Оразақын АСҚАР
Тәрбиеші
Бізге тәртіп үйреткен,
Ән салдырып, билеткен,
Таныстырған ең алғаш
Әріптермен, суретпен –
Тәрбиеші тәтеміз.
Бізге тұғғыш тақпақ та
Жалықпастан жаттатқан,
Түсіріп топ сынына,
Жақсымызды мақтаттан –
Тәрбиеші тәтеміз.
Доспен тату ойнауды,
Мерекені тойлауды,
Бойымызза сіңірген
Көптің қамын ойлауды –
Тәрбиеш тәтеміз.
Білуге біз құмармыз,
Мазаңда алған шығармыз,
Таза сәби жүректен
Қабылдаңыз мың алғыс,
Тәрбиеші тәтеміз.
Ең әдемі ағаш
Жаздың күні орманда,
Саяхатта болғанда,
«Әдемі, – деп, – қай ағаш?» –
Айналаны шолғанда,
Біреу айтты даралай:
«Әдемі, – деп, – қарағай.
Жап-жасыл боп тұрады,
Қыс пен күзге қарамай».
«Ағаш жетпес еменге,
Тамыры оның тереңде, –
Деді біреу, – қараңдар,
Жетеді бой, көлем де».
Біреу айтты қайыңды:
«Ән боп аты жайылды.
Салады еске ақтығы
Аспандағы Айыңды».
Біреу айтты:
«Шетенге
Айтқандарың жетер ме?
Негізі асыл болмаса,
Жай тарта ма бекерге?»
Бірі құндап бағасын,
Тізді жеміс ағашын.
Зорға басты жетекші
Балалардың таласын.
– Саралап тал, теректі,
Іздедіңдер еректі.
Ойлап тұрсақ, адамға
Барлық ағаш керекті.
Бір орманда әр ағаш
Өскен жақсы аралас.
Ең әдемі, меніңше,
Құс ұясы бар ағаш.
Шұғынық
Шұғынықтың әр түбі
Бейне буған гүлдесте.
Жұпар иісі аңқыды,
Самал есіп бір кеште.
Гүл жоқ одан көрікті,
Тау еркесі – шұғынық.
Қыздар қызыл бөрікті
Отырғандай бұғынып.
Бәсіре құлын
Торы құлын туғаннан
Болды менің бәсірем.
Кездерімде суарған
Тұрды сипап, қасып ем.
Байланған жоқ қазыққа,
Еркін асыр салады.
Құйындатып жазықта
Шауып-шауып алады.
Болса ұзар, түрі бар
Торы бие кісінер.
Құлын тоқтап, бұрылар,
«Қайт» дегенін түсінер.
Амал қанша, әзірше
Аяқтары жіңішке.
Ат болғанмен өзінше,
Жарамайды мініске.
Қыз Жібек
Жуас атқа жекелеп,
Қызымды алғаш мінгіздім.
Шылбырынан жетелеп,
Әрі-бері жүргіздім.
Мол шаттыққа кенелді:
– Көрсін бәрі бізді, – деп. –
Лаула емес, мен енді
Болдым, – дейді, – Қыз Жібек.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.