Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әңгіме
Менің шешелерім...

05.07.2023 985

Менің шешелерім 14+

Менің шешелерім - adebiportal.kz

Қанат ТІЛЕУХАН

– Бүгін ауылға жүреміз, – деді шешем таң­ғы шай үстінде. – Түнде түсімде әжеңді көр­дім. Ақ боз атқа мініп алып, биік таудың үс­тінде жүр екен, жарықтық. Құран дәметіп жүр-ау. Мерекеге орай үш-төрт күн демал­мау­шы ма ең? Түске қарай жолға шы­ға­йық.

– Машинам бұзылып тұр ғой, кейінірек бар­сақ қалай? 

– Сенің мәшінең не сынып бітпеді, не жа­­­салып бітпеді. Кейін-кейін дейтін әңгімең де таусылмайды. Шамам барда барайын. Ке­йін төсек тартып қалсам, өз жаныммен әу­ре болармын. Сендердің арттарыңнан еріп, қалаға келдік. Ауылдағылар ол кем­пір­дің басына барып құран оқиды дей­мі­сің?

– Жаяу-жалпы жолға шыққанымыз сізге ауыр соқпай ма деп отырмын. Мен ғой жүре берем. Беліңіз ауырады, аяғым сырқырайды деп жиі айтасыз ғой, – деймін көңілін аулай сөй­леп. «Ештеңе етпейді. Адам қартайған соң ауырмайтын жері бола ма? Көлік де­генің қазір ағылып жатыр. Құдайына қа­ра­ған бір мұсылман алып кетер, не бопты? Ауыл­ға жеткесін ондағы ағайынның ат-кө­лігі бар. Біреуі болмаса, біреуі ұялғанынан әкеп тастар» деген сөз ләмінен алған бе­ті­нен қайтпайтынын аңғардым. Одан әрі ше­­шеммен сөз таластырмадым да. Осылайша ойламаған жерден шұғыл жиналып, жол­ға шықтық. Алматы–Өскемен трасса­сын­да көп тұрмадық. Есік пен төрдей үлкен қара джип алып кетті. Шешем аяғымды жа­зып отырайын деп алдыңғы орынға жай­ғас­ты. Мен өзім жалғыз артқы салонға отырдым. Көлік иесі – жасы елулердегі жігіт аға­сы. Ұқыпты киінген. Қою қара мұрты мен кө­зіне таққан қара көзілдірігі сән­қой­лы­ғы­нан хабар беріп тұр. Бір қарағанда сырбаз көрінгенімен, кісіге дүрбімен қарағандай аяғыңнан бастап басыңа дейін шолып шы­ға­ды екен. Сөзге сараңдау ма деп топшы­ла­ған шопырымыздың іші пысты ма, Қапша­ғай­дан асқанда шешемді әңгімеге тартты:

– Апа, немереңізді ертіп қайда барасыз? – деді радиосының даусын бәсең­де­тіп. 

– Ауылға бара жатырмын, айналайын. Енем­нің басына құран оқытайын деп. Қа­зіргінің келіндері енелерін өлсе деп қарғап оты­рады. Біз, міне, сүйегі баяғыда қурап қал­ған енемізді ұмытпаймыз. Кәрі сүй­егі­мізді сүйретіп барып тұрамыз. Ал мынау не­мерем емес. Қартайған шағымда қы­рық­тан асып, елуге келіп қалған кезімде тауып ал­ған сүт кенжем ғой. Біздің кезде баланы та­ба беретінбіз. Бүгін ше? Бүгінгілер бір-екі ба­ладан артық таппайды, – деп қазіргінің ке­ліндерін тағы да тілдеп алды. Шешемнің жа­уабы ұнады ма, рөлдегі жігіт ағасы: «Оныңыз рас, оныңыз рас», – деп қарқ-қарқ кү­ліп алды да:

– Жасыңыз нешеде? – деп тағы бір сауал тастады. 

– Сексеннің екеуіндемін.

– Сексен екі деп ешкім айта қоймас. Тың екенсіз. Өңіңіз де жақсы екен. 

– Е-е-е, өзіңді-өзің күтсең, балалардың қы­­зы­ғын көріп ортасында жүресің. Біз сә­бет ке­зінің адамдарымыз. Ол заманда қа­тыны бар, еркегі бар, бәрі ішті емес пе? Ме­нің аталарым діндар адамдар еді. Атеист бо­лып өс­сек те сайтан суға жоламадық. Он құрсақ кө­тердім. Жұмыс жасамай, баламен отырдым. Ене көрмедім. Енем өзіме келін болды. Жа­рықтық жақсы адам еді. Әмбе шалым да жақ­сы тапты. Өмірбақи сап­қоз­дың бас бетбра­шы болды. Күтімім жаман болған жоқ, – деп барып тоқтады. 

– Е-е-е, совет үкіметін құртқан сіздер екен­сіздер ғой. Партияның малын жеп та-уысып, – деп шешемнің сұхбаттасушысы та­­ғы да қарқылдай күліп, әзілдегендей бол­ды.

– Сен де айтасың-ау, қарағым, ол сәбет үкі­­­метің адамға адам етін жегізіп еді ғой. Сосын қойын жегізді. Сөздің шыны керек, оның өзін ұрлап-жырлап жедік, – деп шешем бұл жолы жақтырыңқырамай жауап қат­ты. Анамның ашушаң мінезін жақсы бі­ле­тін мен әңгіменің ауаны мүлдем басқа жақ­қа бұрылса деп іштей тілей бастадым.Екеу­дің әңгімесі аздаған пікірталастан кейін барып жарасып кетті. Көлік жүргізуші сөйлесе келе шешемнің бауыры болып шықты. Ол да малқар руынан екен. Шешем Лепсі мен Балқаш көлінің арасын жайлаған Көтен тәуіп жайлы білгенін баяндады. Менің аяқ асты табылған малқар нағашым бас­тап­қыдай сөз таластыруын қойған, қар­қыл­дауын тыйып, сөз тыңдауға көшкен. Ше­шем­нің әңгімесі Жалаңаш әулиемен аяқ­­талған жоқ. Бақалы жұртын билеген Мұ­сабек бидің ұрпағы екенін айтып, сол ата­сының құтты келіні болған, Басқан бойын­дағы ел «Ақ апа» атап кеткен өз әжесі жай­лы тағы бір ұзақ әңгіменің шетін шы­ғар­ды. Әдетте жасы ұлғайған қарт адам өткен-кеткен өмірін жиі есіне алып отырады. Сондықтан шешейдің сан тыңдаған әңгімесі маған қызықсыз. Мен өз әжем жайлы ойға шомдым…
 

***


– Аузың бір құрғамай қойды ғой, алқаш! Лай суды ішіп, көзің лайланады да тұрады, лай­ланады да тұрады. Атауыңды ішкір-ай! Үй­дегінің бәрін тасып біттің ғой. 

Осылайша шырт ұйқыда жатқан бізді әкем­ді алқаштың астына алған шешемнің айқайы оятып жіберді. Не болғанын түсінбей қал­ған алты жасар әпкемнің қызы Фарида кө­зін тырнап ашып, апасының қасына кел­ді. Мен өз бөлмемнен шықпай, есіктің ау­зын­да тұрмын. Әкемнің сөйлеуге мұршасы әрең келді. 

– Әй, қатын, жолдан былай тұр. Әлде құя­тын бірдеңең бар ма? – дейді. Шешем шап­тыға түсті: 

– Анау орыс қатындарыңа бар! Солар құя­тын шығар. Ел ішерге ас, киерге киім тап­пай жүрсе, сенікі не бітпейтін жетім қыз­дың тойы?

Шыдамы таусылса керек, өз бөлмесінен әжем шығып, әкем мен шешемді сабырға ша­қырды:

– Балалардың мазасын алмаңдар, жа­тыңдар. Әй, Нұржамал, күйеуіңнің ішіп кел­ге­нін бірінші рет көріп тұрған жоқсың. Бол­­ды, ашуыңды қой. 

– Қойыңызшы, апа! 

Әжем шешемнің сөзін естімегендей бо­лып: «Тауқан, сен де жата ғой», – деп әкем­нің аяқ киімін шеше бастады. 

Теңселіп әрең тұрған әкем шешеме бір қа­райды, әжеме бір қарайды. Анам жата қой­мады.

– Неге «жатыңдар, жатыңдар» дей бе­ре­сіз. Тауқанға «Арақты қой дегеннің орнына, балалардың мазасын алмаңдар» дейсіз. Мен алып жатқандай. Көрсін әкелерінің ал­қаш екенін. Қайта жиіркеніп өсіп, кейін ауыздарына алмайтын болады. 

Әжем сабырлы кейіпте: 

– Жамалжан, қоя ғой, қоя ғой, – деумен бол­ды.

– Қой, қой деп аузымды жаба бермеші, әй кемпір. Сенің асыраған балаң. Бір ба­лаңа жөнді тәрбие бере алмағансың, қақ­пас! – деп айғай салды. Аяғынан әрең тұр­­­ған әкем есін лезде жинап:

– Әй қатын, не оттап тұрсың? Менің ше­шеммен қалай-қалай сөйлесесің?– деп зіл­денді.

– Қайдағы шешең? Шешең баяғыда өліп қал­ған. Бұл – Ізтілеудің ойнасы. «Ойнас оттан ыстық, одан қалса, боқтан сасық» деген осы. Ойнас емей кім бұл кемпір? Тоқалым десе, қартайған шағында әкең қасына алар еді ғой. Енді бұл кемпірді алжығанда мен қа­рауым керек. Қазірдің өзінде қойған затын таппай жарты күн жүреді. Ертең төсек тар­тып қалса, шешем деп қарағаныңды кө­рем? – деп тіптен шатынай түсті. Бұл жо­лы әжем «ләм» деп ауыз да ашқан жоқ. Өз бөлмесіне кіріп кетті. Әлгінде ғана үйге тең­се­ліп әрең келген әкем маған сауығып кет­кендей көрінді. Шарасыз күйге түскен. Елеңдеп әжемнің бөлмесіне қарағыштай береді. Ал шешеме жанарынан ызғар төге, тістерін шықырлата булығып барып:

– Әй, Нұржамал, ақылсызсың ғой, ақыл­сыз! – деп тысқа бет алды. 

– Ал сен, ақылгөйсің. Келген жағыңа кет! Күршекті салып алам, ашпаймын есікті, – деп шешем қалды. Оған кенеттен орнай қал­ған тыныштық ұнамаса керек, етегіне жар­масып тұрған Фаридаға: 

– Жүр-ей, қыз, жатамыз, бір ұйқысы жоқ бала екенсің, – деп зеки түсті. Фарида жа­зықты жандай жүзін жасыра: 

– Сигім келіп тұр, – деді аузын жыбырла­тып. 

– Үй, шыжың кегір,– деп жиенін сыртқа же­телей, – көзі сықсиып, аумаған анау Зия­даш қатын. Жақсы болса, тартпас еді ғой, – деп ұрсып барады. Зиядаш деген ең үл­кен әпкеміздің енесі, құдағиымыз еді.

Осы сәтті пайдаланып мен әжемнің бөл­месіне кіріп кеттім. Еңбектеп барып, қарт ше­шем жатқан төсектің астына кіріп жай­ға­сып та алдым. Түзге шыққандар көп ай­нал­­май үйге қайта кірді де, асханада сәл аял­дап, орындарына барып жатып қалды. Үй­де қайтадан өлі тыныштық орнады. Ал ме­нің ұйқым келер емес. Төсектің астында екі тіземді құшақтап, әр нәрсені бір ойлап отырмын. Әжем шынында да төсек тартып жатып қала ма? «Шіркін, адам баласын қар­тайтпайтын дәрі болса ғой!» деп қиял­дап та қоям. Әжеме біртүрлі жаным да ашып кет­ті. «Адамның берекесін алатын арақты кім ойлап тапты екен?» деп өзіме-өзім сұ­рақ та қойып қоям. Осылай отырып көзім ілі­ніп кетіпті. Әжемнің: «Қараш, орныңа ба­рып жата ғой», – деген сөзінен оянып кет­тім. «Мен жоқпын» дегендей жауап қат­па­дым. Өз төсегіме барып жатқым келмеді. 

– Қараш, аяғыңнан сыз өтеді енді, құ­лы­ным, бар, жата ғой. Ертең ерте тұрып, са­бағыңа баруың керек, – дейді тағы да бия­зы үнімен. Мен демімді ішіме тартып, та­ғы да тіл қатқаным жоқ. Сәл үнсіздіктен соң барып әжем: 

– Қанаш, келе ғой қасыма, ауырып қа­ла­сың, – деп айтып болғанша әжемнің қой­нына қалай кіріп кеткенімді өзім де біл­мей қалдым. Жастығының астынан бір уыс кәмпитті қолыма ұстатты да, бауырына ба­сып, қос бетімнен үздіксіз сүйе бастады. Мен әуелде әжем жылап жатқан шығар деп ойлағам. Жыламапты. Тек, ол кісі де мен сияқ­ты ояу болған екен. Мен дүниенің бәрін ұмы­тып, әжем берген тәттіні аузыма бірі­нен соң бірін тығып жатырмын, тығып жатырмын. Қос қолым толы неше түрлі кәмпит. Әжемнің ыстық қойны. Неткен рахат! Әжем: 

– Асықпай же, Қанаш, асықпай же, – деп жұмсақ алақанымен басымнан сипап, – Құрсағыма бітпесең де құшағыма біткен баламсың, – деп қайталай берді, қайталай берді. Ол кезде мен бұл сөздің мағынасын еш түсінгенім жоқ... 
 

***



– «Ойбай-ай, ауырып кетті! Басымнан ұр­машы, Нұржамал, басымнан ұрмашы», – деп шыж-быж болып жатыр екен әжем қақ­паны ашып, аулаға кіргенімде. Соңғы кезде қарт әжем жатын орнын былғап қоя­тынды шығарған. Ол кісіні жас баладай тыш­қақ кегірдің астына алып шешемнің жуын­дыруы – үйреншікті көрініске ай­нал­ған-ды. Алдымнан жүгіріп шыққан Майлыаяқ болмаса екі шешем де маған назар аударған жоқ. Анам айғайлай-айғайлай шаршаған болу керек: 

– Апатай-ау, неге қызармаған қыза­нақ­ты жей бересіз? Ішіңіз өте береді ғой. Сізді жас баладай қашанғы жуындыра берем, – деп жалынуға көшкен. 

– Құрып қалғыр, не дейді? Өздерінің іш­тері өтеді де менен көреді. Өзі шытымды қай­да жібердің? – деп басындағы орамалын іздеп, оны таппағасын келінінің ба­сын­да­ғысын жұлып алып, аппақ қудай басын жасырып, қарт шешем таяғына сүйеніп, үйге қарай асықты.

Шылапшындағы суды төгіп жатып, анам ме­нің келгенімді аңғарды. 

– Қалай, Қараш, емтиханыңды тапсыра ал­дың ба? Тапсыра алдым дегендей басымды изедім. 

– Әй, математикадан дым білмейсің ғой. Әйтеуір, үш қойып берген шығар, – дей­ді. Бұл жолы да үндемедім. Тек үйге тез кіріп кетуді ойладым.

– Осы үйдің адамдары шетінен тілдерін жұтып қойған! – деп айғай салды. Осы кез­де:

– Жамал-ау, беретін шайыңды берсеңші. Қай­да кетіп қалдың? – деген көрші Салиқа апа­ның дауысы естілді. 

– Әй, Қараш, қайта-қайта бас-баста­рыңа шай қайнатып отыратын уақытым жоқ. Киіміңді ауыстырып, тез шық. Салиқа апаң­мен отырып бірге шай ішіп ал! – деді де шешем дәу алма ағаш түбіне жайған дас­тарханына қарай жүріп кетті. Көп ке­шікпей мен де дастархан басына келдім. Дөң­гелек қазақы жер үстелдің үстінде буы бұр­қырап самаурын қайнап тұр. Үлкендердің де әңгімесі қыза бастаған. 

– Енең қаншаға келді? – дейді көрші апа. 

– Тоқсаннан асты. 

– Е-е, жомарт құдай ғұмыр жасын ұзақ қыл­ған екен. Біз ол жасқа келеміз бе, кел­мей­міз бе? 

– Бала-шағаның мазасын алғанның не­сі жақсы. Есің барда Құдайыңа уақытылы кет­кен дұрыс. Қазір мен отырмын ғой асты-үстін тазалап. 

Салиқа кемпір әңгіме ауанын басқа жақ­қа бұрғысы келді білем, шешемнің тары­сын мақтады. Сөз арасында: «Қазан жап­пайыңды күйдірмей, қалай дәмді етіп пісір­ген­сің?» – деп қояды. Шешем бұндай мақ­­­­тауларды елегісі жоқ.

– Бұл кемпір – Тауқанның өгей шешесі. Ту­ған енем Қайша деген ақ құба, екі көзі баданадай әдемі кемпір еді. Баласаз жұрты Аққайша атап кеткен. Бар жоғы 54 жасында өмірден озды, – деп әңгімесін бастады. Шайын баппен сораптап ішіп отырған көрші апа «солай ма?» дегендей, кесесін үстел үс­тіне қойып, ұзақ әрі қызықты әңгіменің бас­­талғанын түсінді. Қос бөстекке шын­тақ­тай түсіп, кесесін шешеме ұсынды. 

– Бұл Ұлтуар кемпір, мына Сарқант өңі­рі­не аты шыққан Оңлабай деген байдың қы­зы болған екен. Ақ пен қызылдың со­ғы­сында әке-шешесін патша әскері шауып өлтіріпті. Ат жалын тартып мінген бес ағасы бол­са коммунистердің оғына ұшқан. Өздері он төрт ағайынды болған көрінеді. Ал қал­ған бауырлары аштық жылдары дүниеден озған. 

– Е-е-е, ел мен ел айырылған ол бір зұл­мат жылдар еді ғой, – деп Салиқа кемпір ауыр күрсініп алды. 

– Қысқасы, көрмеген қиындығы жоқ. Қар­шадайынан еңбекке араласқан. Өмір­ба­қи сауыншы болған ғой. «Қысты күні жа­лаң аяқ, жалаң бас сиыр сауатынбыз. Сиыр­д­ың жас жапасына аяғымызды жы­л­ататынбыз, – деп сөзі түзу кезінде айтып отыратын. Со­дан қойшы, бойжетіп, жасы он сегізге тол­ғанда Шәкірт деген өзі әнші, өзі сері жі­гітке тұрмысқа шыққан екен. Жастайынан аяғынан өткен сыз ба, әйтеуір, бұл кісі бала көтермеген. 1941-де соғыс басталғанда күйеуі бұл кемпірді жан досы менің атама та­быстапты: «Ізтілеу, майданнан аман-есен ке­леміз бе, келмейміз бе? Ол бір құдайға ға­на аян. Егер алда-жалда артымнан суық ха­бар жетсе, Ұлтуарды жалғыз қалдырма. Ол да мендей қу жалғыз. Өзіңе аманат», – де­ген екен. 

– Е-е-е, сонда Шәкірт те атадан жалғыз қал­ған екен ғой, – деп Салиқа сөзге ара­лас­ты.

– Ал менің атам соғысқа бармады. Пар­тия «труд армия» деп мұңғыл жеріне мал бақ­тыруға жіберіпті. Содан атам 1943 жы­лы елге оралса, досының әйелі қара қағаз алып, қара жамылып отыр екен. Досына берген уәдесі бар, ақыры, екінші әйел етіп ал­ған. Құрсағына бала бітпегесін менің күйеуім­ді берген екен. 

– Солай ма? – деп таңдана түсті шешем­нің тыңдаушысы, – Ол кездің еркектері мық­ты еді ғой, әйелдері де кең болатын, – деп Салиқа апа өткенге деген сағынышпен бұрыңғының кісілеріне тамсана түсті.

– Қайдағы кең? – деді шешем жұлып ал­ғандай. Ит пен мысықтай болатын екі кем­пір. Енем марқұм өле-өлгенше атама «ой, кәрі төбет» деп тіс қайрап өтті.

– Дегенмен, Ұлтуар шешей – қасиетті адам. Жамал-ау, қанша жыл құдайы көрші бо­лып келеміз. Сенің балаларыңды өз баласындай бақты ғой. Көзіміз көріп келді. 

– Қарамай енді қайтсін? Ішкі есебі бар емес пе? Тауқан жас кезінде қызғаншақ бо­латын. Үнемі мал аралайды. Ішуден қолы бо­самады ғой. Сонда осы кемпір: «Бала та­ба бер, таба бер. Сонда арағын қояды», – де­ген болатын. Мен болсам таба беріппін. Он баланы бірінен соң бірін тауып тастадық. Қойған арағы қайсы? Әлі ішеді. Сөйтсем, «Жа­мал бала таба берсе, екеуі ажыраспайды, мен далада қалмаймын» деген ішкі есе­бі екен ғой. Көрмейсің бе «палитика-ны»? – деп шешем қабағын шытты. 

– Әй, осы Жамал-ау, сен де қосып қоя­сың. «Сәбет» кезінде кім ішпеді? Бәрі ішті. Қайта сенің мінезіңе шыдаған менің қайным алтын. Айтқаныңнан шықпайтын жұп-жуас байға риза болсаңшы, – деп Салиқа апа күл­гендей болды.

– Қатқаныңның қу басы жуас! Сыртқа мо­мақан көрінгенімен үйде бәріміздің аяғы­мызды бір етікке тығады, – дей берген­де мен шайыма қақалып қалдым. Бағанадан бері екеуара сөйлесіп отырған анам мен көр­ші апа мынау қайдан келді дегендей ма­ған жалт қарады. 

– Ой, сен, шайыңды әлі сораптап отыр­сың ба? 

– Үлкендердің сөзін бағып отырған тү­рің­нен болайын, – деді Салиқа көрші ше­шем­нің алдын орап. 

– Бар, келесі емтиханыңа дайындал. Әйт­песе, тоғызыншы сыныпты қайта оқи­сың, – деп шешем қорқытқандай болды. Мен орнымнан жылдам тұрып кеткеніммен кі­тап бетін ашуға асықпадым. Бақшаға су сал­мақ болып, кетпен, күрегімді сайлап, то­ғанның басына қарай жүріп кеттім. 

Мен айналып келсем, шешем мен Са­лиқа апа орындарында жоқ екен. Анамның көрші үйіне ілесіп кеткенін түсіндім. Қазан ошақтың алдында әжем отыр. 

– Қанаш, балам, сенбісің? – дейді менің кел­генімді байқап, – мына «пәмідөрлерің» биыл қатты болып өскен бе? Жейін десем, жей алмай қиналдым. Бәкімнің де қайда қал­ғанын білмеймін. Қолыммен езіп жеп отыр­мын, – дейді. «Әже, ол піспеген ғой» деп айту­ға оқталып барып, үндегем жоқ. 

– Пештің жанында неге отырсыз? Жү­ріңіз үйге. Қазір жұмсақ қызанақтарды өзім әкеп беретінімді айтып, жатын бөлмесіне кіргіздім. 

– Қанаш, аялдашы. Кетпей қасыма отыр. Түнде тағы да түс көрдім. Ағаң Алдаш пен әпкелерің Нұрзада мен Айзада әппақ бір-бір атқа мініп алып, биік тауда жүр екен. Ал­даштайдың ақылы бар ғой. Қиқарлығын қойып, жеңгеңмен қайта қосылады. Екі қыз­дың да жолы әлі-ақ ашылады. Түсім жаман емес қой, айтшы, иә, – деп жастығына жан­тая түсті. Мен әдеттегідей:

– Иә, әже, иә, – деумен болдым. Мен ес біл­гелі әжем ылғи да осындай түс көреді. Бі­ре­се, ақ атқа мініп биік тауда мен жүрем. Кей­де әкем мен шешем. Ақ пыраққа үй­де­гілердің барлығын түсінде кезек-кезек мін­­­гізіп шығатын. 

 

***



Жарықтық әжем мен мектепті бітіретін жылы дүниеден озды. Бала күнімде мені алдына алып отырып, ғұмырбаянынан сыр шертіп, 13 жасында қарақұрт шаққанын айту­шы еді. Сол кезде ем-дом жасаған татар молда: «Осыдан тірі қалсаң, жүз жасай­сың» деген екен. Кейуана тоқсан бес жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды. Жүз жас дегені болды. Марқұм қайтыс бо­лардың алдында бар-жоғы екі-ақ күн қи­налды. Үшінші күні таңсәріде бізбен қош­тас­ты. Әжемнің екі күн, екі түн қасында бол­ған көрші ақсақал Баймолда барлы­ғы­мыз­ды төсекте таңылып жатқан қарт ана­ның жанына шақырды. Тілі байланған. Алай­да, көзінде әлі де нұр бар. Баймолда ата әкеме жақында дегендей белгі берді. Әкем еңкиіп маңдайын тосып, ұзақ иіскетті. Кезек шешеме келді. 

– Апа, кешіріңіз. Менің тілім жаман ғой, ті­лім, – деді жанары жасқа толып, дауысы дір-дір етіп. Сүйегі мен терісі қалған сау­сақ­тарын әрең қимылдатып, әжем шешемнің басынан сипады, маңдайынан сүйді. «Жылама» дегендей көзінің жасын сүрткендей болды. Ақырғы күшін жиып, басын сәл кө­тер­гендей болып, әлдебіреуді іздегендей кө­зімен маңайын шолып шықты. – Мақсұт пен Нұрзада, Айзада келіп қалатын уақыт та болды, – деді шешем ең үлкен ағам мен әпкелеріме хабар бергенін баяндап. 

Әжем ол үшеуін бауырына басып өсірген еді және он немересінің ішінде соларды жа­нындай жақсы көретін. Сол сәтте үлкен үш немересін көргісі келсе керек. Сосын ба­рып, ең соңында маған қарады. Қасына бар­мақ болып ем, демін ішіне тартып, ауыр күр­сіне бастады. Ары қарай не болғанын тү­сінбей де қалдым. Баймолда қарт бізді тез­детіп тысқа шығарып жіберді. Сәлден соң шешем дауыс шығарды. Мен шешемнің бұрын-соңды бүйтіп бордай езілгенін көр­ме­ген едім. Мінезі қатал, адуынды анамның жер бауырлап жылағанына таңқалдым. Жа­сына ие бола алмай, жас баладай дәр­менсіз күйге еніп, өксігенде өзегіңді өртеп жі­беретіндей. «Берекеміз едің, ырыс-құты­мыз едің! Кешір, апа, мені кешір. Тілім ашты ғой, тілім» деген дауысы далаға естіліп жатты. Ары қарай: 

Төрге де сандық қояйын, 

Төр жапсарын ояйын,

Төредей болған апам-ау,

Орныңа кімді қояйын.

Есіктің алды күрке ме?

Күркеден атым үрке ме?

Кешегі жүрген апамды,

Топырақ бетін бүрке ме? – 

деп жоқтауын бастап кетті. Жылай-жылай аяқ-қолы тар­ты­лып, ыстығы көтеріліп, ауырып қалды. Ең­сесі түсіп, әжемнің қырқы өткенше дел-сал күйде жүрген еді. Ал әкем­нің көзінен жас та шыққан жоқ. Сол томаға-тұйық қал­пында ауыр қазаны қабыл алды.

Үйге көрші-көлең ағылып, кісі қарасы көбейе бастады. Әкем бастаған үш-төрт еркек малдың қамына кірісті. Енді біреулері қазан-ошақ орната бастады. Әйелдер жағы өз шаруаларын бастап кетті. Көрші ау­дан­дағы ағайын-туыстың басы да кеп жатты. Жұрттың ең соңы болып, Мақсұт ағам мен Нұр­зада, Айзада әпкелерім де жетті…

Көршінің жуас жирен құнанын желдіртіп, қабіршілерге түскі астарын апара жатырмын. Желтоқсанның жез тырнақ желі бетті тыр­най соғады. Көктегі аз бұлт күннің бетін кө­легейлемегенімен дала ызғарлы. Баймол­да ақсақалдың айтуынша, әжем «Сүйегімді Шәкірттің қыстауына апарып қойыңдар» де­ген екен. Бұны естігенде Салиқа бастаған ауыл кемпірлері «бақсының моласындай жападан жалғыз ел аяғы барудан қалған қыстауда жата ма» деп уәж айтқандай болып еді. Алайда, әкем шешесінің соңғы ті­легіне қарсы шыға алмады. Бұрынғы Қы­зыл­бел совхозына қарасты біз тұратын сиыр фермасынан бір-екі шақырым қа­шық­тықтағы Шәкірт қыстауына қоятын болып шеш­ті. Үйдегілер «тамақ суып қалады, тезі­рек бар» дегесін аттың терін аямадым. Дәу сайдың аузындағы ескі қыстаққа жеткенде жеті қабірші терлеп-тепшіп, қазған то­пырақты сыртқа шығарып жатыр екен. Мені көр­ген олар тамақтануға қамданып, күрек­терін тастап, теріміз қатпасын деді ме, тон­дарын жамыла бастады. 

– Ассалаумағалейкум! 

– Уағалейкум!

– Қалайсың, Қараш?

– Бар бол, бала! 

Жұрттан бұрын жаныма келген сыпсың Сатай қоржынға қол созып: 

– Қандай тамақ? – деді маған ыржия қа­­рап. 

– Ет. 

– Жылқының еті ме?

– Жоқ, қойдың еті. 

– Шіркін, жылқының еті болғанда. Жа­рық­тық жылқы малының еті аязда да қат­пайды ғой. Келіңдер-ей, жігіттер, ас қатпай тұрғанда жеп алайық, –дейді Сатай. 

– Әй, су жорғам-ай, жұмысқа келгенде осы­лай алдыңа жан салмасаң жарар еді, – деп Берік бастаған ауыл жігіттері түстену­ге отыра бастады. Мен де аттан түсіп қабір­шілердің қасына жайғастым. Майлы сүбені аузына бірақ тыққан Сатай мені тағы да сұ­рақтың астына алды. 

– Әй, Қараш, әкең не сойды? Жылқы сой­ған шығар.

– Жоқ. Сиыр сойды. 

– Кеше білдей бір ферманың басшысы еді. Сиыр сойғаны несі? – деді кекете.

– Алда әлі әжемнің қырқы, жылдығы да бар емес пе? – дедім Сатайға

жақтырмай қа­рап. Қабіршілердің үлкені Болатбек аға: 

– Әй, сыпсың, аузың бір өзі жабылмайды екен. Тамағыңды тездетіп іш. Қыстың күні күн ұясына тез батады. Тездетіп бітіру ке­рек. Елдің не сойғанында шаруаң не? Өле­тін адам өлді. Оған арнап піл сойсаң да түк пайда жоқ. Марқұмға енді тек құран ға­на тиеді, – деп кейіді. Сатайдың қайтатын түрі жоқ. 

– Оныңыз рас, Бөке. Өлген адамға тіпті та­уық сойсаң да бәрібір. Сойылған мал, жайылған дастархан жаны кеудесінде тұрған тек тірілерге керек. Жылқы сойдым де­ген атақ үшін керек қой, атақ үшін, – деп сұқ саусағын шошайтты.

– Өткенде Қызылбелдегі Нұрланның әке­сі қайтыс болды. Есік пен төрдей ту бие жықты. Табан қазы шықты, табан қазы. Қа­тын­дар жағы шек таппай, әуре-сарсаңға тү­сіпті, – дей келе екі көзін ойнақшыта ма­ған тағы да:

– Сенің әкең неге жылқы соймады, ей? – деді ыржиған болып. Аузымнан қалай шығып кеткенін білмеймін: 

– Ол жағын әкемнің өзінен сұрарсың, сып­сыңгүл Сатай, – деп орныман тұрып, жыл­дам басып атқа қондым. Бұндай жауап күт­песе керек:

– Мынау не дейді ей? Құрдас тапқан екен. Қалай-қалай сөйлейді? – деп қы­за­рақ­тап қалды. Отырғандар Сатайға қарап «ес­тиін дегенің осы ма?» дегендей күліп жа­тыр. Мен аттың басын ауылға бұрып, қа­біршілерден арқан бойы ұзап кеттім. Көп ұза­май:

– Қараш, Қараш!– деген артымнан Са­тай­дың қарлыққан дауысы шықты. Жирен құ­нанның басын тарттым. Бірақ артыма қа­рағаным жоқ. Екі өкпесін қолына алып, жү­гіріп келген сыпсың Сатай ентігін әрең ба­сып: 

– Әкеңнің беріп жібергенін тастап кет, тас­тап, – деумен болды. Сұқ саусағын мой­ны­на тақап. Сол кезде барып қолтығымда бір бөтелке арақ бары есіме түсті. Ақ бө­тел­кені сыртқа жарқыратып алып шық­қа­ным­мен етігімнің қонышына дереу қыстыра сал­дым. Сатайдың екі көзі қайта ойнақши түс­ті. 

– Әй, Қараш, әкел бері! Әкең өзі айтқан сенен беріп жіберемін деп. Бұлсыз болмайды. Өзің көріп тұрсың ғой, күн тіптен суытып бара­ды. Әрбірден соң мені жалғыз ішеді дей­сің бе? Ана жақта Бөкең бастаған үлкендер де күтіп отыр. Немене, менің сөзіме ренжіп қал­дың ба? Әкең маған жезде болып келеді. Сен болсаң жиенсің, – дейді аузы-ау­зына тимей. Бұдан ары жа­лын­дырғым кел­меді. 

– Мә, – деп арақты қалың қарға лақ­ты­ра салдым да, тебініп жүріп кеттім.

– Қолға берсе қайтеді ей, ой әкең? Әже­сін мен өлтіргендей неменеге маған бұлқан-тал­қан болады? – деп міңгірлеген Сатай арт­та қала берді... 


 

***



Әжемді жерлейтін күні үйдің іші-сырты кісіге толды. Жыл он екі ай тоқтаусыз со­ға­тын жел сабырға келгендей. Күннің көзі де шыққан. Көрші-қолаңмен отын, су даярлап жүрген мені Нұрзада әпкем: «Жаурап, ауырып қаласың», – деп үйге кіргізіп алды. Іште Нұр­ланбек молда екеумізден басқасының бә­рі әйелдер жағы. Барлығы әжем жатқан бөл­меге қарағыштай береді. 

– Әуелде сүйекке жеті адам түседі. Кім­нің түсетіні де белгіленген еді. Жамалдың жал­ғыз өзінің жуындырып жатқаны қалай? – деп сөз бастады шешемнің көрші ауданнан келген жеңгесі Нұрзада әпкеме сұраулы жүзбен қарап. 

– Үлкендер жағы сіздер білмесеңіздер, мен қайдан білейін, – деді әпкем. 

– Кеше кешке басқаша уағдаласқан ек, бүгінгісі мынау. Түсінсем бұйырмасын, – деп барып, – бұл өзі шариғатқа қайшы әрі қа­зақы жөнге де келмейді емес пе, молда ба­ла? – деп ауыл имамына қарады Бағира апай. 

– Ақы иесі өзі біледі, – деді Нұрланбек мол­да. 

– Ақы иесі Жамал емес, Тауқан емес пе? 

– Аға енді қарсы болған жоқ қой. Секпіл бет қара сұр кемпірдің аузын баққан көп қатынның ортасында отырғысы келмеді ме, мол­да асығыс тысқа шығып кетті. 

– Жеті адамға жеті жағалы киімді беріп тастады. Бес адамға берсе де болар еді. Жы­ртысты да аямай үлестіріпті. Мына за­ман­да тыраштанудың қажеті қанша? Әлі тұр­мыс құрмаған қыздары бар. Қыздың үл­кені сенсің, Нұрзада, шешеңе осыны ай­та­тын жөнің бар емес пе? – деп Бағира апай енді әпкеме бұрылды. Нұрзада үндеген жоқ. 

– Бағирау, қайынсіңліңнің байқұс кем­пір­ге көрсетпегені жоқ қой. Құдайдан қо­рық­қаны да, – деді көрші Салиқа апа азда­ған үнсіздіктен кейін. Сол кезде әпкемнің шешеме араша түскенін күттім бе, көзімнің астымен Нұрзадаға қарай бердім. Ал ол ба­сын көтермеген күйі отыра берді. Тек, Ба­ғира кемпір: «Е-е, Ұлтуар жарықтық жақсы адам еді ғой», – деп қана қойды. Сосын бұ­дан ары күтіп отыруға шыдамы жетпеді ме, әжем жатқан бөлмеге қарай кіріп кетті. 

Бұрын-соңды біздің ауылда қаза кезінде бұн­дай оқиға болмапты. Ел іші шешемнің әжемнің сүйегіне жалғыз өзінің түскенін ұзақ уақыт айтып жүрді... Сәлден кейін мол­даның «жаназа намаз, жаназа намаз» де­ген даусы мені сыртқа шығарды. Ары қа­рай бәрі рет-ретімен болды. 

– Ұлтуар анамыз қандай адам еді? – де­ді молда. 

– Жақсы адам еді, жақсы адам еді, – деп жамағат бірауыздан жауап қатты. 

– Қарызы бар ма? – деген көпке белгілі ке­зекті сауал қойылды. Сапта тұрған еркектер тағы да:

– Қарызы жоқ, жоқ, – деп айғай салды. Имам құран сүрелерін ұзақ оқыған жоқ. Әкем мен Мақсұт ағам бас болып суық та­быт­ты көтеріп, көлікке қарай беттедік. Әйел­дер жағы дауыс шығара бастады. 

– Әже, бізді тастап қайда кетіп бара-сың? – деп Нұрзада мен Айзада бастаған әп­­ке­лерімнің ащы дауыстары құлағыма жетті. Мен көп ішінен шешемді іздедім. Анам кө­рін­ген жоқ. Шәкірт қыстауында тісін ақ­си­тып Сатай бастаған қабіршілер бізді күтіп ал­ды.



***



– Әй, Қараш, ұйықтап қалған жоқсың ба? Міне ауылға да келдік, – деді шешем ма­ған бұрыла сөйлеп. Жүйрік көлік жолы қай­та жөндеуден өтіп жатқан Күреңбелдің бел ортасына шаңдатып барып тоқтады. Жо­лай табылған нағашым қара көзілдірігін ше­шіп:

– Апа, міне, балаңыз екеуіңізді ауыл­да­рыңызға аман-есен жеткіздім, – деп ыржия маған қарады. Мен әмиянымнан ақша суырып ұсынып ем, ақшаға шешемнің қолы бұ­рын жетіп, екі мың теңгелік екі қағазды умаж­дап-умаждап омырауына салып жі­берді. «Нағашым» маған қарады. Мен оған қарадым. 

– Әй, малқар бауырым, ақшаны қай­те­сің. Атам қазақ мата алма, бата ал деген. Өзің алыс жол жүріп бара жатыр екенсің. Бо­та бір жұттық, бата мың құттық, – деп ба­рып алақанын жайып: 

«Жортқанда жолың болсын,

Жолдасың қыдыр болсын...»,

– деп ұза­ғы­нан сілтеп,«аумин» деп бірақ тоқтады. Бі­р­есе маған, біресе «әпкесіне» қараған шо­пыр да «аумин» деді де, бізбен сыпайы қош­тасқан болып жүріп кетті. 

– Өзінің сұрамайтыны жоқ. Мен де даң­ғыр­лап сөйлей беріппін. Кенезем де кеуіп кетті. Әлгілердің біреуі қарсы ала ма деп ем. Еш­қайсысы көрінбейді ғой, – деп шешем ал­дыма түсіп кетті. Бала күні атшаптырымдай жерді алып жатқан ауылым жылда­ғы­сы­нан да жұпыны күйге түскен. Бос там­дар­дың қатары көбейген. Күреңбелдің сұ­­рықсыз жүзін алыстан тек қайың мен те­регі жасырып тұр екен. Кертаудың бауы­рын­­дағы Шәкірт шалдың қыстауына көз тас­­тадым. Бұрындары әжемнің қалқайып жат­қан жалғыз зираты көзге де ілікпеуші еді. Қазір ол жер баяғыда-ақ қалың қорымға ай­­налған. Ескінің сөзін айтатын Баймолда ақ­­сақал, көрші Салиқа кемпір де сол жақта. Сып­­сың Сатайдың да былтыр кенеттен көз жұ­­мып, сол жаққа жамбасы тигенін естіген ем. 

– Шәкірт қыстауындағылар бір қауым ел бо­лыпты ғой, – дедім шешемді қуып жетіп.

– Е-е, барлығымыз да сол жаққа барамыз, сол жаққа барамыз, – деген анам тая­ғына сүйеніп, молаларға қарап бетін си­пады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар