Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әңгіме
Менің қарындасым...

05.07.2023 864

Менің қарындасым 14+

Менің қарындасым - adebiportal.kz

Сайын МҰРАТБЕКОВ

Биыл қысқы демалыста ауылға келгенімде, қарындасымның соншалықты тез өсіп, өзгеріп кеткені қатты таңырқатты.

Кеше ғана жолда келе жатқанымда оны көз ал­дыма тіптен басқаша елестетіп едім. Орта бойлы, толықша келген қара торы жүзді, әр кездегі ерке қалпында менімен таласа кетуге дайын тұратын өжет қыз. Шолақтау келген сүйкімді мұрны үнемі күлкі нышанын аңғартып, сөйлеген кезде делбіреп тұратын. Қақ жара өрген қалың қара шашының маңдай алды бұрымына қосылмай, бұйралана шоқтанып біткен. Ол кейде желбіреп көзіне түсетін. Осы бір көзіне түсе беретін «тен­тек» шашы кейде менің зығырданымды қайнатушы еді. Өз-өзімнен қарындасыма тиіскім келіп кететін де аяқ асты ашу шақырып, айқайлап ұрыса бастайтынмын. Шынымды айтсам, үйдегі уақытымның көбі қарындасыма шүйліге жүріп, үлкендік ақыл ай­тумен өтетін-ді. Оның бойынан әрқашан қызға лайықсыз міндер тауып, кінәлап ұрсушы едім. Ал ұрысқан кезімде, ол көзі жапақтап бәрін мойындап, үнсіз отыратын да менің жүзімде сәл жылылық пайда болған сәтте-ақ өзіме қосыла езу тартатын. Сол-ақ екен, мені қуақы қылығымен алдаусыратып, ептеп қана есікке жылысатын. Егер менен бұрын есікке жетіп үлгерсе, айтқан ақылымның түгелдей зая кеткені. Әлгінде ғана жаудырап отырған қарындасым, тордан құтылған дала құсындай, ойнақшып шыға келеді. Маған қарап тілін шығарып:

– Мақтаншақ! Үлкен болғаныңа мақтанасың ғой, брр... – деп мазақтап сыртқа қаша жөнелетін. Ондайда мен жарылып кете жаз­дап, ызаға булығамын. Артынан қуа шығып:

– Келерсің, бәлем, үйге! – деп жұдырығымды түйемін.

Кей кездерде оның күнделікті сабақтарын тексеріп қарап, сұраулар беріп өзімше «емтихан» да алатынмын. Сұрауларым әрдайым сабаққа пәлендей қатысы жоқ, кездейсоқ болушы еді. Егер қарындасым жауапты дөп қайтара алмай қалса, ұрыстың басталғаны. Бірақ амал қанша ұрысып айтқан ақылымды күле тыңдап, жөні келсе әлгіндей мазақтап кете беретін. Әсіресе осы тілін шығаратын әдетті қайдан тапқанын білмеймін, қанша айтсам да қоймайтын.

Mіне, осындай ерке қылықты мінездерімен сағындырған сол қарындасым бүгін бір түрлі өзгеріп, жат болып кеткен секілді. Жүгіріп кеп құшақтай алар деп тұрғанымда, салмақты басып келіп сабырлы амандасуы да ойымдағыдай болып шықпады. Сонда да болса мен амандықтың соңынан:

– Қалай оқып жүрсің? Әлі емтихан аламын, – деп үлкендік әдетіммен ескертіп қойғам. Ол сәл қызарып кетті де:

– Дайынмын, аға, – деді.

Қарындасымның қазіргі жүріс-тұрысы да, сөйлеуі де, тіпті езу тартып күлгені де басқаша. Бойы сұңғақтанып, қара торы ерке жүзі ашаңдаған, есейгендік пішін бар, ойнақшып тұратын отты көздері де байсалды, ойлы қарайды. Шолақ мұрнының ұшы үшкілденіп, қырлана түсіпті. Жаңадан тіккізген қызыл драп пальтосы да өңіне жарастық беріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, қарындасым тамаша сұлу қыз болыпты. «Қыз деген тез бойжетеді», – деп апамның талай айтқаны есіме түсті. Бірақ мен оның осы әсем сұлулығынан гөрі, тиісе кетуден тайынбайтын, ерке қылығын аңсап келіп едім ғой. Ойлап қарасам, айтты-айтпады, қарындасым бойжететіндей жасқа келіп қалыпты, енді бір айдан кейін тура он жетіге толады екен. Орта мектепті де биыл бітірмек.

Үйге кіріп жайғасып отырған соң да, бірнеше рет онымен бұрынғыдай сөйлеспек болып оңтайланып едім, сөзіміз байланыспады. Бұрын қала жайын қайта-қайта сұрап, таңырқап, қызыға тыңдайтын қарындасым бұл жолы менің жаңалықтарыма да құмартқан жоқ. Тіптен салдарлы. Әр сөзден соң өзімнің сөз жалғап, әр нәрсені сұрай беруіме тура келді. Қай институтқа түсуге даярла­нып жүргендігін сұрағанымда:

– Білмеймін... әлі ойланамын, – деді ол лажсыз езу тартып. Онан соң ойын екі ұшты айтты: – Мүмкін ауылда қалармын...

Кешкі астан кейін қарындасым сабаққа даярлану үшін түпкі бөлмеге кетті де, біз апам екеуміз ас бөлмеде шай ішіп оңаша қалғанбыз. Апам алдымен менің институттағы хал-жайымды, оқуды қашан бітіріп, қайда жұмыс істеуге баратынымды тізбелеп сұрай бастады. Дәл осы жайларды апам бұрын да бірнеше рет сұрап біле тұрса да, бұл жолы әдейі сөз болсын деп отырғаны белгілі еді. Сондықтан бұрын әлденеше айтқанымдай, оқуымның бітуіне әлі екі жа­рым жыл барын, мүмкін болса бітірісімен агроном болып өзіміздің ауылға келетінімді тағы да қайталап айтып бердім. Ауылда болып жатқан жаңалық, өзгерістерді де сөз еттік. Апамнан естідім: орта мектепті бітірген біздің ауылдың бірталай жастарын колхоз ауыл шаруашылығының түрлі саласы бойынша мамандар даярлайтын техникалық курстарға, жоғары оқу орындарына түсуге даярлыққа жіберіп жатқан көрінеді.

– Әлгі, Дәукенің баласы Нұрланды білуші ме ең?

– Аса жақсы білмеймін, – дедім.

Менің сыртта оқығаныма талай жыл болғандықтан өзімнен соңғы балаларды жақсы білмеуші едім. Осындай демалыстарға келгенімде олар ойда-қырда жұмыста болады да менімен кездесе бермейтін. Жасыратыны жоқ, мен де өзімнен кейінгі жастармен та­нысып, істес болуды ойлаған емеспін. Тек кейбір үлкендердің осы апам атаған Нұрланды мақтағаны есімде. Естуімше ол өткен жылы орта мектепті бітірісімен өзіміздің ауылдағы электр станциясына жұмысқа кірген. Үш айдай монтердің көмекшісі, онан кейін монтер болып істейді дейтін.

– Нұрлан қазір қайда істейді? – деп сұрадым.

– Станцияда тікіник дей ме, не деуші еді, соның көмекшісі. Жап-жақсы еңбек етіп, табысы да мол, бір үйдің иесі боп қалған ба­ланы колхоз енді үш жылдық оқуға жібергелі жатыр. Бет алды оқи бергеннің несі жақсы дейсің, – деді апам жақтырмаған пішінде.

Мен апамның сөз төркініне түсіне қойдым. Ол кісінің ойынша, менің ауылға сирек келуім, өткен жаздағы практикамды басқа кол­хозда өткізуім – далада жүріп жатбауыр болып кеткендіктің салда­рынан деуші еді. Көрші кемпірлермен сырласа отырып:

– Е-ей, көрші-і! «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп бұрынғылар бекер айтпаған екен, – деп, талай күрсінгені есімде. Міне, Нұрлан туралы сөз қозғағанда көмейінде осы ойлар жатқан болар деп түйдім. Біреудің баласында не жұмысы бар десеңізші.

– Оқығаны дұрыс қой, апа, – деп мен Нұрланға шын тілектес екенімді білдірдім. Жауабым апама ұнамай қалды білем, бір шыны шайды ішкенше, төмен қарап үнсіз отырды. Ескірген бәтес орамалымен тершіген маңдайын сүртті де, үстіңгі жағы қымтап жабылмаған терезеден сырттағы қараңғы түнге қарады.

– Әлимаға қатты сөз айтып ренжітіп алып жүрме, – деді әлден уақытта, бағанадан бері айта алмай отырған сөздерін түйіндеп.

Тосын айтылған бұл сөзге мен не дерімді білмей аңтарылып қалдым. Бұрын қарындасыма ұрысқан кездерімде әсте арамызға түсіп көрмеген. Кей уақыт Әлима жылап кеп мені шағыстырғанда:

– Ештеңе етпейді. Өз ағаң ғой, сені жаман болсын дей ме, – деп жұбататын.

Ал апамның қазіргі сөз сыңайынан Әлимаға алдын-ала араша түсіп отыратынын жақсы сездім. Менің ұрысуыма ендігі жерде жол бермейтіні анық еді. Аз да болса көңілім кірбің алып қалғандай. Қазбалап ештеңені сұраған да жоқпын. Сұрағым да келмеді.

Ертеңіне түсте қарындасым мектептен тұнжырап, өте көңілсіз қайтты. Оныншы кластың сабағы ауыр тиіп жүрген болар деп, мазалаған жоқпын. Оқу құралдарын қойған жерден өзім барып күнделігін тауып алғам. Менің қимылымнан көз айырмай Әлима бозарып кетті. 

– Аға, иесінен рұқсат сұрамайсыз ба? – деді салмақпен, ақырын ғана.

ЬІңғайсызданып-ақ қалдым. Сыр бермеуге тырысып:

– Meн сенің бөтенің емеспін. Рұқсат сұрау-сұрамауым міндет емес, – дедім. Мұнан әрі оған еш көңіл аудармастан күнделігін ақтарып қарай бастадым. Жаңа ғана бетіме ызғары тепкен ашуым қайтып, еріксіз ризалық білдіруіме тура келді. Күнделіктің алғашқы беттерінен бастап кілең «бестік» бағалар тізіліпті. Тек бүгін ғана физикадан «үш» алған екен. Қарындасымның жабырқауы осыдан болар деп ойладым.

– Өзің алтын медальға кандидат екенсің ғой, – дедім көңілін ауламақ болып. – Ештеңе етпейді, бір «үш» деген немене...

Әлимада үн жоқ. Сұп-сұр болып, орнынан қозғалмай отыр. Әлгінде көзінен байқаған қалжырау мен шаршағандық мұңға айна­лыпты.

– Әлима, саған не болған? Әлде біреу ренжітті ме?

Қарындасымның сүйкімді жұмыр иегі діріл қағады. Мөлдіреген жас бетінен жол сыза сырғып барып, тамып кетті. Ештеңеге түсіне алмай, мен күнделігін орнына қоя бергенімде, арасынан төртке бөлінген сурет сырғып кеп, аяғымның астына түсті.

Еңкейіп ала бергенімде:

– Аға, өзіме беріңіз... Жаным аға... – деп жылап келіп қолыма жабысты. Төртке бөлінген жігіт суретін анықтап көре алмастан, қарындасыма қайтып бердім. Не дерімді өзім де білмедім.

Екі күн өткенше қарындасым маған үлкен жұмбақ болды. Өзімді қапаландырған жайды сұрауға еш мүмкіндік болмады. Мен жанына жақындасам болғаны, ұялатын болу керек, әр нәрсені сылтауратып Әлима тайып отырады. Оның бер жағында маған шынын айтпайтындай да түр көрсетті. Тас-түйін боп бекініп алғандай. Амалсыздан қолайлы бір кезді күтіп, сабыр етуіме тура келді.

Түпкі бөлмеде оңаша кітап оқып отырғам. Күн сәскеден ауып қалған. Бір кезде терезе алдынан жас жігіт пен аласа бойлы сары қыз өтті де, аздан кейін сыртқы есік қағылды. Әлима көрші бөлмеде ыңылдай әндетіп жүріп ести қоймаған соң, шығып есік аш­тым. Мені күтпеген болу керек, қыз да, жігіт те қысылып қалды. Екеуі қосарлана амандасты да Әлиманы сұрады. Үйде екенін айтып, ішке шақырғанымша болған жоқ, біздің дабырымызға қарындасым да шықты. Алдымен маған қарап қызарып кетті де, артынша есік алдында ыңғайсызданып тұрған жас жігітке бұрылды. Спортшылардың шолақ тонын киген бойшаңдау, қара торы жас жігіт кінәлі жандай төмен қарап үнсіз тұр.

– Нұрлан сенен кітап сұрай келді, – деп жігіт үшін жауапты ала­са бойлы сары қыз берді. Кішірек көздері Әлимаға жаудырай қиыла қарап имене, батылсыз жыпылықтайды. Жүзінде жұмбақты бір сыр бар сияқты. Ал мен сенімен бірге сабақ оқығалы келдім.

Өз-өзінен дір-дір еткен қарындасым тістене тұрып, әзер үн қатты.

– Қандай кітап керек? – деді сыбырлағандай ақырын сөйлеп. Енді сәл болса, жылап жіберетіндей көрінді. Нұрлан не дерін білмей сипалақтап, қолайсыз жағдайда қалды. Қарындасымның осы сәттегі маған бір түрлі жат, оғаш мінез көрсеткенін ұнатқан жоқпын.

– Мұның қалай, Әлима, алдымен жолдастарыңды үйге кіргізіп, сонан соң жөн сұрамайсың ба? Кәне, Нұрлан, үйге кір, – деп осы жерде өзім өктемдік еттім. Нұрлан бөлмеге кірген соң да қипақтап, бірден отыра қоймады.

– Өте асығыспын. Қазір кетпек едім, – дей берді.

Бұл сөзінің әлде маған, әлде Әлимаға арналғанына түсіне ал­мадым. Сонда да, өзара қысылмай еркін сөйлессін, деген оймен түпкі бөлмеге кіріп кеттім. Неге екені белгісіз көңілім тыныштық тауып отыра алатын емеспін. Есік пен төрдің арасында әрлі-берлі жүрдім де қойдым. Күнбатыс жақтағы жалғыз терезеден әлсін-әлсін сыртқа қараймын. Бұл терезеден ауылдың батыс жақ бір бөлегі және станцияға қарай баратын тас жол анық көрініп тұрушы еді. Осыдан екі жыл бұрын тас жолдың екі жағына мектеп оқушылары отырғызған жас теректер де бұл күндерде бой тартып, көзге ыстық көрінеді. Тас жолға қараған сайын оқуға алғаш аттанған кезім ой­ыма түсетін. Анық есімде, анау төбенің күншығыс жағындағы жол бұрылысында машинаға отырғаным. Басқалармен бірге мені мек­тептес құрбым Сәуле де шығарып салып еді. Сондағы Сәуленің «қош!.. қош!..» деп машина соңынан телміре қарап ұзақ тұрғаны әлі күнге көз алдымда... Ол екеуміз айлар бойы хат алысып тұрдық. Сәуле ауыл туралы, ондағы жаңалықтар жайында көп жазатын. Ал мен болсам «өзің көрген жоқсың, қаланың жаңалықтарын қалай жазамынды» сылтау етіп, жауапты немқұрайды шолақ қайтарушы едім. Жеті айдан кейін менің ең соңғы хатыма жауап келмеді. Мен де қайтып хат жаза қоймадым. Осылайша арамыз үзілген еді. Кейін ауылға келгенде естідім: Сәуле көрші колхозда тұратын біреуге тұрмысқа шыққан екен. Жүрегімде ауыр мұң пайда болды. Мен оны сүйетінімді сонда ғана сездім. Амал не?.. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген ғой. Тек жастық шақтағы достықты еске түсірумен ғана тынғанмын. Сондағы Сәуле мені шығарып салып, қоштасқан тас жол тереземнің алдында ескерткіштей болып қалған.

Қазір сол жолдың үстінде тықыршық атқан қос атты шана әлдекімді күтіп тұр. Үстіндегі буып-түйген жүгіне қарағанда, алыс сапарға жүретін жолаушыныкі тәрізді. Онан арыда мұнарлаған қысқы аспан буланған әйнек сияқты бұлыңғыр тартады.

Біраздан кейін терезенің алдынан әуелі бұлталаңдай асығып аласа бойлы сары қыз, артынша іле-шала киінген қарындасым мен Нұрлан өтті. Сағатына қарап қойған Нұрлан әлденені айтып, асықтырып барады. Әлима бағанағыдай емес, оның айтқандарын үнсіз тыңдауда. Бұлар сол жүріспен ешқайда бұрылмастан, әлгі жол үстінде тұрған жалғыз шанаға жетті. Ол жерде екеуі біраз тұрды. Әлима тұқиған қалыпта Нұрланның омырауын шұқылап тұр. Нұрлан болса сәл еңкейе бере басын тез көтеріп алады. Ат басын сіресе тар­тып отырған адам ақырындап жүре де бастады. Нұрлан біресе жүріп бара жатқан шанаға, біресе Әлимаға қарап жалтақтайды. Кенет ол маған қызғанышты да ерекше бір сезім тастап Әлимаға оқыс еңкейді де, шана соңынан жүгірді. Қос ат шананы алға сусытып ала жөнелді. Апамның әнеугүнгі айтқаны рас болды. «Қап, маған неге кірмей кетті, әлде ұялды ма екен?» деп ойладым. Қарындасым сол орнында қыбыр етпестен шана соңынан қолын бұлғап қала берді. Мүмкін, көзіне жас та келген болар. Маған «қош!.. қош!..» деген сыбырлы үні естілгендей сезілді. Қарап тұра беруге дәтім жетер емес. Күрсініп барып диванға жата кеттім. Шым-шытырық ойлар маза бермейді. Барлығы да қарындасым туралы. Бөлмеге кірген апам, неге екенін білмеймін, мені ұйықтап жатыр деді ме, болмаса тыныштықты бұзғысы келмеді ме, әйтеуір есік алдында біраз үнсіз тұрды. Жүзіне бұрын мен байқамаған әжімдер пайда болған. Жайлап жүріп келіп стол үстіндегі кітапты ақтарды.

– Нұрлан оқуға кетті, – деді әлден уақытта қапаланған көңілмен.

– Оқығаны дұрыс қой...

Бұл жолы да апам менің жауабымды ұнатпады. Көп уақыт үнсіз отырды. Бір кезде терезе алдынан жүгіре басып қарындасым өтті де, екі иінімен алқына дем алып үстімізге кірді. Тіптен біз күткендей емес. Балғын жүзінде қуаныш ойнап тұр. Келген бойда апамды қапсыра құшақтап, бір айналдыра билеп шықты... Апам ыңғайланып, әлденені айтпақ болып еді, бірақ Әлима ырық бермеді.

– Апа, апатай, керегі жоқ, ештеңе айтпаңызшы. Сіз қалай десеңіз де бәрібір, мен оған сенемін, сенемін... – деді апамның құлағына жалынышты сыбырлап.

Қарындасымның сол баяғы ерке қалпына байсалдылық еніп, сұлулығына басқаша бір жарастық беріп тұр. Тек көзінде ғана жан білмес терең сыр бар тәрізді. «Алғашқы махаббатың сәтті болсын, қарындасым» – деймін іштей мен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар