Адал кісі
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
Түн бойы жауған қалың қар бәрін өзінің құшағына алған. Көк пен жердің арасы тұтасып кеткендей. Ауладағы ағаштар ақ мамыққа малынып, белгілі бір заңдылыққа бастарын иіп, мүлгіп тұр. Бектұрған: – Бисмиллә, – деп күбірлей орнынан тұрды. Дәретін жаңартып, төрт рақағат намаз оқыды. Отан бақыты мен отбасы бақытын тіледі. Үй іші әлі алакөлеңке. Әйелі мен балаларының балқаймақ ұйқысын бұзғысы келмей, аяғының ұшымен сыртқа шықты. Есікті ашқанда тап-таза ауа бетіне ұрынып, өне бойы дір етіп, бірден сергіді. Қарды күреген сайын табаны шықырлап, таңғы тыныштықты бұзады. Көп ұзамай маңдайынан тер шығып, демі жиілей бастады. Қыс қанша суық болғанымен, адал еңбек бойын жылытты. Далаға шығарда суға салып, газге қойып кеткен екі жұмыртқаның қабығын еппен аршыды. Бір шыны су ішіп, асығыс жолға шықты. Сағат тілі алтыны көрсетті. Қар жауған күні жұмысқа жетудің өзі – машақат. Бектұрған «ел аз жүреді-ау» деген тар көшемен зулады. «Бурындай» ықшамауданындағы үлкен жолға шыққанда, ұзын-сонар көлік легі мүлде жылжымай қалыпты.
– Қарды күремей-ақ, ертерек шыққанымда ғой... – деп күбірледі.
Екі машина қатар сыятын жерге жетті, бірақ көліктер бір қатармен баяу жылжып келеді. Қарсы бағытта еш көлік жоқ. «Қатардан шығып, газ бассам қалай?..» деуі мұң еді, біреу ытқып шығып, жүйткіген күйі кете барды.
Ішінде бір үн: «Болмайды...» – деді.
Артынша екінші ой келді: «Сабақ сегізде басталады, қазір алтыдан асты. Осылай тұрсаң, кешігесің». Ол сағатына қарады. Уақыт сырғып барады. Студенттердің алдына кешігіп бару – ұят. Амалсыз қатардан шығып, алда кетіп бара жатқан көліктің соңынан ілесті. Арада көп уақыт өтпей-ақ, арт жағынан қызыл-жасыл шамы жарқылдаған патруль көлігі көрінді. Жүрегі «зу» етті, амалсыз жол жиегіне тоқтады.
Жас жол полицейі жақындап келді: – Құжаттарыңызды көрсетіңіз. Бектұрған үнсіз куәлігін ұсынды. – Қызметтік көлікке өтіңіз.
Патруль көлігінің ішінде қарны қампиған, ұйқысы қанбай, көзі қызарып кеткен екіншісі отыр екен. – Ассалаумағалейкум! – Уағалейкумассалам!
Әлгі қарнын сипап, салқын ғана: – Неге қарсы жолаққа шықтыңыз? – деді. – Сабаққа асығып бара жатыр едім. Университетте дәрісім бар.
Полицей иығын қиқаң еткізді: – Ереже бәріне бірдей. – Мен қателігімді мойындаймын. Бірақ жағдайды да түсініңіздерші. – Алты айға жүргізуші куәлігіңізден айырыласыз.
Бектұрған не дерін білмей, үнсіз қалды. Күнделікті жұмысы, ата-анасын ауруханаға апару, бала-шағаның тіршілігі – бәрі көлікке байланысты еді.
Жол сақшысы хаттаманы толтыруға кірісті. Қар әлі себелеп тұр. Кептелістегі көліктердің ұзын тізбегі апаппақ әлемде қимылсыз қатып қалғандай.
– Аға, заң бәріне ортақ, – деді жол сақшысы қағаздан бас алмай. – Заңның ортақ екенін білемін. Аудиторияда жүзге жуық студент күтіп отыр. Мұғалім кешігіп барса, қалай болады?!
Тастай қатқан сақшы үнсіз. Ал екіншісі орындыққа шалқайып: – Бір амалын табуға болады... – деді жай ғана.
Бектұрған оның жүзіне қарады: – Қандай амал?
Жол сақшысы білегінің астындағы шағын қобдишаның қақпағын сәл ғана сырғытты. Іші умаждалған ақшаға толы екен. – Түсінетін шығарсыз...
Бектұрғанның өңі сұрланып кетті. Жүрегіне әлдене қадалғандай болды.
«Бұлар айлықтың сыртында арам ақша жасап отыр. Біз болсақ аудиторияда оқыған лекциямызға ғана айлық аламыз. Бірақ негізгі жұмысымыз аудиторияның сыртында: ел үшін, Отан үшін тегін кітап жазамыз, ақша төлеп мақала шығарамыз...»
Қалтасын ақтарды. Телефонын ашты. Бірнеше мың теңгеден басқа ештеңе жоқ. – Менде ондай ақша жоқ, – деді. – Айлықтан айлыққа әрең жететін мұғаліммін. – Онда хаттама рәсімдейміз. – Жүргізуші куәлігімнен айырылсам, жұмысқа қалай қатынаймын? Қарт әке-шешемді кім дәрігерге апарады? – Ол енді өзіңіздің шаруаңыз.
Осы бір салқын сөз Бектұрғанның арқасын аяздай қарып өтті. Есіне арт жақта ұйықтап отыратын, сабақ білмей, 9-сыныпты зорға бітірген сыныптасы түсті. Бүгінде ол – үлкен кәсіпкер. Бектұрған оқуды озат оқыды, университеттен университетке түсті, докторлық қорғады, өмірін ғылымға арнады, ал алатыны – аз-маз ақша... Беті шым етті... Амалсыз сыныптасына телефон соқты. Kaspi Gold қолданбасына сыңғырлап ақша түсті...
Алайда Бектұрғанның қолдары рөлдің үстінде дірілдеп келеді. Намыстан өртенді... «Үздік оқу», «адал еңбек» дегендердің қадірсіз екенін алғаш рет сезінді.
«Неге бұл жерде сызықтың жоқтығын айтпадым? Неге өзімді соңына дейін қорғамадым?..» Енді кеш.
Университетке де жетті. Ғимараттың іші тым-тыныш, сабақ әлдеқашан басталып кеткен. Ол аудитория кілтін алып, лифтке қарай жүгірді. Лифт бесінші қабатта екен, бірінші қабатқа түсер түрі жоқ. Баспалдақпен жоғары өрмелей жөнелді. Екінші қабатқа жеткенде лифт төмен түсіп, есігі ашылды.
Ырсылдап бесінші қабатқа шықты. Тынысы тарылып, маңдайынан тер сорғалады. Аудитория есігінің алдында топырлаған студенттер күтіп тұр екен. – Тексерушілер келген жоқ па? – Келді, жазып кетті. «Сабақ арасында келіп түсініктеме жазсын» деді.
Сүлей-сапа үнсіз есік ашты. Аудиторияға кірген бойда жаны тыншып, бойы жеңілдеп қалды. Ол енді жаңағы жол сақшысының да, сыныптасының да алдындағы «бейшара» емес. Ол – үлкен ғалым, ұстаз. Компьютерін ашты, тақтаға үлкен әріптермен жазды: «Юань дәуіріндегі Қытай әдебиеті».
Аудитория іші ілезде студенттерге толды. Терезенің ар жағында ақ қар үлпілдеп жауып тұр. Бөлме іші жылы болғанымен, сырттағы суықтың ызғары сезіледі. Бектұрған студенттердің жүзіне көз жүгіртті. Бірі дәптерін ашып отыр, бірі компьютерін қосып жатыр, енді бірі асығыс келіп, демін әрең басқан күйі орнына жайғасты. Жалындаған студенттердің лапылдаған энергиясы Бектұрғанға шабыт сыйлады.
– Бүгін біз Қытай әдебиеті тарихындағы ең қызықты кезеңдердің бірі – Юань дәуірінің әдебиеті туралы лекция оқимыз.
Дауысы бұрынғыдай нық шықты.
– Моңғолдар Қытайды билеген кезде қоғам түбегейлі өзгерді. Мемлекеттік қызметтің беделі төмендеп, ғалымдардың көбі ел ісінен шеттетілді. Бірақ дәл сол кезеңде әдебиет жаңа тыныс алды. Бұрын сарай маңында ғана туған шығармалар енді қарапайым халықтың арасында тарап, солардың мұңын айта бастады.
Студенттер үнсіз тыңдап отыр.
– Егер Таң дәуірі – поэзияның алтын ғасыры болса, Юань дәуірі – драманың алтын ғасыры, – деді ол тақтаға екі дәуірдің атын қатар жаза отырып.
Сосын атақты жазушылар Ван Шифу, Гуань Ханьцин, Ма Чжиюань, Бай Пу, Чжэн Гуанцзу туралы әңгімесін бастады.
– Гуань Ханьциннің «Доу Ы-ның обалды өлімі» неге ғасырлар бойы оқылады? Себебі онда әділетсіздікке қарсы адамның жан айқайы жатыр. Ал шынайы әдебиет ешқашан ескірмейді. Шығармадағы бас кейіпкер Доу Ы – адал, сабырлы, ар-намысын жоғары қойған әйел. Жаң Луэр – жауыз, зұлым. Ол Доу Ы-ны әйелдікке алмақ болып, оған жала жабады да, соңында дараға астырады. Кейін жас қыздың рухы барлық шындықты айтып, іс қайта қаралды.
Сабақ қызып кетті. Доу Ы-ның дар алдындағы жеті өтініші, оның рухының аяны...
– Ағай, неге дәл осы кезеңде театр ерекше дамыды? Бектұрған жымиып: – Өйткені халықтың жүрегіне жетудің ең төте жолы – сахна. Кітапты бәрі бірдей оқымайды. Ал сахнадағы адамның көз жасы мен қуанышын кез келген жан түсінеді.
Аудиторияда тыныштық орнады. Ван Шифудың «Батыс құжырадағы махаббат», Ма Чжиюаньның «Хан сарайындағы күз», Бай Пудың «Павлония ағашының астындағы жаңбыр» сынды шығармалары қоғамды ойландырды. Құдай, рух, періште, жын сынды метафизикасы бар, тән мен жан қатар суреттелген тірі әдебиет пайда болды.
– Әдебиеттің міндеті – көңіл көтеру емес. Әдебиеттің міндеті – адамды өзімен жүздестіру.
Үш сағаттың қалай өткенін ешкім байқамай қалды. Қоңырау соғылғанда ғана студенттер қозғала бастады. Бірнешеуі ұстазының жанына келді: – Ағай, сіздің дәрістеріңізді тыңдаған сайын шығармаларды қазақша оқығымыз келеді. – Бірақ оқулық жоқ қой...
Иә... Оқулық жоқ.
Ол аудитория босап қалған соң біраз уақыт үнсіз отырды.
«Бес мың жылдық әдебиетті қазақ тілінде жүйелеп жазатын уақыт жеткен жоқ па?..»
– Жазатын кітапты биылғы бас жоспарға енгізу уақыты өтіп кетті, келесі жылға кіргізу керек, – деп күңбірледі Бектұрған. – Кітапты сырттан бір ғалымға, іштен бір ғалымға оқытып, жалынып-жалпаңдап, кафеге шақырып, «пікірге» қол қойғызасың. Қазір барлық адам қарбалас, сенің том-том кітабыңды ешкім текке оқымайды. Содан соң ғана кафедра отырысында қарайды. Ешқандай ақысыз, түн ұйқыңды төрт бөліп, жан алып, жан беріп жазған кітабыңа пенделік араласады. Әдебиетке қатысы жоқ кей мұғалімдер жылдық рейтингте «менен асып кетер» деп, мазмұны мен мағынасын, мақсатын білмесе де, бір үтірдің немесе бір әріптің қатесін тапса, қуана айғайлап, қарсы дауыс беріп, шабытыңды өшіреді. Кафедрадан аман өтсе, факультеттің ғылыми кеңесі қарайды. Онда тіптен Қытай әдебиетінен еш хабары жоқ оқытушылар үтір-нүктесі, формасы деп тиіседі, өйткені бірдеңе айту керек. Соңында университет ғылыми кеңесі қарайды. Кері қайтарса, қайта талқыға салғанша екі-үш ай кетеді. Сағызша созылып, бір-екі жылда зорға баспаға жетеді. Баспа кітап шыққанда он данасын беріп, қалғанын өздері сатады.
Жоқ, бұлай созбалаңға салып, уақыт пен шабытты жоғалтуға болмайды. Пенделіктен алыс тұрған, ғылыми кітаппен арнайы айналысатын жеке баспаларға өткізейін. Онда тек екі ғалымның пікірін алып барсаң, қабылдайды. Одан кейін баспаның ғылыми кеңесінің талқысынан өтеді. Кітап шыққанда олар бес данасын береді. Сенің күн-түн қылған еңбегің – сол бес кітап. Ең бастысы – студенттердің қолына кітап тиеді. Солай, атақ үшін емес... Ғылыми дәреже үшін емес... Келешек ұрпақ үшін жазуым керек.
Ол терезеге жақындады. Сыртта қар әлі жауып тұр. Аппақ қардың арасында студенттер асығыс кетіп барады.
«Егер мен жазбасам, ертең бұл балалар Қытай әдебиетін қазақ тілінде қайдан оқиды?..» Осы ой оның жүрегінде үнсіз сертке айналды.
Болашақ оқулықтың алғашқы бетін жүрегінде жаза бастады. Көне Қытай әдебиетінің алғашқы тарауы, ауыз әдебиеті... миф, ежелгі жырлар, аңыздар мен ертегілер...
Түн. Компьютердің әлсіз гуілі. Пернетақтаның алдында Бектұрған әлі шұқиып отыр.
Бектұрған орнынан тұрып, терезені ашты. Қысқы жұлдызды аспан. Аяз бетін қарып өтті. Сарайы ашылып, терең тыныс алды.
«Көршісі темірші жігіттің балғасының үні әлдеқашан өшкен, ол бүгін қанша балға соқты екен? Алғашқы әтеш шақырды.
Бектұрған компьютерін жапты... Әйелі айтқандай, бұл түнгі отырыстың өтеуі болмаса да, адал еңбек түбі бір бағаланады. Кешегі қиын заманда Алаш арыстары қаншама кітаптар жазды. Біз мына мамыражай азат таңда ұрпақ үшін кітап жазбай, ақша, атақ, медаль дәметіп жүрсек қалай болады?! – деп күңбірледі... Осы сенім – оның жалғыз тірегі.
Тағы бір таң атты. Бектұрған намазын оқып, университетке кеткен соң, көрші ауладан таныс дыбыс естілді.
Сарт! Сарт! Темір ұстасының балғасы тағы да төске «адал еңбек», «адал еңбек» деп тиіп жатты.
Теміршінің арғы атасы елге белгілі ұста болған еді. Ел ішінде балта, шалғы, кетпен, пышақ, ауыздық, үзеңгі, таға – бәрі сол кісінің қолынан шығатын.
Әкесі басқа жолды таңдады. Шет тілін меңгеріп, өмір бойы аудармашы болып, аудандық үкіметте қызмет етті. Екі патшаны, екі түрлі заманның мінезін көрді.
Темірші бала кезінде сыныптастарына атасы мен әкесін айтып мақтанатын: – Мен пәленшенің немересімін, түгеншенің баласымын! – деп кеудесін көтеріп жүретін.
Сол мақтаныш оның болашағын бүлдіргенін кейін түсінді. Өмірдің жүгін әкесі көтеріп тұрған кезде тіршіліктің салмағын сезінбеді. Жаңа үйленген кезінде әкесі дүниеден өтіп, бәрі өзгеше болды.
Ауылдағы темір ұстасына көмекші болып жалданды. Таңнан кешке дейін көріктің басында: біресе көмір тасиды, біресе темір қыздырады, біресе балғаны ұсына жүгіреді. Алғашқы күндері алақаны күлдіреп кетті. Қып-қызыл темірден шыққан ұшқын қолын күйдіріп, үстіндегі жұқа киімін тесіп өтті.
Күндердің өтуімен кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Қызған темірдің түсіне қарап оның бабын ажырататын болды. Балға қай жерден тиюі керек екенін білді. Өз алдына темірші болды. «Жер бетінде ең алғашқы темірден түйін түйген шебер – Дәуіт пайғамбар» деп атасынан естігені бойынша, таңертең дүкеніне кіріп, аз-кем үнсіз отырып, Дәуіт пайғамбарға дұға бағыштайды. «Менің қолым емес, Дәуіт пайғамбардың қолы» деп балғасын қолына алады. Қара кешке дейін балға соғады. Қыс демейді, жаз демейді. Бір күні – балта, бір күні – шалғы, бір күні – кетпен, бір күні – пышақ... Күзден бастап қыс бойы таға соғып, ат тағалайды.
Темірдің иісі киіміне ғана емес, тағдырына да сіңіп кетті. Қызылшырайлы сопақша екі беті салбырап, жүзі қара темірге ұқсап қошқылданып, көзінің астына қалта пайда болды, ұсақ әжім сызығы тігінен мұрнының екі жағына түсті.
Еңбек ауыр, табыс мардымсыз. Қанша жұмыс істесе де, ақшасы жетпейді. Баланың киімі, мектептің шығыны, қыстың отыны... Біріне жетсе, біріне жетпейді. Кейде кешке дейін балға соғып тапқан ақшасы бір қап ұн мен шайдан артылмайтын. Сонда ол алғаш рет өмірге ренжи бастады.
– Осынша еңбек етіп жүрмін... Неге берекесі жоқ?..
Бұл сұрақтың жауабын таба алмады. Шаршаған сайын ащы суға үйір болды. «Бір ұрттасам, бойым жазылады» деп басталған әдет уақыт өте келе күнделікті дағдыға айналды.
– Осы ішімдікті қойсаңшы... – деген әйеліне: – Ертең қоямын... – дейтін. Бірақ ол «ертең» ешқашан келмеді...
Қабырғада әкесінің суреті ілулі тұр. Қатал мінезді, бірақ мейірімі мол адам еді. Әкесі: «Балам, еңбек ет. Бірақ еңбегіңді араққа айырбастама», – дейтін. Сол сөзді енді түсінді.
Темірші бұрын өз денсаулығына аса мән бермейтін. Таңнан кешке дейін көріктің басында жүріп, қара күйеге былғанып, балғасын соғады. Ол да мұғалім көршісі Бектұрған сияқты бір күндік өмір сүріп, соны ерінбей қайталайды. Қолының терісі жарылып, алақаны сүйелденіп кеткен. Кешке шаршағанын басу үшін бір-екі рюмка ішеді.
Бір күні төс үстінде балға сілтеп тұрғанында кеудесі шаншып кетті. Балғасы қолынан сусып түсіп, өзі көріктің жанына отыра кетті. Демі тарылып, маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалды. – Не болды? – деп жүгіріп келді шәкірті. – Ештеңе... Сәл басым айналып кетті...
Денесі сыздап, талып жүрді, жөтел басталды. Дәл 37 мүшелінде буын-буыны қалтырап, күші қалмай, жұмысқа шықпай қалды.
Емханаға апарды. «Денені жайлаған сүйек туберкулезі, ұзақ емделу керек. Ол үшін көп ақша керек» деді. Оның ақшасы жоқ, амалсыз үйіне қайтты. Алғаш рет Бір Аллаға тәуекел етті. Ауру күн сайын меңдетті. Аузына су тамызды. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деген өлең жолдарын бұрын тек өлең деп жүруші еді, енді шындап түсінді. «Адам деген өледі екен-ау» деп күңбірледі... Енді тек соны күтті. Ар жағы қалай болар екен?..
Денесі қақсағанда ұйқыдан арылды. Келіншегі өзінен бір мүшел жас кіші, әрі сұлу. «Мен өлген соң әйелім біреуге тиіп кетеді, ал балалар жас, қалай күн кешер екен?» – деп уайым жеді. Қыстың ұзақ таңы еш атпайды. Пысылдап ұйқыда жатқандар қандай бақытты, неткен рахат! Ояу жатып түс көрді.
Түсінде баяғыда дүниеден өткен атасы кіріп келді. Басында көк тақиясы, шоқша сақалы, ұзын шапаны бар, өткір де шүңірек көзімен қадала қарап, аз-кем тұрды. – Қазір өлмейсің, балам. Намаз оқы, – деді. – Ата... Үп етіп ғайып болды.
Ол селк етіп есін жиды. Денесін қозғап көрді, ақырын басын көтерді. Әйелі таңата күйеуінің басын көтеріп отырғанын көріп, таңғалды: – Қалайсың? – Мен өлмейді екенмін, атам келді. «Тұр орныңнан, намаз оқы» деді. Содан басымды көтердім. – Жақсы болған екен. Иә, атамыз аузында Құраны, бойында иманы бар кісі ғой. – Бала жіберіп, Несіпбек қарияны шақыршы, – деп әрең, сыбырға жақын тіл қатты.
Екінші ұлы аталас туысы, ауыл ақсақалы Несіпбек қарияны ертіп келді, болған жайды айтты. Несіпбек қария бір қой сойғызып, атасының атына нәпіл құрбан шалды. Теміршінің үйінде Құдайы тамақ беріп, жақын туыстардан жеті кісінің басын қосты.
Темірші күн санап серги берді. Базарға баруды көкседі, намаз оқу туралы кітап алып келуді ойлады. Орнынан тұрады, мағдыры құрып қайта отырып қалады. Бірнеше күннен соң көшеге шықты. Базарға бет алды. Аз жүріп отырып, аз жүріп отырып, елдердің демеуімен зорға базарға жетті. Аңсаған кітабын алып келді, намаз оқуды үйренді. Ақырындап ежіктеп жүріп, бір аптада намаз оқи бастады. Бір айда орнынан тік тұрып намаз оқыса, екінші айда мешітке барып қатарға тұрды. Жарты жылда ауруынан дерліктей айықты.
Бір күні қолына кетпен ұстаған қария келді: – Балам, мына кетпеннің жүзі қайрылып қалыпты. Егіс басталар алдында жөндеп берші.
Темірші кетпенді қолына алды. Темірдің тозған жерін сипап көрді: – Ата, мұны жөндеп беремін. Бірақ ұзаққа бармайды. Қария жымиып: – Ұзаққа бармаса мейлі. Мен де ұзаққа бармаспын, – деді.
Осы сөз теміршінің жүрегін шым еткізді. – Ата, Алла ғұмырыңызды ұзақ етсін! – Ғұмырдың ұзындығы емес, берекесі маңызды, балам.
Бір күні шеберхананың алдына Бектұрған келді. Қолында ескі балтасы бар. – Ассалаумағалейкум! – Уағалейкумассалам, ағай! Келіңіз.
Темірші балтаны қолына алып көрді. – Тозды, бірақ әкемнен қалған балта еді. Лақтырғым келмеді.
Темірші балтаны алақанына салып ұзақ қарады. Екеуі үнсіз күлісті. Екі көрші алғаш рет бір-бірін түсінгендей болды.
Темірші көрікті қыздырды. Қып-қызыл болған балтаны төске қойып, сарт еткізді. Ұшқын жан-жаққа шашырады. Бектұрған әлгі ұшқындарға қарап тұрды. Оның көзіне бұл жай ғана темірдің ұшқыны емес, адал еңбектің шырағы болып көрінді.
«Темірді шыңдайтын – от пен балға. Адамды шыңдайтын – өмір мен сабыр», – деп күбірлеп тұрды.
Бектұрған балтасын алып, теміршіге ризашылықпен қарады: – Қанша болды? Темірші жымиып, басын шайқады: – Көрші ақысы. – Жоқ, әр еңбектің ақысы төленуі керек. – Сіз де еңбек адамысыз ғой, ағай. Мен темірді жөндеймін, сіз адамның ойын жөндейсіз. Сіздің де еңбегіңіздің өтеуі көп бола бермейді.
Бектұрған үнсіз бас изеді. Қалтасынан ақша шығарып, үстел үстіне қойды. – Мұны ал. Адал еңбек ешқашан тегін болмауы керек.
Темірші ақшаны үндемей алды: – Онда сіз де бір уәде беріңіз. – Қандай? – Кітап жазуды тоқтатпаңыз.
Бектұрған күлімсіреп қойды: – Кітап жазу оңай емес. – Темір соғу да оңай емес.
Екеуі тағы да үнсіз күлді.
Сол күні кешке Бектұрған үйіне ерекше көңіл күймен оралды. Кешкі шай үстінде әйелі: – Бүгін біртүрлі көңілді көрінесің, – деді. – Иә... Бүгін бір қарапайым адамнан үлкен сабақ алдым. – Не сабақ? – Біз көбіне дипломы бар адамды ғана білімді көреміз. Ал өмірдің нағыз даналығы кейде қолында балғасы бар қарапайым еңбек адамының жүрегінде жатады екен.
Үш томнан тұратын оқулығы жазылып біткен соң, сол кеште жаңа көркем шығарма бастады. Тақырыбын үлкен әріптермен «АДАЛ КІСІ» деп жазды.
Бұл атау енді бір ғана адамның емес, өзі таныған талай жанның тағдыры еді: атасы... әкесі... ұстаздары... темірші... диқан... жүргізуші... пол жуғыш апай... Қарапайым еңбекпен өмір сүріп жатқан қаншама адам! Олардың ешқайсысы газетке шықпайды. Теледидардан көрсетілмейді. Бірақ елдің тірегі – солар.
Бектұрған қаламын қолына алды. Ол бүгін өз өмірі туралы емес, адал еңбек туралы жазатынын сезді. Өйткені адамды биік ететін – атақ емес, қызмет емес, байлық емес. Адамды биік ететін – ешкім көрмесе де, адал еткен еңбегі.
Сөйлемнің соңына нүкте қойған кезде жүрегі жеңілдеп сала берді. Дәл сол сәтте көрші шеберханадан тағы да балғаның үні естілді.
Сарт!
«Ұста... Сен темірді шыңда, мен сөзді шыңдайын».
Екі шеберханада екі түрлі еңбек қайнап жатты. Бірінде – қызған темірден құрал-сайман, екіншісінде – ақ қағаз бетінде көркем шығарма. Екеуін біріктіріп тұрған бір ортақтық бар. Ол – адал еңбек.
Осы сәттен бастап Бектұрған бір нәрсені анық түсінді: Адамның өмірі ұзақ болмауы мүмкін, қызметі де мәңгі емес, байлығы да бір күні таусылады. Бірақ адал еңбекпен өмір сүрген адамның ізі ешқашан өшпейді. Өйткені жақсы құрал-сайман ұста өлгеннен кейін де елге қызмет етеді. Жақсы кітап авторы дүниеден өткеннен кейін де талай ұрпақтың жүрегінен жол табады.
Бектұрған да бір күнін қайталайды, темірші көршісі де бір күнін қайталайды.
Бір күні дәріс аяқталған соң, аудиторияда жалғыз студент қалып қойды. Қолында – көне дәптер. – Ағай, бір сұрақ қойсам бола ма? – Әрине. – Сіз бізге әдебиетті ғана үйретпейсіз... – Сонда тағы нені үйретіп жүрмін? – Адал өмір сүруді. Біз сіздің сөзіңізді ғана емес, жаныңызды да оқимыз.
Зәулім үйлер. Жарқыраған дүкендер. Асығыс адамдар. Әркім өз қамымен кетіп барады. «Осы адамдардың қаншасы кешке үйіне көңілі тыныш қайтады екен, ә?..» Ақша табу қиын. Бірақ арды сақтау одан да қиын.
Үйге келген соң кітап сөресінің алдында ұзақ тұрды. Сөреде жүздеген кітап: Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Төлен Әбдік, Қытай классиктері, әлем әдебиеті... Ол Абайдың қара сөздерін қолына алды. Бірнеше бетін ашып оқыды: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады...»
Кітапты ақырын жапты. Ұстаз... Осы сөздің салмағын бұрын да білетін. Бірақ бүгін мүлде басқаша сезінді. Ұстаз – мамандық емес. Ұстаздықта алдыңғылардың аманаты бар.
Көрші шеберханадан баяғы таныс дыбыс тағы естілді.
Сарт!
Бектұрған терезені ашты: «Біз екеуміздің кәсібіміз екі басқа болғанымен, тағдырымыз ұқсас... Бірі – күн бойы далаға шықпай көрік жағады, бірі – кітап жазады. Екеуінің де арманы – артында елге қызмет ететін із қалдыру. Адал еңбек – адамның Жаратушыға айтқан үнсіз дұғасы екен».
Қыс бойы қар астында жатқан қара жер бусанып, айналаға жаңа тіршіліктің лебі тарады. Ағаш бұтақтары бүршік жарып, қала сыртындағы егістікке алғашқы тракторлар шыға бастады.
Теміршінің шеберханасы бұрынғыдан да қарбалас. Көктем – еңбек адамының мезгілі. Бірі – кетпен, бірі – күрек, бірі соқа әкеледі. – Ұста, мынаның жүзін шығарып берші. – Ұста, балтамды қайрап жіберші.
Темірші ешкімнің бетін қайтармайды. Кешкі намазға дейін балғаның үні толастамайды.
Ал Бектұрған көктемгі семестрдің соңғы дәрістерін оқып жүрді. Студенттердің көзінде бұрынғыдан өзгеше бір сенім пайда болған. Олар енді ұстазын тек дәріс оқитын адам ретінде емес, өмірде үйренуге болатын тұлға ретінде көретін.
Бір күні сабақ аяқталған соң, бір студент жанына келді: – Мен дипломдық жұмысымның тақырыбын өзгерткім келеді. – Қандай тақырып таңдадың? – «Қазіргі Қытай әдебиетіндегі қарапайым еңбек адамы бейнесінің көрінісі». Өйткені сіз әр сабақта біздің ең үлкен міндетіміз – ешкімнен ештеңе дәметпей, халық үшін адал еңбек ететін жақсы маман болу екенін айтасыз.
Сол күні баспадан телефон соқты: – Бектұрған мырза, қолжазбаңыз басуға дайын.
Ол бір сәт үнсіз қалды. Осы хабарды қанша жыл күтті десеңізші! Сол еңбектің жемісі енді кітап болып жарық көрмек. Телефонды қойған соң, терезе алдына келіп ұзақ тұрды. Самал жел ағаш жапырақтарын баяу тербетіп тұр. – Әлхамдулиллаһ... – деді ақырын.
Арада бір ай өтті. Кітап жарық көрді. Иісі аңқыған жаңа кітапты қолына алған сәтте оның жүрегі атша тулады. Қалың мұқабаны алақанымен сипап тұрып, көзінен ыстық жас парлады. «Бұл – жай қағаз емес. Бұл – менің өмірім».
Сол күні кешке Бектұрған бір данасын қолына алып, көрші теміршінің шеберханасына кірді. Темірші қызған темірді төске қойып жатыр екен. Бектұрғанды көріп, балғасын қоя салды. – Келіңіз, ағай!
Бектұрған кітапты үнсіз ұсынды: – Мынау – саған. Темірші екі қолымен алды. Мұқабасына ұзақ қарап тұрды: – Жаңа шықты ма? – Иә. Бұл кітаптың жазылуына сенің де үлесің бар. – Менің?.. – Иә. Бір күні сен: «Кітап жазуды тоқтатпаңыз» деген едің. Сол сөз мені жігерлендірді.
Темірші кітаптың алғашқы бетін ашты: «Темірді шыңдап жүрген адал еңбек иесіне. Адамның қолынан туған құрал-сайман да, жүрегінен туған сөз де елге қызмет етсе ғана қадірлі. Ізгі тілекпен – Бектұрған».
Теміршінің жанары жасаурап кетті. Өмірінде алғаш рет өзіне арнап жазылған кітапты ұстап тұр еді. Ол кітапты кеудесіне басты: – Ағай... Мен бұл кітаптың бәрін түсіне алмаспын... Бектұрған оның иығына қолын қойды: – Түсінесің.
Екеуі үнсіз сыртқа шықты. Күн ұясына еңкейіп барады, көкжиек қызыл шапаққа боялған. Шеберхананың алдында үнсіз тұрған екі адамға сол сәтте дүниенің бар байлығы қажет емес сияқты еді. Өйткені олардың жүрегінде бір ғана байлық бар. Ол – адал еңбекке деген құрмет.
Бектұрған 27 оқулық, 5 роман жазды, бірақ еш медаль, марапат, ақша алмады. Темірші де барша ауылдың қажетін өтеді. Екеуі де қарттық жасқа жетті... Шаштары ағарған, жүздерінде қуаныш бар... Өмірлеріне риза. Адал еңбек – ардың ісі. Жұрт алдында жүздері жарқын.
Лақап аты: Балықбай
