Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Әбіш Кекілбайұлы – SPEECHWRITER...

08.04.2022 4410

Әбіш Кекілбайұлы – SPEECHWRITER

Әбіш Кекілбайұлы – SPEECHWRITER - adebiportal.kz

Аңдатпа: «Әбіштану» «Сөз өнері» пәндерін оқытудағы тәжірибеден туған зерттеу қазіргі өзекті мәселелерді көтерген. Отандық ғылымда қарастырылмаған спичрайтер қызметі және спичрайтинг саласы мақалаға арқау болған. Көпшіліктің көкейінде жүрген ойларға нақты мысалдар келтірілген. Қосымша кесте арқылы ұсынылған материалдар мақала мазмұнын арттырып, автор пікірлерін айғақтап тұр.

Түйінді сөздер:Әбіш Кекілбайұлы, спичрайтер, спичрайтинг, таңдамалы сөздер, PR, мемлекеттік хатшы.

Бұл тақырыпқа кіріспей тұрып, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Таңдамалы сөздер» атты жеті томдық жинағын оқып шықтық. Алғашқы томының алғысөзінде: «Н.Ә.Назарбаевтың көп жылдар бойғы саяси қызметінің барысында жұртшылық алдында сөйлеген сөздері кең ауқымды шешендік құндылықты құрайды», – делінген [1, 7]. Осы орайда өзімізді үнемі қызықтырып келген «Елбасының спичрайтерлері кімдер болды екен?» – деген сұрағымызға жауап іздедік.

Спичрайтер – лауазымды тұлғалардың, жоғары мәртебелі адамдардың, көшбасшы саясаткерлер мен ірі компания басшыларының көпшілік алдында сөйлейтін сөзінің мәтінін дайындайтын маман. Бұл терминнің түпнұсқасын ағылшын тілінен аударсақ: speech – сөз, writer – жазушы [2].

Дамыған елдерде спичрайтинг – PR саласының бір бағыты ретінде кәсіп пен мамандық мәртебесіне ие. Ал біздің елімізде анонимді түрде, яғни ашық айтылмағандықтан, оларды көпшілік біле бермейді. Сондықтан спичрайтинг қызметін қалыптастыру және дамыту үшін, бұл бағытта атқарылған қызметтерге ықтимал болжамдар жасауға да мәжбүрміз.

Жеті томдық «Таңдамалы сөздер» жинағы 1989-2013 жылдар аралығын қамтиды екен. Демек, ширек ғасыр шежіресі, жылнамасы деуге болады. Дәл осы жылдары үлкен саясатқа араласқан Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының Тұңғыш Президент жанынан табылуы, оның сенімді серігі болуы кездейсоқ сәйкестік пе әлде негізгі мемлекеттік қызметтермен қоса шартты жағдайда спичрайтерлік жұмысын да атқарды деуімізге бола ма?

Оған дейін-ақ қаламгер ретінде әбден қалыптасқан, әлем әдебиетіне әйгілі болып үлгерген Әбіш Кекілбайұлының танымалдығы, қолтаңбасының айқындығы әрқашан сөз иесін айрықша аңғартып келді. Оны бірден байқағандардың бірі – уытты сынға негізделген өткір мақалаларымен танымал журналист Жұматай Сабыржанұлы өзінің «Образға кірсе, «во» болады» деген жазбасында былай дейді: «Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Құдай тек ендігі жерде өлінің үрейін, тірінің мерейін ұшырмайтындай қып, қай ісімізді де оңға бастыра көргей. Қиянатты пейіл, қияметті мейір тоқтатады деген. Мейір оңалса – берекет, пейіл оңалса – әрекет өрге басар деген. Жаратқан тек берекеміз молайып, тірлігіміздің оңға басқанын көруге жазғай!» («Егемен Қазақстан», 1999.06.04).

Көрнекті етіп ойып берілген осы сөздерді мен Нұрекеңдікі дегенге өлтірсе де сенбеймін. Бұл – буы бұрқыраған Әбекең, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев. Со кісінің сөз саптасы, ой қорытуы, жорға машығы. Бір сөзбен, «стилі» дейтін шығармыз...

Бұл арада көтерейін деп отырған мәселем – президенттің сөзін ешкім жазып бермесін емес, жазсын, бірақ үлкен кісінің ойлау жүйесіне салып, қазақшасының қарасынына қарайлап, бейнелеп айтқанда, бойына шақтап айтқан жөн. Сонда «во» болады... Көрмейсіз бе? Анау Ельциннің қағазға қарап сөйлеген сөздерінен де ельциндігі есіп тұрады...» [2, 252] – деп сынаған.

Сөз өнеріндегі сан соқпақты сүрлеулер арасында дараланып жататын даңғыл жолы бар данышпанды айыра алмау мүмкін емес. Қарапайым оқырманның өзі сөйлемдері мәнді де мазмұнды, әуезді де әсерлі жазушысын жаңылмай таниды. Ал ғылыми тұрғыда оның мысалын мәтінтанушы мамандар текстологиялық талдау арқылы анықтауға да, тұтас контексте қарап, лексиконы арқылы айқындауға да мүмкіндігі мол.

Спичрайтер термин ретінде Ресейдің өзінде тоқсаныншы жылдардың басынан бастап қолданысқа енген. Содан бері кеңес үкіметі кезіндегі де, постсоветтік кездегі де бірінші басшылардың спичрайтерлері туралы ашық жазыла бастапты [4]. Спичрайтинг туралы түрлі ғылыми зерттеулер, публицистикалық бағыттағы әдебиеттер жарық көрген [5]. АҚШ-та спичрайтинг Ақ Үй әкімшілігінің арнайы бір құрылымы ретінде қызмет атқарып, әр жылдардағы Президенттердің спичрайтерлері ашық түрде тіркеліп, еңбектері ерекше бағаланады [6]. Сол тәжірибені үлгі ретінде қолдануға болады. Бізде бұл енді ғана трендке еніп жатыр.

Спичрайтер сөз сөйлеушінің табиғатын толық танып, оның дауыс ырғағы мен сөз қолданысын бақылап, тыңдайтын аудиториясын алдын ала анықтап, олардың санасында қалатындай сәтті мәтін дайындауы тиіс. Оны бірыңғай салмақты да салиқалы, толғанысты-тебіреністі сөздермен ғана емес, әзіл әңгімемен де араластырып отырады. Тура мағынасында да, тұспалдап та, астарлап да жазуы мүмкін. Сәтті сөйлеу арқылы сөз иесінің мансабы жоғарылауы да, керісінше, сәтсіз сөзі өзіне таяқ болып тиюі де мүмкін. Топ алдында тілімен танылып таққа отырғандар мен басына пәлені тілінен тапқан тұлғалардың тарихта мысалы көп.

Біз спичрайтинг кәсібін де, спичрайтер тұлғасын да Ә.Кекілбаев қызметі мысалында қарастыруға тырыстық. Бұл әдісіміз – әуесқойлық. Өйткені зерттеуде сирек кездесетін жағдай, яғни негізгі қаһарманның емес, қосалқы қызметкердің тұлғасын алға шығарып, еңбегін бағалауға тәуекел етіп отырмыз. Осылайша Ә.Кекілбаев мысалы арқылы оған дейінгі де, одан кейінгі де спичрайтерлер мен олардың қызметіне жол ашуымыз мүмкін. Жұмысымыздың өзектілігі – эвристикалық әдіс-тәсіл ретінде, отандық ғылымда әлі қарастырылмаған мәселенің алғаш зерттеу нысанасына айналуында. Бұл бастаманы кәсіби мамандар зерттеу обьектісі қылып кеңірек жалғастыруына болады...

Ежелгі Грекияда сотталушының өзін-өзі қорғауы үшін, алдын ала жаздырып алатын сөздерін дайындайтын шешендерді «логограф» деп атаған. Риторика тарихынан оқығанымыздай, Демосфен, Лисий сияқты логорафтар бұл қызметті кәсіпке айналдырған. Бірақ логорафтарды біз сөз етіп отырған спичрайтерлермен шатастыруға да, салыстыруға да болмайды.

Дәстүрлі билік ұғымына сүйенсек, «Ханда қырық кісінің ақылы бар» делінеді. Бұл сөз – ханды сонша кісіге тең көру емес, оның көп адам кеңесін алуына байланысты айтылған. Ол хан бола ма, патша бола ма, президент бола ма, бәрібір, билігінің баяндылығы жалпы қоғамға арнаған сөздерінің салмағымен, халықтығымен де өтімді болмақ. Қазақта «Ханның айтқанын қара да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» деген сөз бар. Ал дуалы ауызға уәлі сөз салып беріп жүрген адамның өзі де даусыз дана болса ше?! Онда тарихи мысалдардан белгілі болғандай, ондай билік иелерінің тақта отыру ғұмыры да ұзағырақ болып келеді.

Әбіш Кекілбайұлы – ата тегінен, тумысынан бекзат болмысты дегдар тұлға. Оны шежіре тарихынан да, іс-әрекетінен де, сөйлеген сөздері мен жазған-сызған дүниелерінен де анық байқауға болады. Жазушылық жолында оның элиталық ойлау жүйесі тіпті дами түскен деп білеміз. Өйткені негізгі кейіпкерлері – хандар мен сұлтандардың, әмірлердің, басқа да билеушілер мен басқарушылардың психологиясын, би-шешендердің мәмілегерлігін жазарда әбден зерттеп меңгерген. Ал мемлекеттік қызметте оны сынақтан өткізіп, тәжірибесіне енгізгендей. Жаңа замандағы жазушы-кеңесшіміз дәстүршілдігімен де, жаңашылдығымен де мемлекет басшысына қапысыз қызмет етіп, өзара үйлесіммен мүлтіксіз әріптестікте жарасыммен жұмыс істеген. Сол арқылы өзі де мол үлес қосқан авторитарлық режимнің ұзағырақ тұруына себеп болғандардың бірі екенін де жасыра алмаймыз.

Қазақстан Республикасы Егемендігін қабылдап, Тәуелсіздігін жариялаған жылдарында кемеліне келіп, кемерінен асып-тасып тұрған қаламгер көркем сөзден гөрі көсем сөзге біржола бет бұрған. Онысын мемлекет мүддесі жолындағы сөз иесінің міндеті, парызы, борышы деп білген.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – өзімен құрдас, замандас тұлға. «Заманы бірдің – амалы бір» дегендей, бір буын өкілдерінің тіл табысуы да оңай, әу бастағы талабы мен тілегі де, мемлекетшілдік мүдделері де ортақ болған. Кең кеуделі тұлғасына сай Кекілбаевтың көңілі көлдей, мінезі мәрт, жаны жайсаң, негізінен момын, көнбіс, сыпайы да сырбаз, байыпты да байсал, жұмсақ адам. Ал президент – күрделі темпераментті тұлға еді. Уақыт сынынан сүрінбей өткен жолдас, асығыста ақыл мен ат сүрінгенше амал табатын, қиындықта жол мен қысылғанда сөз табатын кемеңгер – кез келген басшы қардер болар кеңесші емес пе?

Осы орайда біз дарынды ділмардың спичрайтерлік қызметіне мән бере отырып, оның Президент психологиясын, ел басқарудағы әдісі мен интуициялық ойлауына дейін игеріп алғанын байқаймыз. Сондай-ақ көптің көкейіндегі мазалаған мәселелерді де жақсы білгенін, жалпы жағдайлардан хабардар екенін ықтиярсыз мойындаймыз. Өйткені қоғамды ішінен бақылаушы ретінде билік пен халықты байланыстырудың ортақ тілін таба білген. Бірінші басшының сөйлейтін сөздерін түрлі ракурстан қарастырып, қоғам реакциясына қарай икемдеп отырған. Тағдырын жазмыш деп есептейтін және соған бойсұнған тағаты темірдей төзімді жұрттың менталитетіне тән қасиеттердің бірі – көңіліндегі өзі естігісі келетін есті сөзді айтқанға да риза болатыны. Осы тұрғыда мәнді де мазмұнды мәтінді өз мәнерімен оқып беру тыңдаушының құлағына майдай жақпай ма? Бұл шешендік сөздер сөйлеуші шенеунікті де шабыттандырады. Халықтың да үмітін үзбей, сенімін нығайтады. Әйтсе де, тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде толғақты мәселелерді тап басып айтып, шиеленісті сәттерде шырғалаңнан шығар жол нұсқаған, даурыққан топты сөзге тоқтатқан, ымырашылдыққа жеңдіріп, дау-жанжалдардың алдын алған ақыл иесінің бұл тапқырлығын манипуляциямен шатастыруға болмайды. Палитрасы түрлі түске толы профессионал прозаигіміз публицистикада прагматик болды. Өзін де, Елбасын да пафостан аулақ ұстаған, популизмге жол бермеген. Мемлекет мүддесі үшін оқшау ойларын сыналап енгізіп отырған шығар, бірақ онысына бола орынды-орынсыз жеке пікірлерін тықпалаған болар деп күмәндансақ та қателесеміз. Қызметін асыра пайдаланып, басшының ойларын бұрмалап, лоббизммен айналысу сияқты пендешілік тірліктер оның тау тұлғасына сай емес.

Әбіш Кекілбаев біртуар тұлғасымен, феномендігімен мемлекеттік хатшы лауазымының планкасын көтеріп тастады. Сондақтын одан кейінгілерді де сол өлшеммен сынайтын болдық. Сол сияқты спичрайтерлік қызметті де шегінен асырып кетті.

Дәлеліміз дау туғызбауы үшін, әзірге мысалдарды «Таңдамалы сөздердің» III, IV томдарынан бастап қолдансақ та жеткілікті. Онда 1995-2002 жылдардағы Тұңғыш Президент сөздері топтастырылған.

Ал «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының ІІ томында ҚР Президент мұрағатына сілтеме жасалып (қ. 5-н, тіз. 6, іс 736, п.п. 1-11) Мемлекеттік хатшының 1998-2002 жылдардағы жұмыс кестесі, әр айлардағы жоспары жарияланған [7].

Мәселен, Мемлекеттік хатшы кестесінде: «ҚР Президентінің зиялы қауым өкілдерімен кездесуіне қатысты материалдарды даярлау (05.02.1998)» жоспарланған.

«Таңдамалы сөздерде» Президенттің 1998 жылғы 17 наурыз күні Алматы қаласында Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Зиялы қауымның адамгершілік және саяси таңдауы» атты сөйлеген сөзі берілген [8, 513-521].

Мемлекеттік хатшы кестесіндегі: «ҚР Президентіне қажетті материалдармен жұмыс (09.02.1998)»; ҚР Президентіне қажетті материалдармен жұмысты жалғастыру (10.02.1998)» сияқты көрсетілген күн тәртібінен де мемлекет басшысының келесі сөйлейтін сөздерінің мәтінін дайындағанына көз жеткіземіз.

Мемлекеттік хатшы сол жылғы мамыр айында түркология мәселелері бойынша жұмыс істейді. Президент 9 маусым күні Түркі тілдес мемлекеттердің V саммитінде сөз сөйлейді [8, 534-539].

Мемлекеттік хатшының 1-8 маусым күндеріндегі жұмыс кестесі Астананың тұсаукесерінде сөйлеуге дайындалу, мәтіндерді қарау, мәселелер, іс-шаралар бойынша жасақталыпты. Ал 10 маусым күні Президент Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қаласының тұсаукесер рәсімі салтанатында «Жаңа астана – жаңа мемлекет – жаңа қоғам» тақырыбында сөз сөйлейді [8, 540-547].

Ары қарай да дәл осындай сәйкестік жалғаса береді. Сондықтан біз арнайы кесте жасақтап ұсынамыз.

Кесте(қосымшада)

Әбіш Кекілбаев – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы мемлекеттік хатшыларының бірі. Ол ҚР Конституциясы мен Заңдарына сай, ішкі саясатта идеологиялық бағытта еңбек етіп, Президент тапсырмаларын іске асырумен айналысты. Ал егер АҚШ-тағыдай, Еуропа елдеріндегідей ерекше еріктер беріліп, мемлекеттік хатшы халықаралық деңгейдегі құзіреттерге ие болса, Әбекең әдебиетте ғана емес, жаһандық саясатта да көрнекті қайраткер тұлға болар ма еді?!

Жазушы – ақыл-ой еңбегінің адамы. Оның ана тілінің құнарына уызынан жарығаны, ағыл-тегіл эрудиттігі, энциклопедиялық білім иесі болуы, кез келген тақырыпты еркін жазуына мүмкіндік берді. Біз келтірген мысалдардың өзінде саясат, экономика және бизнес, қоғам, халықаралық қатынастар, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, ұлттық идеология, қорғаныс, т.б. салалар молынан қамтылған.

Бір баяндама жазу үшін, қаншама дерек көздеріне жүгінуге тура келеді. Әлі интернет кең қолданысқа енбей тұрған уақыттың өзінде-ақ нақты фактілерге негізделіп, тыңдағанның танымын арттыратын, оқығанның ойөрісін кеңітетін материалдарды іздеп тауып, солардың негізінде мәтін дайындау оңай болмағаны анық. Ал бала кезінен барлық бағытта білімін жетілдіре берген, өмір бойы оқып өткен, ұдайы ізденіс үстінде жүретін қаламгер қызыл сөзбен емес, дерекпен сөйлеуге бейім. Оның бұл бағытта қиынсынбай қылған қызметін біз бүгінде ағартушылық еңбек деп бағалауымызға болады.

Жұмыс жоспарына мән берсек, ойы мен қаламының жүйріктігі соншалық – ауқымды мәтіндердің өзін аз уақытта, жедел жазып беріп отырғанын байқаймыз. Бұл оның пунктуалды, аса жауапты, тиянақты, ыждағатты, міндетіне мұқият болуымен қатар, әбден машықтанып алған дағдысына айналып кеткенін де көрсетеді. Сөйте тұра, немқұрайлы қарау, үстіртін жазу, айтылған жерде қалатын бір реттік әңгіме ғой деп есептеу жоқ. Ұтымды ойларын қайталай беру, тавтология тән емес. Сөздері сонысымен құнды һәм өміршең. Тыңдаушыны да, оқығанды да жалықтырмайды. Осы жұмыстары арқылы Ә. Кекілбаев Қазақстанда эталондық деңгейдегі спичрайтерлік қызметті кәсіби тұрғыда қалыптастырып, жүйелі жолға қойған. Риясыз адалдығы сонша – «ананы мен жаздым, мынаны мен дайындадым» деп дандайсымаған, қаңқу мен қауесетке жол бермеген, маңғазданып масаттанбаған, жан баласына тіс жарып айтпаған, бар құпияны өзімен бірге ала кеткен.

Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – арнайы бір тұлғаның атынан дайындалған мәтіндерді әуелгі авторына телу емес, спичрайтинг саласының дамуы үшін, маңыздылығын көрсету екенін қайталаймыз. Біз спичрайтерлерді кәсіп иесі қылып көрсету арқылы спичрайтинг қызметін ары қарай дамыта аламыз.

Қазіргідей, саяси жүйе өзгеруіне байланысты ғылыми тұжырымдарды да қайта қарауға жол ашылады. Спичрайтерді – қызмет ұсынушы, ал оған тапсырыс берушіні – тұтынушы деп қарайтын кез келді. Адам еңбегі бағалануы керек, өйткені нарық жағдайында қызметкердің тұлға ретіндегі рөлі артады. Сұраныс бар жерде ұсыныс та туады. Әбіш Кекілбайұлы сияқты қалыптасқан спичрайтер болмағандықтан, қазіргі Президенттің сөйлейтін сөздерін спичрайтерлер тобы дайындайды екен. Олардың жазбалары да қолдан-қолға өтіп, ұжымдық жұмыс болып келеді. Бізде бұл істермен айналысушылар әзірге «баспасөз хатшысы», «сарапшы», «консультант», «референт» деп әртүрлі аталып жүр. Бірақ бұл қызмет олардың толық міндеті емес, негізгі функциясына жатпайды және оған олардың деңгейлері жете бермеуі мүмкін. Спичрайтер тіпті штаттық құрылымда болмағаны сөзсіз. Жалпы «баспасөз қызметінің міндеттеріне – Президенттің ресми сөздерінің, сұхбаттарының, мақалаларының, ақпараттық материалдары мен мәтіндерінің жобаларын стилистикалық және әдеби редакциялау; Президенттің қызметі, оның ішінде ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымын түсіндіру мәселелері бойынша сөйлейтін сөздерінің, сұхбаттарының, мақалаларының, ақпараттық материалдары мен мәтіндерінің жобаларын дайындау кіреді» делінген [9].

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы болған Берік Уәли 2022 жылғы 9 қаңтар күні мәлемдеме жариялап: «Отандастарына жасаған барлық үндеуін ол (Қасым-Жомарт Тоқаев) кеңесшілердің қолдауына жүгінбей, дәстүр бойынша өзі жазды», – деді. Ал егер спичрайтинг саласын дамытсақ, бұл бағытты да сәтті жолға қоюға болар еді. Президенттің де қымбат уақыты үнемделе түспек. Қазір қоғамға креативті коммуникация керек.

Елбасы қайраткер қаламгер Ә. Кекілбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берген салтанатты жиында (08.12.2009): «Мемлекет құру деген ауыр шаруаларды, күрделі міндеттерді жүзеге асыру кезінде менің жанымда қажет кезінде Әбіш Кекілбайұлы бірге болды. Жаңа тұрпатты Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи өмірбаянын бірге жазысуға атсалысты. Менімен сапарлас болған серіктерімнің ішінде Әбіш Кекілбайұлы есімін ерекше атаймын. Әбекең қай қиырға салсам да, қиядан көрінді, қай тереңге салсам да, бойлап та, ойлап та шыға білді. Ойымдағының орайын тапты, қай істе де қайраткерлік пен ерік-жігердің үлгісін көрсетті...» – деген терең тебіреністі сөздерінен мерей иесінің ұзақ жылғы спичрайтерлік қызметіне де ризашылық білдіргенін байқауға болады. Өйткені оның ондаған жылдар бойы форумдарға, конференцияларға, симпозиумдарға, саммиттерге, сессияларға, конгрестерге қатысып, сахналардан, эфирлерден, мінберлерден сөйлеген және оқыған дәрістері, лекциялары, баяндамалары, үндеулері, мәлімдемелері, жолдаулары, мақалалары, жазбаша сұхбаттары, хаттары, кітаптары сірескен саяси стильде де емес, тұтас публицистикалық немесе көркем әдеби стильдерде де емес, штамптармен шектелмей, аралас жанрда жұртшылыққа жақын қабылданды.

Адам әлеуеті шексіз ғой. Онсыз да табиғатынан көшбасшылық қабілеті мен лидерлік харизмасы күшті Тұңғыш Президентті сұңғыла спичрайтері сырт көзге одан да биік парасат иесі, саңлақ спикер қылып көрсете түсті. Ресми шешендік шеберлігі арқылы көсемдік пен ойшылдық образын жасады. Интеллектуалдық тұрғыда іскерлік имиджін арттыра түсті, жұртқа жұғымын жоғарылатты, беделін биіктетті, абыройын арттырды, рейтингін көтерді, эгосын қанағаттандырды. Ол кездері Президентке қызмет еткен саяси технологтарының өздері көрінбей, тасада қалыс қалатын. Сондықтан олардың еңбегіне де лайық баға берілетін уақыт келген шығар. Мүмкін, басқа спичрайтерлер де анықталып қалар. Мәтін жобасын дайындауға атсалысқандар ішінде тағы кімдер болуы мүмкін? М.Жолдасбеков, Ш.Мұртаза, А.Сейдімбек, Т.Әбдік, С.Абдрахманов, Қ.Көшербаев, Ж.Қуанышев, Т.Боранғалиев... Ал бұған қатысты ізгі ниетті оқырмандардың пікірлерін, өздері білетін тың деректерін күтеміз. Жалпы кімдер жазса да, осы жұмысқа жетекшілік етіп, қаламгерлердің бұл бағыттағы қызметін дербес үйлестірген – Ә.Кекілбаев деуіміз қисынды. Бұл жинақтарға енген жазбалардың кемінде бір экземпляры ҚР Президентінің мұрағатында сақталған болуы мүмкін. Зерттеушілер оны да ескеріп, басқа да қайнаркөздерді қарауы керек.

Осы орайда Әбіш Кекілбайұлының педагогикалық пікірлерін зерттеуші ретінде оның өзі туралы да ойымызды ортаға салсақ. Болмысынан гуманист адам кім-кімді де бәтуалы сөзімен ыңғайына бұрып, пікірін қалыптастыруға оң ықпал етері сөзсіз. Өзі қандай болса, өзгені де сондай болуға бейімдейтіні белгілі. Керісінше, кеңесшілік қызметте сөзі өтімді, бірақ бейадекват, пиғылы бөтен біреу болса, ондай кісілердің қолынан көзқарасты кері бағытқа бұру да келетінін ескеруіміз керек. Ол екі қасиетке ие екі түрлі адамдарға ізгілікке сендіре білу де, зұлымдыққа көндіре білу де қиын емес. Бұл тұрғыда Әбіш Кекілбайұлының ұстамдылығы – үлгі, ұстанымы – ұлағат. Эмоцияға жеңдірмей, басшы көзқарасын құрметтей отырып, қиыннан қиюластырып, өз ойларын тігісін жатқызып, майдан қыл суырғандай жеткізе білген. Оның Елбасы атынан жазылған көптеген мәтіндері қанатты сөзге айналып, кең қолданысқа еніп кетті. Абайдың гуманистік концепцияларын қағида қылған қаламгер:

«Сөзіне қарай кісі ал,

Кісіге қарап сөз алма», –

деген нақылын әрекетімен орындаған. Ол Президенттің де, өзінің де жауапкершілігін жақсы сезінген. Сондықтан әр сөзін парасатпен пайымдаған, жанашырлықпен дайындаған. Біреудің атынан ойланып-толғанып, біреудің атынан жазу – классик қаламгер үшін жанқиярлық болмаса да, жан қинарлық жұмыс.

Бұл пікірлеріміз біржақты қабылданбасын деп, сегіз жыл бұрын «Ана тілегі адастырмайды» атты мақала жариялап, Тұңғыш Президент тұлғасы туралы да зерттеуге қызығушылық танытқанымызды айта кеткеніміз жөн («Егемен Қазақстан», 01.12.2014) . Өзіміз Елбасымен бірнеше рет кездестік, тілдестік. Сол арқылы қалыптасқан пікірлерімізді жазып жүрміз. Оппоненттеріміз тарапынан: «Бұл туралы Н.Назарбаев Президент болып тұрған жылдары неге айтпадыңыз?» – деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Идеямыз бұрыннан ойымызда жүргенімен, нақты және ресми дереккөздерге енді қол жеткізіп отырмыз. Дүдәмал дақпыртқа емес, дұрыс дәйекке сүйенуіміз керек.

2019 жылғы 10 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау сапарында жазушы Әбіш Кекілбайұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысып сөйлеген сөзінде: «Әбіш Кекілбаев – ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Елбасының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор. Еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді... Әбіш Кекілбай Тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды... Қазіргі жастарымыз Әбіш Кекілбаевтың қоғамдық-саяси көзқарастарын танып-білуі керек. Біз оны ел мүддесін жоғары қойған нағыз патриот деп санаймыз. Әбіш Кекілбай – отаншылдықтың жарқын символы», – деп ізетті ілтипатпен, лайық бағалады.

Екі Президентіміз де еңбегіне әділ баға берген жазушы Ә.Кекілбайұлының еріксіз еліктіріп әкететін әңгімелеріндей, спичрайтер ретіндегі жазбаларына қоғамдық пікірді байқау үшін, кіріспе ретінде жалпылама шолу жасадық. Біз бұл бағыттағы ой-пікірлерімізді университетте өзіміз оқытатын «Сөз өнері», «Әбіштану» пәндерінде іздене жүріп қалыптастырдық. Алда «Таңдамалы сөздердегі» басты тұлғаның сөз саптасына қарай сараптама жүргізіп көрмекпіз. Осы орайда ойлы оқырмандардың жанашырлық сын-пікірлері аса маңызды.

КЕСТЕ

КүніМемлекеттік хатшы Ә. Кекілбаевтың жұмыс кестесіКүніПрезидент Н. Назарбаевтың таңдамалы сөздері
1998 жыл
105.02.1998ҚР Президентінің зиялы қауым өкілдерімен кездесуіне қатысты материалдарды даярлау [7, 505]17.03.1998Халық бірлігі және ұлттық тарих жылын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Зиялы қауымның адамгершілік және саяси таңдауы» атты сөйлеген сөзі (Алматы қаласы) [8, 513-621]
209.02.1998ҚР Президентіне қажетті материалдармен жұмыс [7, 505]
310.02.1998ҚР Президентіне қажетті материалдармен жұмысты жалғастыру [7, 505]
417.03.1998ҚР Президентінің зиялы қауым өкілдерімен кездесуі [7, 506]
523.04.1998Президент тапсырмасымен жұмыс [7, 507]29.04.1998ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында «Қарапайым адамдарға қарай қарапайым он қадам» бағдарламасы туралы сөйлеген сөзі (Ресей Федерациясы Мәскеу қаласы) [8, 522-533]
601.06.1998Астананың тұсаукесерінде сөйлеуге дайындалу, мәтіндерді қарау [7, 509]09.06.1998Түркі тілдес мемлекеттердің V саммитінде сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [8, 534-539]
703.06.1998ҚР-ның жаңа астанасының тұсаукесеріне байланысты мәселелер [7, 509]
10.06.1998Түркі тілдес елдердің Саммиті [7, 509]
04.06.1998Астананың тұсаукесеріне байланысты мәселелер [7, 509]10.06.1998Қазақстанның жаңа елордасы – Астана қаласының тұсаукесер рәсімі салтанатында «Жаңа астана – жаңа мемлекет – жаңа қоғам» атты сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [8, 540-547]
05.06.1998Астананың тұсаукесеріне байланысты мәселелер [7, 509]
08.06.1998Астананың тұсаукесерінің іс-шаралары [7, 509]
8қыркүйек, 1998 жылМемлекеттік хатшы қыркүйек айының 3, 4, 5, 7, 8, 9, 17, 18, 24, 25, 26, 28, 29 күндері Президенттің сөйлейтін сөздері және Жолдау мәтіні бойынша жұмыс істеген [7, 511].25.09.1998Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің І отырысында сөйлеген сөзі (Алматы қаласы) [8, 548-553]
30.09.1998«Елдегі жағдай, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы: жаңа ғасырда қоғамды демократияландыру, экономикалық және саяси реформа» атты Қазақстан халқына Жолдауы (Астана қаласы) [8, 554-579]
07.10.1998Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары бірінші шақырылымының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы туралы сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [8, 580-582]
920.10.1998ҚР Президентінің қабылдауы [7, 512]22.10.1998Алда болатын президенттік сайлауға қатысуға шешім қабылдауы туралы мәлімдемесі (Астана қаласы) [8, 583-587]
101998 жылСол жылғы Ж. Жабаевтың 150 жылдығы, М. Әуезовтің 100 жылдығы, Қ. Сағырбаевтың 175 жылдығына арналған салтанатты жиналыста Президент атынан да, өз атынан да сөйлейтін сөздерін дайындаған. Б.Ж.27.11.1998Құрманғазы Сағырбаевтың 175 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі (Алматы қаласы) [8, 588-590]
1127.11.1998Алда келе жатқан ҚР Президент сайлауына қатысты материалдармен жұмыс істеу [7, 513]15.12.1998Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыста «Жасай бер, тәуелсіз Қазақстан» атты сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [8, 591-612]
1230.11.1998Алда келе жатқан ҚР Президент сайлауына қатысты материалдармен жұмыс істеу [7, 513]
1999 жыл
1311.01.1999Қазақстан Республикасының Президентін сайлау қорытындысының материалдарымен жұмыс істеу [7, 537]20.01.1999Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне ресми кірісуіне байланысты салтанатты ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 26-30]
13.01.1999Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевты ұлықтау салтанатының мәселелері бойынша жиналыс [7, 537]
16.01.1999Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевты ұлықтау салтанатының мәселелерімен шұғылдану [7, 537]
17.01.1999Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау салтанатын өткізу жөніндегі комиссияның отырысы (жексенбі) [7, 539]
1414.01.1999Қазақстан халықтары Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйленетін сөзге дайындық жұмысы [7, 537]21.01.1999Қазақстан халықтары Ассамблеясының V сессиясында «Ұлттық келісім – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі» тақырыбында сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 31-49]
15.01.1999Қазақстан халықтары Ассамблеясының кезекті сессиясында сөйленетін сөзге дайындық жұмысын жалғастыру [7, 537]
1522.01.1999Баяндама текстерімен жұмыс [7, 537] Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Демократия – біздің таңдауымыз. Демократия – біздің тағдырымыз» тақырыбында сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 50-70]
25.01.1998Болашақ баяндамалардың текстерімен жұмыс [7, 537]
27.01.1999Материалдармен жұмыс [7, 537]
16.02.1999ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевпен кездесу [7, 538]
31.03.1999ҚР Президенті баяндама жасайтын ҚР Парламентінің бірлескен отырысына қатысу [7, 539]
1622.04.1999ҚР Президентін Вашингтон сапарына шығарып салуға қатысу (НАТО-ның мерейтойы) [7, 540]25.04.1999НАТО-ның 50 жылдығына арналған Еуроатлантикалық серіктестік кеңесінің пленарлық отырысында «Құбылмалы әлемдегі Қазақстан» атты сөйлеген сөзі (АҚШ, Вашингтон қаласы) [9, 71-75]
1718.05.1999Ағымдағы мәселелер бойынша ҚР Президентінде қабылдау [7, 541]06.08.1999Астана қаласына ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» құрметті атағы берілуіне байланысты сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 76-80]
1820.07.1999ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевпен кездесу және әңгімелесу [7, 543]
1917.08.1999Ағымдағы мәселелер бойынша ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қабылдауы [7, 544]03.09.1999Қазақстан мұнайының 100 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзі (Атырау қаласы) [9, 81-91]
2025.08.1999Қазақстан мұнайын өндірудің 100 жылдығына материалдар дайындау [7, 544]
2126.08.1999Бес мемлекеттің мәдениет және ғылым қайраткерлерінің кездесуіне алдын ала материалдар дайындау [7, 544]29.09.1999Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның мәдениет пен ғылым қайраткерлерінің халықаралық кездесуінде сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 92-114]
08.09.1999Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның мәдениет және ғылым қайраткерлерімен кездесуді дайындау мен өткізу штабының отырысы [7, 545]
09.09.1999Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның мәдениет және ғылым қайраткерлерімен кездесуді дайындау барысындағы жұмыстар [7, 545]
20.09.1999Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның мәдениет және ғылым қайраткерлерімен кездесуді дайындау мен өткізу штабының отырысы [7, 545]
23.09.1999Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның мәдениет және ғылым қайраткерлерімен кездесуді ашу салтанатында жасайтын баяндама текстімен жұмыс [7, 545]
2210.11.1999ҚР Президентімен жеке әңгіме [7, 547]08.10.1999Қазақстан Республикасы Парламентінің сайлауына байланысты Қазақстан халқына Үндеуі (Астана қаласы) [9, 115-118]
18.11.1999Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитінде сөйлеген сөзі (Түркия Республикасы, Ыстамбұл қаласы) [9, 119-124]
15.12.1999«Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі» атты Қазақстан халқына Жолдауы (Астана қаласы) [9, 125-135]
2314.02.200017 ақпанда ҚР Президентінің Алматы қаласының шығармашыл интеллигенциясымен кездесуінің материалдарын дайындау [7, 571]Ол материалдар жинаққа енбеген. – Б.Ж.
2000 жыл
2415.03.2000Ағымдағы мәселелермен ҚР Президентімен кездесу [7, 572]26.04.2000І Еуразия экономикалық саммитінде сөйлеген сөзі (Алматы қаласы) [9, 136-145]
2515.05.2000Ағымдағы мәселелер бойынша ҚР Президентімен кездесу [7, 574]30.08.2000Қазақстан Республикасы Конституциясының 5 жылдығына арналған салтанатты жиналыста «Конституция – Қазақстанның тұрақтылығы мен өсіп-өркендеунің негізі» атты сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 146-160]
2612.06.2000Ағымдағы мәселелер бойынша ҚР Президентімен кездесу [7, 575]
2725.08.2000ҚР Конституциясының 5 жылдығына байланысты Конгресс-Холлда өтетін салтанатты жиында оқитын баяндама текстін дайындау [7, 577]
2805.05.1999Мыңжылдық материалдарымен жұмыс [7, 541]06.09.2000БҰҰ-ның мыңжылдық саммитінде сөйлеген сөзі (АҚШ, Нью-Йорк қаласы) [9, 161-166]
2902.10.2000Түркістан қаласының 1500 жылдығын мерекелеуге байланысты мәселелерді шешу20.10.2000Түркістан қаласының 1 500 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзі (Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы) [9, 167-182]
3006.10.2000Түркістан қаласының 1500 жылдығын мерекелеуге байланысты материалдар дайындау [7, 579]
31қыркүйек, 2000 жылМемлекеттік хатшы қыркүйек айындағы демалыс күндері Жолдау мәтінімен жұмыс істеген. Б.Ж.24.10.2000«Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам» атты Қазақстан халқына Жолдауы (Астана қаласы) [9, 183-212]
3223.11.2000ҚР Президентімен ағымдағы мәселелер бойынша кездесу15.12.2000Қазақстан халықтары Ассамблеясының VII сессиясында сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 213-241]
3321.11.2000ҚР Президентімен ақылдасып шешілетін мәселелерді дайындау [7, 580]
3430.11.2000Қазақстан халықтары Ассамблеясының алдағы өткізілетін 7-сессиясының мәселелері [7, 580]
2001 жыл
3524.01.2001Елбасының тікелей тапсырмаларын іске асырумен шұғылдану [7, 603]02.02.2001Қазақстанның білім беру және ғылым қызметкерлерінің II съезінде сөйлеген сөзі (Алматы қаласы) [9, 242-263]
3612.01.2001ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құпия ақпараттарымен жұмыс [7, 603]09.02.2001Қазақстан Республикасы Қарулы күштері басшылық құрамының бүкілармиялық кеңесінде сөйлеген сөзі (Алматы қаласы) [9, 264-296]
22.02.2001Құпия құжаттармен жұмыс істеу [7, 604]
3713.03.2001Елбасының тапсырмаларына жауап әзірлеу [7, 605]03.04.2001Норвегия халықаралық қатынастар институтында сөйлеген сөзі (Норвегия Корольдігі, Осло қаласы) [9, 297-309]
3802.04.2001Елбасын Норвегия мен Литваға ресми сапарға шығарып салу [7, 606]
39  26.04.2001Түркі тілдес мемлекеттерінің VII саммитінде сөйлеген сөзі (Түркия Республикасы, Ыстамбұл қаласы) [9, 310-317]
4022.05.2001Елбасы өткізген жабық отырысқа қатысу [7, 607]15.06.2001«Шанхай бестігіне» мүше мемлекеттердің саммитінде сөйлеген сөзі (ҚХР, Шанхай қаласы) [9, 318-325]
4118.07.2001Елбасы тапсырмасымен шұғылдану [7, 609]29.08.2001«XXI ғасыр: ядролық қарудан азат әлемге қарай қадам басайық» атты халықаралық конференцияда сөйлеген сөзі (Алматы қаласы) [9, 326-342]
422001 жылМемлекеттік хатшы тамыз айындағы демалыс күндері Жолдау мәтінімен жұмыс істеген. Б.Ж.03.09.2001«Елдегі жағдай және 2002 жылғы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы» атты Қазақстан халқына Жолдауы (Астана қаласы) [9, 343-370]
4306.09.2001Елбасы тапсырмаларымен шұғылдану [7, 611]06.09.2001Қазақстан жастарының І Конгресінде сөйлеген сөзі (Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы) [9, 371-383]
4419.09.2001Рим Папасы Иоанн Павел ІІ Астанаға мемлекеттік сапармен келуіне дайындық мәселелерімен шұғылдану [7, 611]22.09.2001Рим Папасы Иоанн Павел ІІ қарсы алу рәсімінде сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 384-390]
17.09.2001Қазақстан халықтары Ассамблеясының VIII сессиясының дайындық мәселесімен шұғылдану [7, 611]24.10.2001Қазақстан халықтары Ассамблеясының VIII сессиясында «Тәуелсіздігіміздің 10 жылы: бейбітшілік, прогресс және қоғамдық келісім» тақырыбында сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 391-419]
12.10.2001Қазақстан халықтары Ассамблеясының алдағы сессиясына дайындық мәселелерін қарау
4502.08.2001Тәуелсіздіктің 10 жылдығына байланысты мәселелермен шұғылдану [7, 610]06.11.2001Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзі (Алматы қаласы) [9, 420-442]
4602.11.2001Құпия құжаттармен жұмыс [7, 613]30.11.2001Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 10 жылдығына арналған ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысында сөйлеген сөзі (Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы) [9, 443-450]
4716.11.2001Елбасының тікелей тапсырмаларын орындау [7, 613]
4810.09.2001Елбасы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған салтанатта жасайтын баяндамасының жобасын әзірлеу жөнінде мәжіліс өткізу [7, 611]16.12.2001Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыста «100 жылға татитын 10 жыл» атты сөйлеген сөзі (Астана қаласы) [9, 451-488]
08.10.2001Елбасының Мемлекет Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте жасайтын баяндамасының жобасымен жұмыс [7, 612]
11.10.2001Тәуелсіздіктің 10 жылдығына байланысты мәселелермен шұғылдану [7, 612]
01.11.2001ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына дайындық мәселелерімен шұғылдану [7, 613]
03.12.2001Елбасының қабылдауында болу [7, 614]

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Назарбаев Н.Ә. Таңдамалы сөздер. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2014. Т. I. – 1989-1991 жж. – 612 б.

2. Wikipedia. Speechwriter. https://en.wikipedia.org/wiki/Speechwriter

3. Сабыржанұлы Ж., Өкпелесең, өзің біл – Алматы: «Үш қиян», 2001. 352+16 жапсырма бет.

4. Википедия. Спичрайтер.

https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%A1%D0%BF%D0%B8%D1%87%D1%80%D0%B0%D0%B9%D1%82%D0%B5%D1%80

5. Книги о спичрайтинге. https://speechwritersofrussia.ru/58

6. White House Director of Speechwriting

https://en.wikipedia.org/wiki/White_House_Director_of_Speechwriting

7. Әбіш Кекілбаев. Энциклопедия. 2-том. Өмірі мен ортасы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2020. – 768 бет.

8. Назарбаев Н.Ә. Таңдамалы сөздер. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2014. Т. III. – 1995-1998 жж. – 644 б.

9. Президенттің баспасөз қызметі. https://www.akorda.kz/kz/executive_office/press_office

Жайлауов Бақтыбай Сәрсенбайұлы,

8D01101 – педагогика және психология

мамандығының PhD докторанты,

Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және

инжиниринг университеті «Қазақ филологиясы»

кафедрасының аға оқытушысы

Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар