Шапағат Әбдірұлы

Шапағат Әбдірұлы - adebiportal.kz

Шапағат Әбдірұлы «Алдай көрме сен мені», «Жанартау» жыржинақтарының авторы. Қазақ поэзиясында өзіндік көркемдік ізденісімен шығармашылық бағытын «метасинтезизм» деп атап жүрген ақын.  Төменде автордың  адам мен уақыт, рух пен сана, болмыс пен кеңістік, махаббат пен тағдыр туралы философиялық толғаныстар арқау болған өлеңдері топтастырылған.

РОДДОМДАҒЫ ҰЛТ

Қазақстан - дәрісі жоқ емхана,

Тәңір сонда -дәрігер.

Алса -алар, салса - салар

Жанын ол.

Бұл жершары ешкімге де тән емес,

Адамзаттың тәні - жер.

Қазақ деген ұлт бар дейді,

Жаратылған рухтан.

Шын да шығар…

Таба алмадым

Салт-дәстүр,

Ұят, иман

ғұрыптан.

О, меніңше, мынау әлем

Жиырмасыншы ғасырда-ақ

Айырылған

Қазақ деген ұлттан.

 

Пайда болған

Эко-жасанды ұрықтан,

Сілекейі -иттікі,

Түлкінікі -бойындағы тұнық қан.

Мыналар кім, айтшы өзің, дәрігер,

Өз-өзінің

Кім екенін ұмытқан?

Кеудесі де босамайтын,

Өзін-өзі керуден,

Құлағы да шаршамайтын

Өтірікке сенуден.

Ауызы да құрғамайтын,

Бірін-бірі сөз қылып,

Аяғы да болдырмайтын,

Бірін-бірі тебуден.

Мына дене қай ұлтқа тән?

Диагнозын айтшы нақты, дәрігер?

Қолы өзінің аузына

Ас табумен әбігер.

Бұлар кімдер, қай дәуірден,

Кімдерменен туысқан?

Екі көзін салдырыпты

Батыс пенен Шығыстан.

Қос бүйрегін айырбастап - басқаға,

Қос бауырын алмастырған-ақшаға.

Бұлар нағыз қазақтар ма?

Өзін-өзі атпаған,

Өзі түгіл мінген аты

Үйіріне шаппаған?

Жүрегі де жүрек емес,

Атом бомба сияқты -

Бір-біріне тастау үшін

Сақтаған.

Қазақ деген ұлт осы ма?

Қайдан көргем мұны мен?

Танымадым дінінен,

Танымадым түрінен.

Аузын ашшы, тілін көрші,

Тым құрыса таныр ем ғой

Тілінен.

Роддомдағы…

кіндігімен

Жаңа туған ұлттың,

Һәм тұсауын

Кесетұғын пышақпен,

Тілін кесіп алғаның не

Түбінен?..

Ей, қатігез Тәңір деген дәрігер!

2022 ж. 16 наурыз

СЕЗІМ СИМФОНИЯСЫ

 

Елемей күннің күркірін,
Естімей жаңбыр тырсылын,
Терезеңнің алдына келіп тұрсам ғой,
Жаңғырып менің кеудемнен сол сәт –
тұрса үнің.

Сендегі тамырдың лүпіліне қосып,
Мендегі жүрек дүрсілін.

 

Сол сезімменен жақындатсақ қой алысты,
Әлемімізді ақтарыстырып жан ішкі.
Сендегі ұяң ұятқа қосып,
Мендегі тарпаң намысты,
Сендегі нәзік үнсіздікпенен
Кісендеп мендік дауысты...

Жүректер сосын музыка ойнаса,
Сендегі еріннің діріліне қосып,
Мендегі кірпік қағысты.

 

Кетсек қой елден, ауаша қашып,
Отырып қонбас ұшаққа.
Тұрсақ қой сосын қауашақ ашып,
Бір-біріміздің құшақта...

 

 

СҮЮ

 

Беймезгіл шақта, беймаза жылап тәңірге ол,

«Жылатпадым», – дер,

«Сүймедім», –

«Ұнатпадым», – дер.

Мейлі ғой… бірақ мен оны сағынуымнан,

Қауашақ ашып гүлдейді жұмақта гүлдер.

 

Жұмақ гүлінің жұпары денеме сіңіп,

Тозақ оттарын жасыммен келем өшіріп.

Құттықтап күнде тұрады сүйгенім үшін,

Фәнилік әлемнің күні төбеме шығып.

 

Қозғалып кетсе көзімнің түбіндегі зіл,

Жапырақ боп сен көңілден күбірлеп үзіл.

Маған айта алмай, «Сүйем», – деп жатады сосын,

Бояуы сіңіп ерніңнің іңірге қызыл.

 

Бақытсыз өмірдің бақытты актерымысын,

Естелігімнің жоғалған дәптерімісің?

Құдайдың өзі қарыздар бақыт төлеуге,

Мен оны әрбір ойлаған сәттерім үшін.

 

Сәттерім үшін айта алмай кешеден бері,

Қайтқаным үшін артыма көшеден кері.

Жүрек деген – тағдырдың терезесіне,

Жазуды жазып қалдырып пешенемдегі.

 

 

ЕГЕР ДЕ МАХАББАТ ДА САЛМАҚ БОЛСА

 

Өтірік боп шығатын аяғында,

Бір шындық бар, кел есті, тая мұнда.

Ойланшы, көз жасымыз – өлең болса,

Оны біз сыйғызар ек қай орынға?

Қанша шумаққа бөліп оны екеуіміз,

Қай ұйқасқа қосар ек, қай ағымға?

 

Айналдырғысы келер айды құсқа,

Қу көңіл соншалықты айнығыш па?

Егер де қайғымызды сурет десек,

Қандай түс боп төгіліп қайғы ыдысқа?

Қандай бояуменен біз, оны сызып,

Қай бағамен,  қояр ек қай бұрышқа?

 

Көз жасымда жүр оның елесі ағып, 

Жүректегі аты оның - о неше әріп?!.

Егер де махаббат та салмақ болса,

Оны біз өлшер едік неге салып?

 

Екеуіміз – бір әуен, бір ән бе едік?

Түсінбеймін, біз қандай шығарма едік?

Сөйлем болсақ, қамалып тырнақшаға,

Жақша ішінде қосылып тұрар ма едік?

 

Қуаныш – шарап болса, құй, сілтелік,

Қайғың тас емшек болса, исінтелік.

Адамдар бірін-бірі алдамасын,

Ғашықтар бірін - бірі сүйсін, сеніп...

Бір күні қарсы алдыңнан шыға келем,

Кеудеміз жанып-ысып, күйсін, тоңып.

Жүрегімнен гүл үзіп берем саған,

Бір уыс сағынышымның исін сеуіп.

 

ТАҒДЫР

Хан боламын деп қасам ішіп ем,
Бұл қоғам мені құл қылды.
Иілмеймін деп қасарысып ем,
Тағдырым мені сындырды.

 

Көкте бір жұлдыз сөнбесін деп ем,
Ол да енді жерге құлапты.
Жасымды дұшпан көрмесін деп ем,
Достарым мені жылатты...

 

Кеткенін сезбей пышақтап оның,
Жүрегім әлі күтеді.
Раушан гүлін құшақтап едім,
Қолыма кірді тікені.

 

КӨШПЕНДІЛЕР

(Микро поэма)

Боз армандармен бозала таңды атырып,
Боз балалары боз жусан кешкен жапырып.
Бозарған дала тасын исінтіп,
Боздаған бота даусынан,
Бозқараған көктер бозторғай үнін сапырып.
Сыңсыған желдің сыңсуын қосып,
Сыбызғы қылған аққудың мойнын қатырып.

 

Қара даласына қараған көзің талатын,
Қараған сайын қымтана түсер,
Қара топырақ,

қара түн.
Алатауында арландар азу жарғанда,
Қаратауында қарғалдақ қауыз жаратын.
Үлпілдеп тұрған қыздары тағар,
Үлпілдек үкі қанатын.
Сардарларының дулығасына,
Самұрық ұя салатын.

 

Көшпенділер-ай!

 

Ана алғысын жұмаққа барар жол қылған,
Ата ақылын ап, теріс пиғылын оң қылған.
Жартыкештеніп ымыртта туған жаңа айға,
Ақсұңқар құсын қондырған.

 

Қанжарыменен қақырата жыртып іңірден,
Қағандарым-ай қара шаңыраққа ту ілген.
Тұлпарының тостаған қылып тұяғын,
Қабылан сүтін сімірген.

 

Әруағы қозса, тұрса да қарсы оқ борап,
Оғыңды тауысып, омыртқаңды үзіп тоқтамақ.
Ашуы қозса теріс ағызып өзенді,
Басылады әрең әлемді мынау отқа орап.
Ұстаған олар далама келген жау түгіл,
Құйынның өзін ноқталап.

 

Қарғана қалса жақынның өзін жат қылып,
Алдана қалса жаманыңды да жақсы қып.

Мақтанар болса алысқа садақ аттырып,
Шаттанар болса лақ қылып жауын лақтырып.

Зеріге қалса, арыстаныңды ат қылып,
Ақ серек ойнап сап құрып.

Ойнайтын еді қыз балалары,
Бұрымына гүл тақтырып,
Ұл балалары жыланды жыланға байлап,

Араны араға шақтырып.

Қаһарланса қара жерді де қақ тіліп,
Қағанат құрған Сақ, Түрік.

Құлының өзі тәж киіп көрген тах мініп.

Еркектің  арын намысына қойған күзетіп,
Әйелдің  арын ұятына келген бақтырып.
Ақ некесіне пәк тұнық, салып,
Ақ құлып.
Ақ сүйек ойнап алатын кілтін таптырып.

 

Көшпенділер-ай!

 

Тоқалдарының бармақтарынан бал тамып,
Бәйбішелері құс жолын таққан алқа қып.
Бақсысы тіпті қураған гүлге жан салып,
Батыры жауға шауыпты айды балта қып...

 

Көктеулігінде туыла қалса еңілік,
Қыстаулығында азуы қақсар бөрі ұлып.

Көшпенділер-ай, керегедей боп керіліп,
Кер құла атпен тізесі темір, белі нық,
Топқа кіретін тебініп.

Хандары оның найзағайды ұстап қамшы қып,
Ерлері болды жылауды білмес егіліп.

Қорықса олар қорықты, қалам деп емес жеңіліп,
Қашудан қорықты шегініп.
Өлімнен қорықты ұятты,
Кетуден емес тірідей жерге көміліп.
Қазынасын да құлыптамайтын халық ол,
Қайыршысы тұрар алтынды алуға ерініп.
Жұлдыздар мүмкін сақинасы ғой
кесілген,
Сақ бикештерінің саусағынан түскен төгіліп.

 

Көшпенділер-ай!


Аңқасын кептіріп, адастырса да құмға сап,
Ақтабан жылдар шұбырын.
Шомылдырып алтын буға сап,
Сүтке жүздірген сұлуын.
Айдаһардың бас сүйегіне,
орнатқан қыран тұғырын.
Қондыгерінің қамшысы үшін,
жоғалтқан бұлан ғұмырын.
Қобызына қасқыр асығын тиек қып,
Қыл қылып таққан қаршыға қанат суылын.
Домбырасына ішек қып таққан,
Ғұн жылқысының дүбірін.
Аюының өзі апанын қызғанар,
Іргесінен қазса суыр ін.
Жұмақ даламның арасы да алтын қанатты,
Күміс қанатты шыбыным.
Бұл жерге келген жат арландардың,
Сақ қақпаны қияр сіңірін.

 

Жырауларының кеудесін кернеп жыр қысқан,
Бұл жалған оның тіл ұшындағы тым қысқа ән.
Халықпыз сондай саптаяғынан тағдырдың,
Уқорғасын жұтып, у құсқан.
Қанды тарихтың нүктесін қойды,
Тәуелсіздіктің кіндігінен тамған тұңғыш қан.
Домбырасына ҚОРҒАСЫН ЕМЕС,
КӨЗ ЖАСЫН құйған ШЫҢҒЫСХАН!
Көшпенділер-ай!

Көшпенділер-ай!!!

 

 

 

ҚАРҚАРА

 

Қарқара бойы қара түн,

Қара түнді тілгілеп,

Қарға қағар қанатын.

Қарқара бойы қарағай,

қарағайды паналап,

қаршыға ұя салатын.

Қарқара бойы көп қазақ,

Суғарып сенен ала атын,

Суын да сенен алатын.

Жетімін біреу қарғаса,

Қарқара жылап қалатын.

Жесірі жылап зарласа,

Қанға өзгеріп ағатын.

 

 

Қарқара бойы қия бет,

Қия бетті тоздырған,

Қара малдың тұяғы от.

Қарқара деген қара су,

Басталған жері ұжымақ,

Баратын жері қиямет.

 

Қаламгер болам дегеннің,

Қаламына сия боп.

Қара балшығының өзі,

Қарлығашқа ұя боп.

Қарасып ағып жатқандай.

Жарасып ағып жатқандай.

Қарқара емес қайғырып,

Алашым ағып жатқандай.

Қарқара емес қазақтың,

Қарашығы ағып жатқандай.

 

Қымызыңды емес келгендер,

Көз жасыңды ішті шөміштеп.

Өзіңді қорғап өлгендер,

өзіңе шықты жеміс боп.

 

Қайранда,  қайран Қарқарам,

Жеріңнің асты кеніш боп.

Қазғанда орыс, неміс кеп.

Орыңды қазақ толтырды,

Сүйегіменен тегістеп.

 

Көбелегі ұшар көлбеңдеп,

Ебелегі ұшар елбеңдеп.

Серілер келсе серуендеп,

Перілер көшкен керуен боп.

Қасиетті су Қарқара!

Қасиетіңді сыйлап мен сенің-

Дәрет суын атамның,

Сенен алып көргем жоқ.

Иман суын әжемнің,

Сенен алдым өлген жоқ.

Арғымағымнан басқаға,

Алақаныммен ап бергем жоқ.

Садағаң кетейін Қарқара!

Ешкіңе жем болайын,

Ернеуіңде өскен ермен боп.

Мен сен боп ағып көргім бар,

Өмір сүріп көр сен мен боп.

 

Үркінде сонау бір түнде,

Сені қимай кетпеп пе ем.

Сен сонда жылап аққансың,

Еңіреп жатып екбеттен.

Көз жасым толтырған арнаңды,

Бұлақ боп құйып бет-беттен.

Ерінін малған дұшпанның,

Өзегіне құйдың от боп сен.

Саусағын малған мыстанның,

Тырнағына қаттың кек боп сен.

Қайранда қайран, Қарқарам,

Мекендеп бабам Мекке еткен.

Тауға бұрсаң арнасын,

Шөлейтіңді шөпті еткен.

Құмға бұрсаң арнасын,

Қурайыңды көктеткен.

 

Қайранда менің, Қарқарам!

Саған бабам суғарып,

Құлын алған қысырдан.

Ауруынан айыққан,

Адам ішсе ұшынған.

Жұмыртқасын аққудың,

Балапан ғып ұшырған.

Жұдырығын досына,

Алақан қып ұсынған.

Тасбих болар анама,

Қара тасың да мұсылман!

 

Сағасында ел аунаса,

Тұнып аққан Қарқарам.

Жағасында ел жаураса,

Жылып аққан Қарқарам.

 

Жайлауына ел келсе,

Құт байланған Қарқарам.

Жетім лағы шөлдесе,

Сүтке айналған Қарқарам.

 

Қарқара деген хан жайлау,

Көбелегіне отау- Қышы,  Ермен.

Жетім құлыны қолдан сүт ішкен,

Құмай тазысы құс емген.

Қарқара деген сұлу қыз,

Енді ғана асқан мүшелден.

Қарқара деген еркіндік,

Босанған ат ол арқаннан,

Шешілген қол ол кісеннен.

Қарқара деген ағын су,

Ағынын кессе кісі өлген.

Кірден емес күнамнан,

Арылу үшін түсем мен!

 

ТАЛАСЫМ МЕНІҢ-ТАҒДЫРЫМ

Жанымның қозғап ескі жарасын,

Қоюлаттың сен мұңымды.

Таласым неге өксіп ағасың,

Кім түсінеді мұныңды.

 

Өксіп ағасың,

Естіп ағасың,

Ешкім тыңдамас жырымды.

Орманыңның біз кестік ағашын,

Көшіріп тындық құмыңды...

 

Долданып кейде тасып ағасың,

Арманды іздейсің бұрынғы.

Ал менің тамып тасыңа жасым,

Арнаңды  іздеймін бүгінгі...

 

Сен болсаң тулап,  аһ ұрып бірде,

Жолыңды іздейсің жоғалған.

Мен болсам сені шақырып бірге,

Жоғымды іздеймін қоғамнан.

 

Сөйлесем сенімен жел тілінде мен,

Таңбалы тасың танитын ...

Таласым асау толқыныңменен,

Жазылды қанды тарихым...

 

Алаш азайса Талас жоқтады,

Арнасын теуіп кеңейтіп.

Талас азайса Алаш жоқтады,

Көз жасыменен көбейтіп...

 

Ағасың кейде сарқырап өрге,

Жағаңда жуам жан кірін.

Тартыла көрме,

Тартыла көрме,

Таласым менің-Тағдырым!...

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan