Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Адал Шәріп. Бақсы...

Адал Шәріп. Бақсы

11.02.2026

4741

Адал Шәріп. Бақсы - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Тынымсыз соққан күз желінен запы болған қойшы басына құлақшынын баса киіп, ұлпасы ұшып, сояулары сынған ши түбірін жастық қылып жата кетті. Әлсін-әлсін тоқ-тоқ еткен дыбыстан басын көтеріп қарап, ештеңе көрінбеген соң қайта жатады. 

Ызыңдаған күз желінен боздаған қурай ақселеу мен ши түбірлері бақсының қобызындай, көненің жыр сарынындай бебеулейді. Әлгі тоқылдаған дыбыс тағы маза бермеген соң атып тұрып қарап еді, құдай сақтасын, бас жағында табақтай иірілген қарасұр жылан басын көтере атылып келіп, құлақшынның төбесінен тістеп, қайта жиырылып, қайта атылып, қайта тістеп тұр. Әлгі дыбыс сол екен.

Мына көріністен қорыққанынан төбе құйқасы шымырлап, айқай салып тұра қашты. Оның аяқ жағында күйсеп жатқан, кісіге үйір өскен жетім қара тоқты айқайдан шошынып, атып тұрып жалт беріп, «қашамын» деп төрт аяғы көктен келіп құлап түсіп, атып тұрып қайта қашты. Ол атқақтаған жүрегін сәл тоқтатып, қайырылып келіп, ши түбірінің айналасын қарап еді, ештеңе көрінбейді. Әлгі жылан ізім-ғайып жоқ.

Ол қойын таңғы өрістен қайтарып, үйге жақындағанда, ат ағашқа екі атты адам келіп түсіп жатты. Бұл елге аты шыққан, атақты Жарылқасын бақсы еді. «Көрші ауылға қонаққа келіпті» дегенді естіген ауыл адамдары су төгілмес қара жорғаны жетекке беріп, кісі жіберіп алдыртқан. Ол үйге кіргенде, қысық көзді, қарасұр бақсы әкесінен ауру жағдайын сұрап отыр екен. Киіз үйдің ішіне жағалай адамдар толып қалыпты.

Кенет есіктен бір-бірін соға табалдырыққа сүріне, ауылдың он екі-он үш жасар екі баласы кіріп келіп, босаға жаққа отыра қалысты. Әлден уақыттан соң бақсы қобызын қолға алып, жын шақыруға кіріскен:

Құдіреттің арғы атасы қап тауында, ей, Алла,

Қап тауынан жан-жаққа таралады, ей, Алла.

Таудан келген он батыр,

Қырық тұлпар ішінде бір қара көк, ей, Алла!

... ...

Кигіз үйдей кер жылан,

Маңдайшадай оқ жылан,

Тілеу қабыл болар ма, ей Алла?, – деп қобызын бебеулетіп, боздата жөнелді. Дауысы да қобыздың қоңыр үнінен айырғысыз екен.

Бірде қолына барабанын алып, оттың басында ойқастап:

Кел кел, перім, кел перім,

Жалғыз көзді дәу перім!

Сумаңдаған пырағым,

Айыр тілді жыланым!.. – деп сарнады.

Киіз үйдің сол жағында, жағалай мүлгіп отырған көпшіліктің аяқ жағында, есікке таман отырған, кем сөзді, мінезі бұйығы, саяқ жүретін, ауылдың қой аузынан шөп алмас момыны Ермек оқыс мінез танытты.

Керегеде ілулі тұрған домбыраны қалай барып алғанын өзі байқамай қалды. Сосын бақсының қобызының сарынына ілесіп, отырған орнынан қопаңдап, көзін жұмып алып, басын ары-бері сілкіп, домбыраны дыңғырлатып, бір тылсым күйге елітіп, шала бүлінді. Оның бұл тосын мінезін байқаған кісілер бір-бірін бүйірінен түртіп қалып, оны иегімен нұсқап, бастарын шайқап күліскен.

Бірақ Ермек ешкімге мән берген жоқ.

Бақсы отта қып-қызыл болып жатқан көсеу темірді жұлып алып быж-быж еткізіп, тіліне басып, басып алған соң қызған темірді науқастың жүзіне тақап, суды бүркіп жібергенде көсеуден аппақ бу көтерілді. Осындай жоралғылардың бәрін жасап болып, күбірлеп бір дұға оқып, бет сипап барып тоқтағанда, үй ішінде біраз уақыт тым-тырыс тыныштық орнады.

Бағанадан бері бақсының әр сөзін, әр әрекетін қалт жібермей бақылап көріп отырған екі бала үйден шыға жөнелген. Содан кейін жыны басылған бақсы ауыл адамдарымен әңгімелесіп, түскі ас ішіп, үй иесінің «мал соямыз» дегеніне қарамай, асығыс екенін айтып, қара жорғаға қайта мініп аттанып кетті.

Қызық сосын басталды.

Әлгіндегі екі бала ауылдан аулақ қой бағуға шығып, ішіндегі зерегі Кәрім дейтін бала бағанағы бақсының айтқандарын бір сөзін қалдырмай жаттап алыпты. Сондағы көргені бойынша, үй орнындай жердегі шиді айналдыра бастарын түйіп шықты. Өз қылығына өзі «тырқ-тырқ» етіп, өзі күліп жүр.

Сосын дереу байсалды күйге еніп:

– Маған қара, қалай жын шақырғанымды көресің, – деп қолына таяғын алып, секеңдеп жын шақыруға кірісті.

Кел кел, перім, кел перім,

Жалғыз көзді дәу перім.

Сумаңдаған пырағым,

Айыр тілді жыланым.

... ...

Құдіреттің арғы атасы қап тауында, ей, Алла,

Қап тауынан жан-жаққа таралады, ей, Алла!

Кигіз үйдей кер жылан

Маңдайшадай оқ жылан

Тілеу қабыл болар ма екен, ей, Алла!..

Таяқ ұстаған қолын ары-бері ербеңдетіп, секеңдеп жүрген бала бір мезетте екі қолын алдыға ұмсынған күйі, кескен теректей шалқасынан құлап түсті. Оның бұл қылығына жамбастай жатып алып, сықылықтап күліп жатқан қасындағы серігі алғашында мән бермеген. Біраз қимылсыз қалған соң:

– Әй, тұр, жетер! – деді.

Анау үндемеді. Ақырын барып еңкейіп қараса, Кәрімнің аузынан ақ көбік ағып, жансыз жатқанын көрді. Ары жұлқыды, бері жұлқыды, еш тіршілік белгісі жоқ. Шошығаннан жүрегі тас төбесіне шықты. Сол сәтте қалың ши арасынан сумаң етіп бір қарасұр жылан жылжып өтті. Баж етіп, шоршып түскен бала айқай салып, ауылға қарай зытқан. Мән-жәйді ұққан ауыл адамдары ес-түссіз жатқан баланы үйге алып келіп, бақсыға қайта ат шаптырды.

Бақсы: «Әй, тентегім-ай, әй, тентегім-ай!» деп есіктен күле кіріп келгенде, төрде ес-түссіз жатқан бала ыржың-ыржың етіп орнынан атып тұрды.

Сосын бақсының алдында бір кінәсы бар адамдай жасқаншақтап шетке ығысты. Бақсы бір тостаған су алдырып, дұға оқып, балаға үшкірді. Жаңа ғана ес-түссіз жатқан бала дым болмағандай орнынан тұрып жүрді де кетті.

Бақсы сосын балаға: «Бағанағы жаттап алған сөздеріңді, іс-әрекетіңді енді қайталама! Әйтпесе жаныңнан жұда боласың» – деп ескерткен.

Сосын үй ішіндегілерге қарап:

– Мен енді біраз кешіккенде мына батырдан айрылып қалғандай екенбіз, – деді күліп. – Енді ештеңе етпейді. Менің жындарым алқымнан буып тастапты. Ол жындарға бала емес, анау-мынау бақсылардың өзі ие бола алмайды, өзімнен басқа...

Бұл кезде күнде еңкейіп қалған еді.

– Молдеке, бүгін сізді біздің үйдің дәмі жібермей тұр екен, қонып малға бата жасап кетіңіз – деп үй иесі бағанағы қара тоқтыны табалдырыққа көлденең ұстап бата сұрады.

Бұл түні бақсы да, бала да көз ілген жоқ. Жағалай тігілген киіз үйлерден ары, сай тағанындағы бастаудың қайнар көзіне үймелей келіп су ішкен қалың қарасұр жыландардың соңы таң ағара тыйылды. Таң алдында туған айдың жүзінен тамған сұрғылт сәуле ауыл үстінен төнген жартасқа қарай сусылдаған жылан керуенінің бауырын жарқыратады. 

Оның бәрін бақсы мен бала тура көзімен көріп отырғандай анық сезіп жатты...

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan