Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өлең
Елтаңбасы елімнің...

01.07.2023 773

Елтаңбасы елімнің 14+

Елтаңбасы елімнің - adebiportal.kz

Сұлтан ҚАЛИЕВ

КӨК АСПАНДАЙ КӨКПЕҢБЕК
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен-тек –
Елдің ашық қабағы.
Ақ ниеті – алтын күн,
Асқақ арман – қыраны.
Жалауы бұл –
Халқымның мәртебесі, туы, ары.

Бұлт шалмасын күнімді,
Тарылмасын өрісім.
Биік ұстау туымды –
Қасиетті борышым.                                                    

 

МЕНІҢ ЕЛІМ

Бастау алған ежелгі дәуірлерден,
Қазақстан дос, бауыр әрбір елмен.
Көрген талай жұтты да, қырғынды да,
Жаманның да, жақсының дәмін көрген.

Бүгін елміз жаңаша тұрмыс құрған,
Қойнауы – кен, даласы – ырыс тұнған.
Қайсар халқы, сан ұлттың өкілдері
Тағдыр қосып бастарын, туыстырған.

Қазақстан әр таңы атқан күліп,
Нұр сәулесі санаға жаққан үміт.
Алға бастап барады Елбасымыз
Әрбір күннің шуағы шаттандырып.

 

ҚАЗАҚСТАНЫМ

Сәулетті әр қаласы
Шырағындай өмірдің
Кең-байтақ даласы
Құшағындай елімнің.
Тұп-тұнық аспаны –
Байлықтың бастауы,
Замана дастаны –
Қазақстаным менің.
Жасындай айбыны
Ұл-қыздарды түлеткен,
Халқымыздың ай, күні
Жұлдыздарды түлеткен.
Тұп-тұнық аспаны –
Байлықтың бастауы,
Замана дастаны –
Қазақстаным менің?

 

АСТАНА – СИМВОЛДАР ҚАЛАСЫ

Астанадан тарайды нұрдың бәрі,
Қадам бассаң, қарсы алар символдары.
Тарихың да, салт-дәстүр, өнерің де –
Символдарда. Астана – бұлбұл бағы.

Араласаң – асылдың нелер кені,
Елестейді осында – ел ертеңі.
Оқығандай боласың том-том кітап,
Ұшан-теңіз білімге кенелтеді.

 

АТА ӨСИЕТІ
Тәуелсіздік – төрінде,
Нұр құяды көңілге.
О, жас ұлан,
Еліңнің
Ертеңі үшін ерінбе!
Озат оқып, білім ал
Саналылар ұғынар.
Жастайынан білімді
Болып өскен ұлылар.

 

АТА-БАБА ЖОЛДАРЫ

Ел-жұртпыз атам заманнан,
Күн, сақ, үйсін – тегіміз.
Күн нұрынан жаралған
Батыры көп еліміз.

Міндеттіміз, әр ұлан,
Әділеттің жолында
Бар жақсылық дарыған
Бабалардай болуға.

 

ЕЛТАҢБАСЫ ЕЛІМНІҢ

Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбат, әдемі.
Тұнығындай көңілді, -
Ортада аспан әлемі.

Құт-береке шаңырақ,
Орын алған ол төрден.
Қанатты қос арғымақ
Екі жақтан көмкерген.

Тәуелсіздік жолыңда
Талай-талай тер тамған.
Билігім өз қолымда, -
Еркіндігім – Елтаңбам.

 

АТА ЗАҢ

Ата заң бұл бағалы
Барша халық қолдаған.
Осы заңнан табады
Әділетті жолды адам.
Енді кейбір антұрған
Жүргізбейді үкімін.
Ата заңда қамтылған
Сенің барлық құқығың.

Бұл заңымыз ғажап-ақ,
Әрбір бетін көр ашып.
Енді нағыз азамат
Болам десең, жол ашық.

 

ӨНЕРЛІ БАЛАЛАР

Қанат, Марат екеуі
Қамшы өре алады.
Таңат, Талап екеуі
Тамаша ән салады.
Самат, Сағат екеуі
Төгілтіп күй шертеді.
Бабақ, Барақ екеуі
Біледі көп ертегі.
Ахат, Марат екеуі
Ат үйретіп жүреді.
Жанат, Манат екеуі
Киім-кешек тігеді.
Балаларды өнерлі
Есептеп көр, сен енд


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар