Айнұр Төлеу
Айнұр Төлеу – 1986 жылы 25- қыркүйекте Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Дегерес ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты тәмамдаған. 2008 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің филология факультетін бітірді. Гуманитарлық ғылымдардың Әдебиеттану мамандығы бойынша магистрі, мифтанушы, журналист. Еңбек жолы 2007 жылы «Қазақ радиосында» жүргізуші – редакторлықпен басталған. Қазір «Алауинформ» порталының бас редакторы.
Таңжарық
Құс жолында қозғалады әз оттар
Күн астында қасірет бар, ғажап бар.
Шаңырағын күнге ұқсатып көтерген,
Мағжан сынды қазақтар...
Қараңғыда кеудемізді ар қарып,
Жарық сүйдік, күнге қарай қарманып.
Сұлтанмахмұт көкке қарай өрмелеп,
Күн шығыстан үн қатады Таңжарық!
Көрінбеген кеңістікте көсіледі қиялым,
Көк астына қазақ болып сиямын...
Таңжарықтар туған-ды
Мүлгіп жатқан өлкені
Оятпаққа иісімен қою қызыл сияның...
Мақсат көрмей тәтті өмір мен бақты үлгі
Алаштықтар ар алдында сап құрды.
Жолдыұлы Таңжарықтай тарландар
Ұлы мүдде алдында
Асыл жанын Күнге қарай лақтырды...
Сөзтүкпір
Сөз еді...
Жанымның өзегі!
Ол жайлы сүйкімді естелік
Есімді кезеді.
Өтірік сезімдер,
Көшеде жалған күз.
Сөзі жоқ үн естіп,
Үрпиіп қалғанбыз,
Себебі біз кеше
Сөз дейтін тұлпарды
үркітіп алғанбыз.
Жұп- жұмыр жүрегім
Сөзсіз сан түңілді
Ол барда сәуле едім,
Күн едім.
Сөз кеше тулады,
Содан соң сүрінді.
Жеткізбек болған ем
Жетімек сырымды,
Ешкімге керексіз шынымды.
Сөзім жоқ болған соң,
Естімей қойды әлем
Меңіреу мұңымды.
Кие сөз көшіпті
Тұқымы қалмастан.
Біз жақта сөзсіздер
Ұйықтатып ұятты
Біреудің сөзінің
Жалына жармасқан.
Бетімнен шығарып отымды,
Тұлпар-сөз осы деп,
О, неткен қасірет!
Сөзсіздер
Мәстекті мәпелеп отырды!
Сол күндер...
Естелігім мамықтай ма,
түсі аппақ?!
Албырт шаққа барғым келді
Алқызыл гүл құшақтап.
Түсінбедім себебін,
Алдында бір ақтарылсам деп едім.
Көрсетпеппін қыз секілді мен қылық,
Үнсіздікті неге үнемі жеңді үміт?
Қоятындай көзімдегі шерді ұғып,
Терезеңе тұратынмын телміріп.
Ешкім бірақ
Естімеді жүрек салған әуенді,
Мекен ғой бұл жарыққа тым тәуелді!
Күндер өткен, дәл солайша қайғы өтті,
Кінәладым сезімді емес, әйнекті!
Басқа тұстан таптым ба екем бағымды,
Сонда менің сағынышым кім еді?
Ол махаббат ауыртпайды жанымды,
Ал, Терезе түсіме әлі кіреді.