Қуанәлі Алмасбекұлы
ЖЫЛҚЫ ДҮБІРІ
Үйірлі жылқылар жосыған суатқа,
Моцарттың күйіндей дүбірі құлақта.
Қуырылып тұяққа, жұмыр бел бүгіліп,
Қара жер қаймығар тастары үгіліп.
Арқырап айғырлар, ойнақтап бедеулер,
Шаңдарға бөгетін жусанды белеңдер.
Қаншырдай жараған тілдері буылып,
Алысқан жүйріктер денесін бу ұрып.
Бәйбіше секілді аяғын паң басқан,
Мама бір биелер найқалып жалды асқан.
Қылықты қыздардай қиқуға елеңдеп,
Қысырақ құтырған желкесін жал басқан.
Үйірлі жылқылар жосыған суатқа,
Моцсарттың күйіндей дүбірі құлақта.
Пайғамбар мінетін жұмақтың пырағы,
Тұратын жел тербеп қайшылап құлағын.
Сарбаздар ер салар таң қылаң бергенде,
Сақтардың дүлдүлі тұр менің кермем де.
Атойлап шабатын жер үшін, ел үшін,
Жастыққып жататын жыртылған жең үшін.
Жортатын алыс бір сапардан сапарға,
Жануар жүйріктің жел қақпас терісін.
;Майданға аттанған ерлердің тағдыры,
Аманат Аллаға, аманат атына;
Дейтінде абыздар жанарын сулайтын,
Алыста айғай-шу, ұрандар тынбайтын.
Алтай мен Еділді ай басса арымас жүйрігім,
Қорғаған қорғандай бабамның билігін.
Төгілген жаңғырып сан күйдің ариясынан,
Өтетін ендей бір Іле дариясынан,
О, жылқылар, көшпелі рухысың,
Ал Қазақ ұлт үшін бостандық кілтісің.
Үйірлі жылқылар жосыған суатқа,
Моцсарттың күйіндей дүбірі құлақта!
БӨРІ СЫРҒАҚ
Ақпанның аязды ызғары бетке ұрып,
Арландар ұлиды.
(ұлиды тектілік).
Ұйтқыйды ақ боран ашумен долданып,
Найзадай ақ шыңды ақ қарға бөктіріп.
Жортады Арландар болғанда таң сәрі,
Қылықты құртқаға ауады аңсары.
Жортады құртқалар болғанда таң сәрі,
Айбарлы арланға ауады аңсары.
Бораса ақ боран, борасын түк емес,
Күтеді қызығы оларды түгемес.
Бойында қайнаған ыстық қан бөрілік,
Кермейық қаншығы тұрады керіліп.
Қырқадан қырқаға зау желіп шығады,
Тәтті бір йісті танауға жел ұрып.
Соғады еліріп, ентігіп зарлы ызғар,
Жауады түйіршік тарыдай қар-мұздар.
Ылыққан бөрілер елемес ондайды,
Жан емес бұл шақта, болады жар қайғы.
Ұлиды жеміріп желкесін жартастың,
Бойында шымырлап құмарлық нар тасқын.
Тұмса тұн жолығып, тірсегі дір қағып,
Жаланып бауырын, қолтығын бу қарып.
Арлан мен Құртқалар тұрады талықсып,
Бойды алған лаззатты сезімге уланып.
...Ақпанның бораны тістелеп қылшығын,
Аспанға көтеріп ұлиды тұмсығын.
Сетік көкке сыр
арнау
(Таңжарық монологі)
«Жылқыда жүйірік сен едің,
Адамда жүйірік мен едім»
Алашқа туған ұл едім,
Аллаға жалғыз құл едім.
Тілдіден алға жан салмас,
Алғадай баһадүр едім,
Мағанда төнді бір хауып,
Замана болды шырмауық!
Жабыны жер ғып құлатып,
Сауырды терге шылатып,
Шабатын жүйірік сен едің,
Таулардың тасын уатып.
Сағанда төнді бір хауып,
Замана болды шырмауық!
Сетер де сетер, Сетік көк,
Сергелдең ғұмыр кешерміз.
Құба бір жонның төсінде,
Қоңыр жел болып есерміз.
Арқадан ауған арқардай,
Шұбыра лағып көшерміз.
Арғымақ едің ардақты,
Қубасың қайда қалмақ-ты.
Жанымды жалғыз түсінер,
Жанды да сен ең жан-жақты.
Адамнан жолдас алмастан,
Мен саған салдым салмақты.
Толқынын өзен жарып өт,
Қамалдан мені алып өт!
Кіналап қайтем тағдырды,
Даланы байтақ тар қылды.
Мен сағынармын құрбыны,
Сен сағынарсың шалғынды.
Қинала қиып Күнесті,
Мойнымнан шешем қарғымды.
Егілтіп ерке Ілені,
Сөгілтіп белес, жар-құмды,
Көсіле шап тұяқтым,
Бізді де күтіп тұр бәлкім,
Миуасы аңқып миат күн.
Еңку де еңку жер шалдым,
Зеңгір аспанға зер салдым.
Дауылды күннен қаймықпай,
Өтінде жүріп өріс алдым.
Сиынып жалғыз аллама,
Тәуекел саған ер салдым.
О, киелі бостанды,
О, киелі бостандық!
Мен саған ұшып келемін,
Арманымды аспанғып.
Қош енді қош бол мағшар жұрт!