Абайды дұрыс таныдық па?
«Абай халықтан бөлек тұрған жалғыз данышпан» деп те жатамыз. Біз кейде ұлы тұлғаны ұлықтаймыз деп оны өз дәуірінен жұлып аламыз.
Стандартты қоғамда стандарсыз өмір сүргенді ұнатамын. Менің осы алақандай ғана жазбам көңіліңізден шықпауы мүмкін. Алдын ала сеземін. Шықпаса, «өз сөзім – өзімдікі» деп хакімше жұбанармын...
Бүгін, 10 тамыз. Иә, хакім Абайдың туған күні. Мемлекеттік деңгейде аталатын атаулы күн. Абайға құрмет – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне құрмет. Бәрі дұрыс-ақ.
Қазіргі қазақ қоғамы Абай туралы бәрін білеміз деп ойлайды. Абайды ақын, ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретінде біледі. Мектептен бері жаттаған анықтамамыз – осы. Бірақ дәл осы дайын анықтамалардың тасасында тірі Абайды жоғалтып алған жоқпыз ба?
Абайды тану мен Абай туралы қалыптасқан түсінікті қайталау екі бөлек нәрсе. Бізде Абайға қатысты бірнеше misconception – орнығып қалған жаңсақ түсінік бар. «Абай қазақты сынады, қазақ қоғамынан түңілді» дегендей рәуіштегі көзқарас бар. Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымын» оқығанда оның қазаққа өкпесін көреміз. Қара сөздерінен де ел мінезін аяусыз сынаған тұстарын табамыз. Содан кейде «Абай қазақты жақтырмаған», «қазақтан түңілген» деген қарабайыр қорытынды жасалады. Бірақ мәселе басқада. Абайдың сыны – алыстағы жаттың сыны емес, жаныңда жүрген ең жақын жанашырыңның сыны емес пе?! Ол қазақты кемсіту үшін емес, қазақтың қай жағынан болсын өзгергенін қалап сынады. Елінің мінезіндегі кеселді көрсету арқылы ұлттың өзін-өзі тануына жол іздеді. Абайдың ашуының ар жағында – ұлтына деген махаббат бар. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дегендегі ең маңызды сөз, бәлкім, «қайран» шығар.
«Абай тек ағартушы болды» деген де пікір бар. Абайды «оқы, білім ал, ғылым үйрен» деген бірнеше формулаға сыйғызып қою да жеткіліксіз. Иә, Абай ғылымды насихаттады. Бірақ оның ойлау жүйесі тек ағартушылықпен шектелмейді. Ол адам деген кім, жақсы өмір деген не, әділет қайдан басталады, билік пен мінездің арақатынасы қандай, қоғам неге бұзылады, адамның рухани кемелденуінің өлшемі не? деген ірі сұрақтарға жауап іздеді. Демек, Абайды тек ақын немесе ағартушы ретінде емес, адам мен қоғам табиғатын зерттеген ой иесі ретінде де оқуымыз керек.
«Абай халықтан бөлек тұрған жалғыз данышпан» деп те жатамыз. Біз кейде ұлы тұлғаны ұлықтаймыз деп оны өз дәуірінен жұлып аламыз. Абайды да солай жеке тұрған алыпқа айналдырып жібердік. Ал Абай бос кеңістікте өздігінен пайда болған жоқ. Оның артында қазақтың ауызша поэзиясы, жыраулар дүниетанымы, шығыс әдебиеті, исламдық ойлау дәстүрі, орыс және Еуропа әдебиетімен таныстық, XIX ғасырдағы қазақ даласының саяси-әлеуметтік шындығы тұр емес пе?! Абайдың ұлылығы – осы дүниелердің бәрін қабылдауында емес, оларды өз ойлау лабораториясынан өткізіп, жаңа сапаға көтеруінде. Сондықтан Абайды тану үшін Абайдың өзін ғана емес, Абай өмір сүрген интеллектуалдық ортаны да тануымыз қажет.
«Абайдың өлеңдері – жаттауға арналған даналық сөздер жиынтығы» деген де тұжырым бар. Абайды танудағы ең үлкен мәселелердің бірі осы болуы мүмкін. Біз Абайды оқудан бұрын жаттадық. «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Сен де бір кірпіш дүниеге…» т.с.с. Бұл жолдар санамызға мақал-мәтел тәрізді қатып, тұрақтап қалды. Ал шын мәнінде Абай өлеңі бізге дайын жауап бермейді. Ол сұрақ тудырады. «Мен қандай адаммын?», «Менің өмірімнің мақсаты не?», «Қоғам алдындағы жауапкершілігім қандай?», «Ақыл, қайрат, жүректің тепе-теңдігі деген не?» Әрине, Абайды жаттау оңай. Ал Абай айтқан оймен ойланып өмір сүру қиын...
«Абай өткен ғасырдың адамы» деген ой да әр жерден қылаң беріп жатады. Рас, Абайды музейге айналдыруға болмайды. Оның портретін қабырғаға іліп, туған күнінде өлеңін оқып, мерейтойында конференция өткізу – Абайды танудың өзі емес. Өйткені Абай көтерген мәселелердің көбі әлі алдымызда тұр. Мансапқорлық. Мақтан. Өсек. Еңбексіздік. Надандық. Білімнің қадірін түсінбеу. Әділетсіздік. Адамның өзін өзгеден жоғары санауы. Абай XIX ғасырдағы қазақты ғана айтып отыр ма? Әлде XXI ғасырдағы бізді де сипаттап отыр ма? Осы сұрақ қойылған сәттен бастап Абай тарихи тұлға болудан қалып, біздің замандасымызға айналады. Міне, зор мәселеңіз – осы.
«Абайды тану үшін оның шығармаларын білу жеткілікті» деген сөзді талай естідік. Жоқ! Абайды тану үшін оның сұрақтарын түсіну керек. Абай қандай қоғамды көрді? Неге соншалықты күйінді? Нені өзгерткісі келді? Неге «толық адам» мәселесін арнайы көтерді? Неліктен ақыл мен қайраттың үстіне жүректі қойды? Неге әділет пен рақымды адамшылықтың өлшемі санады? Осындай сұрақтар қойылғанда ғана хрестоматиялық Абайдың ар жағынан ойшыл Абай көріне бастайды. Маған ең жақыны осы – ойшыл Абай. Өйткені ол менімен бірге өмір сүреді. Абайдың әр сөзінен бүгінгі адамдардың бет-бейнесін көремін.
Сонымен, Абайды біз дұрыс таныдық па? Бәлкім, біз Абайды танығаннан гөрі, Абай туралы қалыптасқан образды жақсырақ білетін шығармыз. Бізге «ұлы ақын Абай» таныс. Бірақ күмәнданатын Абай ше? Әр күн сайын ізденген, уақыт қадірін түсінген Абай ше? Қоғам кейпіне ашуланатын Абай ше? Өзінің де, өзгенің де мінін аяусыз тексеретін Абай ше? Шығыс пен Батыстың арасынан өз жолын іздеген интеллектуал Абай ше? Адамды өзгерту арқылы қоғамды өзгерткісі келген Абай ше? Міне, бізге енді осы Абайға оралу керек. Абайға оралған адам жүректегі құдайына оралады. Осыны ұмытпайық!
Иә, Абайды ұлықтау аз. Абайды қайта оқу керек! Абайдың сөзін жаттау аз. Абайдың сұрағын өзімізге қою керек! Өйткені Абайды танудың ең үлкен өлшемі – оның қанша өлеңін жатқа білетініміз емес, Абай қойған сұрақтарға бүгінгі қазақ ретінде қалай жауап бере алатынымыз. Маған осы қызық… Әркімнің санасында отырған шаблон Абайдан, траферет Абайдан құтылмай шын анықты көре алмаймыз... Көре алмайсың!
Уа, аруағы шалқар Абай баба, рухың шат болсын! «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» дегенсің, ал енді тыныш ұйықта. Ұрпағыңды қорғай жүр!
