндігінде. Табиғат пен адамның бөлінбегенін, таудың, орманның, қорымның, аңның өз мінезі барын, Алтай адамының сол мінездерді өзінен бөлек деп қарамайтынын ұғасыз. Ғалымбек әңгімелеріндегі бізді таңғалдырудан, сескендіруден жалықпайтын ол адамдар табиғатқа қарсы тұрмайды, сонымен бірге, кейде олар жүйеге бағынбайтындай көрінгенімен, бірақ, тағдырға қарсы шықпайды. Қала адамы тәртіпті заңнан іздесе, Алтай адамы тәртіпті табиғаттан іздейді. Сол себепті Алтай адамының ішкі еркіндігі көп, бірақ жалғыздығы да ауыр болғандықтан, оның әрекеті кейде қатал, кейде түсініксіз көрінетін шығар бізге? 

Автордың әңгімелері басталғаннан-ақ алдыңнан қою, тылсым, құпияға толы бір әлем күтіп тұрғандай. Тілі образға бай. Ия, оның әңгімелерін көтеріп тұратын Алтай адамының рухани-эмоционалдық эстетикасын терең жеткізе алатын тілі еді. Және оның әңгімелерінде табиғат пен адам тағдыры бір-бірімен өріліп кеткендей, тірілер мен өлгендер араласып, уақыт пен жады қосамжарласып, өлім мен өмір, жат пен өзі,  қорымдар, бүгін мен ескі салттар арасындағы кереғар қатынастар... Ғалымбектің тылсым атмосферасы осы екі қабаттан туады. Бір қабатында біз көріп отырған реализм: адамдар, ауыл, қорым, тау бар, екінші қабатында мифтік сана бар. 

Қазақ дүниетанымында жер киелі, өлілер ұмытылмайды, рухтар тірілермен бірге жүретін болса, Ғалымбек өзінің жазуына осы архетиптерді саналы түрде емес, табиғи түрде сіңірген. Сол себепті оның әңгімелеріндегі Алтайдың ескі аңызы, табиғаты, қорымдары жай фон емес, тірі субъект ретінде әсер етеді. «Жатаған балшық тамдар» мен «боздаған қурайлар» сырын айтатын Ғалымбек прозасындағы магияның көзі мифтік ойлауда жатыр. Бір қарасаң, бұл әдеби магиялық реализмге ұқсайды, бірақ, латынамерикалық үлгіге емес (біреулердің оны Маркеске ұқсатқанын оқыған едім), далалық, түркілік түйсікке жақын дер едім.

 

Тылсымға таяу дүние

Ғалымбектің көп әңгімесінде салт-дәстүр мен адам арасындағы күрес жатыр. Қазақ дәстүрі мен жат дәстүрдің тоғысуы оқиғаға ерекше эмоционалдық фон беретін дүниелері есіңде қалып қояды. Мысалы, «Далаға тасталған соңғы мүрде», «Сүйек күлі», осы тектес әңгімелерде «жаттың дәстүр моделі» мен қазақ дәстүрінің қарым-қатынасы салыстырылады. Бұл – өлімнің өзі мәдени тұрғыда қалай әртүрлі  қабылданатыны, ұлттың дүниетанымы, жоралғылар мен адам табиғаты арасындағы сәйкессіздік – бәрі бірге оқырманның ішін қозғайды.

Талай адамды көрдік, қаншама жолды өттік, байқағанымыз – өте сезімтал адамдар детальды қатты сезінеді, тіпті ең ұсақ өзгешелікті, айырмашылықты байқайды, өткен оқиғаны дәл қазіргідей, өлген адамның оқиғасын тірідей кешеді. Ғалымбектің сезімталдығы сондай, ол әлдебір оқиғаны жазғанда рационалды бақылауды әлсіретіп жібереді де, осының әсерінен мәтін «әдеби жасалған» емес, «өзінен-өзі тылсымның әсерінен құйылып түскендей» көрінеді. Магиялық әсер беретін де осы. 

Кейде магияның әсері бейнелі тіл арқылы да туатынын көп оқырман түсінеді. Басында айттық, Ғалымбектің тілі бейнелі, мәтіні тығыз, ол мыжып айтып, артық түсіндірмейді және  оқиғаны сылдыратып жайып салмайды. Сөздердің арасында бос орын қалатынын сіз де байқаған шығарсыз? Сол бос орынды оқырман өз сезімімен толтырады. Міне, тылсымдық осы жерден пайда болады. Яғни магия мәтіннің өзінде емес, мәтін мен оқырманның арасында туады. 

Дүниеде қаншама жақсы шығармалар жазылды, көбін мүлдем танымаған, оқымағанымыз рас, тіпті өте аз оқыған шығармыз (өте аз оқитынымыз рас қой), бірақ, шығармаларда кездесетін, оқырманға әсер қалдыру үшін ойластырылған әдеби трюкті, жасанды мистификацияны ажырата алатын оқырман бар ғой. Енді ойланасың, ол көрген дүниені біз де көрдік, өзімізше сезіндік, бірақ, оныкі басқа қабылдау, ол бұл дүниені біз сияқты логикамен ғана емес, сезіммен, ішкі түйсікпен қабылдайтынына қарап мұндай адам үшін өлім мен өмір, өткен мен бүгін, тірі мен өлі бір сызықта ғана емес, тұтастай бір кеңістікте қатар өмір сүретінін түсінесің, оның әңгімелерінде тірілер мен өлгендер, қоғам шындығы мен пәни ақиқаты араласып кеткендей көрінетіні содан. 

 

 

«Бес қадамға» сіңген дауыс 

Жазушының автобиографиялық сипаттағы әңгімесінің бәрінде бала кезі, ауыл, өскен ортасы, сол кездегі тұрмыстық шарттар (мысалы, тоқсаныншы жылдардағы жүдеу ауылдың ет сағынып, қызылсыраған ауыл адамдары ғана емес, адамның өзінің түпкі түйсігімен күресі, автордың балалық түсінігі мен ересек сананың қақтығысы көрінетін «Шала бауыздалған ақ ешкі» сияқты) адами қарым-қатынастар көрінеді. Ғалымбекте бұндай әңгімелер жетерлік. Және бұлардың бәрі жай естелік  емес. Бала мен ересек адамдардың  ішкі диалогтары, моральдық таңдаулары көрінетін кішігірім сюжет бірте-бірте кеңірек философиялық ойларға жетелейді, сосын одан да ұлғайып терең символикалық, мәдени және психологиялық пласттары бар шығармаға айналады. Мысалы, «Тумай жатып өлімге кесілгендер» оқиғасында түсік жасау мәселесінің қоғам, заң және адамзаттық тұрғыдан қалай қабылданатынын көрсетеді. Автор баланың көзімен баяндалатын оқиғаны эмоционалды түрде  жылдам жеткізуге тырыспайды, бұнда реңк беруге мән берген, ақ қар, сұр бөлмелер, өлі үнсіздік, осының бәрі оқырманға ауыр психологиялық атмосфера береді. Тек жеке отбасының трагедиясы емес, қоғамдық жүйе мен адам болмысының  қайшылықтары арқылы қоғамдық нормалар, заң талаптары мен жеке адамдық моралдың соғысы көрінеді. Адамгершілік, жауапкершілік, жеке таңдау мен қоғам алдындағы парыз туралы айтатын оқиғаның кейіпкерлерінің әрекеті мен диалогтары оқырманды өзінің ішіндегі моральдық таңдауды қайта қарауға шақырады.  «Мен болсам қайтер едім, мына жағдайда не шешер едім» дейсіз. 

 Кеше ғана өлім арқылы адам рухының сипаты мен тарихи жадын ақтаратын «Өлім шекарасын» қайта оқып шықтым. Бұндағы бейіттердің орналасуы мен олардың арасындағы «бес қадамға» (өткен мен бүгін арасында тұрған шекара деңізші) автор бірнеше рет назар аударады. Бұл жоғалтудың, рухани байланыстардың, жоралғылар мен адамның ішкі сезімдерінің күрделі тоғысуын беретін символдық дүние. Ол өзінің де сол әлемге бес қадам жақын тұрғанын сезді ме екен...

Ғалымбек біреулер үшін әдебиетке үлкен жаңалық әкелген не ағым жасаған жазушы емес шығар, бірақ өзіне тән ішкі территориясы бар, жазуынан автобиографизм мен жанр араласуы көрінетін ерекше жазушы еді. Психологиялық күйге, сезім мен ойға толы осы әңгімелер бізге өзіміздің ішкі эмоциялық дүниемізге сүңгуге мүмкіндік береді. Ия, оның әңгімелерінде әр адам өз өмірінде болған оқиғалармен, кейде өзімен де сөйлесіп жүретіндей көрінеді...   

«Су жұтқан іздер»

Ғалымбекте жақсы әңгіме көп, соның ішінде «Су жұтқан іздер» баяғыда болған бір оқиғаны айту үшін емес, уақыттың адам жадын өшіре алса да, кей нәрсеге келгенде дәрменсіз екенін көрсететін әңгіме. Ақаштың трагедиясы оның жаман адам болғанында емес, өз әрекетін тағдырдың сыртқы шарттарымен ақтауға тырысқанында. Ол өзін жағдайдың құрбаны ретінде сезінгісі келетінінде. 

«Тағдыр талқысы құс шөлдеген құмдағы тозақ түрмемен ақырласпай», жиырма жылын торда өткізіп елге келген кезінде жиырма бесінде қалған жесірі бөтеннен бала тауып отыр екен,  Ақаш соншама жыл күтіп, бірақ, жалғыз рет шолақ белсендінің жеміне айналып жаза басқан әйелінен бас тартып, көршінің он сегіздегі ақүрпек қызбен байланысты. 

«Қыз анасы тұрған орнында шырық көбелек айналып барып құлап түсті. 

–       Айналауын-оуууу! Ол дегенің сенің әкеңдей кісі ғой.

Сол күннен бастап анасы қызын үйден аттап бастырған жоқ. Мына масқара жұртқа жайылып кетпей тұрғанда құтты орнына қондырудың амалына кіріскен. Алайда...

Есікті жабайы мысықтай тырнап ыңырсыған қыздың мұнан да ауыр дерті бар болып шықты. 

–       Атамның үйіне сүт апарамын, жіберіңдер мені!

Қыз біртіндеп тамақтан, судан қалып, тірі аруаққа айналды. Сонда барып бар пәле сүт апарғанда атасы беретін жалғыз тал қанттан келгенін білді. 

Желдің қайдан соғып тұрғанын аңдаған туғандары жиналып Ақаштың алдына барды. 

–       Баланы көктей солдырма. Ықыласыңды қайтарып ал!». 

Сонымен, ұзатылған қыз барған жағында Ақаштың аузынан түскендей ұл табады, бірақ, ғұмыр бойы дуаланған адамша мәңгіріп жүреді. Өз әйелін қоя берген Ақаштың ақырында екі баласы бар әйел алатынын естігенде ағасы шелектегі судан аяғын шығарып алып: «Із қалды ма?» деп сұрайды ғой, оған Ізтілеу «жоқ» деп жауап береді.

Ия, сырттай қарасаң із жоқ секілді, ал бірақ, мәселенің ішкі жағына көз жіберсең, ол із  терең. Бұл жердегі «із» онтологиялық сипатта тұр. 

Әңгіменің «Су жұтқан іздер» деген атауының өзі философиялық парадокс! Қараңызшы, жұтылған нәрсе жоқ болмайды,  тек басқа күйге өте алады, адамның істеген ісі де жоғалмай, басқа тағдырларда, басқа кейіптерде қайта көрінеді.  Мұнда су «ұмыту» механизмі сияқты көрінгенімен, жазушы «су бетінде із қалмайды» деген  сенімнің өзін күмәнға салады. Адам бейшараның осалдығы – сол ізді көрмеуге тырысатындығында емес пе? Жазушы оқырманды сол көрінбейтін ізге үңілуге мәжбүрлейді, себебі адам баласы өз ішіндегі ізді танымағанда тағы да өз әрекетіне есеп бермеуі, біреудің тағдырының өзгеруіне себепші болуы мүмкін. Адам бір қателікті жуып-шаямын, білдірмей кетемін деп ойлап, сол қателіктің жаңа түрін жасай алатын жаратылыс. Әңгімедегі ең ауыр тұс – үкімнің болмауында. Жазушы әділет орнады немесе орнамады деп кесіп айтпайды, тек шеңберді көрсетеді. 

Әңгіменің тілі – поэтикалық, бейнелі. 

 

Ғалымбектің лирикалық прозасы жайлы айтқан Гүлмира Сәулембектің байыпты пікірі бар. Ғалымбек дүниеден өткеннен кейін жазушы Айгүл Кемелбаева жақсы мақала жазды. «Әдебиет порталында» Ықылас Ожайұлы «Жансусар» бағдарламасының бір бөлімін Ғалымбекке арнады. Одан бөлек Біржан Ахмердің, Меңдібек Лұқпанның мақалаларын оқыдық. «Әдебиет порталында» Ғалымбек әңгімелеріне кеңірек шолу жасаған әдебиетші-мұғалім Раушан Құрманғалиқызының өткен жолы Астанаға келген сапарында Ғалымбектің балаларын ұмытпай сәлем-сауқатын тасып жүргенінен талантқа деген ықылас-құрметін танимыз, бірақ, Ғалымбек тірі кезінде оның шығармаларын оқыған, таныған, бағалай білгендер арасында үлкен қаламгерлер болса, жазушының жолы да басқаша болар ма еді... 

Өткен жазда Ғалымбек шығармаларын жақсы көріп оқитын, әдеби талғамы жоғары кәсіби психологпен дидарласудың сәті түсті. Жазушыны осынша сезініп, осынша жақсы көретін оқырманды бірінші көруім. Адамдардың дүниені көру арқылы, есту арқылы немесе сезіну арқылы қабылдауын категорияларға бөліп, осыған қатысты біраз жақсы әңгіме айтып берді, психологияға қатысты бұл тұжырымдарды қабылдауға да, қабылдамауға болады, бірақ, оның: Ғалымбек жазу арқылы өмірін сәл ұзартып, бір жағы осы жазу арқылы қысқартып та жібергендей дегеніне ойланып қалдым. Жас жазушының ғұмырының қысқа болуы мен шығармашылық қолдаудың арасын бір-бірімен байланыстырып қарау ең оңайы, бірақ шындық одан күрделірек болуы мүмкін. Дегенмен, жалғыздықтың, айналасына естілмеудің, түсінілмеудің адамды іштен қажытатынын жоққа шығаруға болмас. Меніңше, мұндай жазушылар қолдауды марапаттан емес, тірі диалогтан күтеді, оқырманымен, замандасымен, өз ортасымен сөйлесе алмаған сана ерте шаршайды. Қолдау болмауы оның жазуын тоқтатпаған болар, бірақ, қоғамның қатыбастығы, солай шығар ау дегені олай болмай шығып,  үміт-сенімінің күйреуі өмірге деген ішкі қарсылығын күшейткен болуы мүмкін.... Ия, бұның бәрі біздің ойларымыз ғана. Қисын... Әйтпесе, кім білсін...

Біз ылғи сөйтеміз, жоғалтып алғасын өкінген боламыз. 

 

Қатыбастық жұтқан ғұмыр...

 Ғалымбек өткеннің іздері мен бүгіннің сыры арасындағы философияны түсіне алған жазушы еді... Тарихи жад пен жеке өмірдің лабиринті, адамның ішкі сезімі мен қоғамның талаптары арасындағы қайшылықтарды шағын әңгімеге сыйғызып жаза алған жазушы. Бірақ,  қысқа ғұмырында  бірді-екілі әдеби байқауларға салған шығармалары ақыры еленбей қалды. Таланты жеткенімен, әдеби ортаның өз ішіндегі көрінбейтін ережесінен, яғни, бірін-бірі танитын, бірін-бірі айналып өтпейтін, бір шеңбердің ішінде жүретін адамдардың үнсіз мәмілесінен де байқауларда оның әңгімелеріне назар аударылмады. Ғалымбек ол шеңбердің адамы болмады. Оның үстіне  шеттен келген қазақ, географиялық тұрғыдан ғана емес, тәжірибе, дүниетаным, тілдік орта тұрғысынан да шет келеді. Шеттен келген қазақтың мәселесі тек құжат, тіркелу, тұрмыстық бейімделу емес. (Оның «Құл базар», «Құл базар, япыр-ай» деген екі әңгімесінен питакта жұмыс істеген кездерін  көреміз.  “Бес жылым сонда өтті” дегенді өзі де айтқан). 

Ия, оның дер кезінде бағаланбауы жеке трагедия ғана емес, бұл – жүйенің де әлсіздігі. Ол әңгімелерін қазақ тілінің тірі, архаикалық, мифтік қабаттарымен жазған бірден бір жазушының бірі еді. Бұл тіл – жанды тіл. Мұндай тілді түсіну үшін оны тек оқып қою аз, соның ішінде өмір сүріп көру керек. Ал қалалық, стандартталған әдеби сана үшін бұл әлем экзотика болып көрінеді, ал экзотикаға таңданып-тамсануға болады да(біз секілді), бірақ жауапкершілік алуға келгенде көбі шегінеді. Өзінен өзгеше дауысты сақтай алмау, табиғилықты өзекке айналдыра алмау – кез келген мәдени ортаның сынағы десек, біз содан өте алмадық. Қазір Ғалымбекті «ерекше», «терең», «басқаша» деп айта бастадық, тірісінде қолдау таба алмаған адамға кеш берілген бағаның еш пайдасы жоқ. Ғалымбектің жағдайында бұл – тағдырдың ғана емес, үнсіз келіскен ортақ жауапкершіліктің салдары. Ғалымбек кейбіреу секілденіп ағаларын айналшықтап, ешкімге жағынған жоқ, өз жазуын трендке ыңғайлаған жоқ, келісімпаз болмады. Керемет қасиет. Дүнияда ешкімге «керек» болмасаң да, ешкімге қарыз болмаған қандай жақсы! Оны іздейтін оқырман көп. Олар жай оқырман емес, өйткені, оның әңгімелері оқырманнан сезімталдық пен ішкі қуатты талап етеді. Мұндай авторды бағалау, қолдау үшін тек талғам емес, батылдық та керек.

Ғалымбектің өмірден ерте кеткенін ойласам, әлдеқайдан азынап салқын жел келетін сияқты болады. Жазушы інімізді өмірде бір-ақ рет, кітабының таныстырылымында көрдім. Оның алдында мессенджер арқылы менің «Пойыздағы мазасыз түн» деген новелламды төтеге аударып өзінің арғы бетке таралған сайтына салғанын айтып, скриндеп жіберген. «Бүгін түнде жазғаным» деп әңгімесін оқытты, аз-кем пікірлестік. Бес жас кішілігі бар ініміз, бірақ, ол әңгімелерінде өмірді көрген, таныған, дана адам секілді еді. Және ол тек шығармаларында ғана сыршыл, мұңшыл, аса сезімтал ғана емес, өмірде де жаны жұқа адам көрінген. Адамдарды жақсы көретіні байқалатын, бірақ, оның ішкі кеңістігіне кіре алатындар аз болған сияқты. Көп адаммен, әсіресе, қаламгер  қыздар Бақытгүл, Самалдармен пікірлесетінін өзі де айтқан, әлдебір қолдау іздеді ме, кім білсін... 

Жаздың соңында бір хабарласып, әңгімелеріндегі прототиптерге қатысты бір қиындықтар болып жатқанын (шығармадан атасын не туысын танып қойған адамдардың өкпелеп жататыны бар ғой) айтқан. Жаны жұқа адамның психологиясына бұл да әжептәуір салмақ екенін түсініп тұрғаныммен, бұндайда не деуге болатыны да қапелімде ойыңа келіп болмайды ғой, «Мен өзімнің көп шығармамды туыстарым, достарым, таныстарым қайтыс болып кеткен соң жаздым» депті бір жазушы», – дегенім есімде. Оны неге айттым, өзім де білмеймін, жабыққан адамға бір жеңілдігі болар деп әзіл айтқан түрім бе, өзімше жұбатпақ болдым ба... 

Қазан айында «Жүз жетінші көктемнің» таныстырылымына шақырды, «Әрине, барамыз және порталға кітап жөнінде жазамыз» дедім. «Жүз жетінші көктемнің» таныстырылымы жақсы өтті, ақын Ұмтыл Зарыққан жүргізді, бірталай адам шынайы пікірлерін білдірді. Өмірлік серігі Бұлбұлмен де осы жерде таныстық. Ғалымбекті алғашқы және соңғы рет көруіміз екен сол...

Егер Ғалымбек арамызда болса, жазушы ретіндегі бұдан арғы өсуі қалай болар еді? Мүмкін, оның шарықтауы сыртқы форманы күрделендіруден емес, оқиғалар азайып, сөз сиреп, бірақ салмақ күшейіп, басқа қалыпта көрінуі мүмкін бе.... бәлки ендігі жерде уақыт туралы емес, уақыттың адам ішінде қалдырар ізі туралы жазар  ма еді... бәлки, бұрынғыдай өзі көрген, өскен Серіліктаудың етегіндегі шағын ауылды емес, ауылдан алыстап кеткен адамның (өзінің) ішіндегі дала жайында сөйлетер ме еді... 

Егер ол тірі болса, мен одан: «Ғалымбек, сіз кейбір жазбай қалған әңгімелеріңізді неден қорғадыңыз», деп сұраған болар едім, өйткені оның әлі де айтылмай қалған көп дүниесі бардай көрінеді. Кейде адам өзін, кейде өзгені, кейде уақытты аяғандықтан қаламын тежейтіні болады, ол тежелістің ар жағында не бар еді, соны білгім келер еді...

 

 

Фотосуреттер жазушының  жұбайы Бұлбұлдың жеке архивінен алынды

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan