Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Бақбер Алтай


М. Әуезов атындағы ОҚМУ дың түлегі, бірнеше дүркін республикалық, обылыстық мұшайралардың жүлдегері, жас ақын Бақбер Алтай 1991 жылы 23 маусымда ҚХР Іле қазақ обылысы Нылқы ауданында дүниеге келген. Тәуелсіздіктің төл құрдасы, жас талант.      

Тәңіртаумен тілдесу

                                                                                    

(Таңжарық Жолдыұлына арнау)

Беу Тәңіртау,

Бұлыт торлап алып бүгін басыңды,

Арманына жете алмай ақырғы.

Алашыңның әнге қосып ұранын,

Аңсадыңба бақұл болған ақынды.

 

Өнеге қып ұлы ісіне өркенін,

Елі үшін қиып жанын ертеңін.

Тағылығы бір басына жарасқан,

Арыстаның емеспе еді ол сенің.

 

Қауашағын жайғанында гүл өскен,

Жүрегінен жыры тұнып, түнектен.

Әлиханға хаты барып ақырғы,

Топырағы бұйырылып күнестен,

 

Тағдыр деген тасқа сынып тұйяғы,

Қапыда қап қайырылып қияғы.

Қайран Қыран көкке ұшып кете алмай,

Қасыретін қанмен жазып құлады.

 

Бақытына жетпей солай аңсаған.

Қазасына аза тұтып қанша жан,

Алыс қалып қойып сенен, менен де,

Беу, Тәңіртау азаматың Арқадан.

 

Биіктігін білдір седе елдігім,

Тым өзгеше болып тұрсың сен бүгін.

Жалғыздығын жасыра алмай жалғанда,

Дүниеде өзіне тән кемдігін.

 

Бір жоғыңды іздегендей елеңдеп,

Аласарып қалғандайсың төмендеп.

Сенен асқақ кім бар мына ғаламда,

Тәкең жазған тұрмайсың ба өлең боп.

 

 

Сәлемде туған елге

        

Сәлемде туған елге,

Сарғайған сары далаға.

Салынды сағым арман,

Қалды екен қай жағада.

 

Айтатын әні бөлек,

Шертетін шері мұңын.

Сағынған шығар бәлкім,

Қоңыр тау қоңыр ұлын.

 

Қас өзен қайнап ағып,

Буырқанып бұлдана ма?

Бұлағы бұлап жасын,

Жете алмай Сыр далаға.

 

Ілемнің еңсесінде

Қалды ма қайғы басып.

Әйтеуір Қапшағайға

Жетеді арып, ашып.

 

Балалық бақытымның,

Елесі өше ме енді.

Өзектен тепкенде өзге,

Боздатып от өлеңді.

 

Бабалар әруағы да,

Дәм етіп, дұға, құран.

Шұбырып көшкен едің

Сөнбеген шырағынан.

 

Көгінде құзғын ұшып,

Аққуым адасқандай.

Тәңірім бізді осылай,

Сорлы ғып жаратқандай.

 

Туған жер тағдырыңды,

Кімге енді тапсырамын.

Қасқырдай ұлып, ұлып,

Қақпанда қансырадың.

 

Ақыры амалым не?

Барамын аласұрып.

Кеудеме қасыреттен,

Жазылмас жара шығып.

Қош енді...

 

Көктем күрсінгенде

Жүрегімді ашшы бір мұң тілгілеп,

Бұл күндері жаным менің жүр жүдеп.

Көктем болып келгеніңді қайтейін,

Көкірегіңде соғып жатса күзгі леп.

 

Тұман ойлар тұмшалаған алдымды,

Сәуір түні сондай салқын жаңбырлы.

Құстарындай жылдың қайтқан түстікке,

Теріскейден көріп түрлі тағдырды.

 

Беймаза бір бітпей жүрген тірліктен,

Үмітіме үміт силап үздіккен.

Ақ қағазға шағып сосын ұзақ шер,

Мимырт түнде отырамын мүлгіп мен.

 

Тереземнен телміреді сынық ай,

Маған қарап тұрған оның қыры қай?

Жұлдыз біткен жоғалғандай бір жола,

Бетін бұлыт торлап алған ғұмыр-ай.

 

Көңіл кілтін өлең ғана табатын,

Үстелімде жалғыз май шам жанатын,

Соған келіп соқтығысып жүр әне,

Бір көбелек күйдіріп ап қанатын.

 

Атар таңға әлсіз ғана ұмтылып,

Есік жақтан көріп сәуле бір сынық.

Оның дағы барады өтіп дәурені,

Өмір сенің өзегіңде күрсініп!!!

 

Көп оқылғандар