Абаданның азуы
(очерк)
Бейсенбі күні газетіміз қолымызға тиіп, өзіміз шығарғанды өзгенің көзімен қайта қарап отырған назарымызды телефон шылдыры бөліп жіберді.
– Алло!
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумәсәлем!
– Оралдан хабарласып тұрмын. Амангелдінің ұлы Мәди боламын...
Әңгіменің төркіні түсінікті. Ата-бабаларының қонысы «Аю» қорымына қарай жолға шықпақшы. Лажы болса, жолсерік болуымызды қалайды. Оң сапар дедік.
Мизам шуағы
«Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, ескіше айтқанда қазанның орта тұсы еді. Жаздың аптап ыстығының беті қайтқалы біраз өтіп, дымқыл тұман да жерді басып үлгерді. Алғашқы шық түсті. Шіркін, ол таңғы сәулемен шағылысқанда далаға күміс моншақ шашылғандай есіңнен танып қаласың. Оның үстіне өсімдіктерден бөлініп шығатын ұшпалы ақ сілбе еркеккөк, жусанның бұтағына іліне сырғадай тағынып тұр. Өрмекшінің мамығы күзгі дымқылмен қылтия көтеріліп, даланы көк-жасылға бөлеген қоңырбастың үстіне төселген ақ текемет іспетті. Жерді жайнатып жіберді. Суреттеуге сөз, көруге көз керек. Аңқыған жұпар иісіне мейірің қанбай, жұмақ деп жүргеніміз осы шығар дейсің. Тіпті мейірің қанса, жұмақтан да мін іздеуіміз мүмкін-ау. Кім білген, ол сонысымен де жұмақ шығар? Әйтеуір алысыңды алдыңа әкеліп, сонадайда іннен шыққан суырдай жертөлесінен шыға шәлісін орағыта байлап, ошаққа қарай омақаса бара жатқан көрші қатынның қимылы, иесінің итіне ас беріп жатқаны анық көрініп, күздіктегі жұрттың дауысы құлағыңа сол күйі жететін. Осылайша бір сәттік таңғы сағым күн ұзарған сайын қашықтап, бәрі көзден ғайып болады. Осы бір өліара шақтың құпиясын ашқан жан бар ма екен, сірә? Міне, осындай сырға толы шашу шуақты кезеңді қырдағы жұрт «Мизам шуағы» деп атайды.
Ата-бабаларымыз айналадағы болып жатқан табиғаттың құбылысына қарай ауа райын болжап отырған. Ақсақалдардың айтуы бойынша, мизам шуақта ауа райы жақсы болса, күз суық болады, ал егер керісінше суық болса, қазанның соңғы күндері және қараша айлары құрғақ болады деп болжам жасайды екен.
Сонымен біз жайғасқан көліктің алдында жол бастаушы Жақсылық Дінмұхамедұлы және Құрақтың ұлы Ғұмар қарт бар екен. Ал делбеде – «Әке аманаты» атты кітаптың авторы Амангелді Құрақұлының баласы Мәди ағамыз. Аман-саулық сұрасып, жол бөгемей Индер-Миялы жолымен Қарабауды бетке алып келеміз. Бұл жерде Құрақ Бектұрғановтың інісі болғандықтан Жақсылық ағамыздың жолы үлкен. Жұқалтаң келген сабырлы ағамыз Ақжайық ауданының орталығында тұрады. Өмір бойы инженер-механик мамандығына адал болып, содан нәпақасын тауыпты. Ал саулық сұрап отырып сөз сауғанымызда Ғұмар ағамыздың қажылыққа барып келгенін, көне кітаптарды көп оқыған көкірегі қазына екенін байқадық. Бізге Махамбеттің мәйітін тауып берген Құрақ қартты осы кенже ұлы Ғұмар Жымпитыда Алланың ақ жолына аттандырыпты.
Жолшыбай біз 1771-1857 жылдары өмір сүрген қазақтың ата билерінің бірі Бөкен бидің 1995 жылы салынған мазарына жол сілтейтін белгіге аялдадық. Әділ бидің қарапайымдылығы сол аттың желі бар деп өмір бойы өгіз мініп өтіпті. Міне, сондықтан қарапайымдылықтың үлгісі ретінде жол бойына бидің өгізіне арнап ескерткіш соққан. Арнайы аялдап, Ғұмар қарт бидің аруағына құран бағыштады.

Қамыс баулап, Қарабау атанған
Көп кешікпей 1952-1959 жылдары Қызылқоға ауданының орталығы болған Қарабау ауылына келдік. Бүгінде жай ғана ауыл көрінгенмен архив шаңын үрлеп қалсаң тарихы бойлай алмайтындай терең. Бұл өңірде сармат дәуіріне тиесілі тарихи қорғандар мен жәдігерлер кездеседі. Ана жылдары сол ескі қорғанның бірінен 2,5 жыл бұрын жерленген алтын әшекейлі адамның мүрдесі табылды. Айналасы 25-30 шақырымдық радиуста ерте орта ғасырлар мен одан да бұрынғы кезеңдерге тиесілі мәдениеттің болғанын дәлелдейтін Жұмай, Қызылқоға, Саркөл, Қорғанша, Мән, Ақтөбе, Бармақ және ескі Қарабау сынды қалашықтар кезінде Ұлы Жібек жолының бір тармағында орналасып, сауда-саттық орталығы қызметін атқарған.
Сондай-ақ бұл өңір қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың да бел ортасы болған. Соның әйгілісі Исатай-Махамбет көтерілісінің іздері сайрап жатыр. Атақты би, әрі жырау Есет Қараұлы, Мұрат Мөңкеұлы, «Исатай шоқысының» маңындағы ақын Ығылман Шөреков пен Нұрым Шыршығұлұлының қыстаулары, Есентемір Еспай күйші айта берсе, бәрі-бәрі бір-бір дастан.
Бүгінде Қызылқоға ауылдық округіне қарасты Қарабау ауылында 1400-дей тұрғын бар. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалыпты. Айталық, 300-ден астам оқушысы бар мектебі, 100 балалық бақшасы болса, 300 орындық мәдениет үйі салынып жатыр. Жерасты мөлдір бұлағы әр үйде сарқырап ағып жатыр. Жолы жөнделуде, газ, тоғы кідіріссіз. Жері құнарлы қарабаулықтардың негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. Ертеректе қамыс баулап, аула тұрғызып күнелткендіктен жұрт Қарабау атап кетіпті деген әңгіме бар.
Дәурен ай..
Міне, осы ауылдан қатарымызға қосылған Бердімұрат Төлеуғали атты құла жүзді, қайың қаптал, сергек азамат одан әрі жолсеріктік міндет атқарды. Талай ұлт қамы үшін арып-ашып қуғын көрген арыстарымыздың ойынан кетпей: «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда» деп сағынышына айналған Ойылдың бойын жағалап келеміз. Төскейден құлаған төрт түліктің суаты. Күнбағыстай күнгейге маңдайын тосып Зеңгібаба тұқымы жатыр. Күз айының да таусылуы таяғанмен әлі жауын жоқ. Қураған құрғақ шөптен таңдайы кепкен жылқы байғұс өрісінде жата алмай айдауға түскен. Анау суаттан шыға дамылдап тұрған көк айғырлы үйірдің шаршаңқы күйі соның белгісі. Ұзына бойы өзеннің 2-3 шақырымы Қаратерең деп аталады екен. Оның да өз мәні бары белгілі. Қара жол бізді әрлі-берлі шайқап, Өмірқора қыстауының тұсынан әрі өткенде осы өңірге қарасты баяғы Энгельс совхозының «Жауқазын» және «Жалын» комсомол жастары бригадаларының қонысы көрінді. Қайран жастық шақ-ай! Мектептен жаңа шыққан жауқазын-жастарды екі жыл еңбек етіп барып оқуға түсу әдісін қолданған совет өкіметінің бұл да бір жоспарлы саясаты. Бозбала мен бойжеткен қой баға жүріп, кітап оқып жарысып, ән айтып, Қызыл ту бұрышында саяси хабар тыңдап жатса, кей жастар жол тауып жолға түсіп, ананың басты арманы орындалып жататын. Ертесіне бір отар қой алып, еңбек майданына біржола аттанады. Сол мезгілдің куәсі саман тастан салынған үйлерді жауын мүжіп, жермен жексен болыпты. Әр тасын сөйлетсең ай-хой дәуреннен сыр шертіп қоя беретіндей. Иә, ызғыған көлік біздің ойымызды орта жолдан үзіп, алға тартып барады.
Айтпақшы, осы маңда бұрын Жарсуат ауылына қарасты Жамбыл совхозының 3-ші фермасының орталығы Сармайшағыл да (Бұқар) бар. Ол ауылға талай ат ізін салғанбыз. Жер Қызылқоға ауылдық округіне қарасты болғандықтан, біржола солай өткен қазір. Әрине, айнала ауылдың бөтендігі жоқ қой.
Тоқпақ құйрық торы айғыр
«Қоғалы көлдер, қом сулар, кімдерге пана болмаған» деп батыр Махамбет жырлағандай кедір-бұдыр қоғалы көлдердің табаны көлігімізді едәуір кідіртіп, бастырар емес. Сонда да қиялап өтіп келеміз. Жаңа жол, күре жол, ыспа жол түгілі көлденең кездесетін жолда емес емескі жолмен ептеп келеміз. Ескілікті іздеген адамның нақ жолы осы. Жер от екен. Сонадайда шабындыққа шалғы ойнатып, пішен шауып жүргендердің қарасы көрінеді. Әр жерде домаланған бумашөп. Әзірге жаңбыр жаумай, күн райы көмектесіп тұр. Әйтпесе пішен дайындаудың науқаны аяқтала келді. Жусаны, ебелегі, еркекшөбі, сортаңы аралас малға азығы бар пішен болатын түрі бар.
Мал қоңды. Түйе ұстаушылар жоқ па, әйтеуір ойсылқара тұқымы көзге шалынбады. Есесіне анадайдан үйірін қайыра ойқастап бізге айбат шеккен құйрығы тоқпақтай, жалды торы айғыр ғана осы даланың патшасындай көрінді. Үш ондықтың басын құрайтындай қалың үйірінің өзі оның мінезін көрсетіп тұр. «Сендер кімсіңдер?» дегендей біразға дейін тік қараған күйі шығарып салды. Мұндай бөрі жортатын иесіз далада осындай айбарлы айғырлар болмаса, осалға үйірін аман сақтап қалу мүмкін емес. Әр даланың өзіне сай мінезі қалыптасатыны да заңдылық. Тым-тырыс дала. Әр жерден ұшып-қонған торғайлар ғана жарыса-жарыса қалады. Аракідік топтан бөлінген қарға ғана кездеспесе...
«Аю» қорымы
Әне-міне деп келе жатып, сор жағасындағы шағын төбедегі «Аю» қорымына келдік. Жалпы қауымға құран оқылған соң аралай бастадық. Екі ғасыр бойы уақыт мүжігендіктен биік тұрғызылған мазарлар құлаған болу керек. Кейбір үйінділер соның көрінісі. Ал осы «Аю» туралы шежіреде шешімді әңгіме айтылмайды. Алайда Дендер тауының етегі Беріш-Есенғұл-Төлес бөлімінің бір аталығы Аю деген кісінің есімімен аталған. Сондай-ақ Бөдененің тоғайында Тартүбек, Аю деген жер бар. Енді бұл аю кім? Бұл енді бөлек әңгіме.
Ғұмар қарт көзі жеткен құлпытастағы жазуды оқи бастады. Кенет: «Ай, мында келіңдер! Мынау Бектұрған атамыздың құлпытасы» деп еді бәрі сол жерге жиылды. Қайта құран оқылды. Жалпы бұл құлпытасты атыраулық өлкетанушы Фархат Байдәулет оқыған еді. Атақонысқа алғаш келген ұрпақтары арғы аталарының жерленген жерін тауып, тағзым етті. Әсіресе бабасын талай іздеп шығып жүрген Нұрлыбек Мәдиұлының қуанышында шек жоқ. Күрегін алып келіп, жазуын түгел қарау үшін құлпытастың түбін қазып еді: «О, ғажап!» абаданның азу тісі шықты. Заманында азулы би болған Бектұрған бабамыздың басынан мұндай түз тағысының тісі жатуын қалай жоритынымызды білмей аң-таңбыз. «Ай, екеуі де даланың жыртқышы ғой» дестік. Иә, Исатай мен Махамбет көтерілісінде «Ағатайлап» жауға тиген Бектұрғанның өзі абадан емей немене, азулы емей немене?! Бөрібайрақты түркінің тұқымы деп барып, ой қызуына сабырдың суын бүркідік. Осы сапарға мұрындық болған ұрпақтарының бірі Құрақов Ыбырай айналаны өлшетіп, болашақта қоршау жайын әңгіме етті.
Бектұрған туралы білеріміз аз
Жалпы Бектұрған Қаламбайұлы туралы өлкетанушы марқұм Мәжит Мұқтаров: «Ер туар ма бұлардай?!» атты тарихи танымдық шежіре кітабында жазған еді. Сол Бектұрған әрдайым Махамбет жанында болып, көтеріліске бір кісідей қатысқан деседі. Осы жерде дәлелді болу үшін Амангелді Бек-Құрақтың «Әке аманаты» кітабынан үзінді келтірейік. Онда автор атасы Дінмұханбет пен әкесі Бектұрғанов Құрақтан естіген әңгімелерінен сыр шертеді.
Махамбет батыр өлерінен екі-үш ай бұрын арғы атам Бектұрғанға келіп:
«Аға, жаман түс көрдім, түсімде өз басым өзіме келіп, үш рет «қапы, қапы», деді, сірә, Баймағанбет сұлтанның жендеттері маған қате жасайтын болар», дегені – тарихи шындық. Осы Бектұрғанның Тоқа, Жақа деген інілері Исатай-Махамбет көтерілісінде мерт болыпты.
Атам: «Махамбет, сен ел арасына кел. Сол баяғы бәйге аттарымыз белдеуде, ал өзің соқтырған семсерлеріміз жігіттердің жамбасының астында. Тек сенің «Ағатайлаған» ұраның ғана жетпей тұр», дейді.
Батыр аңғал келеді деген, ол шақырған туыстарының ортасына келудің орнына, уақытша бажасы Асаубайдың мал жайылымының шетіне жол бойына көшіп келеді. Сол күні Асаубай Махамбетті шақырып қонақ етеді. Кетерінде батыр: «Ертең түске біздің үйден шай-су ішіп, қонақ бол. Бірақ мен саған қой сойып, қонақасы бере алмаймын. Өзің білесің, мендегі жылқы малы мен түйелер ғана», дейді екен. Міне, осыдан әрі Махамбеттің тағдыры белгілі.
Бізге жеткен мәліметер бойынша Бектұрған атамыз қасында Махамбеттің бажасы Асаубай бар жасырын жерлеп, үстінен мал айдап із қалдырмайды. Қатыгездер мүрдесіне де тыным бермес деген күдік. Осы жерде Ғұмар қарт Бектұрғанның бозбала шағында Ардаби деген бидің үйіне түсіп, оған бірнеше сұрақ қойып, ақыры сөзден жаңылдыратыны жөнінде ел ішіне тараған әңгіменің шетін шығарды. Осының өзі Бектұрған бидің кім болғандығын айқындай түседі. Мұндай әңгімелер бізге әлі жетпей жатыр.
Қорым басында индерборлық Нұрбек Кеңес аймақ тарихына қатысты біраз әңгіме өрбітті. Содан соң кері қайтудың қамына кірістік.
Қарабала мешіті
Жаңағы әсерден кейін әркім өз ойымен әуре болып кетті. Әсіресе әлгі құлпытастың түбіне көмілген тіс жайы маза берер емес. Тып-тынышпыз. Кенет анадайдан көрінген мазар ғана назарымызды аударып, ендігі мәслихат солай қарай ауысты. Үш көлікке жайғасқандар тегіс түсіп, құлағымызды Ғұмар ағаның құранына түрдік. Содан соң сұрағымызға жауап іздейміз ғой. Бұл жерде он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында Байұлының Беріш-Қаратоқай атасынан тараған діндар әрі беделді тұлға Қарқаралыдан білім алған Қарабала Есенұлы (1850-1932) мешіт салып, бала оқытқан. Өкінішке қарай Совет өкіметі жаппай қуғын-сүргін ұйымдастырып, қазақ халқының көзқарақты адамдарының бәрін құрту әрекеті кезінде бұл кісіге де жазықсыз жала жабылып, 1932 жылы ату жазасына кесілген. Ал мешіт түйе қораға айналып, ақыры өртеніп құлаған.
Сол Қарабаладан Қабдырахман, Ғабдолкәрім, Нұрман және Жәміш пен Балқия атты екі қыз дүниеге келген. Қабдырахман да қуғынға ұшырап, 5 жыл бас бостандығынан айырылып, жер аударылған. Ал Ғабдолкәрім болса, Уфадағы Ғалия медресесін бітірген. Ол да халық жауы деген жаламен атылған. Алайда асыл тұқым тасты да жарып шығатынындай заман өзгеріп, ұрпақ өсіп, ел есін жиған кезде ата-бабасын таппай қоймайды. Сол ұрпақтарының бірі Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин есімі бүкіл Қазақстанға мәлім. Сол жерге тарихи ескерткіш белгі орнатыпты. Қарабау ауылында да мешіт бар.
Тағы бір айта кететін нәрсе, бұл киелі жерде ақын Мұрат Мөңкеұлы дүниеге келген. Осы маңда Барақат құлағы, Мән деген кісінің атырабы бар.
«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген…
Зауал ауар шақта Қарабау ауылына жетіп, Бердімұраттың құтханасына аялдадық.
– Үйге кіріңдер! Қонақ болыңдар, – деп әуре қонақжай қожайын. Қара домалақ Ермұрат пен Бимұрат та бірінен соң бірі жүгіріп шығып амандасып жатыр. Сүтқайнатым уақыт өтер-өтпесте жұбайы Әйгерім әсем дастарханын жайнатып үлгерді. Алагөбеңнен нәр татпай әрі жолсоқты болған соң, оның үстіне ауылдың дәмі ыстық тамаққа буынымыз босап, кәдімгідей құмарланып кетіппіз. Қолдың сары майы, қаймағы мен тары-талқаны, қазы-қартасы, құрт-ірімшігі, шіркін, барын қонағына алып шабатын айналайын атажұрттың ақ көңілі-ай. Ала сиырдың сүтімен демделіп, буы бұрқыраған күрең шай шаршағанымызды басып, маңдайдан тер бұрқ етті. Берекелі отбасының иесі Бердімұрат бұрын Сармайшағылда (Бұқар) тұрған. Қазір ауылға қоныстанып, кәсібін өркендету қамымен жүр. Епті жанның Сармайшағылда да шаруашылығы сақталыпты.
Айтпақшы, «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген дастархан басында енді-енді тәй-тәй басып, ұмтылып жүрген сәбиге көзіміз түсіп, «Тіфә, тіфә» тұсауын кесіп жіберсе... деген сөзімізді үй иесі қағып алып: «Соны қалап отырмыз. Бірақ қалай айтарымды...». Әп, бәрекелді, ендеше...
Шай дастарханы тұсаукесер тойға ұласты. Осы өңірдің тектісі Бектұрғандай қасиетті бабамыздың ұрпағы Ғұмар қажыға қолқа салып, жіп есіліп, кішкентай Арматтың тұсауы кесілді. «Жаңағы бабаларымыздың аруағы қолдасын. Сәбидің қадамы құтты, өмірі ұзақ болсын» деп бата берді көкеміз. Бұл да бір құдай қалап, аруақ қолдап ұштастырған қазақтың бір салт-дәстүрі еді. Осындай қуанышты сәттен соң Бердімұраттай уәдесіне берік азаматқа ризашылығымызды білдіріп, кезекті жол ақысы – жүруге бердік.
Осылайша талайға тағдыры жұмбақ мынау ұлан-ғайыр даланы ат үсті білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған есіл ерлердің басына тағзым еттік. Топырағына аунап, рухтандық. Қайтардағы қалың ойда: «Осы біз не бітіріп жүрміз?» деген сұрақты өзімізге көлденең қойдық. Әйтеуір, бір күрсіністің бары рас.
Абаданның азуын айтам...
Жанай АМАНТУРЛИН
(фотосурет автордың жеке қорынан).
