Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Менің тағдырым – бақытты тағ...

01.07.2015 3867

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Менің тағдырым – бақытты тағдыр

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Менің тағдырым –  бақытты тағдыр - adebiportal.kz
NAZARBAEV-OmirOtkelderi-обложка-окончательно-1.jpg
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрбір жаңа еңбегінің жарық көруі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқи­ғаға айналып келеді. Соңғы жылдарда «Еге­мен Қазақстан» газе­тінде жүйелі жарияланып жүрген «Өмір өт­келдері» атты сұхбат кітабы да сол санаттан табылатыны талассыз. Жақында ол кітап ас­таналық «Фолиант» баспасынан көркем безен­діріліп шықты. 

«Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі – өзгеше, өнегелі өмір. Екі өркениеттің – Шығыс пен Батыстың қиюласқан жерінде, әлемнің екі бөлігінің – Азия мен Еуропаның тоғысқан тұсында, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның, екі экономикалық жүйенің – жос­пар мен нарықтың от пен судай шарпысқан шағында шарболаттай шыңдалған, өзінің туған Қазақстанын бүкіл әлем танитын, құрметтейтін елге айналдырған тұлғаның тағылымды тағдыры қандай оқырман үшін де қызғылықты. Кітапта журналист Сауытбек Абдрахмановқа өмірі жайында әңгімелей отырып, Нұрсұлтан Назарбаев заман, қоғам, адам туралы терең толғанады. Елбасының сұхбат кітабын ой көзімен оқыған адам ғибратты ғұмырдан көп тағылым алатыны талассыз», делінген кітап аннотациясында. 

Бүгін біз Қазақстан Рес­­публикасының Пре­­­зи­денті – Елба­сы Нұр­сұлтан Назарбаев­тың «Өмір өткел­дері» сұхбат кітабына жаз­ған алғысөзін оқыр­ман­дар назарына ұсынып отырмыз. 

«Журналистік жұмысымда еліміз егемендігінің елең-алаңы­нан бастап бүгінгі биігіне дейінгі белестерінің бәрі жайында үзбей қалам тербеп келе жатқанымды Сіз жақсы білесіз деп сенемін. Қа­зақстанның тәуелсіздік тарихына қатысты кітаптардың, газет-журнал мақалаларының бар­лығын оқып шықтым десем артық айтқандық емес. Тиісті әдебиетпен тыңғылықты танысу барысында Сіздің ғиб­ратты ғұмырыңыз, елмен етене өміріңіз, тағдырыңыздың тартысқа, тіреске толы тұстары, еліміздің егемендікке жету жолы, қирандыдан, құландыдан мемлекет құру, Қазақстанды аз жылдың аясында алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, жер-жаһанға таныту, қазақтың есіктегі басын төрге, төр болғанда да Еуропаның төріне шығару, ЭКСПО сынды жаһандық көрме өткізу құқын дүние дидарындағы небір мықты мемлекеттермен тартыста тартып алу, елді әлемдік қаржы дағдарысы қыспағынан бірнеше рет алып өту, экономикасы қуатты, сая­саты тұрақты, таңы тыныш ататын, кеші тыныш бататын, халқы ұйқыға алаңсыз жататын, ертеңіне сенетін, ел бастаған ерге екі тізгін, бір шылбырды беретін, қиындықты да, қуанышты бірге көретін ынтымақшыл ел жасау жолындағы қиямет-қайым қиын әрі қасиетті тарихымыз туралы ақ жарыла, ақтарыла ой толғауыңыз әбден орынды, тіпті, қажетті екендігіне көзім бұрынғыдан да жете түсті. Сіздің өз өміріңіз туралы әңгімеңізді, адам, заман, қоғам туралы ойларыңызды бір кітапта, жүйелеп айтып шығуға қандай тақырыпты да емін-еркін баяндауға мүмкіндік беретін сұхбат жанры ыңғайлы келеді. Осы кітаптың идеясын кезінде, шетелдік сапарларыңыздың бірінде өзіңізге бір ауыз айтқанмын. Сіз қолдағансыз. «Ол үшін сенімен ұзақ отыру керек болады ғой», деп едіңіз. Кітаптың белгілі бір тақы­рыптарға арналған тараулар бо­йынша құрастырылғаны оқуға ыңғайлы әрі тартымды болмақ. Фидель Кастроның әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылған «Моя жизнь» деген көлемді сұхбат кітабы (М., 2009) өмірдің кезең-кезеңдері, белгілі бір тақырыптар бойынша тарауларға бөлінген. Қызықты оқылады. Фидель Кастромен сұхбаттасушы журналист Игнасио Рамоне ол кітаптың диктофондағы жазбадан сол күйінде түсе қалмағанын ескертеді. Куба жетекшісі айтқандарын қайталап отырмау үшін керек жерінде бұрын сөйлеген сөздеріне, жасаған мәлімдемелеріне, баяндамаларына жүгінуді өзі ұсынған екен. «Ол маған үзінділерді алып, біздің сұхбатымыздың мәтініне қосуға рұқсат берді», деп жазады Игнасио Рамоне. Сондай рұқсатты Сізден де алатыныма сенгім келеді. Кей тұстарда кітаптардан, баяндамалардан, сөздерден үзінділер мәтінге сыналанып, дәйектеме ретінде салынып отырса орынды шығар еді. Ауызша әңгіменің қағазға түсірілген нұсқасын дайындап берген соң әр тарауды өзіңіз үстінен қарап, қажет деген жайларды, үстемелей айтылуға тиіс ойларды жазып отырсаңыз, оған уақыт, мүмкіндік таппаған тұста соларды толықтырып айту үшін қосымша шақырсаңыз жақсы болар еді. Сіздің өз өміріңіз жайындағы сұхбат кітабыңыз қай жағынан қарағанда да өте пайдалы, қажетті боларына сенемін. Жасыратыны жоқ, халқымыздың бәрі бірдей бүгінгі бейбіт, бақуатты өмірдің қандай қиындықпен келгенін жетік біле береді, қадіріне толық жетеді деп айта алмасақ керек. Осының бәрі өзінен-өзі келіп жатқандай, солай болуға тиістідей көретіндер де кездеспейді емес. Айналасы жиырма шақты жылда біздің жағдайымызда Америкадай аршындап кету, Жапониядай жайнай қалу мүмкін болмайтынын түсінбейтіндер де табылады. Бұл тұрғыдан қарағанда Сіздің өміріңіз жайындағы әңгіме ең алдымен жас оқырмандар үшін керек. Сіздің қарауыңызға болашақ кітап тарауларының келгенде тақырыптық жобасын ұсынып отырмын. Та­рау­лардың шартты түрде қойылған атынан ондағы әңгіменің не жө­нінде болатыны көрініп тұр деп ойлаймын». Бұл – журналист Сауытбек Аб­драхмановтың осыдан бірер жыл бұрын менің атыма жолдаған жазбасы. Жазбаны алған соң біраз уақыт ойланып жүрдім. 1991 жы­лы, Тәуелсіздік жарияланғанға дейін Мәскеудің «Молодая гвар­дия» баспасынан жарық көрген «Әді­леттің ақ жолы» деген кітабымда өмірбаянымның өткел­дері жайында  біршама әңгіме­леген едім.. Одан бері де ширек ға­сырдай уа­қыт өтті. Өмір өзгерді. Сана өзгер­ді. Кейінірек шыққан «Ғасыр­лар тоғысында», «Қазақ­стан жо­лы» кітаптарымда негізі­нен эко­номиканың, саясаттың мәселелері қозғалды. Оларда өзім туралы әңгі­мелеп жатуды артық көрдім. Сауыт­бек ұсынған сұхбат жанры өз бетіңше қозғаудың кілтін таба бер­мейтін жайларды айтуға жақсы мүм­кіндіктер жасайды екен. Ал дұ­рысында, айтатын жай жеткілікті. Менің тағдырым – бақытты тағдыр. «Блажен кто посетил сей мир в его минуты роковые» деп Тютчев жазғандай, менің маң­дайыма мына жарық дүниеге тарих­тың тар тұсында келудің, айна­ласы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті, олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, үлкен еңбекпен бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. 2015 жылғы президенттік сайлауда Қазақстан халқы бүкіл әлемге өзінің кемеңгерлігін көрсетті, ел бірлігіне беріктігі мен кемел келешекке сенімін көрсетті. Президент сайлауына бүкіл халық бір кісідей қатысатын, бүкіл халықтың таңдауы бір кісіге түсетін ел, біздің еліміз – Қазақстан Республикасы – ынтымақшылдықтың, ауыз­бір­ліктің ғажайып үлгісі. Инау­гурацияда сөйлеген сөзімде «Өмірін халқының бақыты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмайды. Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ, сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті, мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де дайынмын», деп айтқанмын. «Сіздің өміріңіз жайындағы әңгіме ең алдымен жас оқырмандар үшін керек» деген сөздің жаны бар. Мемлекет басшысының өмір жолы ел азаматтарының қай-қай­сы­сына да қызықты десек те, өмір айдынына жаңа құлаш жайып жатқан жастардың орны бөлек екені түсінікті. Біздің жастарымызға осының бәрінің қалай басталғаны, оқи­ға­лардың қалай өрістегені, ел үшін сондайлық күрделі кезеңде қабыл­данған қандай да бір шешімдердің негізгі ой қисыны неде екендігі жөнінде нақты фактілер мен әділ талдаудың жетісе бермейтін кезі көп. Сондықтан мен бұл кітапты біздің еліміздің болашағын қа­лай­тын, жерімізді аялайтын, қор­ғайтын жас қазақстандықтарға арнап әңгімелеп шықтым. Бүгінде тәуелсіздіктің таң сәрісінде дүниеге келген балалардың өзі университет, институт бітіріп, үлкен өмірге аяқ басты. Адамның жаратылысы сондай, ол өткенді тез ұмытуға бейім тұрады. Еліміздегі бейбіт өмір мен игілікті тірлік біз бастан кешіп жатқан экономикалық дүр сілкініс пен азаматтарымыздың өмірге құштарлығы, өз күшіне және ертеңгі күнге деген сенімділігі біз үшін кәдуілгі жайға айналуда. Әр таң атқан сайын Астананың зәулім ғимараттарын бойлап бара жатқан күннің нұрлы шуағына көз тоқтата бермейтініміз сияқты, біз оларды да байқай қоймаймыз. Ал, шынтуайтында, біз ширек ғасырлық осы жасымызда ірі істерді атқара алдық. Бүгінде талай адам Қазақстанның жетістігін «Еуразияның экономикалық кереметі» деп атайды. Кітапта мен осы табысқа жетудің әрбір қадамы қандайлық ауыр, азапты болғаны жайында айттым. Біздің мемлекетіміздің қалыптасуының әр белесінде менің иығыма түс­кен жауапкершіліктің аса ауқым­дылығын, зіл батпан салмағын сезінсе екен деймін жас ұрпақ. Әрине, негізінен ғұмырбаяндық кітап болғаннан кейін мұндағы көптеген тараулар менің өміріме, менің балалық шағыма, мектептегі жылдарыма, Днепродзержинскіде оқы­ған кезіме, Теміртауда еңбек жолымның басталуына, Қазақстан Магниткасындағы партия ұйымын басқарған, қалалық, облыстық партия комитеттерінің, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Үкімет басшысы болған кезімдегі қызметіме арналғаны өзінен өзі түсінікті. Дегенмен, менің кітабымның негізгі арқауы – Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да жарқын сәттері. Сұхбат кіта­бының тараулары қайсыбір кезең­дердегі қоғамның саяси көңіл-күйін түсінуге немесе еске алуға көмектеседі, ал экономикалық талдау неғұрлым зерделі оқыр­мандарға осы жылдардағы жағ­дайды ойша қалыптауға мүмкіндік береді. Менің бүкіл өмірім дерлік басқару жұмысымен өтіп келеді. Комбинатта, қалада, облыста, рес­публикада басшылық жұмыста дәйім адамдар тағдырымен істес болдым. Олардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Мен өзім ара­ласып-құраласқан адамдардың жетістік-кемістігі, өмірімде қал­дырған ізі, әкелген қуанышы мен өкініші туралы да айтуды жөн деп таптым. Осындай кітап дайындау жө­ніндегі идеяны ұсынған, менің айтқан әңгімелерімді қағазға көңілдегідей етіп түсіре білген, орынды, білікті сұрақтарымен тақы­рыпты жақсырақ ашуға септесіп отырған сұхбаттасушыма – көр­некті журналист, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бергі сенімді серіктерімнің бірі Сауытбек Аб­драхмановқа бірлесе атқарған жұмыс үшін разылығымды білдіруді парыз санаймын. Рас, сұх­баттасуға көңілдегідей көп уақыт бөле алмағандықтан о баста ойлас­тырылған біраз тақырыптар бұл кітапта қозғалмай қалды. Те­гінде, олар келер күндердің еншісі болар.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.



Ақпарат көзі: http://egemen.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар