«...Ақжан, Әлім, Қарабек және Тасбол бір майданға аттанады. Бұларды Мәскеуден кейінгі Сталинград майданына салды. Курскі доғасын көрді. Днепрді кешіп, қиян-кескі шайқастардан дін аман шығып, Балтық теңізі бойындағы елдерді жаудан босатуға қатысты. Осы соғыстың бәрінде оқпанада, траншеяда бұғып отырған Тасбол әскер Еуропаға аяқ басатын тұста Чапаев дивизиясынан және НКВД-дан танитын ескі танысы майор, Оралдың казагы Исай Кудинді кездестірді. Тасбол Бөлекбаев елге осылай, өзінің ескі танысы орыс-казак Исай Кудиннің көмегімен оралды. Соғыста болды дегені болмаса, бір тірі немісті көрместен елге қайтты. Есесіне омырауы орден-медалға толы. Елге кетерде майор Аркадий Александровичтің папкісінен құпия құжатты ұрлап алып, оқып, айыпталушы тұтқындардың барлығы, оның ішінде 58-ші баппен сотталғандар, яки «Халық жауы» аталғандарды атып тастау, туралы бұйрықтың бар екеніне көзін жеткізді. Папкіде мұндай құпия құжаттың көшірмесі де жүр екен. Тасбол сол көшірмені екі бүктеп, қалтасына басты» дейді, романда. Мансап пен байлық үшін өз халқына өзі жау болған алаяқтық жасаудың әккісі Тасбол осындай жолмен Жуантөбе ауылына оралып, өзін өзі батыр атап, қызыл сөзбен елді алдап, баяғы өзі бақталас болған Ақжандардың артында қалған Ақжібектің соңына қайта түседі. Бұл кезде, түрменің ауыртпалығын бірге көрген, қандыкөйлек жерлестері өмір мен өлім ортасында жүрді. Рейхстагты алу шайқасында атақты қолмерген Ақжан, қолына дүрбілі мылтық бермесе де қарапайым винтовкамен-ақ немістің атақты сұр мергені Клаусты далалық тәсілмен қапы қалдырып атып өлтіреді. Оның бесаспап қаруын қолға түсіріп, енді қалған екі қауіпті мерген Ханс пен Курттің көзін жою үшін аңдысқа түседі. Романда: «...Қара түтіннің арасынан Қарабектің әр қимыл қозғалысын қалт жібермей баққан үңірейген ұңғыкөз ажал оғын атуға сәл тұр. Ақжан да винтовкасының оптикасы арқылы болып жатқан жағдайды қалт жібермей бақылауға алған. Жаудың снайперлерінің жасырынған ұясының қай жерде екенін анық білмесе де олардың Қарабек пен Әлімді көздеп жатқанын сезіп, болар сұмдықтың қайтсем алдын аламын, деп жаны күйген. «Не істесе болады? Курт пен Ханстың не ойлағаны бар. Олардың бірі мұның екі жолдасын көздесе, екіншісі кәміл өзі аңдып жатқаны анық. ..Ал, мен Клаусты өлтірген снайперді көріп тұрмын! - деп Ханс шүріппені басты. Айна күл болды! Дәл осы сәтте Ханстың да оң көзінен кірген оқ мыйын шашып жіберді! Курт басын бұғып үлгерді. Қарабек тас қабырғадан асып түсті. Ханс өзін нағыз аңшымын, қазақты жемтік деп ойлаған еді. Онысы болмады. Ханстың өзі жемтікке айналды, қазақ аңшы болды.» Міне, романның осы үзіндісінде, Ақжанның алғырлығы, айна арқылы жаудың мергенін алдап қапы қалдырып, оны қалт жібермей атуы және қандыкөйлек жерлесі Қарабекті де, артыңа қарама деп, ескертіп, Курт мергеннің оғынан аман алып қалғанын қапысыз суреттейді. Енді, жалғыз өзі қалған неміс Курт пен қазақ Ақжан екеуі өз-өзінің саз аспаптары арқылы тілдесетін, эстетикалық эпизот әдемі-ақ! «...Курт неміс арағы, шнапстан ұрттап қойып, кителінің сол жақ сыртқы төс қалтасынан «ерін гармошкасын» алды. Курт музыкалық аспабын үрлеп жіберіп, ауызына апарып, бір мұңды әуенді ойнап бастап, оның артынша құйқылжыған сазға көшті. Курттың құйқылжымасы неміс халқының «Августин» әні болатын.
- Ақжан, сенімен жекпе-жекке шыққан немістің мергені жай адам болмады. Әне, көрмейсің бе, өзінше саз ойнап, саған сес байқатып жатқанын. Бізде домбыра болғанда ғой! Мен оған Құрманғазы бабамыздың күйлерін… әттең, Домбыра болғанда бар ғой, домбыра! Сен күй атамыздың төкпе күйлерімен мына немісті таңдандырып тастар едің! Осы сәт, басқа жақтан келген Ертұран асынып алған «қаруын» түсіріп, ауыз байлауын шешті. Дорбаға қолын сұғып жіберіп, суырып алды! Домбыра! Шап-шағын дүние! Ақжан мен Қарабектің көзі бақырайып, нұрға толып жүре берген...». Бірін-бірі мүлде танымайтын адамдар бір-бірін аяусыз қырып, жүрек қара тасқа айналғандай кезде, қазақ Әлім ауызынан уызы кеппеген бозбала неміс солдатын аяп атпай өзі оққа ұшады. Мылтық дауысы үстемдік еткен қираған қала ішінде, дала сазымен жандүниелері суарылған сахара адамдары, неміс музыкасымен бәсекелесіп «айтысқа» түседі. Сұрмерген неміс музыканты Курт, кенет оқ ысқырған үрейлі Рейхстаг атырабын Ағжанның домбырада күмбірлете жөнелген күйі кернегенде сырнайын ауызынан алып тына қалды. Жүректі сағынышқа кернеткен «Қайран шешем» күйін естігенде, көзінен жасы сорғалап мылтығын тастай салып, бетін басып жас баладай еңірейді. Осылайша, екі мерген енді, бірін-бірі атуды тоқтатып, бейбіт келісімге келеді, онсыз да соғыс аяқталған сәт еді, бұл. Рейхстаг алынып, бұл соғыс біткен сәтте Ақжанды таныс офицер Кудин, көптеген алдау сөзін айтып басқа батальонға ауыстырады. Еліне қайтармай, шығыстағы Жапон соғысына жөнелтуді көздейді. Ал, Қарабектің тағдырын басқаша сұрқиялықпен шешіп жатты. Романда ол сұмдық оқиға былай суреттелген: «...Әскери жеңіл көлікпен зымырап, Рейхстаг ауданынан аса қашық емес жерге келген майор Кудин мен Қарабек зәулім үйлердің ауласында тұрған бейбіт тұрғындарды, оларға қарсы қару кезеніп, күзетіп тұрған әскерді көрді. Бір офицер келіп, майорға мәлімдеп жатыр.
- Жолдас гвардия майоры, тұтқындардың қалғаны осы. Алпыс бес адам. Біз бәрін тексердік. Бейбіт тұрғындарды босатып, үйлеріне жібердік...
- Түсінікті. Жақсы капитан. Қарабек, міне, мына тұрғандардың барлығы дұшпан. Барлығы да фашист. Сен бұлардың үстіндегі киімге, түріне қарама. Бұлар Гитлердің соңғы күші. Тап солай!
- Жолдас майор, бұл... бұлар балалар ғой?! Көкөрім балалар емес пе?! - деп Қарабек таңырқап тұр. Әлгі капитан мәлімдеген алпыс бес тұтқынның тең жартысынан көбі жасөспірімдер екен! Қарабек майорға ілесіп, тұтқындарды жағалап көріп келеді. Көрген сайын көз-жанары үлкейіп барады. Мұнда тұрған тұтқындар немістің балалары. Қарабектің қолқасына тас тығылып, көзіне жас үйірілді. Кудин болса тұрғандарды боқтап, екі-үш тұтқынды тұмсығынан жұдырықпен ұрып құлатты... Қарабек неміс балаларының көзінен: «Біздің жазығымыз жоқ. Біз жау емеспіз. Біз де адам баласымыз. Бізді кешіріңдер. Біздің өмір сүргіміз келеді» деген жамырап тұрған жанайқайын оқып, естіп келеді…
- Жолдас қатардағы совет жауынгері, автоматчик Қарабек, Мен жоғарыдан бұйрық алдым. Барлығының көзін құрту керек! Қарабек, сен автоматшысың. Қолыңда тоқсан оқты «ППШ». Сенде үш дискі, осы үш дискіні босатсаң, боссың, яғни еліңе қайтасың. Мен саған сөз берем! Офицердің сөзі! Сенің досың Ақжан Ақанұлы жаудың снайперлерінің көзін жойды. Мен оған берген өзімнің уәдем бойынша оны елге қайтарамын. Айыпталушы емес, ол да жай солдат, қарапайым жауынгер ретінде еліне қайтатын болады. Қарабек, досыңмен бірге еліңе, қатын-балаңа қайтқың келсе, менің бұйрығымды орында. Жә, сен үш дискіні босатпай-ақ қой. Мен сенің тапсырмаңды біраз жеңілдетейін. Қазір сенің алдыңа бұл 65 тұтқынның бесеуін әкеледі. Сен сол бесеуді атасың. Сосын бітті шаруа... Соғыстан да, айып батальонынан да, менен де! Хааа-хааа-ха! Қане, дұшпанның бес күшігін әкеліңдер! Ал егер орындамасаң, онда сені не күтіп тұрғанын өзің де сезіп тұрған боларсың. Онда сен осы фашистердің қатарына барып тұрасың! Хааа-хааа-ха! Әне, бес тұтқынды әкеле жатыр. Қаруыңды дайындай бер, деп майор Кудин жылап тұрған Қарабекке сынай қарап, өзі одан сақтанып, тапаншасын әзір ұстаған. Ал Қарабек егіліп жылап тұр! Қане, ат! Ат жаныңның барында! Қарабек, сені елің, қатын-балаң күтіп отыр. Кім еді? Қадиша қатының мен ұл балаң үшін! Солар үшін ат! Ат деймін мен саған! деп, майор Кудин екіленіп, айқайлап, Қарабекке тап-тап берген. Қарабек көзін жеңімен сүртіп, қаруын кезеніп, басын көтергенде, көрді. Қарсы алдында әнекүні Әлім екеуі атпай жібере салған Генрих балақай мен оның қарындасы Зелда тұр екен! Екеуі де мұны таныған. Қарабек автоматын туралай беріп, иығынан аспа бауын босатып, оны жанында тұрған солдатқа ұстатып, өзі ілби басып, балалардың қатарына барып тұрды. Генрих пен Зелда өздерімен бір сапта тұрған қазақтың қолынан қысып, жай дауыспен: «Danke. Du bist ein gurer Mensch», яки «Рақмет. Сіз жақсы адамсыз» деді. Бұйрыққа қарсы шықтың оңбаған! Ендеше өз обалың өзіңе! деп, майор Кудин тапаншасын көз ілеспес шапшаңдықпен суырып, Қарабекті кеуде тұсынан атып салды. Тізерлеп барып, қисая кеткен Қарабекті екі неміс баласы басынан сүйеп, «Du bist ein gurer Mensch» деп жатыр». Өзін сөзінде тұратын Совет офицері деп, атаған Майор Кудин, соғыс қылмыскері Гитлер фашистерінің құрбаны болған немістің бәйкүна балаларын аяусыз атқызып, нақақ сотталып қан кешіп жүрген артында қатын, бала-шағасы бар өз жерлесін де аямай атуы, оның өздері қарсы соғысқан фашистерден де асып түскен жауыз екенін осылайша дәлелмен көрсетеді. Бүкіл, қиыншылықты бірге көрген жан досы Ақжан досының өлі мүрдесін көріп, қан жылайды, елге барғанда Қадишаға не бетімді, айтам деп, еңірейді, бірақ, жалған сөз бен өтірік алдамшы уәдені өз қызметтерінің тәсілі етіп алған советтік офицерлер де аңқылдақ Ақжанның тағдырын басқаша шешіп жатқан еді. «...Ұзынтұра келген орыс офицері Ақжанға қайта-қайта қарап алып, қолындағы жіңішке таяқшамен үстелде жатқан картаға төнді: Жолдас снайпер, картаның тілін түсінетін боларсың? Міне, біз қазір мына арада, Еуропада тұрмыз. Аз күннен соң Қиыр шығысқа аттанамыз, нысана – Сахалин, Куриль аралдары. 1904-05 жылдары орыс пен жапон соғысында Жапонияға өткен жерлерімізді қайтарып аламыз. Жолдас снайпер, саған жүктелетін міндет, қолыңдағы қаруыңмен жапон самурайларын, квантун әскерін мейлінше көптеп өлтіру! Бізге сенің түріңнің, хеее-хее, көңіліңе алма солдат, сенің түрінің жапон самурайларына ұқсайтыны да маңызды болып отыр...». Міне, Ақжан осылайша қайта соғысқа кетуге мәжбүр болады. Бірге соғысқан балдызы Ертұранға жолығып қалады, ол елге қайтатынын жездесіне қуанышпен айтады, екеуінің арасында мынандай әңгіме болады: «...Жезде, біз енді көп кешікпей Жапониямен соғысамыз деген қауесет бар. Сізді сонда алып кетпесін. Сіз болған айып батальонының жаралыларын… тек айыпталушыларды емес, былайғы әскердің де аяқ-қолы кесілген, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жауынгерлерді, арасында офицерлер де бар, эшелонға тиеп, аттандырып жатыр… Қайда? Оларды қайда аттандырып жатыр сонда? Елге ме? -Жоқ жезде. Елге емес екен. Айдалаға апарып, пулеметпен атып, сосын өртеп жіберіп жатқан көрінеді...». Бұл сұмдық жауыздықтан ағайын-туыс екеуінің аман қалғаны, пәледен Құдайдың қаққаны сияқты. Тағдырдың қатерге толы мың бұралаң жолынан аман өтіп келе жатқан қайсар қазақ Ақжан балдызынан артта қалған қатын- баласына аманат сәлем жолдап, өз қолынан жонған көкбөрі Қаражалдың ағаш бейнесін сәлемдеме етіп жіберуден басқа қолдан келер амалы жоқ еді. «...Қиыр Шығысқа жеткен Ақжанның жанына командирлері Айка Мори есімді жас мұғалімді қосты. Айка ұлты жапон демесеңіз, айнымаған қазақ қызы! ...Командир Максим Кузьмин Ақжанға: «Ақжан Ақанұлы, жапон әскерімен соғысу оңай емес... Бұлар өзін-өзі жарып жіберуге, қанжармен ішек-қарын ақтара салуға еш қиналмайды. Жапондардың снайперлері де сондай. Саған жапон снайперлерімен атысу өте қиынға түседі. Сен тіпті олардың қолына да түсіп қалуың ғажап емес. Сондықтан Ақжан, сен аз уақыттың ішінде жапон тілін меңгеріп алуың керек. Айко Мори саған бәрін үйретеді. Айка біздің сенімді адамымыз» деп командир қызға бұрылып, «Айка, Ақжан өте қабілетті жігіт. Ұлты қазақ. Түрі жапонға ұқсайды. Сен бұл жігітті осы бір-екі айдың ішінде «жапон» қылып шығар...». Осылай арнайы мақсатпен жер түбі қиыр шығысқа кеткен Ақжан тағы да небір қатердің бәрін бастан кешіп, талай ерліктер жасайды, жапондардың орыстан жеңілуіне де өзінің жауынгерлік үлесін қоса жүріп, адамгершілік қасиеттеріне қылау жұқтырмаған мінезімен әлгі Айко есімді жапон қыздың көңілінде қалады, жас қыз қазақ жігітіне ғашықтығын жасырмайды. Жапонның соғыс кемесі апатқа ұшырағанда орыстардың қолына түсіп тірі жетім қалған бишара қыздың кіршіксіз көңілін аулау үшін Ақжан Совет армиясының қолына түскен жапон әскерлерінің ішінен Айконың туған ағасы Сабура Мори да бар екенін біліп, соғыстан қайтарда оны Қазақстанға ертіп келеді. Әйтседе, Ақжібекке арнаған махаббатына дақ түсірмей сақтайды. Романдағы оқиғаларда, соғыс бітіп бейбіт тірлік басталса да, осындай шым-шытырық тағдырларға шырмалған адамдардың аянышты халі жалғасып, совет өкіметінің адамды қудалау, оларды саясаттың ойыншығына айналдыру ұстанымы титтей де өзгермей, өгей жандар өмірі өксікпен өтіп жатты. Қарабек батырмен қас қағымдай ғана бірге өмір сүрген оның сүйікті жары Қадиша мен әкесін көрмеген ұлы Ғұмар Жуантөбеде күнелтіп, үміттерін пір етіп өз жайында жүрсе де қызыл өкіметтің тыңшылары қайта-қайта мазалап, тексере берген соң бір түнде екеуі басқа жаққа кетеді. Әйтсе де, Қадиша Ақжібекке қайда бағыт түзейтіндерін білдірген еді. Ал, олар кеткен соң Ақжібектің не халге ұшырағаны романда былайша көрінеді: «...Не болды? Қазақжан, не боп қалды? деп, іштен Ақжібектің үні естілді... Тасбол бала Қазақты табалдырықтан аттай бергенде қарақұсынан тапаншасымен ұрып, құлатты. Ішке кірсе, комитеттің екі жендеті Ақжібектің қолын артына қайырып, ұстап тұр екен. -Ұлыма не істедіңдер? Оңбағандар! Қазақжан? Тасбол, зілдене -Күшігің сәл ұйықтап тұрады. Оған ештеңе істемедік... Есін жиған соң қыңсылап, шәуілдеп үрер. Ол уақытта біз мұнда болмаймыз. Хааа-хааа-ха! Ей, қаншық, бері қара! Сенің қылмысың анықталды. Міне, тұтқындау туралы ордер. Міне, сенің үстіңнен жазған көршілеріңнің домалақ арыздары. Барлығы да совет үкіметінің жауы Қиял Қиянұлын өз үйіңде, көрші сарайда жасырып отырғаныңды көріпті. Куәміз деп қолдарын қойды. Так что, Акжибек Таужурековна, ты у меня на крючке! Солдаты, давайте ее, в машину! -Осыдан Ақжан келсін! Оңбаған Тасбол, сенің сазайыңды береді! -Сен қаншық үніңді өшір. Ақжан баяғыда өліп қалған. Ол мұнда о дүниеден келе ме? Хааа-хааа-ха! Күлкімді келтірмеші! Хааа-хааа-ха! Давайте, пока никого нет, быстрее"! Оқырманның көз алдында, өздеріне әбден етене таныс болған адамдар теле-сериалдағыдай романда кезек-кезек көрініс береді. Ақжан жанұшыра туған жеріне бет алып келе жатса, жан жары жаламен ұсталып барады. «...Пойыз Магаданға келіп тоқтады... Ақжан пойыздан түсіп, теміржол бекетіне барып, ондағы дүкеннен азық-түлік сатып алды. Бекетте бір офицер мен екі жауынгердің бір қарияны алып бара жатқанын байқады. Қария көзіне жылы ұшырады. «Бұл Ағарбай ата емес пе? Иә, соның өзі. Атаны қайда апармақшы?» деп, Ақжан оларды алыстан бақылады. Жақын барып сөйлесуге болатын, бірақ сабыр сақтады. Әскерилер молданы Ақжан мінген отарбаға отырғызатындай көрінді. Ақжан вагонға мініп, өз орнына, купеге келсе, Айко жоқ болып шықты. Жүрегі су ете қалды. «Айка, сен қайда шығып кеттің? Аздан соң пойыз қозғалады. Айка қайда жүр екен?» деп елеңдеп, дәлізге шықты. Сөйтсе, Айка да пойыздан түсіпті. Ол да толтырып тамақ сатып алыпты...». Романда, «АЛЖИР» лагеріндегі тұтқын әйелдердің бастан кешкен сұмдық жағдайлары, онда қандай әйелдердің отырғаны кең көлемде, көптеген деректермен баяндалған. «317-ші», сен үйіңде «Халық жауын», көптен іздеудегі Қиял Қияновты жасырыпсың? Не үшін жасырдың? Ол қазір қайда? Қай жаққа кеткенін айт! Қане, сұраққа жауап бер! ...Ақжібекті Теректі ауданындағы әйелдерге арналған лагерь бөлімшесіне алып келді. Мұндағы жұмыс әйелдер істейтін жұмыс емес, ағаш кесу, бөрене тасу, жер қазу, топырақ тасу, қар күреу секілді ауыр міндеттер тұтқын әйелдерді таңнан қара кешке дейін әбден титықтатты. Тамағы болса тым мардымсыз, көбіне жетпейді. Тұрып қалған, тышқан аралап тастаған, құрт түскен, борсып, бұзылған тамақтан ауру тараса да басқа азық бермейді. Жалпы күндегі норма өлшеммен үлестіретін қара нан мен қара су, кейде қоймалжың ботқа, сұйық сорпа...». Осындай қиындықты бастан кешіп жатқан Ақжібек, өлімнің ортасынан өлмей жеткен Ақжан екеуі, ақыры лагерде аман-сау табысады. Романда, жаны сірі қазақтың қайсарлығын оларды қудалаған хас жауы да мойындайтынын, алаштың қайтпас рухына қайран қала тұрып, әлі де қастандығын тоқтатпайтынын романның мына бір үзінділерінен байқаймыз: «...Жолдас полковник, бұл Ақжанға осы сүрген өмірі, жеткен жетістігі жарайды. Сіз білесіз бе, бізде әлі бала-шаға жоқ. Оның үш перзенті бар. Алаш, Қазақ және бір қызы… Оның есімі есімде жоқ. Ақжан Алаш пен Қазақтың әкесі. Ал Алаш пен Қазақ – Ақжанның өзі ғой! Балаларының аты неге тұрады? Жайдан-жай қоймаған. Алаш пен Қазақ өссе не болады? Бұл қазақ, бұл Ақжан батыр бір емес, екі майданда соғысып, асқан мергендігін көптің көзіне көрсетті! Сіз бен бізге қарағанда Ақжан бақытты! Артында ұрпағы бар. Ал біз ше? Өз өзімізбен соғыстан көз ашпай келеміз. Оны да өзімізге өзіміз тілеп аламыз. Аппошу майт! Әлгі Лермонтов па еді, «Прощай, немытая Россия!» деген. Кейде елден безіп кеткің келеді. Бірақ қайда!...»
«... Самайына ақ жүгірген жүдеу Ақжібек күлімсіреп, күйеуі Ақжанмен бірге шығар есікке, қызыл жұлдызды темір қақпаға қарай беттегенде медбикенің бірі Таня асығыс жетті де, Ақжібектің құлағына сыбырлады: «Ақжібек, кеше саған Лена дәрі берген болар. Оны ішпеңдер! Дәмеш екеумізді сендерге жолатпай қойды. Айтпақшы, ол сендерді екпе екті ме?...
...Жолдас офицер мырзалар, полковник Аркадий Александровичтің көрегендігінің арқасында біз «киргиз-кайсактың» тұқымына балта шаптық. Кеше сіздер түсінбей қалған боларсыздар, қайдағы бір қазаққа бола жалпылдап шауып жүр деп... Бұл бер жағы. Шымылдықтың артындағы шындық мынадай. Жолдас полковник, өзіңіз айтасыз ба? Әлде мен жалғастыра берейін бе? - деп Кудин көзінің түбіне зымиян ой тұнып, қос тесігін шүңірейтіп, Аркадийге қараған...». Егер, телесериалға айналдырса жүздеген ауысым болатын романдағы санап тауса алмайтын сансыз оқиғалар да ақыры мәреге жетті. Роман бастала, ешбір тарауда үзілмей оқиғаға араласқан қазақтың қанаты болған сәйгүліктер мен Алаш рухының киесі болған бөрілер, Ақжан мен Ақжібектің келе жатқанынан хабардар болады. Екеуінің баяғы тұлпар аты Қарабұлт пен Ақбұлттың қалған тұқым тұяғы да сезіп, жер тарпып оқыранып, кешеден бері мазадан айырылған. Бөрілерден аман қалған Айқабақ пен Құмбалақ құм төбелерде тұмсығын көкке шаншып ұлуда. Ұлдары Алаш пен Қазақ, ертіп келген жапон қызы Айка мен өз қызы Айсүмбіл бұл күнде атқа мініп, жол қарап, сағынышпен сарғая күткен әке-шешелерінің алдынан шығып, қарсылап алмаққа аттанды. Бұлдырап жатқан құм төбелер де асыл азаматы мен асыл аруына қоңыр желімен құшақ ашты. Иә, бұл аңсатқан қауышу, басында айтқанымыздай, қазақтың басынан өткен «қырық жылғы қырғынның» (1916-1956) соңы болған елуінші жылдардың ортасы болатын-ды. Жазушы Мұнайдар Балмолданың бұл дилогиясы осы қырық жылдың эпопеясы дей аламыз. Романдағы кейіпкерлер де қаламгердің өз ауылы Жуантөбенің өмірде нақты болған адамдары, кейбірі ата, апалары. Ал, Ақжан мен Ақжібек осы Жуантөбе ауылының басынан кешкенін айна қатесіз басынан өткізген бүкіл қазақ даласының мыңдаған ауылының ар-ұжданды азаматтары мен адал аруларының ортақ бейнесі, дейміз.
Романда баяндалған әрбір оқиғаны мынау жалған, мынау жала деуге жол жоқ, өйткені, көбі бүгінге дейін архив құжаттары мен тарихи деректер бойынша дәлелденіп қойған.
Онда, бұл шығарманың басты көркемдігі не десек, ақиқаты айта білгендігі. Бұл дилогияда көркем туындының көптеген шеберлік тәсілдері кемшін жатуы да, сөз байлығының жетіспеуі де әбден ықтимал. Әйтседе, кейіпкерлерді көпіртіп сөйлетуі, олардың кім екенін оқырманның көзіне көркем фильм көріп отырғандай ететін ерекшелігі де бар және оқырманды енді, не болар екен дегізіп жетелей беретін қыруар оқиғалар тізбегі де, сол сәттегі кейіпкерлердің іс-әрекетінен туындап жататыны оның шынайылығын асыра түседі.
Егер, осы дилогия сексенінші жылдары жазылаған болса, не болар еді, деп ойлап көрейікші, әркім ойламай-ақ айтар еді, онда, Мұнайдар дереу ұсталып, өмір бойына сотталып, не атылып кетуі еш күмәнсіз, дер еді.
Міне, сондықтан да Советтік коммунист-фашистік өкіметі өз қылмысын жасыру мен пролетар диктатурасын үстем ету, интернационал деген атпен құрамындағы орыс емес халықтарды ұлт ретінде жоюдың, шайтан да ойлап тапайтын тәсілі «Советтік социалисттік реализм» дейтін әдебиетті ойлап тапты. Оны қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, «Жоқты бардай, барды дардай» қылатын, «өтірікті шындай, шынды дыңдай» болдыратын әдебиет деген сөз. Бірақ, ақиқат айтудан жұрдай, көркемдік тәсілдердің не атасы бойында құлпырып тұрған совет-қазақ романдарын, сенбесеңіз осы көзқараспен қайта оқып көріңіз! Мұндай алдамшы әдебиеттің, әрине сыны да алдамшы болуы керек, қой. Басында, Мұхтар ағамыз айтып кеткен, «жүз жыл артта қалған сын» дегені өкіметке арқа сүйеген әпербақан әдебиеттің көлеңкесі болмағанда қайтеді? «Түркістанды» жазған Мағжанды қан-жоса етіп сынап, «Советстанды» жазғандарды аспандата мақтайтын «шойын жол сын» солай қалыптасқан. Ал, қатал әдеби цензура да не үшін керек болды десек, әлдебір адалдау қаламгер коммунистік партияның атымен жасалған соншама айуандық қылмыстардың шетін шығарып қоймасын, деген асқан қырағы сақтық болатын. Хош, сонымен «советтік соцреализм әдебиеті» не берді, жетістігі не дейміз ғой?! Адам таңқаларлық жетістікке жеткен дей аламыз. Әсіресе, қазақ-совет әдебиетінде. Қожайын ұлт орыстар қандай жағдайда да, бұдан қазақтай ұтылған жоқ, аристократтарын құртып алса да, ақиқатты жазатын жазушылары болды, Михаил Шолохов «Тынық Донды» жазып кетті, ал Солженицынның Америкаға қашып барып жазған «Гулаг аралдары» романы, ақиқатты ашқаны үшін Нобель сыйлығын алғаны белгілі. Осы әдебиетті бойымызға сіңіре-сіңіре, қазақтар «біз совет халқымыз» деп мақтанатын күнге жеткеміз, өз тілімізді қорсынып, орысша сөйлеуді жетістік санағамыз. Міне, өз тізгініміз өзімізге тиген, отыз қанша жылғы тәуелсіздікте, әлі отар тілмен іс қағаз жүргіземіз, басшыларымыз өз тілін білмеуді мін көрмейді, қырық қайнаса қазаққа сорпасы қосылмайтын «ов пен ованы» атымыздан алып тастауды әлі ойланғаныз жоқ... айта берсе таусылмайды, әнтек, Саха-якут пен Буряд секілді атымызды орысшалап, мүлде орысша сөйлеп кетудің табалдырығына келіп тірелеміз, демесек! «Ақжан мен Ақжібек» дилогиясының соңында екеуін лагердің лазаретынан шығарарда улы екпе егіп, ішіп жүріңдер, деп дәрі беретін эпизот, бір қарасаң қазақ халқына жасалған осы рухани қастандық болған «соцреализмнің» мезіреті ме, деп те қаласың… Осы дилогия сексенінші жылдары жазылуы мүмкін бе, дедік қой. Оған осы сыни эссенің ұстыны болған Мұхтар ағамыздың, әлгі мақаласынан шағын үзіндіндіні еске түсірейік: Мұхтар ағамыз өзімен тұрғылас өмір сүріп, елеулі шығармалар жазса да елеусіз қалған марқұм Бекежан Тілегеновтің шығармашылығын мысалға ала отырып, советтік кезеңнің сөз-сынының бишаралығын әшкерелейді. Нақтырағы, ақиқаттың шетін шығарған жазушыны әдейі елемеген сынға ашынады. Яғни, Бекежанның «Уақыт» романдары совет кезеңінде қаламгерлер еш қадам баспайтын оқиғаларды алғаш көтеруге ұмтылғаны сөз болады. Мысалға, қазақтың ата қонысына сұғынып кірген орыс егіншілерінің жергілікті елге жасаған зорлық-зомбылығының кейбір бейнесін, төңкеріс жылдарының шынайы елесін, қазақ ауылын советтендірудің жеке оқиғаларын... дегендей. Мұхтар ағамыз, Бекежанның бұл тәуекелін ақыры былай қорытындылайды. «Жалпы жағдай емес, әлдебір қызыл белсенді әйелдің өзгеше тұрпаты... Осымен бітті. Бұдан арыға аттап баспаған. Ол кезде жарияға өтпес еді. Өтпегені тұрыпты, жазушыға пәле болып жабысуы әбден мүмкін. ...«Уақыт» та өңделіп, қысқартылып, толығып, жарым-жартылай жаңадан жазылар еді. Және бастапқы озық беттері кейінгі биігіне астасып, қазақ прозасындағы аса бір елеулі романға айналуы анық. Әйтсе де, осы бар қалпының өзінде, кешіріп, түсініп, ежіктей, мұқият оқуға татиды дер едім». Атақты қаламгер ағамыздың бұл қорытындысына қарағанда, Совет өкіметі кезеңінде «Ақжан мен Ақжібек» еш уақытта жазылмас еді. Әйтседе, тәуелсіздіктен кейін айтылмайтын ақиқаттарды жазуға неге жол ашылып кетті!? Мәселен, Смағұл Елубайдың «Ақбоз үйі», Асқар Алтайдың «Сырат көпірі», Ұзақбай Досмамбеттің «Қанды жол» романдары және біз естімеген үлкен-кіші басқа қаншама шығарма жазылғаны күмәнсіз, дейтұрғанмен бұлардың бәрі, «қырық жылғы қырғынды» түгел қамти алмаған еді. Сөз соңында, көркем шығарманың негізгі жаны, рухы АҚИҚАТТЫ ашу екенін айта келе, Қазақ әдебиетінің басында Жүсіпбек Аймауыттың «Ақбілегі», орта тұсында Мұхтар Мағауиннің «Сары қазағы», міне соңын ала Мұнайдар Балмолданың «Ақжібегі» жазылуы, тегін емес, дер едім. Әнтек, өкініш, рухы уланған қалың қазақтың өз тілін ұмытқандары бұларды оқымақ түгілі, мұндай ғажап туындылардың бар екенінен де хабарсыз екені... Оған айтар сөз де қалмағандай...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.