Қазаққа ақ өлең де таңсық емес. Бірақ...
Ақ өлең – поэзиядағы ұйқассыз немесе еркін ұйқаспен жазылатын өлең түрі. Әдетте, қазақ поэзиясында ұйқассыз өлең десе, көпшілік оны бірден верлибр (еркін өлең) деп түсінеді. Алайда ақ өлең мен верлибрдің де арасында айырма бар.
Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек бір еңбегінде «Неге қызыл өлең немесе жасыл өлең демей, ақ өлең, қара өлең дейміз?» деп сұрақ қойып, мұндағы «ақ» пен «қара» сөздерінің тегін таңдалмағанын, әдебиетіміздің жанрлық эволюциясын тану үшін осындай атаулардың төркінін білу маңызды екенін айтады.
«Егер осынау атау-ұғымға бір сәт ден қойып, неге бұлай аталады екен деп ойланып көрсек ше? Неге «қызыл өлең» немесе «жасыл өлең» демей, оның орнына «ақ өлең», «қара өлең» дейміз. Ұғым-атау арналып тұрған объектінің мән-мағынасы, қасиет-бітімі солай болар дейін десең, сөз өнерінің ақ, қара деп айыратындай түсінің, иісінің болмайтыны аян. Міне, осы орайда рухани өрістерімізді алуан салаға жіктеп-жүйелейтін жанрлардың атау-ұғымына қатысты төркін-тегін жан-жақты саралап отырудың мәні зор. Мұның өзі әдебиетіміз бен өнеріміздің алуан арналы жанрларының пайда болу, дамып-жетілу эволюциясын тануға, эстетикалық мәні мен ерекшелігін айыруға, әсіресе, халқымыздың рухани шежіресін тарихи сабақтастықта қарауға мұрындық болады» дейді.
Ақ өлең – поэзиядағы ұйқассыз немесе еркін ұйқаспен жазылатын өлең түрі. Әдетте, қазақ поэзиясында ұйқассыз өлең десе, көпшілік оны бірден верлибр (еркін өлең) деп түсінеді. Алайда ақ өлең мен верлибрдің де арасында айырма бар.
Поэзияда форма мен мазмұнның (ойдың) үнемі ізденісте болуы, өзгеруі және дамуы заңды құбылыс. Егер ақындар бір-бірін қайталап, бұрынғы қалыптан шықпай жаза берсе әдебиетте даму болмайды. Әр кезеңнің өз тынысы, өз проблемасы мен өз сұранысы бар. Мәселен, Шалкиіз бен Бұқар жыраудың толғаулары өз заманының үні болса, Абай қазақ поэзиясына мүлдем жаңа мазмұн мен философия әкелді. Одан бері де қазақ поэзиясында үлкен өзгерістер болды, даму болды. Бүгінгі XXI ғасыр ақынының да ойлау жүйесі мен айтар сөзі өзгеше болуы заңды. Алайда осы өзгерістерді бүгінгі қоғам қабылдай ала ма? Осы орайда қаламгер қауымға бірнеше сауал жолдаған едік.
1. Қазір әдебиеттегі жастардың арасында верлибр немесе ақ өлең жазуға талпынып жүргендер аз емес. Мұны дәстүрлі қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп, жаңа ізденістерге бет бұру деп қабылдаған жөн бе? Әлде..?
2. Ақ өлең мен верлибрдің (еркін өлең) айырмашылығы туралы айтсаңыз. Себебі, ұйқассыз жазылған өлеңнің барлығын ақ өлең немесе верлибр деп қабылдайтын болдық.
3. Қазаққа ақ өлең аса таңсық емес. Дегенмен әдебиеттегі бұл жанрды халық қабылдай алмай келеді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ, ақын:
1. Иә, оны ізденіс, жаңарақ жол табуға талпыныс деп айтуға да болады, меніңше. Абай хәкім айтпақшы, «Пәндеде бір іс бар, жалығу деген». Кейінгі жастар дәстүрлі, ырғақты-ұйқасты өлеңнен, таптаурын болған формадан саналы түрде бас тартып, сіз айтып отырған тарапқа тың соқпақ салғысы келеді-ау деп шамалаймын.
Бірақ бәрінің көкейінде «қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейту» деген адал пейіл болса – жақсы. Әркімнің ниеті әртүрлі болуы мүмкін. Арасында әйтеуір атын шығарғысы келетіндер, атаққұмарлықтың айдауымен адасып, қаралай қиғаш жазып жүргендер де болуы ықтимал ғой. Ақ өлең деуге де келмейтін, «верлибр» атын жамылғандай кей шимай-шатпаққа қарап қарның ашқанда, кейде сондай ой қылаң беретінін де жасыра алмаймын.
Бір білетінім: асыл нәрсе азбайды. Әдетте тек тәуір жол ғана таптаурынға айналады. Сондықтан қазақты бәрібір қара өлеңнен ажырату, алыстату мүмкін емес деп ойлаймын өз басым.
2. Алдыңғы жауабымда «Ақ өлең деуге де келмейтін, «верлибр» атын жамылғандай» дегенім бекер емес. Верлибр деген – ешқандай шарттылықпен шектелмейтін еркін өлең деген сөз ғой, білуімше. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп, «жер өртегендей» жосықсыз жазбаны бұрқырату қалай болар екен?.. Авторының өзінен басқа ешкім түсінуі қиын бір шатпақтар кезігеді кейде. Айран-асыр болып отырасың сосын.
Меніңше, ақ өлеңде ұйқассыз-ақ адамды баурайтын, ерек әсер беретін шын сапалы сипат-қасиеттер болуы керек-ақ. Верлибрде де сондай қуатты мазмұн болуы керек шығар деп санаймын.
3. Рас, өзің айтқандай, бізге таңсық болмаса да, қазақтың ақ өлең, верлибр дегенді қабылдауы қиын сияқты. Ол үшін, меніңше, ақ өлеңде, «Онда бір құдірет бар естілмеген» деп Мұқағали айтқандай, жұртты жатырқатпайтын, қара өлеңнен бөлек қандай да бір «сиқыры» болғаны жөн шығар, ал ол авторынан айрықша қуатты дарын-таланты қажет етсе керек. Өте мықты, бай поэтикалық мазмұн болуы керек болар. Басқаша айтқанда, ақ өлең оны оңай олжа көргендердiң емес, шындап келгенде өзiне шын сенгендердiң баратын өрнегi болуы керек секiлдi.
Сонымен қатар ақ өлең, верлибр тәжiрибесі қазақ ақыны мен оқырманы үшін әлі де уақыт сынынан өтуге тиiс үлгі-өрнек тәрізді болып көрінеді маған. Қазіргі жағдайда оны қалам ұстағанның бәрі жаппай жазуға көшетін үрдiске айналдыруға ақ өлеңнiң қиын табиғатының өзi де көне қоймас-ау...

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ,
«Solaqailar» әдебиет және өнер клубы
1. Мұны ешқандай «әлдесіз», жаңа ізденістерге бет бұру деп есептеу керек деп ойлаймын. Өйткені адам жаратылғалы я пайда болғалы бері ештеңе өзгертпей, ұрпақтан ұрпаққа дәл солай аманаттай берсе, жаңа дүниені бойына дарытпаса, бүгінгі игіліктің бірі де болмас еді. Асылы, мен дәстүр деген ұғымның өзіне де осы тұрғыдан қараймын. Яғни, ол дегенің – шартты ұғым (әрине, бұл ретте «тарихи жады», «кие» деген дүниені жоққа шығарудан аулақпын). Әсіресе, өнер атаулыға «дәстүр» деген сөзді тіркеп айтқанда аса сақ болуымыз керек те шығар?.. Әйтпесе, неше ғасырға ұласқан жыраулық дәстүрді жалғамады деп Абайды кінәлай алмайсыз ғой. Сол сияқты, Абайдан кейінгі, бүгінге дейінгі қанша ақынға қалып, мазмұн, образ тұрғысынан барынша ізденіп баққаны үшін, небір соны соқпақ тапқаны үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әлбетте, бұл оқығанның, жан-жағыңа көз салғанның, экспериментке барғанның арқасы. Ал эксперименттің бәрі сәтті болуға тиіс деген шарт жоқ. Керісінше, бір сәтсіз экперимент ертең «дәстүрге» айналар тың дүниенің басы дегенге көбірек сенемін.
2. Бұл сұраққа әдебиеттанушылар жауап берсе дұрысырақ болар. Тек мұны жауаптан жалтару деп ұқпасаңыз екен. Өйткені дәл осы тақырып неше жылдан бері, мақалаларды есепке алмағанда, талай сұхбатқа, сауалнамаға арқау болды. Сол пікірлерді қайталағаннан барақат таппаспын. Одан да мен осы тақырып сөз бола қалса, ойыма орала кететін бір дүниені айтып берейін.
Қайбір жылы, жоғарыда өзіңіз айтқандай, «верливр немесе ақ өлең жазуға талпынып жүрген» бір жас әдебиетші көпшілік ортада өлеңдерін оқып берді. Ұйқассыз жазған екен. Онысын қағаздан қайыра оқып, пікір білдірдім. Оның жазғаны маған ұнамағаны секілді, менің айтқаным оған да жақпай қалды, білем. Сөзбе-сөз не дегенім есімде жоқ, ой, образ, қалып, музыка, эстетика туралы айтсам керек. Ал әлгі әдебиетшім не деп жауап берді деп ойлайсыз? Сөзбе-сөз есімде, «бұл – ақ өлең, еркін өлең, мен өзім білемін!».
Кешіріңіз, жазғаныңыз күнделік бетінде ғана қалса, таласым жоқ, алайда әдебиеттің бір бөлшегі ретінде көпшілікке ұсынған екенсіз, онда «сіз өзіңіз білмейсіз». Ол үшін не жазғаныңызды да өзіңіз білуге тиіссіз. Біріншіден, «ақ өлең» мен «еркін өлең» деген термин – екі бөлек ұғым. Екіншіден, оны бір аяда қарастырғанның өзінде, «дәстүрлі» өлеңге қойылар негізгі талаптар бұл екеуінде де сақталады. Яғни, ой, поэтика, образ, музыка секілді дүниелер аса маңызды. Бар кілтипан – қалып пен тәсілде. Ақ өлең, ұйқассыз болғанымен, қандай да бір қалыпқа бағынады, белгілі бір ырғаққа құрылады. Ал верливр немесе еркін өлеңде мұндай сырт көзге не бір тыңдағанда байқалатын қалып жоқ, ұйқас та, иірім де, ырғақ та өлеңнің ішінде «бұғынып жатады». Меніңше, қаламасам да, сұрағыңызға жауап беріп қойған сияқтымын (дұрысы, ойымды айттым).
3. Осыдан он жыл бұрынғы жағдайды еске алсам, қазір «жалпы оқырман қабылдай алмай жатыр» деп шорт кесіп айтпас едім. Бұл сөзіме өзіңіз айтқан «талпынып жүргендердің» қатары көбейіп келе жатқаны дәлел. Алайда қабылдай алмай жатқандар да аз емес.
Оның бір себебі қаншама идеялар қатар өмір сүре беруге хақылы деген ойға тоқтай алмай жатқанымызда шығар, бәлкім. Бәрін былай қойып, атауына қарайықшы: бірі – «қара» да, енді бірі – «ақ». Сыртқы қалыбы да солай: бірі – ұйқасты да, енді бірі – ұйқассыз. Жадағай түсінікке салсақ, тап бір бір-біріне қарама-қарсы сияқты сезіледі, ә? Сөйтіп, «менің әкем – сенің әкеңнен күшті», «менің анам – сенің анаңнан сұлу» деген секілді балаң ой қалыптасады. Одан әрі ассақ, кейбір елдердегідей, «бір ғана партия болуы керек», «жалғыз-ақ көсем бар, ол ешқашан қателеспейді, оның айтқанынан өзгешерек бас көтерген пікір елді құрдымға жібереді» деген үгіт-насихатқа ұқсайды бұл тірлік.
Тағы бір себебі тарихи жады деп ойлаймын. Мысалы, қарапайым ғана ауылға барсаңыз, «өлең айтшы» дейді. Оған «өлеңді айтпайды, оқиды; ән айтады» десеңіз, сізді жақтырмай қалуы мүмкін. Өйткені олардың алдындағы өзі көрген буын «өлең айт» деп сөйлеген. Кезінде жыраулар жырларын қазіргідей оқып бермеген болар, мақамға салып айтқан шығар? Ал ата-бабамыз әлдиден бастап, жоқтауға дейінгі жырлардың қайсысын тақпақтатып оқыды дейсіз, айтты, айтқанда да ұйқастырып айтты, жұрт соны өлең деп білді. Ал енді оған «ұйқаспайтын, ырғаққа бағынбайтын өлең болады» деп сендіріп көріңізші.
Міне, меніңше, осы екі жайт себеп. Және, олардың қабылдамауға хақы бар. Дей тұрғанмен «әдебиет – әдебиет үшін»; оқырман өзіне керегін оқиды. Егер қандай да бір жазарман «былай жазсам оқырман түсінетін шығар» деп, мәтінін былайғы жұрттың «идеял өлеңі» қыламын деп қолына қалам алса, онда жазып отырған – автор емес, көпшіліктің өлең туралы түсінігі. Ал түсінік айнымалы келеді. Әрине, бүгінгі әдебиеттануда «оқырман да – мәтін тудырушы» делінеді. Әйтсе де оқырман мәтінді өз танымымен байытуы үшін де әуелі автордың «мені» бар дербес мәтін өмірге келуі керек емес пе!

Әлия ІҢКӘРБЕК, ақын:
1. Әрине, әдебиет те өнердің кез келген саласы секілді түрлі тәжірибелер мен ізденістерді қажет ететін «тірі организм». Ол уақыт пен кеңістіктегі жаңалықтар мен өзгерістерге ілесіп, дамып, кейде шарықтау шегіне жетсе, кейде құлдырап отырады. Бұл құбылысты жасайтын қаламгер, суреткерлер. Жаңа ізденістер барысында ақын тіпті өзі де байқамай өлеңде эксперименттер жасауы мүмкін. Мәселен, түрік поэзиясындағы ақ өлең эволюциясы бірнеше этаптан тұрады. Алдымен, ұйқас пен тұтастығын сақтаған ақ өлең, сосын ұйқасы жоқ бірақ ішкі ырғағы бар өлеңдер болса, кейін ұйқас та, ырғақ та жоқ еркін өлеңдер болған.
2. Жоғарыда түрік поэзиясының мысалында айтқанымдай, ақ өлең буын саны мен ішкі ырғаққа негізделсе, ал верлибрде нақты ырғақ өлшемі де жоқ, тармақтардың ұзындығы әртүрлі. Дегенмен, қаламгердің жан тебіренісі мен ой ағыны ұйқасқа бағынбай арнасынан асып-төгіліп жатса туындының формасы маңызды емес кездер болады.
3. Мұның себебі – «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім, Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген». Сосын Мұқағали тағы да:
«Іздемпаздық менің де бар өнерім,
Будан жасап бидай мен тары егемін.
Қазан-миым бәрін де қайнатады.
Дара қойып қазақтың қара өлеңін», - дейді.
Зерделеп оқитын болсақ осы эксперименттерді меңзеп отырғандай. Мен де қанша жерден ақ өлең, еркін өлең болсын қара өлеңді дара қойғым келеді. Ақ өлеңге қарсылығым жоқ, бірақ өлеңде ұйқас пен сол ұйқасқа біте қайнасып жатқан арпалыстар болуы тиіс!
