Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Анна Ферриеро. Андалусиялық ақындардың поэзиясына ...

Анна Ферриеро. Андалусиялық ақындардың поэзиясына ғашықпын

11.03.2026

991

Анна Ферриеро. Андалусиялық ақындардың поэзиясына ғашықпын - adebiportal.kz

Анна Ферриеро – италиялық ақын әрі аудармашы. Поллена-Троккья қаласында туған. 2015 жылы «Махаббат сиқыры» (Magia D'amore), ал 2016 жылы «Point – көкжиектің ар жағында» (Punto – Oltre l'Orizzonte) деген жыр жинағы жарық көрген. Сондай-ақ ол – «Қалаулар құпиясы» (La Cripta Dei Desieri) және «Айнадағы көлеңкелер» (Ombre Allo Specchio) хикаяттарының авторы. Ақынның жырлары ағылшын, түрік, серб, хорват, қытай, жапон, испан, орыс, албан, араб т.б. тілдерге аударылып, халықаралық БАҚ-тарда жарияланған. 

– Құрметті Анна, «Азап шеккен теңіз» (The Tormented Sea) өлеңіңізде: «Қыс ортасы болса да, Көктем шуағын сіңіріп, Маңына жуыған әркімді ғашық етеді» (жолма-жола аударма – А.Ф.) – деп жырлайсыз. Қақаған қыста өзі азап тартқан теңіз өзгелерді ғашық ететіндей қандай құдіреті бар? 

– Теңіз дегеніміз – айрықша жаратылыс. Ол – шетсіз-шексіз ұлы айдын, әрі адамның ішкі жан әлемі, яғни ішкі жан теңізі. Тіпті, философияда теңіз «өмір» делінеді. Мен мұнымен келісемін. Өйткені, ол бүгінді көрсетеді, өткенді сақтайды әрі болашақты қамтамасыз етеді. Менің ойымша, теңіз терең ұғымдар мен құндылықтарды бойына сыйғызады. Гераклит үшін ол Апейронды білдіреді (Апейрон – ежелгі грек философы Анаксимандр енгізген ұғым, дүниенің алғашқы негізі, материалдық бастамасы ретінде қарастырылады – А.Ф.). Көне грек поэмасы «Одиссеядан» бастап, бүгінге дейінгі әдеби шығармаларда да теңіз кеңістігі жиі көрініс табады. Ал испан тілінде «теңіз» сөзі әрі ер, әрі әйел тектес бола алады (маған әсіресе әйел тектегі нұсқасы ұнайды). Мұның бәрі тегін емес. Бұл жайттар теңіздің ғаламат қуатын дәлелдейді. Дауылды теңіздің алапат дауысы, әсіресе, қыстыгүні жойқын. Дегенмен, теңіз қаншалықты буырқанса, демек ол көктемнің соншалықты жақындап қалғанын білдіреді. Сол себепті, жанына жуыған әр жан ұлы дарияның иісі мен дыбысына ғашық болады.

– «Теңіз күлтелері» (Sea Petals) деген өлеңіңізде мынадай тармақтар бар: «Махаббат күлтелері сұмдықты жояды» (жолма-жол аударма – А.Ф.). Махаббат адамдар арасындағы жанашырлықты арттырып, жер бетіндегі соғыстар мен қатігездікті тоқтата ала ма? 

– Бұл жерде махаббат күлтелері ұғымы француз жазушысы Габриэль Сюзанна Барбо де Вильнёвтің «Сұлу мен құбыжық» ертегісінен алынған. Онда әдемі қызыл раушанның нәзіктігі сондай – сабағынан үзіліп, жерге түсіп үлгергенше үлбіреп, ғайып болатындай. Меніңше, махаббат сондай болуы керек. Жерге түсіп, былғанудан қашып, сұлулығы мен кербездігін сақтай білуі тиіс. Біз әр раушанның әр күлтесіне мейіріммен, сезімталдықпен қарасақ, қантөгістер тоқтап, адамдар бір-біріне бауыр екенін түсініп, адалдық пен бейбітшілікті сүйер еді. 

– Ал «Көк аспан» (Sky blue) деген жырыңызда «Көгілдір әлемде ол шөлін қандырады» – деп жырлайсыз. Ақын мен көк түстің арасында қандай байланыс бар?

– Көк – әдемі түс. Менің сүйікті түсім. Ол теңізбен бірдей. Көк түс еркіндік пен саяхаттауға құштарлықты білдіреді. Таңғы рауан мен кешкі арай басқа кеңістікте емес (мысалы, жерде не отта емес), дәл көкте туып, көкте өлетіні тегін емес. 

– Оқырмандарға өмірбаяныңызды айтып берсеңіз...

– Қазір Неапольдегі Шығыс университетінде оқып жатырмын. Онда классикалық білім мамандығын меңгеріп, көне тілдер мен ежелгі мәдениеттерге «сүңгудемін». Аталған ЖОО қабырғасында шет тілдерді үйренуге және аударма жасауға деген қызығушылығым оянды. Ана тілімдегі сөздердің өзге тілдердегі баламасы мүлде өзгеше екені таңғалдырды. Сондай-ақ, әр тілде басқа тілдерде болмайтын өзіндік ерекшеліктер кездесетіні таңданысымды арттырды. Тілдер құрылымын, тарихын, табиғатын зерттеуге деген құмарлық мені әрқилы журнал редакцияларымен, авторлармен әріптестікке және кітап саудасымен айналысуға алып келді. 

– Әдебиетке келуіңізге не әсер етті?

– Әуелі грек мифологиясын, сосын грек әдебиетін зор ынтамен оқыдым. Поэзияға деген қызығушылығымды солар оятты. Әрдайым грек мифологиясын өлеңмен жырлағым келеді. Өйткені, мұны бұған дейін ешкім істемеген.

– Сүйікті қаламгерлеріңіз кімдер? Олардың қандай шығармалары ұнайды?

– Андалусиялық ақындардың поэзиясына ғашықпын. Ең алдымен, Федериико Гарсиа Лорканы (1898-1936) атар едім. Оның шығармашылығындағы “El toque”, яғни «гитарада махаббатпен ойнау өнері» сарыны ғажап! Лорканың «Қанатыма тиіспеңдер!» (Lasciate le mie ali al loro posto) деген жинағы италия тіліне аударылған. Ондағы жырларда автордың ішкі тебіренісі мен толқынысы көрініс тапқан. Испанның тағы бір ұлы ақыны Густаво Адольфо Беккердің (1836–1870) шығармашылығына да тәнтімін. Ол сөз зергерінің болмысына сипаттама берген. Беккердің пікірінше, ақын деген – тек өлең жазатын жан емес, сондай-ақ түгесілмейтін көл-көсір шабыт пен әсердің иесі.

– Байқауымша, көп тілді меңгерген секілдісіз...

– Италия, испан және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Түрікше және португалша аздап тіл қатыса аламын. Шығармаларымды италия және испан тілдерінде жазамын. Сондай-ақ сөздік қолдана отырып, түрік және ағылшын тілдерінде де жаза аламын.

– Адамзаттың қателігі не деп ойлайсыз?

– Мынадай латын мақалы бар: «Қателесу адамға тән қасиет. Бірақ бір қателікті қайталай беру – шайтанның ісі». Меніңше, қателіктен кейін кісі өкініп, тәубе етіп, кешірім сұрап, қайтадан қайталамаса, кешіруге болады. Ал адамзаттың қателігі – бір ағаттығы мен олқылығын үздіксіз қайталай береді және өзі мұны сезінбейді. Әр адамның жерде орны, несібесі бар деп ойлаймын. Сондықтан ешкім ешкімді қызғанбай, қиянат жасамай, өмір сүргені жөн. Адамның күні адаммен. Бір-бірімізге көмегіміз, қолдауымыз қашан да керек. Әр кісі өмірге деген көзқарасын жақсы жаққа қарай өзгертсе, келешек ұрпақтарға гүлденген әрі ізгі әлемді қалдыруға әлі де мүмкіндігіміз бар.

– Италия үкіметі қаламгерлерге қолдау білдіре ме?

– Өкінішке қарай, Италияда әдебиетшілер, әсіресе, ақындар үшін айтарлықтай қолдау жоқ. Италияның мәдениеті өте бай. Бірақ осындай қазыналы мұрамызды, әсіресе, поэзиямызды дұрыс насихаттай алмай отырмыз. Екі жыр жинағым мен екі хикаятымды өз қаржыма шығардым. Егер қаламгер ретінде аз да болса атым шықса, ол менің шығармашылығымды аударып, жариялаған, насихаттаған шетелдік достарымның арқасы. Алайда бұл шағымдану емес. Қалай болғанда да, мен сөз өнерімен айналысқаным үшін бақыттымын. 

– Қазақ оқырмандарына қандай тілек айтасыз? 

– Көркем әдебиетті оқыса екен деймін. Қазақстандағы мектептерде қазақ поэзиясымен бірге әлем ақындарының жырлары да оқытылса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал қазақ қаламгерлері раушанның күлтесіндей болуын тілеймін. Өзі өзгерсе де, поэзияға деген адалдығы және махаббаты мен үміті өзгермегей. Баршаңызды жақсы көремін. Сізге сұхбат беру мен үшін мәртебе болды. Италиядан сәлем жолдап, береке тілеймін. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan