Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Абзал Бөкен. Алла мұрша берсе, өлең тоқтамайды...

14.04.2023 1630

Абзал Бөкен. Алла мұрша берсе, өлең тоқтамайды 14+

Абзал Бөкен. Алла мұрша берсе, өлең тоқтамайды - adebiportal.kz

- Тұла бойым көне сөз, көне мүсін,

Жаратылған жан едім өлең үшін

Өмір мені ап кетті өзге арнаға,

Дегендей-ақ: «Ой қуып, сөз барлама».

Көне сөз бен кемел ой кейін қалып,

Басыр болды басында озған бала. – деп келетін өлең жолдарыңызда арман да, өкініш те, ыза мен нала да бұғып жатқандай сыр танытады. Немесе «Өмір кейде сүреңсіз, Басқан жерім кілең сыз. Жүріп өткен жолым да, Бірі қысқа, бірі енсіз», - деп келетін жолдарда өзіне тән жұмбағымен ерекшеленіп тұрғандай. Шығармашылықтың ауыр да азапты жолында жоғалтқаныңыз көп болды ма, тапқаныңыз көп болды ма? 

- Иә, «Тұла бойым көне сөз, көне мүсін» өлеңіндегі көңіл-күй интонациясын дәл аңғарғансың. Мұнда, өзің атап көрсеткендей, «арман мен өкініш те, мұң мен нала» да бар. Себебі, осы өлеңде:

Ал, мен болсам, (замана себеп делік),

Құлдарша істеп, билерше жемек болып;

Дарыныма дағдарған қол созбаппын,

Қарыныма ғана сол көмек беріп, – деп толғайтынымдай, бақандай он жыл бойы дүние ісімен айналыстым. Басымда жақсартылған жобамен салынған жаңа пәтерім бола тұра, жер сатып алып, үй салуға кірістім. Оны асарлатпай, бабына бағынып, баяу жылжыттым. Сонсоң іші-сыртын қажетті заттармен толтырамыз, – деп тыраштандық. Тәуір мәшине мінеміз, – деп сандалдық... Сонымен қойшы, бір қарасам, екі мың оныншы жылда жүр екенмін. Жас зейнетке жақындапты.  

Әрине, бұл сол он жылда ештеңе жазбай, еш жерде жарияланбай жүрдім деген сөз емес. Менің топтамаларымды Ұлықбек («Жұлдыз» журналының Бас редакторы) бастаған бірер баспасөз басшылары, өзімнің ұсыныуымсыз-ақ, жариялаған кездері болды. Алпыс жасыма орай, Ғалым (Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары) «Төр» атты әдемі кітабымды шығарып берді. Бәрібір тұрмыста май шайнаған сол бір кезең өлеңде бармақ шайнаған күйде қалды. Кейін орнын толтырамыз деп біраз еңбектендік қой. Бірақ кеткен жылдар қайыру берер ме?! Әр жылдың өз төлі өзіне ғой.

- Шағырмаққа күйдірді кекілді күн,

Содан кейін сол кекіл кетілді мың.

Балалығым сен жақта,

Өзім мұнда,

Бір денеде екі адам секілдімін, - деп толғанасыз «Тоқырауын» атты өлеңіңізде. Адамның адамдық негізі кіндік қаны тамған топырақта қаланып, сол топырақта тамырын жаяды ғой. Осы орайда Сіздің балалық шағыңыз, өскен ортаңыз, өлеңге айдап салған аңғал ауылдастарыңыз туралы білгім келіп отыр?

- Менің туған жерім – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы, Нарманбет ауылы. Ақтоғай ежелден ән мен күйдің, саз бен бидің киесі дарыған қасиетті мекен. Оның арғы-бергі тарихын ақтарсаң, ауыздыға сөз,  аяқтыға жол бермеген небір шешен мен көсем балапан талы мен бағаналы терегі бір-бірінен бой асыра өскен қара ормандай мен мұндалар еді. Ал, өзімнің кіндік қаным тамған Нарманбет ауылы  тәңір ием таңдайына сөз, талабына ой қонақтатқан, алқалы отырыста қара шапанының шалғайына кемі он баланы орнықтырып, балапан-құлаққа бағзы тарих пен бүгіннің баянын балшырындай төгілдірген кемеңгер ақсақалдарға толы еді. Жыр да, сыр да, мән де, мағына да солардан сорғып түсетін. 

Сол алды тоқсанға тіреліп, арты алпысты алқымдаған ақылман шалдардың бірінің тізесінде көкейіне жыраулар толғауын тоқып, шешендік сөздер шырынын ұялатқан ұл – біз де отырар едік. Сол сүлейлердің тең жартысына жиен болып келетін әкей де ас пен тойдың аясында өтетін қара сөздің қаржасуы мен қалжыңның арбасуында айтқыштықтың алдаспанындай жарқ-жұрқ етіп ойнар еді... Оның үстіне менің ауылым – жеті атасынан билік пен байлық арылмаған, өзі де Қарқаралының соты болған, уытты жырларымен сайын Сарыарқасын орыс «қарашекпендерінен» қорғап, патша саясатына қарсы шыққан, қазақтың бас ақынының шәкірті атанған Нарманбет шайырдың да атақонысы еді ғой. Бұдан кейін өлеңге бармай, қайда барасың? Кейінгі оқу-тоқуымызды айтпағанда, осының өзі-ақ бізді «атадан қалған таяқты емес, Абайдан қалған қаламды» таңдауға бейіл еткен.

- Сіздің алғашқы өлеңдер жинағыңыз «Бастау» деген атпен 1979 жылы шығыпты. Одан кейін де «Жалғыз желкен», «Ғасыр қанаты», «Салбурын», «Сүмбіле» қатарлы кітаптарыңыз жарық көрді. Осы орайда жыр жинақтарыңыздың арасындағы уақыт айырмашылығы сәл алшақтау ма деген ой да қылаң береді. Оның үстіне, ғасырлар тоғысындағы алмағайып бір кезеңде поэзия әлемінен «жоғалып» кеткендей күй танытасыз. Мүмкін мен қателесіп отырмын. Ақын үшін көп жазуда, жарқырап жұрт алдында жүру де мандат емес әрине. Дегенмен, қайру бермес жылдарға қайрыла бір қарағанда қандай ойлар мазалайды?

- Иә, кейінгі жылдары мен шығарған әр кітаптың арасына ұзақ уақыттардың түсіп кеткені рас. Егер 1993 жылға дейін жарық көрген алты-жеті жинағымның («Бастау», «Көңіл толқындары», «Жалғыз желкен», «Разбег», «Ғасыр қанатында», «Салбуырын», «Сүмбіле») арасы, көп болса, екі-үш жыл болса, «Шың мен шыңырау» жеті жылдан кейін, ал, «Төр» он жылдан кейін жарық көрді. Мұның себебі – менен баспа орындарының теріс айналуы, немесе, ұсынар дүнинемнің болмай қалуынан емес, басқада болатын. Оның бірі, жоғарыда айтқанымдай, он жыл тұрмыстық «жер аууда» болса, екіншісі, менің туабітті жалқаулығымнан еді. Мен бала кезімнен үзбей жазғаныммен, өлеңімді редакцияларға, жинағымды баспаларға апаруға бойкүйездік таныттым. Әрине, ілініп-салынып жүріп апармай да қоймайсың ғой. Бірақ жұрт құсап одан кейінгі тағдырын  сұрап, іздеу салған жан емеспін. Қазір де сондаймын. Жатып-жатып бір жерден бір дүниелер жарық көріп жататын.

Ауылда жатқан менің тұңғыш жинағымды «Жалын» баспасы өз ұмтылысымен  шығарып, келесі жинағымды жоспарға кіргізді. Бұл мен үшін күтпеген қуаныш болатын. Содан аудандық газетте қартайса да кетәрі емес мені «Жалын» баспасы қызметке шақырды. 1985 жылы астанаға біржола көшіп келдім. Келсем баспа бір топ өлеңімді орысшаға аудартып, кілең ығай мен сығай кірген, енді бірер айда жарық көрейін деп тұрған кітапқа қосып жіберіпті. Осының біріне қатысым болмағанына әуелі бір құдай, сонсоң сол істердің маңайында жүрген Байботалар куә. 

Алматыға мен әрқайсысы тоқсан алты беттен тұратын өлеңге толы он алты жалпы дәптермен келдім. Оның зор байлық екенін артынан білдім. Мұндағылар кітабын толтыруға өлең таппай жүргенде, шетінен кертіп бердім де отырдым. Өлеңді кітап шығару үшін ғана емес, жан қалауын жарылқау үшін де жазып келгенімнің пайдасын сонда көрдім. Бұл бір жағынан, жүйелі жұмыс істеудің көрінісі болса, екінші жағынан әдебиетке кәсіби тұрғыдан қараудың да белгісі еді. Қазір бірнеше жинақ шығарып, атағы шыққан көпшілік ақындардың бар жазғаны сол жауқазын кезде біз шимайлаған он алты дәптерді толтыра алар ма екен?!

- Алғаш поэзия әлеміне қадам басқанда кімдерді көп оқыдыңыз, кімдердің шығармашылығы көркем ойлау жүйеңізге қатты әсер етті? Әр жаста, әр кезеңде өлең туралы көзқарасыңыз жиі өзгеріп тұрды ма? Қазіргі қазақ поэзиясы туралы қандай ойлар мазалайды?

- Әрине, сөз өнеріне қадам басамын деген әр қазақ алдымен ауыз әдебиетінен, сонсоң бағзының ақын-жырауларынан, онымен қатар ұлы Гете төбесіне көтерген шығыс шайырларынан, онымен жалғас орыс һәм әлем әдебиетінен рухани азық табатыны анық. Біз де сөйттік. Дегенмен, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары аталған әдебиет көздерінен қана сусындап, өздерінің байтағына батыл қадам жасаған қазақ және орыс әдебиетінің жаңашыл өкілдері – Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Мақатаев бастаған ұлы шоғыр шығармалары мен Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Роберт Рождественскийдің буырқанған бұла өлеңдері жаңа буынның қалыптасуына күшті әсер етті . Бұлардың бізді қызықтырған жері ой жаңалығы мен сезім сонылығы еді. Олар кейінгі кездері бұлтша бұлдырай бастаған поэзия пырағын жерге түсіріп, оны жақыннан көріп, жалынан сипауға мүмкіндік туғызды. Поэзия жалпылықтан жалқылыққа, көмескіліктен нақтылыққа қарай ойысты.

Бүгінде поэзиямыз әрқилы бағыт, санқырлы сапасымен бұрынғыдан да биіктей түсуде. Әсіресе, жастар жағы жаңалық үстінде. «Жұрт жүрген жер көктайғақ, тыңмен жүрсең шұқыр көп», – деп Қадыр ағамыз айтпақшы, бұл қадамдардың сәттісі де, сәтсізі де бар. Жастарға айтарым – ізденісті із кесумен, жаңалықты жаппай жорықпен шатастырып алмаса екен. Меніңше, қандай түр болсын, қандай тәсіл болсын айтары болмаса, ішінде адамы жоқ әдемі киім күйінде қалады. Бұл жалғанда айтылмай келген ой, жазылмай келген сөз жоқ. Мәселе соны өз көзіңмен көріп, өз түйініңді жасай білуіңде.

- Бүгінгідей бай мен кедей жоқ еді,

Бар игілік тең бөлінді себебі.

Қойға толы болатұғын қорасы,

Қозы-лаққа тізулі еді көгені.

Сіздің «КСРО» атты толғауыңыз осылай басталады. Жалпы сіздердің балалық, жастық, өсіп-өркендеу дәуірлеріңіз осы Совет өкіметінің кезеңіде өтті. «Адамның жастық шағы өткен жерде жүрегінің жартысы қалады», - дейді. Сіздің бұл толғауыңыздан советтік өмірге деген құрмет, сағыныш, жылы шуақ сезіледі. Совет өкіметін жаппай жамандап жатқан тұста сіздегі «адалдық» адамды ойға қалдырады екен? Бұны бір деп біліңіз. Сосын, КСРО кезінде айталмаған, жазалмаған құнды дүниелеріңіз болды ма? Немесе сол кезеңде жазылып, жарыққа шығу уақытын күтіп ұзақ жатып қалған шығармаларыңыз болды ма? Сол туралы айтып берсеңіз.

- Өз басым қандай да бір формацияны не сүліктей қарамен, не сүттей ақпен бояудан аулақпын. Өйткені, қоғам да адам секілді. Періште болып жаралған ешкім жоқ. Ең бір жақсы кісінің өзінің бір кемшілігі, ең бір жаман жаратындының өзінің бір жақсы жері болмай қоймайды. Қоғам да сондай. КСРО кеңістігінде жүргізілген саясаттың сойқан болғанын білемін. Сондықтан қолдамаймын. Бірақ, оның бұқара жұртты тегін біліммен, ақысыз медицинамен, жұмыс орынынан тегін пәтер алу мүмкіндігімен, жұмыссыздықтың жоқтығымен, ұры-қарысының аздығымен, ауырып-сырқаған кездеріңде айлық ақыңды сақтап беретінімен, кәсіподақ есебінен тегін курорт-санаторийге жіберетіні және  басқаларымен алдай алатын қауқары бар еді. Менде «КСРО» толғауынан басқа сол бір кезеңге «адалдық» танытқан «Қызыл», «Кілт» деген өлеңдер де бар. «Қызылда» мен баршамызға қырғидай тиген қызыл заманның қызыл бояуын ойнатқан едім. Соңғы шумағын келтірейін:

Тақсаң да түбін мінеп ұранға мін,

Бәрібір ұран жоқта бұраң халің.

Қызыл да болса оның түсі бар ед,

Бүгіннің түсі қандай... біле алмадым. Бұл өлеңдегі менің мақсатым қызылды қуаттау емес, қазіргі «қызыл» емес заманның өзінің оңып тұрмағанына жұрт назарын аудару, ілгері қадамға ояту.

Біз КСРО-ның ыдырауын арман еттік. Ол жуық арада құламайды, – деп уайымдадық. Бірақ құдай көктен тілегенімізді жерден беріп, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздік бізге тегін келді. Тегіннің қадірі болмайды-ау деймін. Бағалай алмай жатырмыз. Ал, кеңес үкіметі кезінде «солақайлау» жазылып, жариялануын күтіп қалған шығармаларым болған емес. Есесіне, өткен отыз жылғы жүйенің былығын дәл менше шек қырындысына дейін ақтара әшкерелеген ақын аз-ау деймін. Олардың бәрі жабайы тілмен жамандау немесе қарғап-сілеу тұрғысынан емес, салмақты ой қорыту есебінен кәсіптік деңгейде орындалды деп ойлаймын. Құрғақ сөз болмас үшін солардан бір-бір шумақ:

/Жолы сын жеткізбейтін жүйке талмай,

Қонысым құрамалы күрке-талдай.

Байланса алтын таққа,

Патшаң түгіл

жылдар да қалады екен тырп ете алмай./

 

/Беу, алаш, бабаң айтқан баптың бірі –

еді ғой «жарылқамас жаттың нұры».

Кім білген, қырсық шалса,

Алтын емес,

тұтас ел болатынын тақтың құны./

 

/Жауырына қатты батып құрау-ер,

Байлық түгіл, босатпады бұрау ол.

Соққан аңын тең бөлетін көсемі

Тайпа құрлы бола алмады-ау мынау ел./

 

/Күні кеше бөгде затты баурауда

Көсе ғана қалушы еді бар дауға.

Жалғандықтан демігіп тұр енді елім,

Алдар емес, «сардар» шығып алдауға./

 

/Түгел емес дүнием.

Тарлан бағам

талаулы боп жайы бар тал қармаған.

Кісінеп тұр мал сенің не теңің, – деп,

Кісілерін мал қылып алған қоғам./

 

/Қағазында көзі «түзу» бұл бір Үй,

Болғаны ма шын шапыраш, шын қыли;

Албарына қарасаңыз – адам да,

Заңдарына қарасаңыз – джунгли./

 

/Ең қиыны, ең түйіні жоталы,

Еңлікгүл, – деп еңістегі қопаны;

Отанынан қорғанатын патшадан

қорғануды ойламапты Отаны./

 

/Сөз ұқпайтын кәрінің де, жастың да,

Есілдерті ақша, атақ, ас, пұлда.

Босат, – десем, одан әрі қылғынтқан

Өліп барам мылқау қоғам астында./

 

/Ескі, – дер ем, жаңаша бір ұрандай,

Жаңа, – дер ем, ескілігі мұрамдай.

Кешегі ме, бүгінгі ме,

Отырмын

қай қоғамда жүргенімді біле алмай./

 

/Айта алмайды.

Жарты әлемді жалмаған

жебірлерде ондай жұғын қалмаған.

Абай кетті...

Алтын тақтан кете алмай

алысуда әлі мыңмен әлгі адам./

Мұның бәрі әлеуметтік желіде бірнеше жыл бұрын жарияланған, «Тақ» кітабында жарық көрген дүниелер. Бұл ойларды ешкімге таңбаймын. Өзімнің азаматтық пікірім, ақын ретіндегі жеке позициям деп білем.

- Алаштың аяулы перзенті, біртуар тұлға Ақселеу Сейдімбектің рухына арналған «Терезе» деген тамаша поэмаңызды оқыдым. Онда досыңыз Болат Қанатбаев екеуіңіздің түн жарымында Ақаңның үйіне барған уақиға ретті, жинақы баяндалады. 

Жат пәтер, жат терезе...

Жеріп бір күн

Жалғаннан желгеніңді көріп білдім.

Секілді жетім қозы маңыраған,

Алдына терезеңнің келіп тұрмын. – деген аңсарға толы шумақтармен поэма аяқталады. Ақаң туралы, жалып өмір жолыңызда кезіккен ағалардан көрген мейір, мәрттік, ағалардың ыстық алақаны туралы айтып берсеңіз? Олардың мінезі, болмысы, бітімі қандай еді? 

- Ақселеу ағамен арамыз жеті жас айырмашылықта болғанымен, іні-дос ретінде араластым. Жетпісінші жылдары біз ҚарМУ-да оқып жүрген кезімізде ол кісі «Лениншіл жас» («Жас алаш») газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Таныс-біліс болғаннан бастап ағалық қамқорлығын аямады. Нені оқуды, қалай оқуды үйретті. Өзі «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан) газетіне ауысар кезде мені орнына қалдырып кетуге тырысты. Бірақ мұның реті келмеді. Екінші рет «Социалистік Қазақстан» газетіне кіргізуге әрекет жасады. Маған мінездеме беру үстінде, жақсы ақын, жуырда бәйге де алды деген ғой. Сонда манадан бері қабылдауға бейіл болып отырған Бас редактор Сапар Байжанов ағамыз «бір Кеңшіліктің әуселесін көтере алмай жүргенде, тағы бір ақынды тықпалайсың ба?» - деп шалқасынан түсіпті. Біз ауылда, ол Алматыда хат жазысып тұрдық. Бір күні (08.01.1977ж.) сол кездегі ең беделді «Жалын» жабық конкурсына қатыс деген ұсыныс-хаты келді. Содан ауданда болған оқиға – шопан әйелдің ақ боранда қоғам малын құтқарамын деп жүріп үсіп өлген жағдаяттан бір апта отырып поэма жазып шықтым. Бәйгеге қостық. Үшінші болып мәреге жетті. Сонда  сүйінші сұрап, өзімнен әрмен қуана хат жазғаны есімде. Ақаңның бұдан кейін да талай ақыл-кеңесін алып, адаспас жол таптық таптық қой.

Өмірде жақсы адамдар аз емес. Жоғарыда шет-жағасын айттым да. Орта буынды былай қойғанда, Әлжәппар Әбішев, Мұзафар Әлімбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Сафуан Шаймерденов, Шерхан Мұртаза, Бексұлтан Нұржеке секілді аға буын өкілдерінен көп қамқорлық көрдім. Бұл өмірде барлығына өз күшіммен жеттім, – дейтін адамдар да бар. Өзім ондай астамшылыққа жоқпын. Мұны «Шарапат» атты поэмамда тәп-тәуір кестелегем. Қандай керемет болсаң да, біреудің шарапаты тимей, іс ілгері баспайды. Мәселен, бұрын кездесіп көрмеген ақын Жүсіп Қыдыров: «...Өлең жасай алатындығың емес, жаза алатындығың ұнады... қазір өлең жасағыштар көп... сенің бойыңдағы табиғи қасиет қуантады.» (14.12.77.) десе, ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтен келген хат былайша сыр шертеді: «Жинағыңды оқып шығып, «Тұңғыш» сериясына дайындап қойдым. Өлеңдерің өте ұнады. Сен өз бетің, өз бағыт-бағдарың қалыптасып қалған ақынсың... Осы шығып кетсе, 1980 жылға екі б.т.жоспарлатып қойдым.» Хатының соңында бұрын жүзбе-жүз көрмеген қазақтың үлкен ақыны Әнекең «сендерге қол ұшын беріп, шама келсе қызмет істеген, әрине, азаматтық парыз ғой» дей келе, осы хатты ауырып қалуына байланысты кешіктіріп жөнелткені үшін баласындай менен кешірім сұрайды. Мұның бәрін тәтпіштей жазып отырғаным, сіздің: «Олардың (ағалардың) мінезі, болмысы, бітімі қандай еді?» – деген сұрағыңызға жауап болсын дегендік. Бұрынғының адамдары осындай ірі мінезді, биік болмысты және қарапайым келетін. Оларға қарағанда біз ұсақпыз. Енді бізге қарағанда кейінгілер майда болып кетпесе екен, – деген тілектемін.

- Сіз Ақтоғайда арқырап өлең жазып жүрген кезіңізде, Серікбай Оспанов бастаған ағаларымыз 1985 жылы Алматыға «Жалын» баспасына арнайы жұмысқа шақырып алады. Ұзақ жыл Алматыда тұрдыңыз, республикалық газает-журналдарда маңызды жұмыс атқардыңыз. Кейін Қарағандыға қоныс аударып, көп аялдамай Алатауға қайта ат басын бұрдыңыз. Туған елде неге көп табан тіремедіңіз аға?

- Мен Алматыда отыз жылдай ғұмыр кешіп, осы сәулетті де дәулетті қалаға мүлде бауыр басып кеткен адаммын. Мұндағы жұмсақ климат маған жағады. Елге қайтқан алғашқы жылы ежелгі Қарағандыма үйрене алмай, Алматыны аңсап, себепсіз-ақ екі-үш рет келіп-кеткенім бар. Бұл бір. Екіншіден, кіші қызым арқаның суығына аллергия болып бет-жүзі қисая берді. Кезекті бір дәргерлік түзетуден кейін оңтүстікке көштім де кеттім. Мұнымыз дұрыс болды. Қазір ауырмаймыз.

- Сіздің «Ұрынбаса ұйқысы қашатын Серік Ақсұңқарұлына сәлемдеме» атты жазбаңызды һәм Ақсұңқарұлына арналған екі өлеңіңізді оқыдым. Жыланның уы да бұндай өткір, бұндай ащы болмас сірә. Соншама ұзаққа созылған алауыздықтың төркіні не де екен деген ой мазалай береді?

- Айтып отырған ақыныңызбен туған ауданымыз бір әріптеспіз. Бала кезімізден жарыса жыр жаздық. Бірақ ол менің жазып-сызуда жүргенімді қаламайды екен. Бара-бара өлеңімді көрсе, әйтпесе атым аталса басының сақинасы ұстайтын сырқатқа ұшырапты. Содан жылдар бойы мені халық арасында ашықша жамандап, біресе баспасөз бетінде, біресе әлеуметтік желіде төбемнен түйіп өтуді әдетке айналдырып келген ғой. Мен – ит қапты деп мен де қапсам, аузым арамдалмай ма, – деген Әуезовтің ұстанымында болдым. Бірақ шыдамның да шегі бар. Соңғы соқтығуында әлгі сөз бен өлеңді «сұрап» алды. Мен сараңдық жасамадым, бердім.

- 777 рубайдан тұратын «Уыт» атты кітабыңыз бар. Қазақ поэзиясының тарихында рубайға, дара шумақтарға қол салған ақындар баршылық. Бірақ, дәл сіздей тұтас бір кітапқа жүк боларлық рубайлар жинағын ұсынған ақынды біле бермейді екенбіз. Рубайларға арнайы ат басын бұруға не түрткі болды?

- Менің өлеңдерімнің болмыс-бітіміне жіті үңілген жан  ойшылдыққа бейім екенімді аңғарар еді. Рубай – ойдың сығындысын, қисынның жұғымдысын қалайтын жанр. Шағын көлемге шымыр ой сыйғызу керек. Бұл екінің бірінің қолынан келе ме? Әрине жоқ. Мұны жазу үшін ғылымның философы болмасаң да, ойгерліктің оғланы болуың керек. Бірақ осыны ескермей, білегі көтерместі беліне байлағандар аз болған жоқ. Содан осы салада еңбектеніп көрейін дедім. Менің мақсатым – атағы әлемге кеткен ұлы шайырша толғай алмасақ та, тым болмаса, осындай деңгейде жазайықшы дегенді қаламдастар қаперіне жеткізу. Аз да болса өз үлгімді бөлісу. Нәтижесінде жеті жүз жетпіс жеті ойдың теңін тиеген керуен межелі жеріне жеткен еді. Бірақ іс мұнымен тынбайды. Бүгінде «Уыттың» уақыт өтіне шыдамайтын шумақтарын лақтырып, келесі басылымда «Тең» деп аталатын шыңдалған нұсқасын дайындау үстіндемін.   

- Қазіргі жаһандық геосаяси ахуал аумалы-төкпелі. Еліміздің ішікі-сыртқы мәселелері де күн өткен сайын күрделеніп барады. «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген ұғымдар биік мінберден жиі айтылып жүр. Осылардың бәрін безбендей келгенде сіздегі күдік пен үміттің таразысы не дейді?

- Қазіргідей жаһандық геосаяси ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған кезде шын мәнісіндегі «Жаңа Қазақсан» болуымыз керек-ақ. Бірақ бізде ескі жүйенің тамыры тереңдеп кеткен. Оны қопарып алып, жаңа жүйені енгізу үшін зор саяси күш-жігер керек. Ондай әрекет жуық арада бола ма, жоқ па уақыт көрсетеді. Сондықтан табақшасына үміт пен күдік тиелген менің көңіл таразым әзірше тең жағдайда теңселіссіз тұр. Түбі үміт жағы басымдық алар деген үміттемін.

- Қазір не жазып жүрсіз аға? Нені арман етіп, нені тиянақ етіп өмір сүріп жатырсыз?

- Біраз уақытым бұрын жазған дүниелерімнің шөп-шаламын тазартумен кетті. Қараған сайын қате шығады. Әрине, әріп қатесін айтып отырған жоқпын. Одан да салмақтырақ ететін жерлері жеңіл тартыпты. Сөздің дәл тиетін сөлдісі сыртта қалып, солғыны ішке еніпті. Мен өз тағдыры бар, тығырық тірлікті серік еткен адаммын. Көп арман орындалмасқа кетті. Ендігі бір аңсар – елімнің көш-керуені дұрыс жолға түскенін көру еді. Бірақ оған да «мақсат алыс, өмір шақ» (Абай) болып тұр. Әрине, Алла мұрша берсе, өлең тоқтамайды. Өмірдің көңілге медеу етер болымсыз бір тиянағы осы шығар.

- Салихалы әңгімеңізге рақмет аға!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар