Кемпір Жаратқанға қанша жалбарынса да, тілегі қабыл болмады. Орыс офицерінің жанындағылар қара жол бойын қас қақпай күзетіп тұр. Сол сәт алға қарай өңмеңдеген қара кемпірдің адымын алға бастырмай шекара сызығындағы есіктер жабыла бастады. Жаулығымен жанарын көлеңкелеген кемпір жол бойында ұзақ отырды. Иранға қарай жол шеккен машиналарға телмірген оның көзіндегі қап-қара мұңның тамшылары қара жерге тырс-тырс тамады. Жаны құстай ұшып сол жаққа беттеген машиналардың дөңгелегімен бірге ұшатындай. Шекара әскерлерінің арпылдаған иттері көздерімен кемпірдің әр қимылын үнсіз бағуда. Кемпір байғұс жанарын шұбаған ұзын жолдардан алар емес. « Шіркін, адам емес, құс болсам ғой. Ұшар едім қанатымды қағып Иранға» деген тәтті арманның жетегінде алпыс жыл ғұмыр кешкен кейуананың жан күрсінісін ысқырған жел де ұғынғандай тым-тырс бола қалды. Қалың ойға көмілген кемпір жердегі қара тастай қаздиып қатып қалған. Жанына жақын келген орыс офицерін де аңғармай қалды.
- Әй, кейуана! қайда жол тартпақсың?-деді офицер мысқылмен.
- Ә,ә , мен бе, Иранға -, деді кемпір орнынан сүйретіліп тұрып жатып.
- Саған айтпадым ба , әлденеше рет. Бұл шекара. Шекарадан арғы бетке өту үшін құжат керек. Онсыз болмас. Ол жақта сенің туған-туыстарың қалған шығар. Олар саған шақырту қағаз жіберсе ғана өте аласың бұл көпірден. Бұл-заң. Сенің ол жақта кімің бар?- деді офицер бастырмалата сөйлеп.
- Бір жақыным бар. Күйеуім сол жақта.
Офицер кемпірге таңдана қарады.
- Күйеуім дейді. Ім.мм... Бірінші дүниежүзілік соғысынан қашқандардан ба?..
Кемпір жауап бермеді. Офицер тағы сұрақ қойды.
- Күйеуің о заманда өзінше шешім қабылдап кеткен бе сонда?
Сұрақ жауапсыз қалды. Кемпірдің жанары жасаурап, жүрегі қысылды.
- Жас күніңде соқа басыңды сопайтып тастап кеткен күйеуді қартайғанда іздеп не опа таппақсың? Жөніне қалдыр оны, өтті, кетті, қалған өміріңді өстіп күңіреніп күтіп өткізбекпісің?- деп өзінше бар ақылын үйіп төкті де, аузын кеңірек ашып, қарқылдап күлді. Офицердің сөзіне жанындағылар да косыла күлді. Офицердің күн сәулесімен жарқылдаған алтын тістері кемпірдің көзіне лаулаған кып-қызыл оттай болып елестеді. Бәрі күлді. Тек кемпір ғана күлмеді. Шекара сызығында кемпірдің күтумен өткен күндері көп еді-ау... Демек, ешбір күлкінің жөні жоқ....
Түрікменстан-Иран шекарасы жаңадан ашылған. Содан бері екі ел арасында арба мен дорба қатар жүрді. Жоғалтқан туған-туыстарымен қауышып, бір-бірін іздеп сапырылысқан шақ еді бұл. Бұл кемпірдің де көңілінде үзілмеген үміті бар-ды. Деврамның да соңғы айтқан сөзі: « Гөзал, өзіңді сақта!»болып еді. Жарқырап аспан төріне күн шықса да, түнгі аспанда ай күлімдеп, жұлдыздар жымыңдаса да, кемпір көк жүзіне көз салатын. Жер бетінен таппағанын көк жүзінен көретіндей көз алмай қарайтын-ды…
***
Деврам жайнамазын жерге жайды. Намаз оқуға кірісті. Сол кезде дарбазаның ағаш есігін сындырып үйге кірген қарулы орыс әскерлері намаз үстіндегі Деврамның жағасына жармасып, қолдарын артына қайырып байлап тастады. Айқай салып жүгіріп келген Гөзалды әскердің бірі мылтықтың дүмімен ішінен бір қойды. Әйелдің жан даусы шықты.
Әскер ақырды:- Сіз бұл ескіліктің қалдығын қашан қоярсыңыз? Біз ескертпедік пе?
Деврамның жанарынан от ұшқындады - Намазымды қаза қылып , имансыз атанар жайым жоқ.
- Өшір үніңді! Сендейлер жаңа совет заманына көндікпес. Халықты бұзар. Сені де айдатамыз.
- Қайда?
- Итжеккенге. Сібірге... Ол жақта сенің ит құрлы да құның болмас.
- Жіберіңдер мені. Мен ешқайда бармаймын. Менің сендер құрып жатқан коммунизмде ешбір ісім жоқ... Тіпті түсінбеймін де. Көп жарлы-жақыбайдың бірімін. Қиялымда ғана баймын. Бар арманым сүйгеніммен бақытты ғұмыр кешу.
- Тарт тіліңді! Әйтпесе мен суырып алармын!- деп сес көрсетті орыс әскері. Деврамның басы салбырап, үнжырғасы түсіп кетті. Есік аузында парлаған көз жасын тоқтата алмай қайғыдан теңселіп тұрған жарына соңғы рет үн қатты:
- Өзіңді сақта, Гөзал! Мені күтпе! Бақытыңды табарсың. Менің барар жерім белгісіз. Ұмытпай дұғаңа қосып жүрерсің. !
Көп әскер Деврамды алдына салып айдап алып кетті. Ауылдың шәуілдеп үрген иттерінің даусы көпке дейін басылмады. Гөзел терең демін алып, көз жасын сүртті.
- Алпыс жыл өтті -, деді өзіне өзі.
Иә, одан бері алпыс жыл өткен еді. Ол шаршаулы жанарын қара жолға тікті. Алтын күннің жарқыраған нұрлы сәулесі күс-күс саусақтарының ұшына жылу таратқандай.
- Әй, кемпір, неге үндемейсің? Күйеуің жақсы болса сені тастап кетер ме еді?!
- Оллахи , шыным. Мен білмеймін. Топ әскер күйеуімді кісендеп айдап алып кетті. Қайда әкетті, неге әкетті, білмеймін.
- Бұл кемпір өтірік сөйлер. Өзі де күні бойы мөлиіп мазамызды алды. Енді келместей етіп сабап жіберіңдерші өзін деп еді офицер. Жаңадан келген сарбаздың бірі кейуананы арқасынан дойыр қамшымен тартып-тартып жіберді. Кемпір екі бүктетіліп үн шығара алмай қалды. Қан мен көз жасы қатар ағылды. Сүйретіліп үйіне жетті. Ескі естеліктерге көмілген үйіне. Жалғыздық пен тастай суық көмкерген жұпыны бөлмесінде бір уыс боп аққан қанын көз жасымен жуып отырды.
***
Орта жастағы көрші әйел Гөзалдің үйіне бас сұққан.
- Әй, Гөзалжан, осы сен Деврамнан бір хабар алған дей ме мына жұрт?! Дуылдасып айтып бәрі. Қайда екен өзі? Тірі ме екен?
- Иә, таптым Деврамымды. Кеше Қылыш айтты. Ол да Ираннан бір туысқанын тауыпты. Сол туысқаны Деврамды біледі екен. Хат жаздыртып жібердім.
- Деврам алыстап кетті ғой сенен. Арада қаншама уақыт өтті. Ол енді саған келмес.
- Мен білетін Деврам болса келер. Ол мені ұмытпас. Біз бір-бірімізді өліп-өшіп сүйдік емес пе? Келер, келер, жүрегім сезеді...
- Алланың жазғанын көресің-дағы, Гөзал, деген көрші әйелдің үні тым бәсеңдеу шықты.
***
Иә, арада ұзақ уақыт өтті. Гөзалдің көмір қара шашына ақ түсті. Ол үнемі таудың арғы жағына, шекара жаққа қарап телміруін қоймайтын. Сондай кезде жанына құрбысы Гүлнәр келіп:- Деврамды өмір бойы күтермісің, Гөзал! Жасың болса қырыққа келді. Ол келмеді. Қазір ақылға келмесең , ертең қиын болады. Дүниеде Деврамнан өзге еркек жоқ па?
-Деврам менің құдай қосқан қосағым. Тірі болса бір күні келер, мені ұмытпас. Жолын сарғайып күте алмасам, мені кешіре ме екен?!
-Есің дұрыс па, қыз! Мына түріңмен басыңа бір ақылды ой келмес сенің. Иран жақтағы жағдай бізге беймәлім. Екі ортаға құстар ғана ұшпаса, адам жүрмес. Шырайыңды солдырып, жас өміріңді өксітпе... Құрбысының сөзі Гөзелді арман өлкесіне жетектеп алып кетті. Шіркін-ай, бір күні ғайыптан тайып баяғыдай астына ақбоз атын мініп Деврам келсе. Гөзалді атына міңгестіріп алып, көкжиекті бетке алып шапса ғой. Ат үстіндегі шат-шадыман көңілдері тасыған теңіздей, ұшқан құстай әдемі болар еді деп қиялға берілер еді.
***
Түнде түс көріпті. Түсінде Деврамның ақбоз атын көрді. Иесіз қалған ақбоз ат Гөзалге қарай шауып келеді екен. Шауып келе жатқандай емес, бейне тұлпарға қанат бітіп ұшып келе жатқандай. Таңертең әлдекім қақпасының есігін қақты. Кейуана орнынан тұрып, есікті ашты. Пошташы екен. Қолында бір хат бар. «Ең алдымен сүйіншімді берерсіз. Ираннан хат келді. Жаздырған хаттарыңа әйтеуір бір жауап келді ғой» -, деді пошташы күлімдеп. Кейуана жанын қоярға жер таппай, толқып кетті. Әлдене есіне түскендей үйіне қарай жүгірді. Төргі бөлмедегі ескі сандықты ашып, ішінен бір қадақ қантты алып келіп, пошташының қолына ұстатты да, алқынған үнмен:
- Хатты оқышы, балам,- деді.
Почташы: Жазуы нашар екен. Біз ескі алфавитін жақсы білмеспіз ал олар жаңа түрікмен тілін білмес. Дегенмен оқып көрейін,- деді де оқи бастады.
« Амансың ба Гөзәл? Өмірімнің соңғы күндерінде сенен хат алармын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмес. Білермісің, сол алып кеткен орыс әскерлері мені тұтқында ұстады. Аллаһым жар болды, иран жүректі түрікмен жандылар көмегін берді. Алланың құдыреті сол, мен парсыша үйрендім. Орыс әскерлері мені Иран жандармериясының қолына тапсырды. Иранда біраз жыл түрмеде отырдым. Одан соң саған іздеу салып, хабарымды айтып, хат жазуға да қорықтым. Ол замандарда бұл сенің өміріңе қауіпті екенін білдім. Сенің амандығыңды, бақытты ғұмыр кешкеніңді шын жүрегіммен қаладым, Гөзәлім! Кешіре алсаң кешір мені! Мен бұл жақта екінші рет үйлендім. Жан күйзелісімді қалай жеткізейін, жалғыздық мені қатты қорқытты. Бабаларымыз « Жалғыздық Аллаға ғана жарасады» деген ғой. Сен үшін жүрегім сыздап сан түндер бойы көз жасымды төктім. Сені ғұмыр бойы күте алмағаным үшін жалбарынып кешірім сұраймын. Қазір Түрікменстан тәуелсіз ел болды. Түрікменстан мен Иран арасындағы шекара ашылды» деп мұндағы көп ағайындар ақсарбас шалуда. Ұзақ уақытқа созылған түрме азабынан, жан азабынан жапа шектім. Сырқатым бар. Сені бір көріп өлсем деп армандап келем, Гөзәлім! Өзім жете алмасам, туысқанның бірінен сәлемімді естірсің... Не дейін, кәрі ағаштай қуарған жүзімнен көз жасым домалап отыр. Сен кешірермісің, мені?..»
Пошташы кетті. Гөзал кемпір жападан жалғыз отырып, дауыс етіп жылады. Біраздан соң еңкіштенген белін жазып, жүзіне шуақ жүгірді. Деврамым келеді екен, оған қандай дәм әзірлесем екен деп қиялдап кетті. Деврамның саулығы үшін, оның аман-есен келуі үшін дұға қылды. Сол күннен бастап Гөзал кемпірдің еңсесі көтерілді. Күн сайын ұзын қара жолға көз тігіп, жолаушы күтумен болды. «Деврамның жүзі өзгерді ме екен? Оның жанында аяғым сырқырап, белім бүгіліп жүре алмай сорлап қалмасам жарар еді». Иә, Раббым! Бір көріп есендесіп-жүздесіп өліп кетсем арманым болмас еді ғой. Ауру оны қолдан, аяқтан алмаса екен деп тіледі. Алла Тағалам! Жалбарынам! Деврамыма күш-қуат бере гөр» -, деп тіледі. Алдыңғы күні түс көрді. Түсіне Деврам еніпті.Көздерінен аққан жас тамшылары теңізге айналып кеткендей. Баяғы жас күніндегідей Деврам атына мініп жанына келді. Ат үстінде тұрып, бұған басын иіп сәлем етті де атына міңгестіріп алып алыстарға шауып барады екен. Таңертең ұйқысынан оянған Гөзал кемпір түсін жақсылыққа жорыды.
« Деврамым келеді екен» деді. Таң атқаннан түн батқанша екі көзі төрт болып күтті. Күндер өтті, түндер өтті. Деврам келмеді. Сағыныштан сарғайған әжімді жүзін жас жуды. Мүмкін сырқаты меңдеп кеткен шығар? Неге хабарсыз қалды, тағы бір жаңа хат жазар ма екен деп ойы онға бөлініп, түн баласы дөңбекшіп ұйықтай алмады кемпір. Көк аспанда Түрікменстаннан Иранға қарай ұшқан қарғалар тізбегі. Ей, қарғалар! Деврамыма бір хабарымды жеткізе гөр! Кейуананың ішкі күрсінісі қарғалардың қанатына жазылған жырлар сияқты еді. Кенет гүрілдеген көліктердің дауысы естілді.
Көліктерден түскен әйел, еркек аралас бір топ адам мұның үйін бетке алып келеді екен. Еркектері бастарына түрікменнің сеңсен бөркін кисе, әйелдер жағы түрікменнің гүлді өрнекті орамалын тағынған. Мұндай гүлді - өрнекті орамалды Иранның Түрікменсаһрасын мекендеген түрікмен әйелдері де тағатын еді. Түрікменстан әйелдерінің орамалы Түрікменсаһраның әйелдерінің орамалынан қысқа, шағындау боп келетін. Гөзал Түрікменсаһраның Түрікменстанның жартысы екендігін білетін еді. Ол түрікмен ағайындардың Кеңес үкіметін орнату кезеңінде большевиктердің кесірінен бөлшектаніп қалған туған-туыстарымен жаңа заманда табысып жатқанынан да хабардар-тұғын. Екі ел- екі мемлекеттің түрікмендері бір-бірімен құшақтаса көрісіп жатты. О, ғажап! Гөзал кемпірдің көзі жап-жас Деврамға түсті. Жүрегі солқ етті. Деврам -, деп алға бір ұмтылды да, тоқтап қалды. Тап соның өзі! Түк өзгермеген бе? Құдай-ай, өңім бе, түсім бе? Кемпір бар күшін жинап: - Деврам! – деді тағы да. Жас жігіт кемпірге таңдана қарды. Жігіттің жанындағы қарт кісі Гөзалға елжірей көз тастады. Кейуана үні шығар-шықпастай: Деврам! –деді. Ақсақалы өңіріне төгілген қарт мұның алдына келіп:- Гөзал! Деврам менмін! -деді. Кейуананың алқымы жасқа шыланды. Деврам оны қолтығынан жетелеп үйіне енді.
- Бұл арада боларың ақылыма келмес-ті, деп тіл қатты Деврам.
- Келеріңді сезгенмін,- деп кемсеңдеді Гөзал.- Жаныңдағы бұл жас жігіт кім?- деген сұрау тұрды оның жасты жанарыңда.
- Менің ұлым. Аты- Аман. Бұл сенің де ұлың, Гөзал!-деді Деврам.
- Қара шашың ағарып, жағың суалып қартайыпсың , Деврам-, деді Гөзал.
- Ақ маңдайыңа әжім қонып, нұрлы жанарыңа мұң толып сен де қартайыпсың, Гөзал!-, деді Деврам күрсініп. Аққан судай, соққан желдей сырғып өткен қайран заман-ай!
- Мен үшін сағат орнында тұрып қалғандай. Уақыт өтпеді. Сені ойламаған бір күнім болған жоқ-, деп Гөзал көзінен інжу-маржан жас төкті. Деврамның да ақ сақалын жас жуып кетті. Екеуі қара жердей толқып басылды.
- Гөзал-ау, тар маңдайымызға тағдырдың жазған жазуы ғой бұл?! Екеумізде, біздің сорлы махаббатымызда не айып бар?-деді Деврам көкірегі қарс айрылып. Мені кешіре гөр! Сенің бүкіл өміріңді қор еттім. Жалғыздықтан қорықпай, маған жан баласын теңгермей алпыс жыл жолымды тосыпсың. Қайран жас күндеріміз, шаттыққа мас күндеріміз қайта айналып келер ме? Диірменнің тасындай шыр айналған дүние-ай! Қайтейін-ай, заманының тезіне иленген біз де бір маңдайының соры бес елі пендеміз ғой-деп Деврам шерлене сөйледі.
Гөзалдің көзінде жас емес, шоқ тұтанды.
– Алла тілегімді қабыл етті. Сені бір көріп өлсем ғой армандаушы едім. Жеттім арманыма. Ризамын. Ақ махаббатымның жолында бар қызықты құрбан еттім. Сені күтумен қартайдым деп еш өкінбеймін. Осы күнге, сені көріп жүздескеніме мың шүкірлік етермін, деді Гөзал сабырмен.
Күн ұясына батып барады.. Қып-қызыл түс те бірте-бірте көкжиекке сіңер шақта бір-біріне арызын айтып, бақұлдасқан қос қария-қос ғашықтың ескірмеген асыл, ардақты сезімдері қылдан да нәзік еді. Оттан да ыстық, темірден де мықты еді. Айдай ажарлы, күндей көрікті еді. Сұлу еді. Сұлу бола тұра өте аянышты, өте ауыр, мұңды еді…
Аударған: Маржан Ершу
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.