Мұзафар ӘЛІМБАЕВ
ҚАНДАЙ СӨЗДЕР
Ана-
Ардақты сөз.
Тау- тас -
Салмақты сөз.
Жел-
Қанатты сөз.
Шәкірт -
Талапты сөз.
Жалау-
Дабылды сөз.
Алау-
Жалынды сөз.
Дос жар -
Мейрлі сөз.
Дала -
Пейілді сөз.
ОН САУСАҚ
Жалғыз саусақ, тіпті де,
Ұстай алмас жіпті де.
Екі саусақ бірікті,
Ине қолға ілікті.
Үш саусағым орамды,
Жүгіртеді қаламды.
Өнерлі екен он сусақ,
Қала салсақ, жол салсақ.
КӨКТЕМДЕ
Көлкіген су айнала,
Малтығып тұр, тал қайың,
Қарады айдын айнаға,
Шымшық қағып таңдайын.
Ормандағы от орыны,
Ормандағы отты кім жақты?
Кім жатты жырғап тойынып,
Көк алаң,
Кілем сияқты
Шоқ түсіп қалған ойылып.
ТОРҒАЙДЫҢ ХАТЫ
Ана тіл- біздің туған анамыз!
Анамыздай сылап бағып қағамыз.
Ана тілін бағаласақ қалай біз,
Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
Ана тілін кім аялай білмесе,
«Анасынан безген ұл» -деп қараңыз!
НЕГЕ?
-Бауырым!
Қол неге екеу?
- Көтерсе жүк ауырынан.
Бірін бірі қолдасын деп.
- Ағайым!
Көз неге екеу?
- Тағдыры мен талайын
Тереңірек барлайын деп.
- Туысым
Аяқ неге екеу?
- Себеп болып бірі бірі үшін де
Жердің үстін шарлайын деп.
- Туғаным!
Құлақ неге екеу?
- Тыңдап дүние сырларын,
Түгелі мен аңдасын деп.
КӨШПЕЛІ ФОНТАН
Көшпелі фонтан
Бақтияр аң-таң;
- Көшпелі фонтан
Теңізде не жүр...
Не іздеп жүр?
- Болма сен аң-таң
Емес ол фантан.
Kит деген дәу -
Көшпелі тау.
АЗАМАТ ӘСЕТ
Әсетжан үйге кіргенде,
Етігін сүртіп тазалап,
Атасы байқап бірдеме,
Мақтайды;
- Міне, азамат!
Әсетжан үйге келгенде
Пальтосын сілкіп тазалап,
Әжесі бірден көргенде,
Мақтайды:
- Әсет - азамат
АЯНЫҢ АҚЫЛЫ
Айналайын Аяның
Алақаны аялы;
Ая-біздің мейірбан,
Досынан жоқ аяры.
Айналайын Аяның
Алақаны аялы,
Қолда барын достарын
Алдына әкеп жаяды,
Айналайын Аяның
Алақаны аялы.
КҮН ТОҚЫҒАН КІЛЕМ
Күн-
Кілем тоқиды.
Нұрмен тоқиды,
Гүлмен тоқиды.
Ол-
Асыл зер кілем
Жалпақ кең кілем
Жерге тең кілем
Ол-
Сен де сиярлық
Ел де сиярлық кілем.
ДОСТЫҢ КҮНІ ДОСПЕН
Жарасымсыз қатар өскен бұтақтай,
Сөредегі оқылмаған кітаптай,
Оны маған айтатыны көп шығар,
Менің оған айтатыным көп шығар.
Көктем кімге көңілді,
Көктем кімге көңілсіз,
Алтын шуақ төгілді,
Гүлдер жапты өңірді.
Жұпар исі сезілді,
Көктем күні көңілді,
Жолдастарым не білді,
Сол көктемнің өзі де
Болмайды екен көңілді,
«Еңілік» алған кезіңде...
АҚСАҚАЛДЫҢ АҚ БАТАСЫНАН
Оқуда алғыр бол,
Ойлауда алғыр бол,
Өмірде әділ бол,
Ашуда сабыр бол,
Ісіңде шебер бол,
Ақылға кемел бол,
Қиынға батыл бол,
Еңбекке батыр бол.
Уәдеңе берік бол,
Ауылыңа көрік бол.
КӨГЕРГЕН КӨЗДЕР
Көкеңнің көзі көкпеңбек
Кім тимек оған шеттен кеп?
Сұрадым соны өзінен
Қай құлын сені тепкен деп.
Бала емес Көкең жігерсіз,
Жаубынан-ақ білерсіз,
Көріну үшін көктем боп,
Олардың дағы көздері
Осындай кілең көкпеңбек...
КІМ ҰТЫЛДЫ КІМ ҰТТЫ
Тауға шығып үш бала,
Талай қырды асыпты,
Қажып талып түс ауа
Қарындары ашыпты.
Қалған алма екеу-ақ
Қалай бөлер оны үшке?
Екі бала содан-ақ,
Түскен дейсің керіске.
Мінезінен түсінші
Бекер күтіп пісіпті
Үнсіз түрған үшінші
Арашаға түсіпті.
- Қиын емес ол мүлдем
Тепе-тең ғып бөлейін,
Екеуің ал бір бірден
Мен-ақ соған көнейін.
Не керек бар тартысып,
Сен маған бер жартысын,
Бұлар соған көніпті
Жарты-жарты бөліпті.
Билік айтқан балаға
Өз қолынан беріпті,
Кім ұқпады, кім ұтты,
Кім ұтылды, кім ұтты?
МҰҒАЛІМ ОЛ БІЗДІҢ
Білімнің кілтіндей,
«Әліппе» ұстатқан.
Оқуға іркілмей,
Тоқуға ұстартқан.
Қамқоры ұл қыздың,
Мұғалім ол біздің.
Қиынға төзуге,
Үйреткен қашанда.
Жаманнан безуге,
Жақсылық жасауға.
Қамқоры ұл қыздың,
Мұғалім ол біздің.
Атам да сыйлайтын,
Атамның тұстасы.
Папамда сыйлайтын,
Ауылдың ұстазы.
Қамқоры ұл қыздың,
Мұғалім ол біздің.
