Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Серік Жұмабекұлы. Біз бақытсыз емеспіз...

Серік Жұмабекұлы. Біз бақытсыз емеспіз

02.03.2026

107

Серік Жұмабекұлы. Біз бақытсыз емеспіз - adebiportal.kz

Серік Жұмабекұлы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы, құқықтанушы журналист, ғалым, Журналистер одағының мүшесі. 

Ай ұқтырса...

Күндер  өтті, ай өтті, жыл келеді!

Белгісіз болса дағы сыр-дерегі.

Өткен жыл  өз өрнегін салып кетті,

Мынау бағлан, ал мынау кім демеді.

(Жығылғанды қолтықтан кім демеді!?)

 

Өтіп жатқан алаңсыз күндер еді!

Алдағыны кім болжап білген еді?

Бір қуаныш бір қайғы алмасқанда,

Біреу жылап, біреулер күлген еді.

(Мына жыл тарту етер кімге нені!?)

 

Әр күніңді қарсы алып, күліп таңда,

Жүдесе де көңілді суытпаңдар!

Тірі жүрміз – Құдайдың берген сыйы,

Өмір қысқа, мұны да ұмытпаңдар!

(Бір-біріңді Патшадай ұлықтаңдар!)

 

Жазда ақ нұр, қыста ақ қар жауып тұрса!

Ақ жүрек аңсағанын тауып тұрса!

Түнгі аспан түңілігін түріп тастап,

 Құдайым қам көңілден айықтырса!

(Бір сырды ақ нұр шашып ай ұқтырса!..)

 

Жаз неге жылап барады?

Айрылып тағат, төзімнен,

Дегбірі қашқан гүл мынау.

Демінен ызғар сезілген,

Далама келген күз мынау.

 

Табиғат біткен тұнжырап,

Балалар ғана ойнайды.

Жауабы қиын бір сұрақ,

Жанымды қинап қоймайды.

 

Көктемдер үнсіз келіп ед, 

Жаз неге жылап  барады?

Жақсылыққа тек сеніп ек,

Күз неге төмен қарады?

 

Қиқуы құстың аспанда,

Құса бір күйге салғандай.

Қызыл күн қырдан асқанда,

Тұрамын түкке таңғалмай!

 

Туған өлке

Туған өлкем, туған аймақ, жұпыны ғана ауылым!

Қырқаңда сенің жүр ме екен әлі сәйгүліктерің жайылып.

Ауылға барып, қой кезек жайып, 

кеш түсе малды қайырып,

Қайтсам бір шіркін, қу жөтел сенен

кетер ме екем айығып!

 

Бір еміңді...

Ешқашан ластамағам жүрегімді,

Құдай білед қанша өмір сүрерімді.

Білемін адал жанға қолым созып,

Талдырғам талай рет білегімді.

Ал мына сағынышты қайтсем екен,

Білмей тұрым жыларымды, күлерімді.

Жан жарасы жазылып кетер ме еді,

Жасасаң шын ниетпен «бір еміңді»!

Білесің ғой сүйсем шын сүйерімді.

 

Біз бақытсыз емеспіз!

Артық айтсам қателестің демессің.

Өткен күндер бүгін мүлдем көмескі.

Сағынысып сөйлесеміз алыстан,

Арамызда беймаза бір елес жүр!?

 

Біз елеспіз – түсте бар да, өңде жоқ?!

Соншалықты біз жазықты пенде ме ек?!

Жүрек сыздап, жан күйзелген кездерде,

Елес келіп, елес болып емдемек!?

 

Сол елестен  жан дауасын сұрап іш!

Бақыт деген тұрады екен тым алыс.

Ол бақытқа қол созбаймын мен енді,

Елес – бақыт, елес – мұңды қуаныш.

 

(Сен де елессің. Мен де елеспін. Елеспіз.

Елес барда біз бақытсыз емеспіз!)

 

Қуанышыңды аяла!

Өмірде мені түсінбесең де,

Сағынып жүрсің түсімде сен де.

Көтеріп аппын, құшақтап, құшып,

Өткеннің бәрі құрысын десем де.

 

Кездеспесем де, күрсінбесем де,

Әйтеуір аман жүрісін десем де.

Есіңе алып қоясың сірә,

Түсіме неге кірдің сен кеше?

 

Сырыңды айтпа кісіге, "досқа",

Мұңыңды тағдыр ісіне қос та,

Қуанышыңды аяла, сақта,

Кірмеші бірақ түсіме босқа!

 

Сен де бір жазшы!..

Сен де бір жазшы өлеңді,

Болмаса дағы көлемді.

Ұйқасқа тіпті қарама,

Сезімге ғана сен енді.

 

Сезімге ғана сен дағы

Жаныңа ерік бер дағы.

Жазшы бір мына өмірдің,

Сайқалдығы мен көрбағын!

 

Надандығын да іліп өт.

Сатқындығына күліп өт.

Екі жүзді қулардың,

Айғыздап бетін тіліп өт!

 

Күншілдің жүзін қарып өт.

Қараңғылықты жарып өт.

Көркеуделердің көзін аш.

Жанына нұр құй, жарық ет!

 

Ұйқасқа тіпті қарама.

Сезімді ғана дарала.

Жүрегің жылап тұрса да,

Сәуле боп төгіл санаға.

 

Мейіріміңді аяма,

Аяулы жанды аяла!

Өз жүрегіңе  табынып,

Өз шуағыңды саяла.

 

Ақ сезімге табынғандар

Сағынғанда!..

Жүректің дүрсілі бір  дамылдар ма!

Маңдайыңа  жазылған бағың барда,

Махаббат ләзатынан барыңды ал да,

Ғашықтар, сұм тағдырға бағынбаңдар!

Құдайдан сұрамаңдар, жалынбаңдар!

Көңілің қоңыр тартып, сарылғанда,

Оқ болып атылыңдар, жалындаңдар!

Алданбай алыстағы сағымдарға!

Үміт отын өшпестей жағыңдар да,

Таудан аққан селдей боп арындаңдар!

Тас қамалдай ешкімге алынбаңдар!

...Ақ сезімге мәңгіге табынғандар!

Жанартаудай атқақтап, жарылғандар!

Қызыл шоқ боп бір-бірін сағынғандар!..

Сағынғандар!..

 

Шынар ең!..

Балауса едің бүршігің ашылғанда,

Кірпігің жанарыңды жасырғанда,

Ерінің ерініме шоқ боп тиіп,

Жүрегім оттай жанып, басылғанда

мен үшін Періштеге айналғансың

Ертіске түн маржаны шашылғанда.

Тағдырың тәрік ойнап, тасынғанда,

Көзіңнің сүрте алмағам жасын да онда!

Жынды жел жұлқылап кеп сындырды ғой,

Шынар ең бейкүнә өскен жасыл маңда!

 

Мәңгілік сезім

Сенесің бе дегенге: «сезім өлді!»

Шарт сынады мұндайда төзім енді.

Бәріне қолды сілтеп, тәрік етіп,

Өз мұңыммен болайын өзім енді.

 

Аялайын оңаша өз мұңымды,

Салма маған ешқайсың көз қырыңды.

Ей, Тағдыр, өзегіңе тептім сені!

Ал қайтесің?! Ал менен көз-құныңды!

 

Не көрсем де ешкімді күндемейін.

Маңайым түн демейін, күн демейін.

Сол сезім менімен мәңгі бірге,

Маған есе бір емес, күнде өлейін!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan