(ашаршылық әңгімесі)
...Қай жылы дейсіз бе?
Әуелі – оқиға сөйлесін!
Білесіз. Білмеуіңіз мүмкін емес. Мұндай «сойқын» жылды қай заман, қай ғасырда да, сірә, басқа ұмытса да, қазақ есінен шығармасы кәміл.
Естен шығарғаны былай тұрсын, көз жасын көлдете, еңіреп тұрып еске алар әлі...
Бұл оқиға – болашақта да талай ұрпақтың төбе құйқасын шымырлатар!..
* * *
– Миша ағай, ана тұста тағы бір адам теңкиіп өліп жатыр.
– Өлсе қайтеміз? Кім өлмей жатыр осы кезде.
– Бірақ, бұл адам...
– Неменеге тұтығасың? Адам болса, қайтеді екем!..
– Бұл адам – қазақ емес.
– Қалайша? Ол қайдан келген? (Шошына сөйлеген)
– Білмедім. Түріне қарасам – сары...
– Қане? Қайда?
Ауыл белсендісі – Миша жылдам-жылдам адымдап, мәйітке жақындап келді де, еңкейіп ұзақ-қ қарады. Қайта-қайта үңілді. Басын шайқап, қабағы түйіліп, ұзақ-қ тұрып алған.
– Ой, мынау... мынау шынымен қазақ емес. Қап-әй, а?
– Енді не болады, аға?
– Не болсын. Жауап беруге тура келеді.
– Кімге?
– Е, кімге болушы еді. Басшыларға да.
– Сонда олар... қазақ қылжиып жатса еш өкінбейді, ал басқа ұлт өлсе...
– Тәйт! Тілің шығайын депті-ау сенің де. Аузыңа ие бол. Әйтпесе, сені де ана серейіп жатқандармен қоса көміп тастаймын.
– Болдым! Тоқтадым, аға!
– Е, сөйткенің дұрыс. Сені сөз түсінерлігі бар бала деп жүрсем...
– Айтқаныңыздан шықпаймын, аға! Енді артық сөз айтпаймын, аға-а...
* * *
Оның шын аты – Малдықара. Малды болсын деді ме? Үлкен, қарадәу болсын дегені ме, бәлкім! Кім біледі, әкесі осы баласының айрықша ұл, бағы жанған бекзат жан болғанын аңсаған-ақ шығар...
Өсті. Үлкен, дәу болып өсті. Қара күшке келгенде, ешкімнен кем болмаған. Алла-тағала бойды да, білекті де аямапты. Ал, ақылы...
Басқа жағын қайдам, осы Малдықараға азан шақырып қойған аты әу бастан-ақ ұнамаған. Жас күнінде бірге оқыған достары кекесінмен, бастапқы буынын бөліп айтып, «Әй, Мал...» деп шақырушы еді. Сондайда шекесі қысып, шатынап, жарылып кете жаздайтын. Бір-екеуін осындай мазақ сөзі үшін жерге жығып ап, жуан жұдырығымен сабағаны да бар.
Есейе келе жүйкеге тиер жексұрын есімнен қалайда құтылуды ойластырған. Қара сиямен белінен бір-ақ тартатын есеп емес. Төлқұжаты. Құжаттарын тиісті жерге апарып, пысықсынып, әбжіл ауыстырмаққа әрекеттеніп те көрген. Сөйтсе, өте қиын шаруа. «Ананы әкел, мынаны әкел» деп әбден сілелеткен. Бірі дұрыс болса, екіншісі мүкіс. Әйтеуір сылтау көп. Сонымен, бірнеше күн сабылып, басы қатқан соң, бұл шаруаны жылы жауып қоя салған.
Қоймағанда қайтеді! Қолынан не келмек? Қай өкімет адамына дөң айбаттанып, күш көрсеткендей еді ол кезде.
Кәмпеске науқаны басталған жылы аяқ астынан Малдықараның наны жүріп берді. Аз-маз сауатты болғаны пайдаға асып кетер ме! Кеңсеге шақырды да:
– Сен жаңа өкіметке керексің, – деді.
– Сонда не істеймін?
– Ауыл белсендісі. Яғни жаңа өкіметтің көзі мен құлағы.
– Ол қиын жұмыс па?
– Түк те қиын емес. Біз айтамыз, сен орындайсың.
– Е, онда келістім.
Сөйтіп, бір-ақ күнде жалы күдірейіп, өзгелерге шекесінен қарап, қып-қызыл белсенді болды да, шыға келді. Тасы өрге домалады. Енді ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Жаяу жүруді қойды, өкімет астына жараулы ат мінгізген. Қаракөк ат атылып тұр. Үстіне мінсе болды, жұлқынып ала жөнеледі.
– Өзіңе тағы не керек? Еш қысылмай айта бер. Бәрін де реттеп береміз, – дкйді жаңа өкіметтің жылмыңдаған Жалтырбас өкілі.
– Өтініш болғанда... маған керегі...
– Айт. Бөгелме.
– Бүгін емес. Ойланып барып айтармын.
Сонымен тоқтаған. Бірден жағадан ала кетуді әбес санаған. Салмақты болған түрі.
Сонда да көкейінің терең түкпірінде әлгі бір ойжегі оқжыландай болып оратылып жатты да қойды.
Жаңа өкіметке жеке басының ең алғашқы өтінішін мүләйім дауыспен былай бастады.
– Ағалар, ел іші қараңғы болған соң не шара, менің есімім әу баста ыңғайсыз қойылыпты. Қаншама рет өзгертейін деп үміттендім. Соның сәті түспей келе жатқаны.
– Атың қалай еді өзі?.. – деп Жалтыр бас өкіл көзін кіртитіп қараған.
– Малды... Малды-қара...
– Ой, шынында да кісі күлерлік! (Күліп алған.) Әй, қазақтар-ай! Адамға ат қоюды ойыншық көретін бір ел бар десе, ойланбастан осы қазақты айтса болар.
– Дәл айттыңыз!
– Малды дегені дұрыс-ақ. Ал, енді Қара деуі қалай? Сен соншалық қап-қара емессің! Түрің нешауа...
– Ағатай, өзгертуге қол ұшын беріңіз. Онсыз да бала күннен әбден жыныма тиіп болды осы есім...
– Е, жарайды. Сөз емес-с...
Жалтырбас екі сөзге келмеді, көп ұзатпай құжатын жаңартып берді.
– Қай атты қалайсың? – деп сұраған.
– Білмеймін. Әйтеуір басқа есім керек.
– Онда... онда Малдықараның бас әрпін алайық та, былай деп жазайық. «Михаил». Қалай?
– Ұнайды маған да.
– Жоқ, сен тым тартыншықтама. Бәлкім, өз қиялыңда бірнеңе бар болар?
– Жо-жоқ, басқа ой жоқ! Михаил – өте жақсы есім! Кішілер Миша ағай десе, несі жаман...
– Олай болса, осыған тоқтадық. Ал, жаңа есімің құтты болсын!
– Рахмет! Рахмет сіздерге! Жаңа өкіметке қасық қаным қалғанша қызмет етуге әзірмін.
– Смотри, сөзіңде тұр! – деді Жалтырбас.
– Имандай шыным, бар тағдырым – жаңа өкімет қолында болады енді...
Міне, сол күннен бастап жалпақ бас, майқара Малдықара – Михаил атанған.
* * *
– Миша ағай, енді не істейміз?
– Не істеуші ек! Мына мәйітті атқа тиеп, ауданға апармай болмас.
– Ауыл басшысына айтпайсыз ба әуелі?
– Ол біледі. Бұл шаруаға мені араластырма деп ашуланған. Білмегем болайын деген.
– Мәйітті кімге апарып, кімге көрсетеміз сонда?
– Әй, мисыз, неге ақылсыз сауал қоя бересің, а? Айтпадым ба ауданға апару керек деп. Ендеше, орында осы бұйрықты.
– Жарайды. Дегеніңізге дедектейді бұл ініңіз!
Екеуі мәйітті атқа өңгеріп алып, жолға шыққан.
– Қайдан ғана келе қалған еді бұл көксоққан! – деп, жол үстінде Михаил аһ ұра, өкінумен болды.
Қасындағы серігі – жас белсенді Баспай ағасының сергелдең күйін байқап, одан бетер қинала бастасын.
– Аға, – деді әлден уақытта. – Басқа ұлт өкілінің бірі өлсе, неге біз жауап береміз, а? Қазақ күнде он-ондап қырылып жатқанда...
– Ой, мисыз неме! – деп дүрсе қоя берді ағасы. – Саған қанша рет айтам, осындай олақ сөзіңді қашан доғарасың, а?
Баспай басын қасып тұрып:
– Жәй, қазақ деген халық неге қадірсіз болып кетті деп ойлап... – деді.
Оның бұл сөзіне Миша ағасы бұлқан-талқан.
– Есің жоқ! Есің мүлде жоқ сенің? Өлер жеріңді де білмейсің...
– Қойдым, қойдым аға!
Енді Миша ағасы тағы бір кермек әңгімені сыздықтата сабақтаған.
– Бұл кім? Қайдан келді? Қашан келді? Осыны анықтамадық-ау біз.
– Мен білем, аға. Бұл – фельдшер. Мал маманы. Біздің ауылға соңғы уақытта жиі келетін.
– Е, сол ма! Солай екен ғой. Ал, енді неге осы жолы тырайып қалды? Аштан өлмегені бесенеден белгілі. Тұрмысы дұрыс адам дегендей...
– Жұқпалы аурудан өлді деп ойлаймын.
– Қалайша?
– Ол біздің ауылға келгелі екі апта болған. Қырылып жатқан қазақтарға жаны ашып, кетпей жүріп алған. Мен одан «неге ұзақ аялдап жүрсіз?» деп сұрағанымда, «аштан өлген адамның ағзасын зерттеп жатырмын» деп жауап берген.
– Аштан өлген адамды да зерттей ме? Құрсағы қаңсып қалған бейшара қалай өлуші еді! Кирелең етіп құлайды. Екі көзі аларады. Сосын жаһаннамға аттанып жүре береді. Соны да сөз деп...
– Оның ойынша, кісі аштыққа шыдамды. Егер тез үзіліп кетсе, демек ағзасында елеулі ақау бар болғаны.
– Бар білмек болғаны – сол ма? Тфу, ол да бір есалаң... Ең болмаса, ауданға алып кетіп тексермеді ме! Мәйіт керек болса, өзіміз-ақ жеткізіп беретін едік. Қаншасын сұраса да... Қазір аудандағылар не дейді? Сендер мал дәрігерін әдейі өлтіргенсіңдер десе, не жауап қатамыз?
– Ойлап келем. Жауап біреу-ақ: Ол адам ағзасын зерттеймін деп кеселге ұрынды. Міне, ажалы да содан.
– Ой, бұл ертекке аудан сене қояр! Сендірерсің сен оларды...
– Сенсе де, сенбесе де – шындық осы! Оған толық көзім жетеді.
* * *
Әуелі аудандық ауруханадағы дәрігерге келген. Танысы болатын.
Мәйітті көрсетіп, мүләйім сөйлеп, бар жайды баян қылды.
– Мені құтқар. Әйтпесе тектен-тек басым іске шатылатын түрі бар.
Дәрігер «тексеріп байқайын» деді. Сосын мәйітті арнаулы лабораторияға жөнелтті.
Осы екі арада Михаил екеуі кең отырып, әңгіме-дүкен құрған. Көмекшісі Баспайды сыртқа шығарып жіберді.
– Биыл аса қиын жыл болып тұр-ау! – деді дәрігер. – Барлық ауылда аштан бұратылып, қырылып жатқан адам көп. Шектен тыс өлім...
– Бізде де солай. Күнде өлік шығарамыз.
– Күніне қанша адам?
– Орташа есеппен 10-15 адам. Обал-ақ.
– Мына түрімізбен елде қазақ қалмас!
– Енді... астық жетпей жатыр. Мал басы кеміді. Қуаңшылық қысты! Өкіметке не өкпе! – деп, Михаил өзінше саясаттың сөзін сөйлей бастаған.
Дәрігер оның айтқанын қостамады.
– Егер сенің елің мына жаңа өкіметіңе керек болса, қадірі асса, қайтсе де адамдарын аман алып қалар еді ғой, – деді. – Шамасы, қаракөзге ықыласы жоқ...
– Сіз... сіз не деп кеттіңіз! – деп, Михаил шошына қарады. – Жаңа өкімет туралы бұлай бөстекі сөйлемеңіз...
Досы сонда да мүдірмеді.
– Ал, айттым. Ал, жаңа өкіметіңді аз-маз сынадым. Өтірік қостым ба? Сөзім жалған ба менің?
Михаил онан бетер абдырады.
– Саған сеніп келген мен де... Есіңді жинасаңшы! Тап бүгін осылай айтар жөнің бе? Үй артында кісі бар дегенді неге ұмытасың? Ой, түріңе болайын сенің...
Мұнымен де тоқтамады дәрігер досы. Айтты.
– Не деген сужүрексіңдер жаңа өкіметтің белсенділері! Өз көлеңкелеріңнен өздерің қорқасыңдар. Сөйте тұра елді алдап «жаңа заман орнатамыз, жаңаша өмір сүретін боласыңдар» деп бөсесіңдер. Сөздерің асқақ, істерің ақсақ!
Мына сөзден соң Михайл орнынан тұрып кетті.
– Тоқтат! Тоқтат деймін енді. Әйтпесе... маған ренжіме. Жаңа өкіметтің хас жауы деп айтпасын десең, дереу райыңнан қайт! Қайт, тезірек...
– Жәй... көңілдегі күдігім ғой. Мүмкін, қателесермін... (Дәрігер сабасына түскен.)
– Қателестіңіз! Қате түсінік сіздікі. Мүлдем қате...
– Солай шығар. Солай дей салшы енді...
* * *
Тік мұрт – аудан басшыларының бірі, мінезі шарт-пұрт, ұрдажық адам. Оның бетке тіліп айтатын бетпақ мінезін өте жақсы біле тұрса да, Миша амалсыз алдына барған. Сескене сөз бастаған.
– Ашаршылық адамдарға аса ауыр тиіп жатыр, – деген.
– Жалғыз сендерде ме! Барлық жерде солай. Тфу, соны да жаңалық деп... – Тікмұрт дауыстап, дауыс көтеріп сөйледі. Сосын тағы да:
– Ел ішінде былқ-сылқ толқу жоқ па? – деп сұраған. – Сол жағын айт алдымен! Сол маңызды, Майлықара... (Әдейі бұрмалап айтады.)
– Одан аманбыз. Тек...
– Ал, не? Поу-у, не тағы?..
– Кеше бір кісі тырайып қалып... Соны осында алып келген едік.
– Майлықара, өзіңде ми бар ма! Мәйітті сонша қорлап, қанша шақырым жерден ауданға сүйрелеп алып келгенің қалай? Ол кім еді сонша құрмет көрсететіндей?..
– Жәй қазақ емес. Басқа ұлт.
– Не дейсің? – деп Тікмұрт орынан ұшып тұрған. – Қай ұлт? Қандай ұлт?
– Әйтеуір сары...
– Ой, оңбаған! Мисыз ит. Аулыңда ұлы халық өкілі неге өледі, а? Неліктен именно сенің аулыңда?
– Өзім де түсінбеймін.
– Түсінесің. Білесің бәрін де. Сен әдейі істегенсің.
– Құдай ақына. Менің қатысым жоқ. Өзі – фельдшер. Ауылдағы аштан өліп жатқан адамдардың ішкі ағзасын зерттеймін деп жүріп, ауру жұқтырған.
– Оны кім айтты?
– Аудандағы дәрігер.
– Солай деді ме? Дәлелі бар ма?
– Лабораторияда тексеріп барып, түйінделген пікір. Қағазы міне!
Тікмұрт қағазға көз жүгіртті. Оқыды. Сонда да түсі жылыған жоқ.
– Бүлдіргі әрекетің үшін ойланбастан түрме түбінде шірітер ем. Әзірге мына қағаз құтқарып тұр, – деді Тікмұрт. – Бірақ, аулыңнан басқа ұлт өкілі өлгені туралы жоғары жаққа мәлімдеуге тиіспін. Олар қатаң жазала деп жатса, маған өкпелемейсің. Түсіндің бе?
– Ағатай, мені қорғай көріңіз.
– Туф, десе! Ау, мен қайсыңа жетем, а? Өңкей көрсоқыр қазақ, бәрің көз жасыңды көл қылып, маған келесіңдер. Мен кіммін? Сәбет өкіметінің бір бұрышын тіреп тұрған үлкен бастық па екем?
– Сіз... сіз біз үшін шексіз биіктегі кісісіз. Тек сіздің есен-саулығыңызды тілеп отырамыз. Аман жүріңізші, әйтеуір...
– Жә, осымен болды! Бара бер...
* * *
Бұл – қай жыл еді дейсіз бе?
Бұл – 1932 жылдың қысы.
Сол атың өшкір қыста мына маң даланы мекендеген бейшара халық қынадай қырылған. Күн сайын құрым үйден ондап, жүздеп өлік шығарылған. Тіпті жерлеп үлгере алмаған соң, бетін ғана құммен жасырып отырған деседі.
Миша болса, қазақ қынадай қырылып жатса да, қатты өкініп, бас қатырмаған. Жүрегі де сыздамаған.
Оның уайымы – мүлде басқа.
Қай күні жоғары жақтан суық хабар келіп қалар екен деп, қалт-құлт етіп жүрген. Ішкені – ірің, жегені – желім.
Өзі тұрып жатқан ауылдан ойламаған жерден өзге ұлт өкілінің мәйіті шыққаны жанына улы жара салды.
Күнде жүрек тұсын ұстап, уқалай береді...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.