Кеңшіліктің кеңістігі
Дәл сол алпысыншы жылдардың екінші жартысында әдеби ортада өзіндік қолтаңбасымен танылған ақындардың бірі Кеңшілік Мырзабеков еді. Кеңшілік расында да ұлт ақыны болған қаламгер.
«Кеңшіліктің кеңістігі». Астанада «Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында дәл осындай атаумен ұлт ақыны Кеңшілік Мырзабековтың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Сыршыл ақынның мерейтойына Астанадағы зиялы қауым өкілдері, көзін көрген замандастары мен ақынның жырына іңкәр көпшілік жиналды.
Әдеби шарада Қазақстанның халық әртісі Айгүл Қосанова, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Қуандық Қыстықбаев, Алтынай Нөгербек, Сержан Мұсайын және өзге де өнер иелері сахнаға шығып, өнер көрсетті. Ақынның жырлары оқылып, «Біржан сал. Қоянды жәрмеңкесі» поэмасы мен «Төлеутайдың төрт қызы» балладасының желісі бойынша сахналық қойылым көрсетілді. Жалпы Кеңшілік қазақ поэзиясында баллада жанрын биікке көтерген ақын. Өкінішке орай, Кеңшіліктің өлең оқыған бейнесі таспаланған видеолар архивтерде тым аз. Кешегі еске алу кешінде «Жамбыл мен Мұхтар», «Мұхтар мен Қаныштың кездесуі» сынды балладаларын өзі оқыған видео көпшілікке ұсынылды.
Кеңшіліктің мерейтойы жыл басынан бері жалғасып келеді. Көктемде туған топырағы Торғай өңірінде аудан аралық «Кеңшілік оқулары» байқауы жоғары деңгейде өткен еді. Сол сапарда біз де ақынның туған жеріндегі тамаша шараға куә болғанымыз бар. Ақынның атақты Ақшығанағын көрдік. Одан кейін де облыс орталығы Қостанай қаласында өңір басшысының қатысуымен үлкен көлемде еске алу кеші өтті. Бүгінгі Астанадағы кеш сол ігі шараның жалғасындай.
Қазақ әдебиетінің алпысыншы жылдардағы жаңару кезеңі ұлттық поэзияға тұтас бір талантты буынды алып келді. Бұл – Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев сынды қаламгерлердің шығармашылығы кеңінен танылып, қазақ өлеңінің тақырыптық, көркемдік көкжиегі кеңейген уақыт. Дәл сол алпысыншы жылдардың екінші жартысында әдеби ортада өзіндік қолтаңбасымен танылған ақындардың бірі Кеңшілік Мырзабеков еді. Кеңшілік расында да ұлт ақыны болған қаламгер. Ол Алматыдағы әдеби ортаға Торғайдан келіп қосылғанда қатардағы көп жас ақынның бірі емес, қаламы төселген, айтар ойы нық, қазақтың да, әлемнің де ең үздік әдебиетімен сусындағын ақын болып қосылған. Бір сөзбен айтқанда Кеңшілік Алматыға классик ақын болып келген. Оның өлеңдерінен туған даланың тынысы, балалық шақтың сағынышы, адам жанының нәзік иірімдері мен өмірге деген шексіз іңкәрлік сезіледі. Кеңшілік поэзиясының құдіреті де осында.
Уақыт өзгереді. Ұрпақ алмасады. Әдебиетке жаңа есімдер келеді. Бірақ адамның сағынышы, махаббаты, өмірге іңкәрлігі ешқашан ескірмейді. Кеңшілік Мырзабеков жырларының өміршеңдігі – осы мәңгілік сезімдерді шынайы жырлауында. Ақынның өзі өмірден өткенімен, оның өлеңдеріндегі дүние әлі де іңкәр.
