Қай халықтың да қадір тұтары - өзінің сөзін сөйлеп, кегін қуар ақыны мен батыры. Екеуі де тек халықтың ғана бойынан табылар сарқылмас жігер мен шабыттың, сана мен сабырдың, тәуекел мен арманның түлегі. Екеуі де жұртын елдікке бастаса, қайсыбір жұмыр басты пенденің болсын өресі жетпес ерен ерлікке, кемел кісілікке бастары хақ. Екеуі де тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кемсіз пішер кемеңгер ақылдың көрінісі [1,25 б]. Ал, осы екі қас қасиет те бір басына сыйып, бағына біткен қазақ елінің асылы,ақберен ақыны-Махамбет Өтгемісұлы.
Азаттық үшін алысқан, елі үшін егескен арыстан бабамыз Махамбет Өтемісұлының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Рухы биік жырлары ақынның атадан туған аруақты ер екенін дәлелдей түседі. Тарихшы ғалым Тілекқабыл Боранғалиұлы өзінің «Ғасырдан тәбәрік» атты еңбегінде: «Қазақ жырының ой-санасы – Абай, ар-намысы – Махамбет. Абайдың ғибратымен, Махамбеттің жігерімен еңсе тіктеген әлеуетпіз. Бірі-рухани ұстазымыз, бірі-рухты ұранымыз» деп, Махамбеттің өзгеше жан екенін сөз етті.
Жалынды ақын,намысшыл ержүрек жауынгер өзінің қысқа да жарық отты өмірін жан тəнімен халқына арнап,еркіндік идеясы мен əділеттілікті ұран етіп,найза ұшын,қалам құдыретін шебер ұштастырды. Махамбет көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шарқырап тұрып қоштасқан соңғы үні. Жалына қол тигізбейтін көшпелілердің қыл сағағын тағдыр тұзағы қылқындырған сəтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серпігендей. Қазақты ұлт ретінде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелілер мəдениетінің буырқанып келіп жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет тəрізді. Егер, Қазақ халқының рухани үрдісін кең аяда тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Көне Түркі ескерткіштерінен Қорқыт пен Асанқайғыдан бастап, Шалкиіз бен Қазтуған, Ақтамбердіге дейін жалғасып, ақыр аяғында Махамбетке келіп тірелетін жорық жырауларының бір-бірімен ғасырлар ойнауынан сабақтасқан жалынды үнін анық естуге болады. Махамбет – жорық жырауы. Сол Ұлы бабаларының дəстүрін жалғастырған, рухын сөзімен емес ерлік ісімен көрсеткен батыр-жырау. Ауыз əдебиетінің тереңінен сусындаған, өзінің бойына халықтық дəстүрді терең сіңірген Махамбет Өтемісұлы Исатай Тайманұлы бастаған халық көтерілісінде маңызды рөл аткарды, ол өзінің өлеңдері арқылы халықты патша өкіметі мен хандардың езгісіне қарсы күреске шақырды. Махамбеттің өлеңдері бостандық пен əділдікті, халық көсемдерінің батырлығын қалың халық бұқарасына паш ету мақсатында жазылды [2,132 б].
Махамбет шығармалары - бұқара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. «Мұнар күн» жырында ол ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Біртіндеп садақ асынбай», «Арғымақ, сені сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Азамат ердің баласы», «Қара нар керек біздің бұл іске», «Еменнің түбі - сары бал», «Жалған дүние», «Еріскедей ер болса», т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген. «Халық қозғалса, хан тұрмайды тағында» дейді ол отты жырларында. Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы Исатай батыр. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», «Соғыс», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды. Өз халқын, елін, жерін сүйген нағыз ердің басты мақсаты-ел басына күн түскенде «Ереуіл атқа ер салу, егеулі найза қолға алу...» еді. Бойына туа біткен қайсарлығы арқылы досы Исатаймен біріге отырып, тәуелсіздік туын алғаш көтерді. Елінің азаттығы үшін ақберен ақын қаһармандық қасиеттерін ұрпаққа үлгі етті, өзінің өткір тілді өрен жырларымен оларды күреске үндеді. Күрес-Махамбет поэзиясының негізгі тақырыбы болып табылады. Ол қазақ әдебиетінің ұлы мұхитындағы өзгеше бір сырлы арал. Өзінің «Мұңайма» өлеңінде хан әскерлерінің халыққа көрсеткен қиянатын айта отырып, жасымауға, берік болуға шақырады.
Ақ жұмыртқа сары уыз
Әлпештеп қолдан өсірген
Туған ұлдан не пайда-
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір ақ тусайшы
Халықтың кегін қусайшы
Артымыздан біздердің
Ақырып теңдік сұрарға...
Міне, Махамбет ақынның осындай рухты, алмастай өткір жырлары халық санасына сахара тұрмысының мәңгілік алауындай шуақ беріп, жігерлендіреді, намысын оятады[3,145 б].
Махамбет – ғасырдан-ғасырға жалғаса беретін, уақыт өткен сайын қын түбінде жатпас алмас қылыштай жарқырай беретін тұғырлы тұлға. Махамбетті білмейтін қазақ жоқ. Бірақ, бұл оның адами болмысы мен айбалта-жырын көзге елестетіп, тілге оралтумен шектелмейді. Бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз десек те, Махамбеттің жүрегін кескілеген намыс пен күрескерлік бізге қазір де қажет. Өйткені, арын таптатқан, рухын төмендеткен елдің болашағы бұлыңғыр. Əбіш Кекілбаев Махамбет туралы жазған «Шандоз» атты еңбегінде оның «табиғаттан қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай аса сирек кездесетін құбылыс» екендігін айта келіп: «Ондай құбылыс тек қазақ түгіл, барша адамзаттың ғұмырында да көп кездесе бермеген. Махамбет - кəдімгі он екі жілік, бір мығым жұмырбасты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы», - деп жазған еді [4,96 б]. Ал, Махамбеттің ақындығының ерекшелігі оның ақындығы күрескерлікке ойшылдық жəне философиялық сипат берді, оның үстіне Махамбет - мықты психолог ақын. Ақын өлендерінің негізгі тақырыбы — теңдік пен бостандық, əділдік үшін күрес, қанаушы отаршылдық жүйеге қарсылық болып келеді де əрқашан жігерлі асып-тасып жатқан асқақ рухпен көмкеріледі, оған көне дəстүр бойынша философиялық терең толғамдар, пайымдаулар сабақтасып отырады. Оның өлеңдері көтерілісшілер үшін бір жұтым ауа сияқты қызмет етті.Махамбет өлеңдерінің бір сыпырасы балалар мен үлкендерге бірдей ортақ мұра. Ерлікті дəріптейтін шығармаларды көп.Біз келешек ұрпаққа əрқашан патриоттық күш-қайрат беретін, өздерін жігерлендіре түсіру үшін осындай батыр аталарымыздың болғаның ұмыттырмауымыз керек.Қазіргі таңда біздің патриоттарымыздың еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық идеяға баулысын десек оларға Махамбет атамыздың өлендерін,шығармаларын бойларына сіңірту керек. Махамбеттің « Ереуіл атқа ер салмай », «Тарланым», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі», « Ерлердің ісі бітер ме?», «Қызғыш құс» деген өлеңдері балалардың ойына қозғау салатын, патриоттық рух беретін, оң мен солын танытатын тəрбиелік күші басым. Ер Махамбеттің өршіл өлеңдері өскелең ұрпақ үшін əке қанымен, ана сүтімен бойға дарыған рух күшіндей əсер етеді. Қазақ əдебиетінің Мұхтар Əуезовтей дарабозының төл шəкірті атанған сөз зергері Зейнолла Қабдоловтың «Махамбет деген ардақты, əрі аяулы есімнің өзі – өмірдегі қасіреттің синонимі, өнердегі қасиеттің символы»,-деп алдаспан жырымен ел рухын оятқан ақын туралы толғануы да сол себептен. Махамбет ақынға арнап жазылған көптеген шығармалар бар: алдымен қазақ поэзиясындағы Ы.Шөрековтің «Исатай-Махамбет» дастаны, Ж.Молдағалиевтің «Кек», Ж.Нəжімеденовтің «Жаңғырық», Ə.Кекілбаевтың «Махамбет», М.Шахановтың «Нарынқұм трагедиясы», Ф.Оңғарсынованың «Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім», М.Неталиевтің «Арыстан еді-ау Исатай» поэмалары, Қ.Бекқожиннің «Махамбет қабірінің басындағы тебіреніс» атты толғауы. Қазақ əдебиетінің барлық жанрларында арынды ақын, алдаспан жырдың дарабозы əрі батыр, əрі ту ұстаған қолбасшы Махамбет Өтемісұлы туралы шығармалар аз жазылған жоқ. Сонау ақын Ығылман Шөрековтен бастап бүгінгі суреткер қаламгер Зейнолла Қабдоловқа дейінгі қалам ұстаған дарындардың барлығы бұл қасиетті тақырыпқа ат басын бұрмай өте алмаған.Бұл туындылар Махамбеттің күрделі тұлғасын көркемдік тұрғыдан жинақтауда, сол тұстағы қазақ басына түскен бодандық, патшалық Ресей империясының қазақ даласында жүргізген отарлау саясатының қанқұйлы көрінісі, сонымен бірге ел ішіндегі, ағайын арасындағы зұлымдық пен сатқындық үстемдік құрған заман шындығын шынайы жеткізуде жазылған туындылар.Заманымыздың дүлділ компазиторы ұлы Нұрғиса Тілендиевтің Махамбет атты драматизмге толы миниятюралық симфониясында өршіл ақынның текті бейнесі, қайрат жігері, отты поэзиясы асқар шеберлікпен көрсетілген[5,275 б].
Махамбет аңсаған азаттыққа қол жеткізген халқымыз ушін енді ақын мұрат еткен азат ойдың биігіне ұмтылу, шынайы демократиялық қоғам орнату парызызымыз. Махамбет – ғасырдан-ғасырға жалғаса беретін, уақыт өткен сайын қын түбінде жатпас алмас қылыштай жарқырай беретін тұғырлы тұлға. Махамбетті білмейтін қазақ жоқ. Бірақ, бұл оның адами болмысы мен айбалта-жырын көзге елестетіп, тілге оралтумен шектелмейді. Бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз десек те, Махамбеттің жүрегін кескілеген намыс пен күрескерлік бізге қазір де қажет. Өйткені, арын таптатқан, рухын төмендеткен елдің болашағы бұлыңғыр. Махамбет ұлттық тұлға оның батырлығын ақындығын күйшілігін азаттық жолындағы күрескерлігін болашақ ұрпақтың санасына сіңетіндей етіп дəріптеу керек. Махамбет сияқты батыр да ақын бабаларымызды ешкашан жадымыздан шығармауымыз керек. Біздің болашағымыз үшін күрескен Махамбет атамыздын рухына басымызды иіп, еліміз үшін курескені үшін елімізді одан əрі көркейту керек. Батыр бабаларымыздың аңсаған арманы еліміздің азаттығын алу болған еді,соны жадымыздан шығармай, əрқашан мақтан тұтып, болашақта елімізді көркейту – бізге парыз.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Махамбет Өтемісұлының өмірі мен қызметі туралы қысқаша очерк.
2. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия-Алматы: «Арыс» баспасы 2002 ж.
3. Қадыр Жүсіп. Махамбеттану мәселелері. Алматы. Асем-систем. 2003 ж.
4.Майтанов Б. Махамбеттің автопортреті //Қазақ әдебиеті. -12.09. 2003
5. Қазақстан тарихы.очерктер- Алматы.1994ж
5. SZH.KZ cұрақ жауап сайты. www.atr.kz.
Сейсембай Г.А., аға оқытушы
Дәулетхан Бердігүл, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенті, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай, Қазақстан
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.