Ықылас Тұрсынбек
Ықылас Тұрсынбек, Алматы қаласы
ДҰШПАН
( Таңжарық Жолдыұлына арнау )
Пролог:
Жарық таң туғанда, жарқ етіп Ілеге,
Таңжарық келді деп, ел жұртың шаттанды.
Бүгінгі ұрпағың тұлғаңды біле ме?!
Қан қызыл өлеңмен суарған ақ қарды…
*****
Мүккемел тариxтың қойнауын сыпырып,
Мүлкіне xалықтың қол салған қоғамда.
Мүддесі жоғары малғұндар құтырып,
Мүрдесін талайдың мәйіттен тонарда.
Бұқара бұзылып, желіккен желөкпең,
Жетесіз ұрпақтың, қылығы шошытқан.
Ай-күннің аманы көз-жасын көл еткен,
Жылауық заманды қамшыңмен осып қал !
Нан үшін арынан аттаған ұрпағың,
Ар үшін айқасқан бабасын ұмытқан.
Есебін түгендеп еліңнің бір қамын,
Ұжданы үзілген ұлтыңды ұлықта !
Қаматып қапасқа, қаныңды қарайтқан,
Дұшпанның пиғылы, әлі де әлінде.
Қасқайған қазаққа, қабағын алайтқан,
Дәстүрін дәріптеп, сиынған тәңірге.
Көсемдер көсіліп, есіріп, кесірін,
Тигізген. Сескенбей құдайдан сұрақшыл.
Ырысы шайқалған заманның бесігін,
Ақынның кейпіңде жырыңмен жұбатшы !
Бұл күнде қазақты, абақты билеген,
Қамады ұлыңды, ұлтыңа жармасты.
Көбе асты сұғылған тым үшкір инелер,
Жер асты жолымен мұнайға жалғасты.
Тіс қайрап, өзегі өртенген жан аз ба?!
Лап бермек болса да, әттең деп қыр асты.
Қолтаңба, желкелеп қойғызған қағазға,
Жерімнің жартысын сатуға ұласты.
«Шегара өттің» деп, сұраққа алғандар,
Бүгін де бүлінген қылығын тимаған.
Ел деген ерлерді аяқтан шалғандар,
Жібектің құртындай жер-көкке симаған.
Еліңе қайтпайды, жеріңнің пұшпағы,
Бір туға бірігу, ендігі қалғаны.
Түбіңе ақыры жеткен сол дұшпаның,
Түбіне ұлтыңның жетпесе болғаны…
*****
Эпилог:
Аюға таланған қазақтың xандығы,
Айдаһар жауызбен күресу жолында.
Егемен еліңнің ендігі тағдыры,
Ел деген ерлердің біріккен қолында !!!
Тәңір жар болсын…
Жасырынбақ
Ару қыз-ау аңғалсың, асылында-ақ,
Аңқылдаған көктемдей көңілің де.
Меніменен ойнайсың жасырынбақ,
Сыршыл сезім бұқпайды сені мүлде.
Жасырғың-ақ келеді сезіміңді,
Маған аян мың түрлі құбылсаңда.
Көріп қойғам қолдағы көзіріңді,
Тауып алам, тау асып тығылсаң да.
Жаhұттайын сезімің шағылысып,
Жалтылтайды жанардың жауын алып.
Іздегім кеп кетеді алып ұшып,
Алып кеткім келеді тауып алып.
Сабылғым да келеді қаңғырып бір,
Сандалғым да келеді құрып жаным.
Табыссақта тәрк етер заңдылық бұл,
Қосылсақта уақытша, ұмытпағын.
Ай астында ұмтылып ардың бәрі,
Моншақ ілген мойныңнан иіскегем.
Сүйіскенмен еріндер жаңбырдағы,
Тағдырдағы жолымыз түйіспеген.
Солай жаным, мен кетем мұратыма,
Соқпағы көп болса да жеке жолым.
Түйіспеген жолдарды ұға тұра,
Іздейді деп тығылма, бекер оның.
Үмітіңді жазғырмайм үзбейді деп,
Үзіледі азабың сенделткен соң.
Жасырмашы өзіңді іздейді деп,
Өзіңді өзің іздейсің, мен кеткен соң.
Жанардағы шарасыз жасыңды ұғам,
Жазам сосын бір өлең сан ақындай.
Мендік кезек келгенде жасырынам,
Мені мәңгі таба алмай қалатындай.
Көзіңді жұм...
Өмір ғой алма кезек…
Қар.
Білесің бе?!
Жаңбыр сені жек көреді,
Ол үшін сенің мүлдем жоқ керегің.
Тереземде жылаған тамшылардың,
Үні есімде.
Есімде олардың не көксегені...
Ұрады шатырымды...
Шатырымды тайдырып жіберердей.
Ақылынан айырма ақыныңды,
Ей найзағай !
Жарқылдап күле бермей,
Құрт көзіңді !
Танымай қалғансың ба тіпті өзіңді...
...Ақ ұлпа қар,
Сен неткен жұмсақ едің,
Қатыгез деп жазғырма мұнша мені.
Қарашы айналаны,
Мамық қарың табытқа айналады,
Уысын алақаным жұмса менің...
...Қатыгез деп жазғырма мұнша мені...
Жаңбыр ма?!
Қатігез біздерден де.
Аласұрып жетеді күз келгенде,
Дауылын жанына алып.
Одан соң белгілі ғой қал(ы)ғаны,
Шапқылап шартарапқа сабылады...
Көз жасы таусылады,
Ең соңында.
Айналып аяқ-асты көр соқырға...
Одан соң тынысы да баяулайды,
Табиғат хәл үстінде аяңдайды,
Көз жұмды.
Өкінішті.
Оянбайды...
...Ақ ұлпа қар,
Жауасың үнсіз ғана.
Құдды өзіңді тәңірдің үні дерсің.
Тәңір де тілсіз ! Тоба !
Тек жаңбыр бөліседі түнімен сыр...
...Өлермен табиғаттың көз жасы ол,
Ал өлген табиғаттың күлі сенсің...
...Өмір ғой алма кезек,
Ертең сенде қайтадан тірілерсің...