Нұрбек КЕҢЕСБАЙҰЛЫ
Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, журналистика мамандығы 4 курс студенті.
Қанмен жазған қасида
Таңжарық Жолдыұлына
Мезгілдің де көлеңкесі қызғаншақ,
Сағаттардың жапырағын тонап күз.
Ұзан ғұмыр өз тамұғын тұрды аңсап,
Қайыр қазан аңдиды деп қонақ қыз.
Ғасырлардың көзесінде күн мүлгіп,
Ай астында күмілжісе көп міскін:
Бізді ең бір ұлылыққа ділгір ғып,
Мекер түндер арбап жүр-ау деп піштім...
Ажал гүлін кім суғарсын зәмзәммен,
Сөз киесі тағдырларға етсе үкім.
Тәңір өзі шайырларға салған дем,
Оған өзге керек те емес еш күтім.
Уақыттың ең ұшқыры шіркін үр,
Жұлдыз сағым ғұзырынан жыр түлеп.
Асқар әлем алашапқын бұлты дүр,
Бұлқар әлем бұлқынады мұң-түнек...
Бөрей желдің гуілімен көкке ұшар,
Пәруадігер қырына алса гүл ғұмыр.
Паң кеудеңді ғазал дейтін от құшар,
Жұмақ жақтан естілгенде кіл дүбір...
Ару елес құшағында түн балқып,
Аспанилық ақтыққа да шер сіңіп؛
Төбемізде жыр перісі жүр қалқып,
Есіл жұрттың есендігін енші ғып.
Тарқапаста тасты жарған күрес-құт,
Күнді бетке ап Ес елінен тасиды ән...
Ет жүрегім күрмеледі, тіл өксіп,
Оқылғанда қанмен жазған қасида...
Аңсау
Байырғы ауыл, көне көз-ескі мақам,
Қариялар сыр шерткен кешті ұнатам.
Қобыз кеуде қарт абыз, қоңыр әуен,
Заман зарын төгуші-ед өксік ата.
Кейде өрнектеп ғұмырын дүр-абыздың,
Кейде әспеттеп қылығын бұла-қыздың...
Сәл жымиып күңгірттеу түсінуші-ем,
Естен кетпес болғанын бір аңыздың.
Онда сезім балаңдау білсін нені,
Кеудемніңде жұмбақтау тылсым демі...
Естен кетпес сондағы атамыздың,
Ей һей, өмір өтті...деп күрсінгені.
Ал әжеміз шай ұрттап қызыл күрең,
Біздер жаққа бұрғыштап жүзін кілең;
Кәне қайсың жатқа өлең оқисыңдар?
Тек ақынға берем- деп қызымды мен.
Жаның мұнда жәй тапсын қалай ғана,
Қайсы бірін айтсақ деп сәл ойлана:...
Содан кейін сол үйге талай бардық,
Талай өлең жаттап ап талай бала...
Сүгірет
Ауылда Борық дейтұғын,
Ескілеу үйіміз бар-тын.
Өзім көп желікпейтінім,
Жұпыны күйіміз бәлкім...
Сол үйде басталар түнді,
Аңсайтын бала есіл кейпім.
Біздің үй басқалар сынды,
Тым ерте шам өшірмейтін.
Кеш мәнін асырардай тым,
Кітабын қолға алғанда әкем.
Оқудан басын алмайтын,
Ермегі сол болған ба екен?···
Онда жоқ ес қатар жәйім,
Басталса зерікпес кешім.
Тігетін кеште апам дәйім,
Кергішке керіп кестесін.
Тіптен жоқ көшелі іс дейтін,
Түсінбен халын басқаның...
Әпкем көп есеп істейтін,
Тістелеп қарындаштарын.
Әр кеш көп сырғақтағанмын,
Селт етіп қыбыр етсе ағам-
Мен оның ұрлап қаламын,
Өзімше сүгірет салам.
Уақыт-сұм салды да ретке,
Ескі елес жолықпады алдан.
Сүгірет боп қалды жүректе,
Сол түндер Борықта қалған.