Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Ғылымнұр Кәдірбайұлы


1997 жылы 5 тамызда ҚХР, Іле өңірінде туған. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетінің студенті.

Үркер

(Таңжарық ЖОЛДЫҰЛЫ бабамның рухына)

 

Ауылым қалды жоғары...

Қайырылғанда,

Шығар жалын ауыздан қайғырғанда...

Не айтасың бұл шеменнен артық енді,

Қапияда ел-жұрттан айырылғанда.

 

Қу жалған күйіп кеткен деміңе күн,

Ай орнатып береді көгіме кім ?!

Жырыңды оқып, дөңбекшіп жатқан шығар,

Әр бұта, өзен, тасы кең Іленің.

 

Тас түрмеде зарыңды бебеулеген,

Запыран қып төктің де өлеңменен,

Біздерге аманаттап әкелді ме,

Жасын ойнап, көшкен бұлт Селенгіден.

 

Түрме, түрме, қайтейін, кең бесік ең,

Салынған саналының кеудесіне.

Баба, сені әкетті-ау ажал да аяп,

Енді ешкімге бұйырмас ол несібе.

 

Уақыт-ай тұншықтым, қош, уысыңда,

Тонады үмітімнің көшін сұмдар.

Тәңірді де күйзелтіп жұмағыңда,

Қос жеңгеге ән салып отырсың ба?!

 

Бәрі-бәрі алдамшы бекер, бекер,

Шақ туа ма шарқ ұрып нөсерлетер?!

Сетейкөкті жетектеп бейбақ елің,

Қабіріңе бұрылмай өтер...

Кетер...

 

Жоғымды жақыным кеп жоқтасар қай ,

Тағдырды суға салмай, отқа салмай.

Аралап туған тұғыр топырақты,

Кетерміз сен секілді қоштаса алмай...

Қайран бабам...

 

 

Көмілген ұя

                         (баллада)

 

Сабалақ жаңбыры басталса хауыстың , 

Естимін түндерде бір шерлі дауысты. 

Өкініш үстемдеу болғанмен аялы ән,

Мен күллі болмыспен дір қағып оянам. 

Қалжаурап жетіпті, құстар ғой ол жетім, 

Кімдерге тастады өзі өскен көл бетін. 

Қағынған қара жел қанатын талдырған, 

Не күтіп ұшты екен тас жүрек тағдырдан. 

Қаусатса шері күн азуын көп басып, 

Тоз-тозы шықты ғой ұшар құс топтасып . 

Білемін сендерді қондырған қай айдын, 

Әр тамшы суына жасымды қадаймын. 

Сұңқылың аумайды мендегі наладан, 

Мені де мезгілдей шибөрі талаған. 

Біздерді үркіткен қай мылтық ұңғыс , 

Сен соны білесің , айтсаңшы, жыл құсы. 

Кіл жендет қырғиға топшымнан қағылдым,

Жолбасшы, ата қаз, сен қалай жаңылдың?!

Шыққан ғой қайтеді қара түн мұнарда ақ , 

Оқыстан ажалдай ақ ұшқын қылаулап,

Сар тамақ жұлдызды көрсетпей бүркеді, 

Бағытты солардан айырар жұрт едің . 

Дұшпанның талайын ата қаз еңсерді, 

Бауыздап кетті ақыр біреуі ең соңғы. 

Далбақтап қанаты әуеде құлдырап, 

Содан соң бар өмір кеткен-ді бұлдырап.

Көреген абыз жоқ жол бастар аталы, 

Қаралы қаздардың бүлінген қатары. 

Білмейді таулардың жондарын, жүлгесін,

Желдің де бағытын айырмас, кімге сын?! 

Жылы жақ аңсаған тап-таза жүрегі, 

Суықтан оңдырды-ау, дариға-ай, реңін. 

Қанаттан әл кетіп, қабағы қыраулап, 

Жетім құс алдыңнан шығарма бір аумақ. 

Қоқиған бауырың сүңгілі мұз қатқан, 

Көл беті, ерісе жып-жылы ырғақтан. 

Тамсана шайнасаң тәп-тәтті балдырын,

Үзілген жерінен жалғанса тағдырың . 

Рауан, аспанды тұрғаны-ай зар көміп, 

Бір түйір көз жасың жауды ма қар болып. 

Адасқан құстарым, қайда екен мекенің , 

Қанатсыз болсам да мен бірге кетемін. 

Құйрығың жұлынып, төгілсе қауырсын, 

Ол кезде білемін, сен үшін ауыр сын. 

Құйрықсыз еш қашан қона да алмайсың , 

Ақыры өлімдей ерлікті талдайсың . 

Бірақ та, дәл қазір, барлығы дін аман, 

Қонатын жер таппай қиын-ай жылаған…

 

 

*    *

Басы жоқ басталған жолдарда қаралы, 

Жауқазын жадау мұң бүршігін жарады. 

Табаным тілініп келсем мен кешіргін,

Иісің үшін мен бар отты өшірдім. 

Сыздаған сағыныш қағанақ жарғанда, 

Бір ғазал оқимын налып мен жалғанға. 

Соңғы іңір Құдайдың өлеңі ең ұлы, 

Аруақ дегенге жеңіс қой жеңілу. 

Адаспай шашылған сүйектер ішімен, 

Мен мынау әлемнің азабын түсінем. 

Содан соң кінәлі қаңқамды қалдырып, 

Мен саған қош айтам өгейлік, жарлылық. 

Тамсанып жұтамын тәңірдің шарабын, 

Пері қыз біткеннің төңкеріп жанарын. 

Адамзат ойы емес түсінде көрмеген, 

Басқа бір кірпіктер ішінде тербелем. 

Басы жоқ басталған жолдарда қаралы,  

Жауқазын жаңа өмір бүршігін жарады.

 

Көп оқылғандар